• Басты
  • ҚР АШМ 95 пайыз қызметті - «Электрондық үкімет» арқылы көрсетеді
11 Наурыз, 2020 11:20

ҚР АШМ 95 пайыз қызметті - «Электрондық үкімет» арқылы көрсетеді

ҚР АШМ соңғы жылдары заманауи модельдерді енгізу арқылы аграрлық салада сыбайлас жемқорлықты айтарлықтай азайтты. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық Қоғамдық кеңес отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді.
ҚР АШМ 95 пайыз қызметті - «Электрондық үкімет» арқылы көрсетеді

Жиын барысында министр кеңес мүшелеріне 2015-2025 жылдарға арналған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру барысы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық әрекеттерін және себептерін жою үшін салалық заңнамалар мен нормативтік құқықтық актілердің жаңғыртылуы туралы айтып берді. 

Сапархан Омаровтың айтуынша, 2020 жылға дейінгі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының ҚР АШМ-не бекіткен барлық іс-шаралар толық және белгіленген мерзімде орындалған. Нақты айтар болсақ: элеваторларда астықтың электрондық есебі жүйесі енгізілді, несиелік өтінімдерді өңдеу және ресімдеу автоматтандырылды, ветеринария, өсімдіктерді қорғау, жер қатынастары және асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы бақылау рәсімдері оңтайландырылды, жеке және коммуналдық базарда әкімшілік кедергілер алынды. Енді кәсіпкерлер қауіпсіздік анықтамасын жергілікті жерде, ветеринариялық сараптама зертханаларынан ала алады. Мал экспорты мен импорты және оны транзиттеуге рұқсатнаманы алу қызметтерінде «қызмет алушы мен қызмет беруші» арасындағы тікелей қарым-қатынас алынып тасталды.

«Сонымен қатар, өсімдік және мал шаруашылығы саласындағы субсидиялау ережелері қайта қаралды. 2018 жылы субсидиялаудың 5 бағыты толығымен автоматтандырылды (тыңайтқыштарды, гербицидтерді, аквамәдениетті, гектарлық субсидия, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тексеру одақтарының ішкі аудит жүргізуге арналған шығындарын субсидиялау). Бұл - қызмет көрсетушілер мен қызмет алушылар арасындағы байланысты алып тастауға, өтінімдерді қарау мерзімін барынша қысқартуға мүмкіндік берді. 2019 жылы субсидиялаудың 11 бағыты бойынша автоматтандыру жүргізілді. Оның 15-і «Qoldau.kz» платформасында, тағы біреуі - субсидиялау ақпараттық жүйесінде іске асырылады», - деді ведомство басшысы.

ҚР АШМ мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға, оларды оңтайландыруға және автоматтандыруға ерекше көңіл бөледі. 2019 жылы министрлік 316 мыңнан астам қызмет көрсетті, бұл ретте электрондық түрдегі қызметтер саны 2018 жылмен салыстырғанда 18,3 %-ға артты. ҚР АШМ барлығы 61 мемлекеттік қызмет көрсетсе, оның 95%-ы «электрондық үкімет» порталы арқылы жүзеге асырылады. Министрлік толық автоматтандыруға 2021 жылдың соңында жетуді жоспарлап отыр.

Сапархан Омаров атап өткендей, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін министрлік қызметкерлерінің этикалық нормаларды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қызмет заңнамаларын сақтауына үнемі бақылау жасайды. Жүйелі түрде «сыбайлас жемқорлыққа» жол бермеу үшін ішкі талдау жүргізеді.

«2018 жылы сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бергені үшін ҚР АШМ бағынысты ұйымдардың 14 басшысы, 2019 жылы – 17 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деді министр.

Барлық жаңалықтар