• Басты
  • ҚР 2021-2025 жылдарға арналған сауданы дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қалай жүзеге асады

ҚР 2021-2025 жылдарға арналған сауданы дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қалай жүзеге асады

26 Ақпан, 2021 16:16

Өткен жылы ҚР сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов Үкімет жиындарында ҚР 2021-2025 жылдарға арналған сауданы дамытудың мемлекеттік бағдарламасы туралы жиі айтты. Өткен жылдың наурыз айында сауданы дамыту бағдарламасын Үкімет қабылдады. 2021 жыл басталғалы бұл тұжырымдама күшіне енді. Мемлекеттік бағдарламаның іске асуы туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Қазақстанның ішкі саудасындағы үш проблема

Сауданы дамытудың алдағы 5 жылға арналған бағдарламасын әзірлеу мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасы еді. Биылдан бастап мемлекеттік бағдарлама іске асу үшін жоспар құрылып, нақтыланған шаралардың орындалу жұмысы басталды.

Б. Сұлтановтың айтуынша, ішкі саудада түйіні шешілмей отырған үш негізгі проблема бар. Осы үш проблема Қазақстанның сауда саласының дамуына кедергі. Ол проблемалар:

-         заманауи сауда форматтарының аздығы;

-         сауда алаңдарының жетіспеушілігі;

-         тиімді қойма орындарының шектеулігі.

Бақыт Сұлтанов осы проблемалардың туындауынан делдалдар ұзын әрі айқын емес желі қалыптастыруға құмар болып алғанын айтқан болатын. Осындай желілер тауарды өндірушіден тұтынушыға дейін оңтайлы тізбек бойынша жеткізуге мүмкіндік бермейді.

Өндірушіден тұтынушыға дейінгі кедергілер

«Тауардың өндірушіден тұтынушыға дейін кедергісіз жете алмауы нәтижесінде біз азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуін және халықтың оларды сатып алуға айтарлықтай шығындарын байқаймыз. Сондай-ақ ішкі нарықта шетелдік тауарлардың болуы артты. Бұл негізінен сапасы төмен тауарлар, бұл біздің азаматтарымыздың өмір сүру сапасына әсер етеді», - деді Б. Сұлтанов.

Сауда министрінің бұл сөзінен Қазақстанда азық-түлік бағасының қымбаттауының негізгі себебі көрініп тұр.

Енді бағдарламаның өзіне келсек, Бақыт Сұлтанов айтқан үш проблеманы шешуге аталмыш мемлекеттік бағдарлама әсер етуі тиіс.

Әлем мемлекеттері ішкі және сыртқы сауда арқылы экономиканы дамытуға талпынады. Сондай-ақ, әр ел экспортты өсіруге тырысады. Экспорт өсіру ұшін ел ішіндегі бизнес-климатқа қолайлы жағдай туғызу маңызды. Осыдан барып негізделген сауда саясаты ұғымы пайда болады.

Сауда және интеграция министрлігіндегі сарапшылар отандық бизнес халықаралық нарыққа бағдарланған өнімнің сапасыздығы, қаптама сапасының төмендігі және жеткізілімнің шектеулі болуы мәселесін шешіп, өз өндірісін құруы қажет деп есептейді. Ең жоғары стандарттарға сай шығарылған өнім бәсекеге қабілетті болмақ. Бәсекеге қабілетті өнімі бар елдің экономикасы дамиды, сауда саясаты да дұрыс бағытта жүзеге аспақ.

Осы алгоритм бойынша, ішкі сауда саясатын жасаушылар елде өндірілетін өнімнің сапасына мән беру керек. Сосын ол тауардың қауіпсіздігі инфрақұрылымын құру арқылы сауданы дамыту әрі кеңейтуге бағытталға шараны ұйымдастыруға көшеді. Бұл ретте техникалық реттеу және метрология жүйесін тауар сапасына бағыттау керек, сондай-ақ тауарлар сапасына қатысты мемлекеттік бақылау жүйесін өзгертуіміз қажет. Сонымен бірге тұтынушылар құқығын қорғау институтын нығайту бойынша кешенді жұмыс қажет, құқығы бұзылған тұтынушы құқығын қалпына келтіруге және залалдың кедергісіз өтелуін қамтамасыз етуге міндетті.

Отандық өндірістің жедел дамуына тауар өндірушіден тұтынушыға дейін тауарлар жеткізу тізбегін оңтайландыру, тауар шығынын азайту әрі халықтың барлық деңгейі үшін тауардың қол жетімділігін арттыруға мүмкіндік беретін тиімді тауарлық бөлу инфрақұрылымын құру арқасында қол жеткізуге болады. Сонымен бірге, тарату инфрақұрылымы қазақстандық тауарлардың экспорты мен Қазақстан арқылы шетелдік тауарлардың транзитіне бағытталуы керек. Міне, Қазақстанның 2021-2025 жж арналған сауданы дамыту бағдарламасында осы шаралар қарастырылған.

Сыртқы сауда

Қазақстанның сыртқы экономикалық қызметі әртараптандырылған. Қазақстан әлемнің 170-тен астам елімен сауда қатынасын жасайды. Қазақстанның негізгі сауда серіктестері Ресей, Италия, Қытай, Нидерланды, Франция болып табылады. Қазақстан белсенді және мақсатты сыртқы экономикалық саясат жүргізіп, қазақстандық экономиканы халықаралық институттар үшін ашық етеді.

2018 жылы Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 94,8 млрдд АҚШ долларын құрады. Осы тауар айналымының құрылымында шикізаттық емес экспорт пен импорт 15,7 млрд АҚШ долларын, тиісінше 30,4 млрд АҚШ долларын құрады. Сыртқы сауданың оң сальдосы 45,4 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі шикізат экспортымен қамтамасыз етілді, импорттық шикізат көрсеткіші - 3,3 млрд. АҚШ доллары.

Ішкі сауда

Жалпы тауар айналымы жыл сайын артып келеді. Егер 2009 жылы тауар айналымы 3,8 трлн. АҚШ долларын құраса, 2017 жылы тауар айналымы 4,53 трлн. АҚШ долларын құрайды. Бұл елдердегі бөлшек сауданың тарихи дамуындағы мол тәжірибесінің арқасында ең ірі бөлшек сауда орындары АҚШ, Германия және Франция компаниялары болмақ.

Қазақстанда соңғы жылдары ішкі сауданың тұрақты өсімі байқалады. 2018 жылдың соңында ішкі сауда 19,4% -ға өсіп, 33,9 трлн. теңгені құрады. Сонымен бірге, шамамен 70% көтерме саудаға түседі. Жұмыспен қамтудағы көтерме және бөлшек сауданың үлесі 16,1% құрады. Бірақ жоғарыда атап өткендей, 2020 жылы пандемия салдарынан ішкі сауданың көрсеткіштері төмен болды. Алайда 2021 жылдан бастап аталған мемлекеттік бағдарламаның сәтті іске асуымен ішкі сауда өсімді көрсетеді деп болжанып отыр. Қазақстанда сыртқы және ішкі саудамен қоса көтерме сауда, бөлшек сауда, шекарадағы сауда, электронды сауда сияқты сауда түрлері бар. Бұл саладағы көрсеткіштер жыл сайын әр түрлі. 2021-2025 жылға арналған сауда тұжырымдамасында барлық сауда түрлері қамтылған.

Сауданы дамыту бағдарламасының негізгі мазмұны

Бұл бағдарлама 2020 жылдың наурыз айында Үкімет отырысында талқыланып, қабылданған болатын. Сауданы дамыту бағдарламасын жасаушылар қатарында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтан бастап оның орынбасарлары, мәжіліс депутаттары, Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры, ҚР Қаржы министрлігінің сарапшылары, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің мамандары, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Сыртқы экономикалық саясат департаментінің сауда-экономикалық ынтымақтастық басқармасының өкілдері және т.б мемлекеттік орган өкілдері, мемлекеттік емес ұйым басшылары болды. Жұмыс тобына Бақыт Сұлтановтыі өзі жетекшілік етті.

Статистикалық мәлімет

Сауда Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 17%-ын құрайды. Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2020 жылы 13% -ға төмендеді. 2020 жылдың қаңтар-желтоқсанында сыртқы сауда айналымы 85 млрд долларды құрады, оның ішінде экспорт - 46,9 млрд доллар (19% -ға төмендеді) және импорт - 38,1 млрд доллар (-4%). Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерімен экспорт 5,5 миллиард долларды құрады немесе 2019 жылдың қаңтар-желтоқсанымен салыстырғанда -14%, импорт - 14,2 миллиард доллар немесе -7,3%». Бұл ресми статистиканы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің (ASPiR) Ұлттық статистика бюросы (BNS) жариялаған болатын.

Әлемдегі сауданың баяулауы салдарынан Қазақстанның сыртқы сауда айналымы бірінші жарты жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 7,4%-ға төмендеген. Мәселен, 2019 жылдың қорытындысы бойынша сыртқы сауданың тауар айналымы 96,1 млрд доллар құраса, 2018 жылы 94,8 млрд долларды құраған. Салыстырмалы түрлде 1,6 млрд долларға өсті. Экспорт 2019 жылы 5,5%-ға төмендеген. Ал 2018 жылмен салыстырғанда (61,1 млрд доллар) 57,7 млрд долларды құрады. Импорт 14%-ға артып, 2019 жылы 38,4 млрд доллар құрады.

2020 жылғы қаңтар-маусымда сыртқы сауданың тауар айналымы 42,5 млрд долларды құрады, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда (45,9 млрд доллар) 3,4 млрд теңге болып, 7,4%-ға төмендеді. 2020 жылдың 6 айында Экспорт 9,1%-ға төмендеп, 26,0 млрд долларды құрады, импорт 4,6%-ға төмендеп, 16,5 млрд долларды құрады.

Қазіргі таңда әлемдік сауда үшін басты тәуекелдердің бірі - саудалық протекционизмді күшейту, бұл әлемнің қаржы саласындағы сарапшыларының бағалауы бойынша жаһандық тауар айналымының 9%-ға қысқаруына алып келуі мүмкін.

«ҚР сауда және интеграция министрлігі жүргізген талдау өндірушіден тұтынушыға дейін туындайтын бірқатар проблеманы шешу тұтастай сауда жүйесінің қалыптасуына алып келетінін көрсетеді. Қазірдің өзінде индустриялық-инновациялық даму мен агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламалары, Бизнестің жол картасы 2025, қарапайым заттардың экономикасы жұмыс істейді. Олар өндірістің қарқынды дамуын қамтамасыз етуге бағытталған», - деп түсіндірді сауда министрі.

2025 жылға дейінгі сауданы дамытудағы мақсаттар мен міндеттер

Бақыт Сұлтанов 2025 жылға дейін мына мақсаттарға қол жеткізуді көздейді:

- макроиндикаторларға қол жеткізу;

- сауда саласында қосылған құндағы көлеңкелі қызметтері үлесінің 31%-ға дейін төмендету;

- ұлттық стандарттарды қолдану деңгейін 75%-ға дейін жеткізу;

- қызметтердің шикізаттық емес экспортын $41 млрд дейін ұлғайту.

Бақыт Сұлтановтың айтуынша, жоғарыда айтылған мақсаттардың орындалуы үшін Сауданы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұзақ мерзімді стратегиясында 7 негізгі міндет белгіленді. Олар:

- өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру. ISO (стандарттау жөніндегі халықаралық ұйым) халықаралық стандарттарына сәйкестігі үшін өндірістерді сертификаттау үшін отандық тауар өндірушілерді ынталандыру шаралары әзірленетін болады.

- сауда саласында сапалы адами капиталды қалыптастыру.

- біліктілігі жоғары кәсіпкерлерді даярлау мақсатында сауда саласындағы кәсіптердің беделін арттыруға бағытталған кадрлар даярлау жүйесі қайта қаралатын болады.

- жосықсыз кәсіпкерлерді көлеңкеден шығаруға мүмкіндік беретін оңтайландырылған цифрлық сауда процесін қамтамасыз ету.

- стационарлық сауда және қызмет көрсету объектілерінде бизнесті цифрландыру мәселелері пысықталатын болады.

- көп форматты сауда-бөлу инфрақұрылымын құру. Бұл үшін өндірушілерге өз өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға сақтауды, қаптауды және жеткізуді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін көтерме-тарату және агро-логистикалық орталықтар желісі құрылатын болады.

- қолайлы тұтыну ортасын қалыптастыру. Көлеңкелі бизнес деңгейін төмендету және тауарларға бағаны тұрақтандыру үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруді ынталандыру және өткізу жөнінде шаралар қабылданатын болады.

- шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің импортын және экспортын сапалы диверсификациялау. Ол экспорттың жалпы көлемінде қайта өңделген өнеркәсіптік және ауыл шаруашылық өнімдерінің үлесін арттыруға, сондай-ақ белсенді экспорттаушылардың санын бір мыңға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

- ішкі және сыртқы нарықтарда отандық тауарлар өндірушілеріне қолайлы жағдай жасау.

" Ұлттық сыртқы сауда саясаты экономикалық дипломатия құралдарын пайдалану, көпжақты экономикалық интеграциялық бірлестіктердің алаңдарында бизнестің ұлттық мүдделері мен қызығушылықтарын ілгерілету мен қорғау арқылы әлемдік экономикаға интеграциялануға бағдарланатын болады", - деді сауда министрі.

Қазіргі уақытта Тұжырымдамада көзделген шараларды қажетті қаржыландыруды бағалау жөніндегі жұмыс жүргізілуде.

Жалпы алғанда, сауда – табысты елдердің дамуының бір бөлігі, әсіресе үлкен аумағы бар, бірақ салыстырмалы түрде шағын ішкі нарығы бар Қазақстан үшін аса маңызды. Сауда бизнеске үлкен нарыққа, жоғары сапалы тұтынуға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді, бұл табыстың өсуін сақтау үшін қажет.

Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары Ә. Смайылов осы бағдарлама асында өткен жиында сауданы дамытудың маңыздылығы мен бағдарламаның жүзеге асуы жолындағы міндеттерді атаған еді. Оның айтуынша, сауданы дамытудың 2021-2025 жылға арналған тұжырымдамасын іске асыру нарықты сапалы өніммен молықтыруды және экспорттық тауарлар мен қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін заманауи сауда жүйесін құруға және дамытуға мүмкіндік береді

«Қазір Үкімет, мемлекеттік органдар бизнес-қауымдастықпен тығыз байланыста, ауқымды жұмыс атқаруға тырысады. Мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу кезінде барлық қажетті мәселелерді ескерілді, басқа мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестендірілді. Бағдарламаны қаржыландыру кезеңі мен жүзеге асыру жұмыстары да жүргізілді», - деді Ә. Смайылов.

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі сауда саясатын дамытудың мақсаты экономикалық дипломатия құралын пайдалану арқылы әлемдік экономикаға одан әрі шоғырлануға бағытталған сыртқы экономикалық саясат құру болмақ. Құжатта осы мақсатқа жету үшін міндеттер айқындалған. Солардың бірнешеуіне тоқталсақ:

Тауар мен қызметтің сыртқы саудасын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау;

Шоғырланулық және сауда-экономикалық ынтымақтастық орнату;

Шикізаттық емес экспорт үлесін арттыру және экспорттық географиялық әртараптандыру;

Шикізаттық емес экспорт үлесін арттыру және экспорттық географиялық әртараптандыру;

Ішкі сауданы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау, жаппай кәсіпкерлікті дамыту.

Ал ең маңызды міндет – нарықты сапалы отандық өнімдермен толықтыру.

Түйін

Ел ішіндегі сауданы дамыту экономиканың дамуына ықпал етеді. Экономикасы дамыған елде тұрмысы жақсы халық өмір сүреді. ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың жетекшілігімен дайындалған 2021-2025 жылға арналған сауда тұжырымдамасы ішкі және сыртқы сауданың көлемін ұлғайтып, ел экономикасының алға жылжуына үлес қосады деген сенім бар.


Барлық жаңалықтар