• Басты
  • ҚР-дағы эпиджағдай: Шекараны кесіп өтудегі өзгерістер, «Ashyq» қосымшасы, 65+ жастағыларды вакцинациялау мәселесі

ҚР-дағы эпиджағдай: Шекараны кесіп өтудегі өзгерістер, «Ashyq» қосымшасы, 65+ жастағыларды вакцинациялау мәселесі

10 Ақпан, 2021 17:20

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазіргі эпидемиологиялық жағдай туралы айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Мемлекеттiк шекараны кесiп өту тәртiбiне жеңiлдiктер енгiзiлді
Денсаулық сақтау министрi мемлекеттiк шекараны кесiп өту тәртiбiне енгiзiлген өзгерiстерге тоқталды. Бұған дейiн, 2 ақпанда ҚР аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөнiндегi ведомствоаралық комиссия Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын кесiп өту тәртiбiне өзгерiстер енгiзген болатын. Министрдiң сөзiнше, шекара маңы аудандарында эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты 2021 жылғы 2 ақпаннан бастап ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөнiндегi ведомствоаралық комиссияның шешiмiмен ҚР Мемлекеттiк шекарасын кесiп өту тәртiбiне бiрқатар жеңiлдiктер енгiзiлген.
«ҚР азаматтары үшiн, сонымен бiрге шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшiн де шекараны кесiп өту жиiлiгi 3 есеге (90 тәулiкте 1 реттен 30 тәулiкте 1 ретке дейiн) ұлғайтылды», - дедi Алексей Цой.

Оның мәлiметiнше, ерекше жағдайларда, атап айтқанда, емделуге, оқуға бару, қызметпен, отбасы мүшелерiн жерлеуге, отбасындағы жағдайы ауыр науқасқа күтiм жасау, жолаушы тасымалы, халықаралық тасымал үшiн шектеу жоқ.

«Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша тiкелей әуе қатынасы қайта қалпына келген (тұрақты, тұрақты емес чартерлiк рейстер) мемлекеттерге шетелдiктердiң шығуына, Қазақстан Республикасының аумағына кiруiне/аумағы арқылы транзитпен өтуiне рұқсат етiледi», - дедi министр.

Қазақстан «жасыл аймаққа» ауысты

Сонымен бiрге, министр эпидемиологиялық жағдай матрицасына сәйкес Қазақстан орташа қауiптi аймақтан тәуекелi төмен аймаққа ауысқанын атап өттi.

«Қазақстан Республикасында 10 ақпандағы жағдай бойынша 198 086 науқас COVID-19 жұқтырған және 48 388 азаматқа КВИ- диагнозы қойылған. КВИ+ 179 277 науқас және КВИ- 37 998 науқас сауығып шықты. Инфекциялық төсектердiң 26 пайызында (5 348 төсек) науқас бар, реанимациялық төсектердiң 18 пайызында (352 төсек) науқас жатыр», - дедi ол.

Оның сөзiне сүйенсек, осы аптада эпидемиологиялық жағдайдың матрицасы бойынша ҚР орташа қауiптi аймақтан тәуекелi төмен аймаққа өткен. 3 өңiр, атап айтсақ, Ақмола, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы қызыл аймақта, ал сары аймақта - 3 өңiр, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстiк Қазақстан облыстары. Сонымен қоса, қалған 11 өңiр жасыл аймақта.

13 мыңнан астам дәрiгер екпе салдырды

Бұдан бөлек, министр Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау жалғасып жатқанын атап өттi. Оның мәлiметiнше, 10 ақпандағы жағдай бойынша 13 301 медицина қызметкерi екпе алған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылғы 1 ақпаннан Қазақстан Республикасында Ресейде шығарылған «Гам-Ковид-ВАК» (Спутник V) вакцинасын пайдалана отырып, КВИ-ге қарсы вакцинациялау басталды. Вакцинация барлық өңiрде жүруде, 778 егу пунктi ашылды, олардың 166-сы қазiр iске қосылды, барлығы тоңазытқышпен қамтамасыз етiлген. 9 мыңнан астам медицина қызметкерi оқытылды», - дедi ол.
Оның сөзiнше, вакцинацияның қорғау әсерi бiрiншi дозадан соң 12-14 күннен кейiн байқалады, бiрақ толық иммунитет қалыптасу үшiн екi доза қажет, екпенi араға 21 күн салып қайталау ұсынылады. Толық курстан кейiн 1,5 ай iшiнде организмде иммундық реакция пайда болады, осыған байланысты егiлген адамдар профилактика шараларын сақтауы қажет.

«Бүгiнгi күнi 13 301 адам егiлдi. Вакцинацияны бiрiншi болып инфекциялық стационар, жедел медициналық көмек, сондай-ақ КВИ-мен сырқаттанудың жоғары қаупi бар басқа да бейiндегi медицина қызметкерлерi алады. Одан кейiн қатарға педагог, күш құрылымдарының қызметкерлерi қосылады», -дедi А.Цой.

Сонымен қоса, ол Қазақстанда Қарағанды фармацевтикалық кешенi шығаратын «Спутник V» вакцинасын жеткiзу және пайдалану жоспарланғанын атап өттi. Қазiрдiң өзiнде 90 мың доза көлемiнде бiрiншi партияның өндiрiсi басталған, ол Бiрыңғай дистрибьютордың қоймаларына және одан әрi өңiрлерге ақпан айының соңына қарай жөнелтiлмек. Шiлде айына дейiн өндiрiс көлемi 2 млн дозаға жеткiзiледi.

«65 жастан асқан адамдарды вакцинациялауға қатысты көптеген сұрақ келуде. Министрлiк созылмалы ауру, аллергиялық реакция, басқа да қарсы көрсетiлiмдердi ескере отырып, осы санатты вакцинациялау жоспарына енгiзу мәселесiн қарастырады»,- дедi Алексей Цой.

Бұдан бөлек, Алексей Цой вакцинация 400 жылдан астам уақыт бойы адамзатты шешек, оба сияқты қауiптi, өлiмге әкелетiн аурулардан қорғап келгенiн айтты. Соңғы 30 жылда эпидемиялық паротитпен сырқаттанушылықтың 870 еседен артық төмендегенi, халық арасында «В» вирустық гепатитiмен сырқаттанудың 150 есеге, көкжөтелмен сырқаттанудың 7,3 есеге төмендегенi байқалды. Қазiргi уақытта полиомиелит, дифтерия, сiреспе, қызамық сияқты инфекциялар ұмытылады.

«Сондай-ақ, халық арасында коронавирус инфекциясымен ауырып тұрған дұрыс деген пiкiр бар, бiрақ оның иммундық жүйеге және созылмалы аурулардың өршуiне әсер ететiн, «ковидтан кейiн» асқынулар болатынын, өкпе, бауыр, жүрек сияқты өмiрлiк маңызды ағзалардың функциясы бұзылатынын еске салғым келедi. Қалпына келу процесi өте қиын»,- деп атап өттi министр.

Көп жылдық тәжiрибе көрсеткендей, министрдiң сөзiнше, вакцинация әлемде аурулардың таралуының алдын алудың барынша тиiмдi құралдарының бiрi.

«Ashyq» қосымшасы

Бұдан бөлек, министр «Ashyq» қосымшасына тоқталды. Оның айтуынша, 13 мыңнан астам бизнес субъектiсiнiң қызметiн қайта қалпына келтiруге көмектеседi.

«Коронавирус пандемиясы басталғаннан берi бүкiл әлемдегi бизнестiң жұмысына шектеу қойылды, кәсiпкерлердiң табысы тұралап қалды. Бұл бiздiң елге де қатысты. 13 мыңнан астам бизнес субъектiсi әлi күнге дейiн өз қызметiн қайта бастай алмай отыр. «Атамекен» ҰКП-ның қатысуымен бизнес-қауымдастық Оңтүстiк-Шығыс Азия елдерiнiң (Гонконг, Сингапур, Малайзия. Басқа елдерде де аналогтары бар) тәжiрибесiн ескере отырып, «АSHYQ» пилотын iске асыруды ұсынды», - дедi ол.

Министрдiң мәлiметiнше, «Ashyq» мобильдi қосымшасын «Атамекен» ҰКП, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсiбi министрлiгi және ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiнiң тапсырысы бойынша отандық IT-компания әзiрлеген. Бүгiнде пилоттық режимде «АSHYQ» қосымшасы Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында қызмет көрсетуге рұқсат етiлген объектiлерде (фитнес-орталықтар, спа-орталықтар, бассейндер, моншалар, кинотеатрлар) iске қосылған. Қазiр 40 объектi “Ashyq” пилотына ерiктi түрде қатысып жатыр.

«Ashyq» мобильдi қосымшасы QR-код арқылы және Денсаулық сақтау министрлiгiнiң ортақ базасымен интеграциялау есебiнен келушiнiң мәртебесiн анықтауға мүмкiндiк бередi: оның қазiргi уақытта вирустың тасымалдаушысы екенiн, сондай-ақ объектiлердiң келушiлердi қабылдауға әзiрлiгiн және олардың санитариялық талаптарға сәйкестiгiн көрсетедi», - дедi министр.

Оның сөзiнше, QR-код тек бизнес субъектiлерiне берiледi. Келушi «Ashyq» мобильдi қосымшасын өз телефонына жүктеп, телефон нөмiрi бойынша авторизациялаудан өтуi (ЖСН енгiзуi) және мекеменiң QR-кодын сканерлеуi қажет.

«Түстерге бөлу әлеуметтiк желiлерде талқыланғандай, адамдардың өмiрiн «бақылауға» және «қадағалауға» арналмаған. Бұл науқасты анықтайды немесе адамның карантиндегi науқас жақын байланысы бары-жоғын көрсетедi», -дедi Алексей Цой.

Министрдiң сөзiне сүйенсек, «Аshyq» мобильдi қосымшасын әркiм өз еркiмен қолданады және ол қауiпсiз орта қалыптастыруға, келушiлердi вирус жұқтыру, iндеттiң таралу қаупiнен қорғауға бағытталған, сондай-ақ бизнеске карантиндiк кезiнде қызметiн жалғастыруға мүмкiндiк бермек.

Барлық жаңалықтар