• Басты
  • ҚР-дағы вакцинация: Вакцина алатындар нені білуі тиіс, қандай мекемелерде жүргізіледі және кімдерге салынбайды

ҚР-дағы вакцинация: Вакцина алатындар нені білуі тиіс, қандай мекемелерде жүргізіледі және кімдерге салынбайды

1 Ақпан, 2021 13:02

Бүгiн елордада халыққа коронавирус инфекциясына қарсы екпе салу дайындығы жөнінде саниятариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментi мамандары баян еттi. Жиынға қатысқан Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов кімдерге вакцина салынатынын, вакцинциялау қай медицина орындарында жүргiзiлетінін, сонымен бірге коронавирусқа қарсы вакцина алатын азаматтар қандай мәселелерге назар аударуы керегін айтса, Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгерi Сархат Бейсенова жұқтырғандар санының өткен жылмен салыстырғанда артқанын, оның себептеріне тоқталып, ел азаматтарын әлі де санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтауға шақырды. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Балалар мен 65 жастан асқандарға вакцина салынбайды

Еске салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша халықты коронавирус инфекциясына қарсы кезең-кезеңiмен вакцинациялау вакцинаның түсуiне байланысты биыл 1 ақпанынан басталып отыр.

«Вакцинация 18-ден 64 жасқа дейiнгi адамдарға жасалады. Нұр-Сұлтанда осы санатқа кiретiн 735 мың адам бар. Вакцинация ерiктi негiзде, әр азаматқа тегiн жасалады. Тұрақты профилактикалық егулерге және уақытша медициналық қарсы көрсетiлiмдерi бар адамдарға КВИ-ға қарсы екпе салынбайды», - дедi баспасөз мәжiлiсiне қатысқан Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.

Сонымен бiрге, ол коронавирустың ауыр жағдайы және симптомсыз белгiлерi бар адамдар екпе алмайтынын баса айтты. Жұқпалы ауруы бар, оның iшiнде КВИ-мен ауырған науқаспен байланыста болған адамдар карантин мерзiмi аяқталғаннан кейiн ғана вакцинацияланады.

Антиденелердiң бар-жоғы анықталмайды

Бұдан бөлек, басқарма басшысы екпе салу алдында COVID-19 қарсы антиденелердiң бар-жоғын анықтау үшiн скрининг жасалмайтынын атап өттi.

«Коронавирус инфекциясының кез келген формасымен ауырған науқас емделiп шыққаннан кейiн денсаулық жағдайына сәйкес кемiнде 6 айдан кейiн екпе алғаны дұрыс. Вакцинаны қабылдауға қарсы көрсеткiштер кезiнде, яғни вакцинаның кез келген компонентiне жоғары сезiмталдық, ауыр аллергиялық реакциялардың бары, жүктiлiк және омыраумен емiзу кезiнде болмайды. Екпе балаларға және 65 жастан асқан адамдарға салынбайды», - дедi Тимур Мұратов.

Басқарма басшысының айтуынша, өткен аптада ресейлiк Sputnik-V вакциналары жеткiзiлген. Кеше Басқарма қоймаларына алгашқы партиялар жеткiзiлiп, Препарат екi компоненттi, үш апта мерзiмiнде екi рет еңгiзiлетiн болады.

«Халықты COVID-19-ға қарсы жаппай вакцинациялауға дайындық кезiнде АМСК ұйымдарына 22 мұздатқыш қондырғы сатып алынды (температура режимi минус 18 градустан кем емес). Жабдықтар 19 ақпанда күтiлуде. Қалалық емханалар вкциналарды қоймадан екпе салдыратын белгiленген мекемелерге тасымалдауға арналған 20 мұздатқыш және 82 жылу контейнерiмен қамтамасыз етiлген», - дедi маман.

Вакцинциялау қандай медицина мекемелерінде жүргiзiледi

Тимур Мұратовтың мәлiметiнше, бастапқы кезеңде вакцинация №2, №4, №6, №7, №9 қалалық емханаларда жүргiзiледi.

«Бiрiншi кезеңде (ақпан) тәуекел тобына жататын медицина қызметкерлерi (жұқпалы аурулар ауруханалары, жедел-жәрдем қызметкерлерi, алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдары, көпсалалы ауруханалардың қабылдау бөлiмдерi) қызметкерлерi вакцинацияланады. Одан әрi мұғалiмдер, полиция қызметкерлерi, қорғаныс министрлiгi, iшкi iстер министрлiгi және т.б., осылайша кезең-кезең бойынша барлық халық қамтылатын болады», - дедi ол.

Оның сөзiнше, бүгiнде алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында емшара бөлмелерi мен күту бөлмелерi әзiрленген, онда екпе алған адамдар вакцинациядан кейiн 30 минут iшiнде физикалық ара-қашықтық талаптарына сәйкес дәрiгердiң бақылауында болуы тиiс.

«Тұрғындардың иммундау және вакцинация туралы сұрақтарына жауап беру үшiн сенiм телефондары ұйымдастырылған. Екпе салу бойынша пациенттiң бағыт -бағдары әзiрлендi. 1 кезеңде вакцинацияға жататын контингенттiң тiзiмдерi дайындалды (ауруханалардың медициналық қызметкерлерi, АМСК және жедел жәрдем қызметкерлерi). Бұл 6300 адам, олардың арасында екпе салуға жатпайтын тұлғалар да адамдар болуы мүмкiн (жүктi әйелдер және т.б.). 150 медициналық қызметкер COVID-19-ға қарсы вакцинацияға дайындық және жүргiзу жұмыстары бойынша оқытылды», - дедi басқарма басшысы.

Коронавирусқа қарсы вакцина алатындар нені білуі тиіс

Сонымен қатар, Тимур Мұратов амбулаториялық-емханалық көмек көрсететiн ұйымдардың деңгейiнде КВИ-ға қарсы вакцина алу үшiн пациенттiң бағыт-бағдарын атап өттi.

1. Емхананың кiреберiсiнде егу кабинетiне көрсетiлген бағдарлар орнатылған.

2. Тiркеу бөлмесiндегi тұлғаның пациенттi вакцина алу үшiн дәрiгерге жазуы, кви-ға қарсы вакцинаны алу үшiн iс-әрекет алгоритмiн түсiндiру.

3. Дәрiгердiң қабылдауы. Дәрiгер шағымдар мен анамнездi жинайды, тексеру жүргiзедi (дене қызуын тексередi, саиурация, жүрек қағысының жиiлiгiн, қан қысымын, тыныс алу және жүрек қан-тамырларының аускультациясын және тамағын тексередi),

4. Орта медициналық қызметкер пациенттi кезекпен емшара бөлмесiне шақырады;

5. Ақпараттық жүйе арқылы емшара бөлмесiнiң медбикесi епке алуға жолдама iздеп, содан кейiн вакцинация жасайды (егер денсаулық жағдайы нашарласа, шұғыл медициналық көмек көрсетiп, дәрiгердi шақырады және қажет болған жағдайда жедел жәрдемдi шақырады);

6. Вакцинациядан кейiн пациентке «КВИ-ғе қарсы вакцинация жасалды. Медициналық бақылау уақыты - 30 минут!» деген бейдж таратылатыны, медициналық қызметкердiң бақылауымен емхананың күту залында 30 минут мiндеттi түрде болу туралы хабарланады;

7. Науқас күту залына жiберiледi, 30 минут күту залында күтедi;

8. 30 минуттан кейiн медициналық маман пациенттiң денсаулық жағдайын бағалайды, бейдждi қайта алып, оны үйiне жiбередi,

9. Медицина қызметкерi емшара бөлмесiнiң мейрбикесiне пациенттiң денсаулық жағдайын ақпараттық жүйеге енгiзу үшiн бедждi тапсырады;

10. Учаскелiк дәрiгер 3 күн iшiнде науқасқа қашықтықтан бақылау жүргiзедi (телефон қоңыраулары, бейне қоңыраулар);

11. Медбике алдын-ала жазылуды жүзеге асырады және пациенттi вакцинаның екiншi дозасын алу үшiн 21-шi күнiнде шақырады;

12. 21-күнi пациент вакцинаның 2-шi дозасын алуға келедi.

Жұқтырғандар саны 30%-ға артқан

Елорданың бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгерi Сархат Бейсенованың мәлiметiнше, уақытылы қабылданған шектеу және карантиндiк шаралардың арқасында 30 қаңтардан бастап COVID-19 коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес қала «сары аймаққа» көштi.

«2020 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда (2438 жағдай) 1,5 есе немесе 30 % - ға өсу байқалады, 2021 жылғы қаңтардың басынан бастап 3763 жағдай тiркелген және 16 қаңтардан бастап елорда эпидемиологиялық бағалау бойынша "қызыл аймақта" тұрды. Бiр тәулiкте инфекцияның 61 жағдайы тiркелдi (симптомдармен 44 жағдай, 17 симптомсыз), 65 ошақ анықталды. Астаналықтар арасында ауырғандардың 24,5%-ының негiзгi үлесiн 30-39 жастағы адамдар құрайды. 50 мен одан жоғары жастағы адамдар - 22,7 %-ды, 18-29 және 40-49 жастағы топтар бойынша 16%-ды, балалар – 16,7 %-ды құрайды», - дедi Сархат Бейсенова.

Дәрiгердiң дерегiнше, оқу жылының басынан бастап оқушылар арасында 752 жағдай тiркелген, оның iшiнде қашықтан оқытуда- 80% (596), оффлайн оқытуда- 20% (156). Қазiргi уақытта қалада 952 жұмыс iстеп тұрған үй ошағы бар, онда 2446 байланыста болған адамдар дәрiгерлердiң бақылауында.

«Қалада коронавирустық инфекцияның зертханалық диагностикасы кеңейтiлдi, осы мақсатта тәулiктiк қуаттылығы 12 750 зерттеу жасайтын КВИ диагностикасы бойынша 23 зертхана iске қосылды. Орташа алғанда тәулiгiне 4000-нан 5000 мыңға дейiн зерттеу жүргiзiледi», - дедi ол.

Оның сөзiнше, аурудың тұрақты өсуi - бiр жағынан, тестiлеуден өтетiн адамдар санының артуымен, екiншi жағынан - қала тұрғындарының мереке және демалыс күндерi шектеу шараларын сақтамауымен (адамдар көп жиналатын орындарға, сауда нысандарына бару, бұқаралық iс-шаралар өткiзу) байланысты.

12 кәсiпкерлiк нысан субъектiсi әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылмақ

Қаладағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында аурулардың алдын алуды, ерте анықтауды, тиiмдi емдеудi, вирус тасымалдаушыларды зертханалық тексерудi, науқастар мен байланыста болған адамдарды оқшаулауды, сондай-ақ шектеу және карантин шараларын көздейтiн барлық кешендi шаралар жүргiзiледi. Биыл жыл басынан берi қабылданып жатқан профилактикалық түсiндiру шараларына, шектеу және карантиндiк шараларды бұзғаны үшiн үлкен әкiмшiлiк санкцияларға қарамастан, кәсiпкерлiк субъектiлерi де, жеке тұлғалар да жол берген 140-тан астам бұзушылық фактiсi анықталған.

«Бүгiнгi күнi 124 жеке және заңды тұлғалар 31 138 975 теңге сомасына әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылды (оның iшiнде 75 кәсiпкерлiк субъектiлерi – 28 163 635 теңге сомасына және 49 жеке тұлғалар – 2 975 340 теңге сомасына). Шектеу және карантин шараларды қасақана бұзған және бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымды орындамаған 30 кәсiпкерлiк субъектiсiне қатысты материалдар Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкiмшiлiк сотына жiберiлдi. Бүгiнгi күнi сот 12 кәсiпкерлiк нысанын (субъектiлерiн) әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тарту және қызметiн тоқтата тұру туралы шешiм қабылдады», - дедi маман.

Бiрақ бұған қарамастан, оның сөзiнше, "Жаным сол" караоке-бары, "Алания" түнгi клубы, "Tequila" караоке - бары, "Золото" мейрамханасы, "Echo" лаундж бары, "Сторис" лаундж бары, "Raspawn" компьютерлiк клубы, "Kango" батут орталығы, "Abba" лаундж бары, "GINZA" караоке-мейрамханасы, "Табыс" дүкенi өз қызметiн жүзеге асыруды жалғастырып жатыр.

«Әкiмшiлiк жауапкершiлiктен жалтару мақсатында кәсiпкерлiк субъектiлерi жеке тұлғалармен, оның iшiнде өз қызметкерлерiмен "жалған" жалдау шарттарын ресiмдеудi жалғастыруда, сондай-ақ кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң (ЖШС, ЖК) атауларын өзгертуде. Мысалы, «Алания» түнгi клубы, оған қатысты қызметiн тоқтата тұру туралы сот шешiмi шыққан, алайда ол «ARSLAN» ЖШС болып қайта ресiмделдi. "ZOLOTO" мейрамханасы, кәсiпкерлiк субъектiсi "Золото-Астана" ЖШС бiрнеше рет шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшiн әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылды, содан кейiн үлкен әкiмшiлiк айыппұлдарды болдырмау үшiн жеке тұлға Д. М. Темiрболатовамен жалдау шартын жасасты», - дедi Сархат Бесенова.

Сонымен бiрге, ол мобильдiк топтар шектеу және карантин iс-шараларының бұзылуын анықтауға және жолын кесуге бағытталған жұмысты жалғастырып жатқанын, бiрақ бұл шаралар тұрақты бола алмайтынын, өйткенi олар өмiрдiң барлық салаларына әсер ететiнiн атап өттi.

Барлық жаңалықтар