• Басты
  • Жаңалықтар
  • QAZFORUM: Интернет сайттардың міндеті, «Инфодемия» мәселесі және «Фактчекинг» талабы

QAZFORUM: Интернет сайттардың міндеті, «Инфодемия» мәселесі және «Фактчекинг» талабы

5 Қараша, 2021 14:28

Бүгін елордада QAZFORUM қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың V форумы болып жатыр. Жиында қазақ контентіндегі өзекті мәселелерді талқыланды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева интернет сайттардың міндеті, «Инфодемия» мәселесі және «Фактчекинг» талабына тоқатлып өтті. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

БАҚ-тағы қазақ тілінденгі контент үлесі

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қазақ тіліндегі медиа және оның қоғам дамуындағы рөліне тоқталып өтті.

«Бұл форум қазақ контентіндегі өзекті мәселелерді талқылап, септігін тигізетін ауқымды платформа. Бүгінгі таңда мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 78%-ды құрайды», - деді Аида Балаева.

Министрдің мәліметінше, телеарнадағы қазақ тіліндегі контент 79,2%-ды, баспа басылымдары 84,50%, интернет ресурстарда 59,81%-ды құрайды. Осыдан 10 жыл бұрын мемлекеттік тілде ақпарат тарататын 6 сайт қана болса, қазіргі таңда отандық медианың 14%-ын қазақтілді сайт құрайды.

«Жылдан-жылға қазақ тіліндегі сайттардың және оқырмандар саны артып келе жатыр. Соңғы 2 жыл ішінде жаңадан 46 сайт ашылды», - деді ол.

Интернет сайттардың міндеті

Сонымен қатар, ол интернет сайттардың міндетіне тоқталып өтті. Осы уақытқа дейін қоғам тарапынан медиа өлшеу жүйесін жетілдіру туралы ұсыныстар айтылған. Осы орайда, осы айдан бастап министрліктің сайтында заманауи IP технологияларды пайдалана отырып, жаңа жүйені іске қосылған.

«Оның негізінде қызығушылық танытқан кез келген азамат барлық қазақстандық телеарна мен бағдарламаның рейтингтерін live-режимде көре алады», - деді министр.

Министрдің айтуынша, отандық контентті қараушылар үлесі артқан. Қазіргі таңда Қазақстан медиа нарығындағы шет елдік және отандық арналар рейтингісінде үздік ТОП ондықты біздің отандық телеарналар иеленген.

«Мұның өзі біздің ұлттық теле өнімдердің бәсекеге қабілетінің жылдан жылға артып келе жатқанын көрсетеді.Бүгінгі ғаламдық цифрландыру заманында интернет әлемдік дәстүрлі медианың өзгеруіне зор ықпал етіп жатқаны белгілі. Бұл әсіресе былтыр орын алған пандемия кезінде айқын білінді», - деді ол.

«Инфодемия» мәселесі

Сондай-ақ, ол әлеуметтік желілер, WhatsApp, телеграм-арналар, YouTubeпен ТikТок қосымшалардан тараған жалған ақпараттардан қоғамда «инфодемия» мәселесі өзекті тақырыпқа айналғанын баса айтты. Сол себепті Stopfake.kz порталын іске қосылғанын жеткізді.

«Қазақ және орыс тілдерінде хабар тарататын сайт бүгінге дейін қоғамды әбігерге салған 2 мыңға жуық фейк ақпаратты жоққа шығарды. Соңғы аптадағы сайттың қаралымы 66 мыңнан асады», - деді министр.

«Фактчекинг» талабы

Оның сөзінше, журналистер «фактчекинг» талабын үнемі есте ұстауы қажет. Сондай-ақ, тіл тазалығына қатысты өз ойын айтып өтті.

«Мемлекеттік тілдегі медианың белсенді дамуы бірінші кезекте қазақтілді аудиторияның өсуіне байланысты. Өкінішке қарай, қазір арзан мәлімет таратуға әуес «сары» басылымдар деңгейі де, өзгергісі келмейтін онлайн медиа да жеткілікті», - деді ол.

Министрдің айтуынша, қысқа уақытта мол қаралым жинауды басты мақсат ететін сайттар ақ-қарасын ажыратпай, жалған ақпарат беруге, бір-бірінен көшіріп басатын сапасы төмен аудармалармен бүкіл контентте тек қылмыс хроникасын тарататын «жаға ұстатар» жаңалықтарға ғана әуес.

«Сөз түзер» қате тіркестер сөздігінің электронды базасы жасалады

«Келешекте «Сөз түзер» қате тіркестер сөздігінің үлгісінде қате қолданылатын оралымдардың электронды базасы жасалмақ. Әрине, дәстүрлі басылымдардағы жазу тілі мен интернеттегі жазу стилінде айырмашылық бар», - деді министр.

Ол көптеген ақпарат сайттардың мәліметтері қысқа әрі жеңіл жазуды таңдайтындықтан, бүгінде «Интил» жазу формасы ұғымы пайда болғанын жеткізді. Алайда, жылдам ақпарат таратуды ғана ойлайтын сайттарда көп жағдайда тіл тазалығы болмайтынын тілге тиек етті. Мұның өзі бірінші кезекте қазақ тілін интернет арқылы оқып үйренетін өскелең ұрпаққа кері әсерін тигізеді. Осы орайда, биыл қыркүйек айында біздің министрліктің қолдауыман елімізде алғаш рет «Сөз түзер» жинағында қате қолданылып жүрген 3,5 мыңнан астам сөз тіркестері беріліп, 2 мыңнан астам нақты мысал берілген.

«Бұл ретте қате сөз тіркестерінің дұрыс нұсқасы ұсынылған бұл оқу әдістемелік құрал ұлттық баспасөздегі қазақ тілінің қолданысын бір жүйеге келтіруге септігін тигізеті деп сенемін. Алдағы уақытта аталған сөздіктің электронды базасы жасалады», - деді Аида Балаева.

Айта кетейік, QAZFORUM онлайн-БАҚ редакторлары үшін шағын іс-шарадан еліміздегі қазақ тіліндегі медиа, оның қоғам дамуындағы рөлі, БАҚ пен онлайн-медиа алдында тұрған өзекті күн тәртібін және қазіргі заманғы сын-қатерлерді талқылайтын ірі пікірталас алаңына айналды. Жыл сайын ұйымдастырушылар қатысушыларға өзекті мәселелерді талқылауды және халықаралық тәжірибе негізінде қазақстандық медиа-нарықтың даму перспективаларын айқындауды ұсынады.

Барлық жаңалықтар