• Басты
  • Пульмонолог дәрігер: Індет басталғалы менің ағзамда инфекциялар дозасы көбейіп кетті
12 Қараша, 2020 17:19

Пульмонолог дәрігер: Індет басталғалы менің ағзамда инфекциялар дозасы көбейіп кетті

Strategy2050.kz тілшісі дәстүр бойынша аптаның әр бейсенбісінде медицина мамандарымен сұхбат жүргізіп, оқырмандар үшін пайдалы кеңес сұрайды. Бүгін пульмонолог дәрігер Сапаргүл Бердешова Strategy2050.kz аналитикалық-шолу порталының оқырмандары үшін пайдалы ақпараттар айтты.


Пульмонолог дәрігер: Індет басталғалы менің ағзамда инфекциялар дозасы көбейіп кетті

Сапаргүл Ералықызы, коронавируспен ауырып қалған науқастармен бетпе-бет жұмыс істейтін дәрігер ретінде қазіргі жағдайға қандай баға бере аласыз? Күніне қанша пациент келеді алдыңызға?

Қазіргі жағдай қанағаттанарлық. Жаздағы жағдай қайталанып жатқан жоқ. Күн сайын алдымызға келген науқастардың 8-12%-ы стационарларға жатқызылады. Емханаға жоспарлы тексеруден өтуге келген коронавируспен ауырып тұрған пациенттердің жағдайы да қанағаттанарлық. Бір сөзбен айтқанда, қазір емханаларда, ауруханаларда маусым-шілде айларындағыдай жағдай жоқ. Демек, жағдай тұрақты. Өткен тәулікте Қазақстанда 188 жағдай тіркелді, 2 жағдай өліммен аяқталды. Бір тәулік ішінде 65 адам жазылып шықты. Қазір Қазақстанда Стационарларда барлығы 2 868 науқас жатыр. 5 073 адам амбулаториялық жағдайда емделуде.

 Коронавирусқа дейінгі жұмысыңызбен қазіргі жұмысыңызда қандай айырмашылық бар?

Пульмонологияда маусымдық аурулар көп болғандықтан, күз бен қыста тыныс алу аурулары көбейеді. Нұр-Сұлтан қаласының қысы ерте басталып, кеш аяқталады. Осы салқын мезгілде біздің жұмыс көбейеді. Ал коронавирус деген індет келген кезде пульмонологтарға сұраныс бірнеше есеге көбейді. Өйткені, вирус өкпені зақымдады, науқастар еркін тыныс ала алмай, өкпені желдету аппараттарына жүгінді. Бір тәулікте 200 науқас қабылдау бөліміне келіп түсті. Бір тәулікте 200 адамның жағдайымен танысу, олардан сараптама алу үлкен физикалық жұмыс. Мұндай көрсеткіш қаланың кез келген медициналық ұйымында болды. Бұл кезеңде тек науқастар емес, дәрігерлер де үлкен стресстен өтті. Коронавирусқа дейін пневмония немесе өкпенің обструктивті ауруларымен, аллергияға тәуелді кісілермен штаттық режимде жұмыс істеп келдік. Тұрғындар арасында аллергия мен астма сияқты түрлі тыныс алу жолдары ауыратын науқастар жиі кездеседі. Олар пульмонолог дәрігердің үнемі қарауында.

 Пульмонолог дәрігер адамның тыныс алу жолдарын емдейді. Тыныс алу жолдары ауруларының бәрі жұқпалы ма?

 Тыныс алу жолдары ауруларын терапевт қарайды. Егер асқынған жағдайлар болса, мысалы, демікпе, ауа жетпеу, өкпенің сырылдауы сияқты, онда терапевт пульмонологқа жібереді. Тыныс алу жолдары ауруларының бәрі жұқпалы ма деген сұрағыңыз өте орынды. Өкпе аурулары спецификалық және спецификалық емес деп екіге бөлінеді. Спецификалық емес ауруларға бронхиалды аурулар, өкпеге суық тию, плеврит сияқты аурулар жатады. Кейде темекі, электронды темекіні тым көп шеккен адамдар өкпенің спецификалық ауруына шалдығады. Бұған қолайсыз экологиялық аймақта өмір сүретін тұрғындарды да жатқызуға болады. Олар да уақыт өте келе өкпенің созылмалы ауруына шалдығуы мүмкін. Ал спецификалық ауруларға ауа тамшылары арқылы жұғатын туберкулез, коронавирус сияқты жұқпалы аурулар жатады. Пневмония суық тиюден басталып, өкпе қабынып, соңы жұқпалы коронавирустық пневмонияға дейін баруы мүмкін.

 Коронавирустық пневмония туралы толықтырып айта аласыз ба? Жазда көз жұмғандардың көбінің диагнозы коронавирустық пневмония болды ғой...

Коронавирус қантамырларды қоюландырып, тромбоздануына әкеледі. Қанайналым жүйесі өкпе арқылы жүретін болғандықтан, бронхиалды жүйе бұзылады. Адамның өкпесінде бірнеше мың майда қантамырлар бар. Бұл органға инфекция түссе, қантамырлар ұйып, тромбоз болады. Пневмонияның асқынуының себептері көп. Ең көп таралған себеп тыныс алу жүйесіне ауа жетіспеу, эндоксикациялық синдром, полиоргандық асқыну. Осылардың бірі бола, адам қайтыс болуы мүмкін. Коронавирустық пневмония да, бактериялық пневмония да аса қауіпті.

 Пневмонияны үй жағдайында емдеу мүмкін бе?

Мүмкін емес. Пневмонияны дәрігерлердің тікелей бақылауымен емдеу керек. Пневмония асқынса, өлімге әкеледі. Өкпенің қабынуын емдеуді, антибиотиктерді дұрыс пайдалануды тек дәрігер біледі. Пневмококк – түрлі бактериялардың жиынтығы. Ол көптеген қауіпті ауруларды тудырады: ол тек пневмония емес, сонымен қатар бронхит, тонзиллит, фарингит, менингит, қанның инфекциялы аурулары және т.б.

 Өзіңіз коронавирус жұқтырып алдыңыз ба?

Иә, мен де, жолдасым да коронавируспен ауырып, өкпені желдету аппаратында жаттық. Мен вирустық ауруға шалдыққан адамдармен тікелей жұмыс істегендіктен, менің ағзамда «инфекцияның дозасы» тым көбейіп кетті. Өйткені, менің алдыма тек тұмаумен, коронавируспен ауырған науқастар емес, басқа да науқастар келді. Инфекциялар менің ағзамда мутацияға ұшырады десем де болады. Емдік шараларының барлық түрі жасалып, қаззір менің, де отбасымның да жағдайы жақсы. Жұмысқа оралдым. Науқастарды қабылдауды жалғастырып жатырмын. Өзімнің ауырғаным өзгелерді емдеу тәжірибеме оң әсерін тигізді. Өйткені, ковидпен ауырып тұрған науқастың жайын мен өте жақсы түсінем.

 Тыныс жолдарын сақтау үшін қандай кеңес айта аласыз?

Тыныс жолдарын сақтау үшін тыныс алу жаттығуларын жасау керек. Коронавирус бізге салауатты өмір салтын ұстанудың қаншалықты қажет екенін түсіндірді. Таза ауада серуендеу, зиянды әдеттерден аулақ болу, көбірек қимылдау, пайдалы ас ішу, тойып тамақ ішпеу деген бәрі білетін, бірақ орындауға асықпайтын кеңестерді айтқым келеді. Суық ауа райында жылы киініп, иммунитет көтеріп, дәрумендерді қолдану керек. Қандай да бір аурудың симптомдары басталса, дереу алдын алу керек.

 Вирус мутацияға ұшырап, басқаша симптомдар көрсетіп жатыр деген қаншалықты рас?

Коронавирус – бірнеше вирус жиналған, қабырғасы қалың, өте қатал вирус. Бұл вирустар жиынтығы адамның ең әлсіз жеріне жабысып, сол жерді одан сайын зақымдайды. Мәселен, қант диабеті, бүйрек жетіспеушілігі, жүрек жетіспеушілігі бар адамдар бірден вирус жұқтырып, бірден әлсірейді. Сонда коронавирус о бастан мутацияланған вирус. Осындай созылмалы ауруы бар, инсульт алған, онкологиямен ауырған адамдар үйден шықпауға тырысу керек. Вирустың таралуы әлі тоқтамады. Науқастар күн сайын келіп түсіп жатыр. Сол үшін сақтық шараларына көңіл бөлу керек. Әр адам өзінің денсаулығы үшін жауапты.

Cұхбасттасуға келіскеніңіз үшін рақмет! Сізге зор денсаулық тілеп, пандемия кезіндегі еңбегіңіз үшін алғыс білдіремін!

Барлық жаңалықтар
// (function(m,e,t,r,i,k,a){m[i]=m[i]||function(){(m[i].a=m[i].a||[]).push(arguments)};m[i].l=1*new Date();k=e.createElement(t),a=e.getElementsByTagName(t)[0],k.async=1,k.src=r,a.parentNode.insertBefore(k,a)})(window, document, "script", "https://mc.yandex.ru/metrika/tag.js", "ym");ym(34776295, "init", {clickmap:true,trackLinks:true,accurateTrackBounce:true,webvisor:true,trackHash:true});//
5.255.253.106, 192.168.88.100