- Басты
- Жаңалықтар
- Психолог: Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себебі пандемия емес
Психолог: Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себебі пандемия емес
Strategy2050.kz тілшісі коронавирус індетінің адамдардың психикасына әсері туралы әлеуметтік психолог Ғалияш Махашевамен сұхбаттасты.

Ғалияш ханым, пандемия адамдардың психологиялық денсаулығына қалай әсер етті?
Адамдардың психологиялық денсаулығына әсер еткен тек пандемия емес. Пандемиямен бірге келген экономикалық дағдарыс, материалдық жағдайдың төмендеуі, жұмыссыздық – басты себеп. Осының салдарынан қалыптасқан болашаққа бұлыңғыр көзқарас адамдарды тығырыққа әкеп тіреп жатыр. Бұған дейін жұмыспен алданып келген адамдар, онлайн жұмыс істеу кезінде жақындарының қасында 24 сағат болып, жалығу, түсініспеушілікке тап болады. Дегенмен, карантин кезеңін тиімді пайдаланған ақылды адамдар тобы да баршылық. Олар логикалық ойлауды іске қосып, осындай қиын уақыта тығырықтан шығудың жолдарын іздеп тапқаннан ләззат алады. Мұндай адамдарды жігерлі, ішкі жан дүниесі мықты жандар деп айтар едім. Егер адам жұқпалы аурумен ауырып қалам деп қорқып өмір сүрсе, ағза жалған симптомдар беріп, иммунитетті әлсіретеді.
Карантинтік шектеу кезінде әлем елдерінде отбасылардағы кикілжіңдер көбейген. Қазақстанда қалай?
Пандемия кикілжіңдерді көбейткен жоқ, тек отбасылы адамдардың бетпердесін шешті. Кикілжіңі бар отбасылар о бастан дұрыс қатынас құрмаған. Олар жәй күндері ашынаға барып, басқа да үйдегі жағдайды ұмыттыратын нәрселермен алданып жүрді. Ал карантинде бір-бірін жек көретін ерлі-зайыптылар бір үйде 24 сағат бойы бірге болуға мәжбүр. Араларында махаббаты жоқ, тек балалар үшін немесе басқа да себеп үшін амалсыз көніп жүрген жандар үшін аса қиын. Олар бірін-бірі тітіркендірсе де, бір жерде үнемі бірге отырғанда қақтығыстар басталады. Жұмысынан айырылып, күйзеліске түскен, қоғамнан ашуын ала алмаған ер азаматтар үйдегі әйелінен ашуын алып, ұрып-соғып жататын жағдайлар да кездесті.
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейіп жатыр. Бұған пандемия себеп пе?
Қазақстанда зорлық-зомбылықтың көбейіп жатқанына пандемия себеп болды деп айта алмаймын. Зорлық-зомбылық пандемияға дейін болған, бұл біткесін де бола бермек. Үйдегі жанжал бірден басталмайды. Ер адам бірден күшін қолданбайды. Оның ғажайып сөзі бар: «қойшы, болды». Бұл сөздің астарында «мен сені ұрғым келмейді, табалағым келмейді» деген мағына бар. Өкінішке орай, әйел адам мұны бірден түсінбейді. Тұрмыстық зорлықтың алдын алуы үшін еркектің жұбайын кекетіп сөйлейтін жағдайлары болса, бұған тоқтау қою керек. Мұны қалжың деп қабылдау қате. Айғайлап сөйлеуі, зекіп сөйлеуі әйелдің көңіліне қанша ауыр тисе де, әйел көніп, өткізіп жібереді. Мұның соңы күш қолдануға апарады. Ұрып-соқса де әйел адам көз жұма қарайтын кездер болады. Мұндай жұбайлар бір-бірін төсек қатынасымен жұбатуы мүмкін. Бұған еркек үйреніп алады. Зорлық көрсеткеннен кейін төсек қатынасы жаңа деңгейге өтетін жағдайлар болады. Зорлық-зомбылық көрген кейбір әйелде адреналин күшейіп, төсек қатынасында белсенділігі артады.
Тағы карантин енгізілуі мүмкін. Қазақстандықтар психологиялық денсаулығын сақтау үшін не істеу керек?
Жаздағы жағдай әлі сабақ болған жоқ. Карантиндік шектеу енгізілген уақытта адамдар сақтанып жүрді де, шектеу шаралары жеңілдетілгенде, қайта еркінсіп кетті. Қазір пандемиядан қорқып жүрген адамды көп кездестірмейміз. Сақтану шаралары туралы ақпарат аз деп айта алмаймыз. Қазір мұндай ақпарат әр бұрыштан айтылып жатыр. Шектен тыс сақтандыру туралы ақпарат таратудың да зияны бар. Бұл адамдардың ашық ойлауына, өзіне жауапкершілік артуына ерік бермейді. Адамдар өздерінің өміріне, денсаулығына тек өздері жауапты екенін түсіну керек. Күйзеліске төтеп бере алатын адамдардың психологиялық денсаулығы зардап шекпейді. Керісінше, мұндай адамдар екінші рет келетін карантинді тиімді пайдаланып, жаңа еңбек қабілетін ашуы мүмкін. Ал өмірге ренжігіш адамдарда керісінше, карантин олардың психологиялық денсаулығын күйретіп жібереді. Олар коронавирустың екінші толқыны келсе, күйзеліске ұшырап, психиатрдың көмегіне жүгінуге мәжбүр болады.
Адамдар кез келген жағдайға реалистік көзқарас қалыптастырып, оны қабылдауға талпыну керек. Қазір және осы сәтте өмір сүру керек. Ертең болатын жайсыз жағдайларға дайындалудың қажеті жоқ. Қазір адамдардың бойындағы стресс пен күйзелісті жоюға арналған амалдар көп. Мысалы, йога, терең демалу арқылы іштегі шиеленістерді сыртқа шығару, медитация арқылы босаңсу, миды тазалау, таза ауада серуендеу, кітаптар оқу т.б. Әр адамның қолында смартфон бар. Аталған амалдардың бәрінің үлгісі ғаламторда бар. Бәрі уақытша. Кез келген ситуацияны саналы түрде қабылдап, ешкімнің сөзіне, көңіл-күйіне ермей, өз-өзіңмен болу өте маңызды.
Қашықтан оқу кезінде ата-аналар мен балалардың психологиялық денсаулығын сақтап қалу үшін қандай кеңестер айта аласыз?
Ең алдымен ата-ананың өзі күйзелістен аман болу керек. Бұл кезең ата-ана мен баланың арасында тығыз байланыс орнатуға мүмкінік береді. Баламен еркін әңгімелесуді үйренуге болады. Бұл да уақытша кезең екенін естен шығармай, сабырлық таныту керек. Балаға мұғалім үшін немесе жақсы баға үшін, ата-ана үшін оқымау керектігін, білім тек өзіне керек екенін түсіну керек. Кейбір ата-аналар мұғалім телефон соққанда ғана ұялып баланың оқу үлгерімін қадағалай бастайды. Кейбір аналар баласынан «мінсіз» оқушы көргісі келеді. Ал енді біреуінің сабақ үйретуге шыдамы мен сабыры жетпей жатады. Бұл жерде балаға еркіндік беру керек. Ата-ана сабақты аптасына 1-2 рет қана тексеріп қойса, жеткілікті. Күн сайын балаға маза бермей, сабақ оқыту баланың психикасына зиян. Баланың сабақ оқитын, спортпен шұғылданатын, үй жұмысына арналған уақытты өзі реттеу керек. Балаға еркіндік беру деген тым қарапайым әрекет. Мәселен, балаға ыдысқа тамақты салып беріп, жеуін талап еткеннен гөрі, өзіне таңдау еркіндігін беріп, қазаннан салып жеуін өтінген әлдеқайда дұрысырақ. Бала ұрлықшы болып туылмайды, оны мұндай дәрежеге жеткізетін ата-анасы. Демек, баланың қандай адам болып өсуі ата-ананың оған деген қарым-қатынасына тікелей байланысты.
Сабақ оқымаған балаларға ата-аналар тарапынан қатыгездік көрсетіліп жатады. Басқа да жағдайларда ата-ана сабақты сылтау етіп, ыза-кегін балаларынан алып жатады. Бұдан ештеңе шықпайды. Баланың психикасын ата-анасы өз ашуымен құртып алатынын түсіну керек. Баланы ұру – ата-ананың әлсіздігі. Баланы ұрып өсіру – оны өзіне сенімсіз, агрессияға берілгіш қатыгез адам ету.
Қорқынышты жеңу үшін не істеу керек?
Ақпаратты қабылдайтын адамдардың бірнеше түрі бар: үрейге бейім адамдар, сабырлы адамдар, немқұрайлы адамдар. Үрейге бейім адамдар өздеріне келмеген нәрсені басында айналдырып, күйгелектікке салынып, психологиялық денсаулығына зиян келтіреді. Олар түбінде психиатрдың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Үрейге бейім адамдар көбінесе өзіне сенімсіз келеді. Немқұрайлы адамдар сақтанбайды, аурудан да, карантиннен де қорықпайды. Олар тек аурумен немесе індет салдарынан болатын жұмыссыздықпен бетпе-бет келгенде ғана түсінеді. Өкінішке орай, ол кезде тым кеш болып кетуі мүмкін. Психологиялық күйі тұрақты адам ақпаратты бір рет тыңдағаннан кейін, одан сақтанады, музыка тыңдап, жан тыныштығын сақтауға тырысады.
Қорқыныш бойды билеп бара жатса, қауіпсіздік шараларын он есе күшейтіңіз. Егер сіз жүрген жерде қауіпсіздік шаралары толық сақталмаған деп ойласаңыз – өзіңіз әрекет ете бастаңыз. Сіздің денсаулығыңыздың қорғалуы сіздің жауапкершілігіңізге тікелей байланысты.
Пайдалы кеңестеріңізге рақмет!

-
COVID-19: Оңтүстік Кореяда коронавирус күшейді, Францияда балалар арасында вирус жұқтырғандар саны артуда
-
ДСМ: Қазақстанда коронавирус жұқтыру 2,4 есеге азайды
-
Қазақстанда ревакцинациялау науқаны басталды
-
АШМ: Қазақстанда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау аяқталды
-
Ұлттық кеңес: Медицина кадрының жетіспеушілігі, ана мен баланың қауіпсіздігі және білім саласындағы мәселелер
-
ДСМ: 1500-ден астам бала мен жүкті әйел коронавирусқа қарсы вакцина алды
-
А.Цой: Коронавируспен ауырған адамдардың 96 %-ы вакцина алмаған
-
Қазақстанда Pfizer вакцинасымен кімдер егіледі, қайда және қалай жүзеге асады
-
ДСМ: Елдегі эпиджағдай, ревакцинация, Pfizer жеткізілімі және балаларды вакциналау
-
Италияда пандемияның төртінші толқыны басталды, ЕО Украинаны «жасыл тізімнен» шығарды
-
Тұрақты экономикалық даму үшін қандай ұлттық жобалар жүзеге асады
-
Ауыл әйелдерінің форумы: Әйел кәсіпкерлерді қолдау шаралары және грант алған жобалар
-
Елордада «Рухани жаңғыру» аясында қандай жобалар жүзеге асуда
-
Коронавирусқа қарсы вакцина алғандар саны 8 млн-нан асты
-
«Startup Bolashaq» бизнес-жобалар байқауы: Жобаға қандай өзгерістер енгізілді

