• Басты
  • Пандемияға 1 жыл: Той-томалақ өткізу көбейе берсе, коронавируспен күресіміз жалғаса береді - пульмонолог

Пандемияға 1 жыл: Той-томалақ өткізу көбейе берсе, коронавируспен күресіміз жалғаса береді - пульмонолог

16 Наурыз, 2021 13:20

Нұр-Сұлтан қаласы №3 көпбейінді инфекциялық аурухананың пульмонология бөлімінің меңгерушісі Сапаргүл Бердешова-Әбілдаева Strategy2050.kz тілшісіне берген сұхбатында қазіргі ауруханалардағы жағдай туралы айтып берді.


Сапаргүл Ералықызы, Қазақстанда коронавирус пандемиясының басталғанына бір жыл толды. Өзіңіздің жұмысыңызда қандай өзгерістер орын алды?

Аты шулы пандемияның басталғанына бір жылдан күн санап асып барады. Пандемия біткен жоқ, біз әлі оны бастан өткеріп жатырмыз. Міне, тағы да "қызыл аймаққа" ендік. Ешбір мемлекеттің денсаулық сақтау жүйесі мұндай ауқымдағы пандемияға дайын болған жоқ. Қазақстанның да денсаулық сақтау саласы дайын емес еді, бірақ бір жылда жүйе түгелімен өзгерді. «Көш жүре түзеледі» демекші, қазір медицина ұйымдарының жұмысы жақсы жаққа өзгергенін айтқым келеді. Қатаң тәртіп орнады. Біздің елдің медицинасы дамыған елдердің медицинасынан кем емес. Бүгінгі таңда шалғайдағы ауылдық жерлердегі шағын медицина бекеттерінің барлығын кислородпен қамтамасыз етілді, әрбір қалалық, аудандық ауруханаларда ЭКМО, гемодиалиализ , НИВЛ, Өкпені жасанды желдету аппараттарымен, HAI Ful аппараттарымен қамтамасыз етілген. Біз өткен жылы кадр тапшылығынан қиналдық. Қазір бұл мәселе де шешімін тауып келе жатыр. Пандемия салдарынан елдегі медицина университеттерінде мамандықтар кеңейтілді. Мысалы, елде пульмонолог мамандар аз еді. Енді медициналық білім беру мекемелерінде бұл мамандық бойынша оқытылады.

 Өткен жылдың көктем-жаз айларында дәрігерлер көрген қиындықтарды артта қалды деп айтуға бола ма?

Қазір науқастар бар. Біз күн сайын олармен жұмыс жасаймыз. Бірақ қазіргі көрініс жаз айларындағы көріністен бөлек. Ол кезде дәрігерлер тапшы болып, әрқайсымыз соғыс кезінде қолға қару ұстап, шайқастың ортасында жүргендей болдық. Өйткені, бір жұтым ауаға зәру болған шарасыз науқастар бірінен соң бірі қайтыс болып жатты. Біз үлгере алмай жаттық. Медициналық құралдарымыз, ем-домдарымыз да жеткіліксіз еді. Медицинаның қай саласында жұмыс істейтініне қарамастан, хирург, травматолог, уролог, гинеколог-бәрі инфекционист пен пульмонолог болып жұмыс атқарды. Алдыңғы шепте жүріп, үйді көрмей 24/7 сағат жұмыста өткізген кезіміз болды. Мысалы, мен баламды 26 наурыздан бастап қыркүйек айына дейін көрмедім. Видеобайланыс арқылы сөйлескенде, «анашым, сен өліп қалмайсың ғой, иә» деп жылайтын. Осындай қиналыста да жұмыста жүруге мәжбүр болдым. Арасында өзім ауырып, науқастардың қатарына қосылып, ауруханада жаттым. Тәуір болған соң, қайта ақ киімімді киіп дәрігер болып жүре бердім.

Әріптестеріңіздің ішінде осы аурудан көз жұмғандары көп болды ма?

Сол кезде бізге жол көрсеткен профессор ұстаздарымыз, білікті бас маман дәрігерлеріміз қайтыс болды. Олардың өлімі бізге ауыр тиді. Өзімізбен қатар осы шепте жүрген дәрігер, мейірбике, санитар қызметкерлерден айырылып қалдық. Бәрі бір диагноздан көз жұмды. Жаз айларындағы күрделі кезең, аурудың өсімі мен өлім-жітімнің көбеюі кезінде медициналық мекемелер мен медициналық қызметкерлерге ерекше салмақ түсті. Арнайы қорғаныш киіммен жүрудің өзі қиын. Қиындықты еңсеріп, біраз кәсіби тәжірибе жинадық. Қазір кез келген жағдайға дайынбыз. Бірақ жаз айларындағы қиындық қайталанбаса деген тілегім бар.

Қазір мен қызмет ететін инфекциялық ауруханада ковидке шалдыққан науқастар жатыр. Ішінде аса ауыр халде жатқандары да бар. Сондықтан еркінсуге әлі ерте!

Қашан қалыпты өмірге ораламыз?

Қазір біздің медицинада жетіспеушіліктер, қиындықтар азайды. Көп дүниеге, препараттарға, аппараттарға қолымыз жетті. Мамандар қатары да көбейді. Осының өзі қуантады. Бірақ сақтану шараларын әлі ұзақ уақыт ұстанамыз. Өкінішке орай, эпидахуал сәл жақсарса, біздің елдегі той-томалақ, ас беру, ойын-сауыққа жиналу жағдайды қайта қиындатып жатыр. Шыдам керек! Бізде бұл қауіпті аурудың бар екеніне және оның тез таралатынына сенбейтіндер бар. Жүрген жерімде айтсам да, сенбейтін жұрт мені таң қалдырады әрі қынжылтады.

Коронавирусқа қарсы вакцинаға да сенбейді...

Вакцинацияға тұрғындардың көзқарасы теріс екені айқын. Бірақ вакцинация – пандемиядан шығудың бірден-бір жолы. Сондықтан әлеуметтік шаралар, қоғамда насихаттау, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кең насихат болса екен деймін. Вакцина емес, вирус қауіпті! Тек медицина қызметкерлері мен мұғалімдерге емес, жаппай екпе салдыруымыз керек. Мен еш ойланбастан барып, вакцина салдырдым. Мен көрген коронавирусты қайта бастан өткізгім келмеді. Ұжымдық иммунитет болса, онда біз жұмыла осы ауруды жеңеміз. Сенбей, осылай еркінси берсек, бұл күресіміз әлі созылады.

Үкімет эпидемиологиялық жағдайға байланысты түрлі шаралар қабылдады. Нәтижесін берді ме?

Үкімет қабылдаған шаралар, әрине, нәтижелі. Бірақ әр тұрғын саналы түрде жауапкершілікті үкіметке, медицина қызметкерлеріне артып қоймай, өздері сезініп, карантин шараларын сақтаса бұл шаралар нәтижесін бәріміз көрер едік. Үкіметтің денсаулық сақтау саласына бөлген қаржысы мен қабылдаған шараларына байланысты, қазіргі таңда науқастардың 90 пайызы жазылып шығып жатыр.

Сапаргүл Ералықызы, қауырт жұмыс арасында уақыт тауып, әңгімелескеніңізге рақмет! Өзіңізге денсаулық тілеймін!


Барлық жаңалықтар