• Басты
  • PRIMERIES-2020 қорытындысы: қандай заң бұзушылықтар болды
6 Қазан, 2020 15:35

PRIMERIES-2020 қорытындысы: қандай заң бұзушылықтар болды

1-4 қазан аралығында «Nur Otan» партиясының мүшелері Мәжіліс және Мәслихатқа үміткер бола алатын Праймериз қатысушыларын таңдады. Праймеризге қатысушылар бір ай көлемінде партияластарымен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген болатын. Жаңа саяси доданың қорытындысын Strategya2050.kz тілшісінің шолу материалынан оқи аласыздар.


PRIMERIES-2020 қорытындысы: қандай заң бұзушылықтар болды

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев берген есеп бойынша, партия мүшелерінің 662 687-сі немесе 84,2% дауыс беруге қатысты. Интернет желісі жоқ шалғай аймақтарда 81 583 адам дәстүрлі дауыс беру тәртібі, яғни бюллетень арқылы дауыс берген.

Праймериз Қазақстанда алғаш рет өткізілді. Праймеризге 10 990 адам қатысты. Оның 7 143-і – өзін-өзі ұсынушылар. 36%-тен астамы – әйелдер, 29%-і – 35 жасқа дейінгі жастар. Үміткерлердің орташа жасы – 43 жас. Кандидаттардың сапалық құрамы қызметтеріне қарай ажыратылды: 31% - білім және ғылым саласының өкілдері, 14% - шағын және орта бизнес, 7,8% - мәдениет және спорт, 7,1% - қызмет көрсету саласы, 6,2% - ауыл шаруашылығы, 4,6% - өнеркәсіп саласы, - деді Арман Қырықбаев.

Спикер мәлімдеген статистикалық есепке сүйенсек, праймеризде жастар белсенділік танытқан. Праймериз жаңа «әлеуметтік лифт» қызметін атқарып, қатысушылардың өздерін көрсетулеріне, өз көзқарастары мен позицияларын қорғай алуына мүмкіндік берді. Саясаттанушы Ерлан Сайыровтың айтуынша, енді депутаттық корпустың 25%-ы жас депуттардан құралады.

Қазақстанда 210 мәслихат бар, 3350 мәслихат депутаты бар. Солардың 2 пайызы ғана жастар. Праймеризден кейін жағдай өзгереді. Енді жастар белсенділік танытады. Олар Орталық деңгейде білінбегенімен, аймақтарда үлкен өзгерістер болады. Жастар енді әкімдерге тікелей сұрақ қоя алады. Ауданның әлеуметтік, экономикалық дамуына жауап бере алатын жас аазаматтар мәслихаттарға барады. Праймериз аймақтардағы саяси процесстерді жаңартты. Мен барлық аймақта іс-сапарда болдым. Ондағы әкім мен халық арасындағы жұмыстың қалай жүретінін жақсы білемін, - деді Ерлан Сайыров.

Брифингке қатысқан спикерлердің айтуы бойынша, праймериз барынша ашық өтті. Қазақстандықтар интернет желісі арқылы доданың барысын бақылап отырды. 

Қатысушылар өздерінің позициясын, көзқарасын үгіт-насихат кезінде, пікірсайыстар кезінде ашық айтты. Республика бойынша 1 980 пікірсайыс өткізілді. Пікрірсайыстар да әр түрлі деңгейде өтті: қызу пікірталастарды да көрдік, жәй әңгімелесу түріндегі пікір сайыстар да болды. Үгіт-насихат кезеңінде 123 656 іс-шара мен жарияланым ұйымдастырылды. Олардың ішінде 62 810 іс-шара тікелей 1,4 миллион адамды қамтыды. Әлеуметтік желілерде 60 846 (49%) жарияланым шықты. Республикалық және өңірлік БАҚ-та 4 113 материал жарық көрді. Үгіт-насихат кездесулері барысында 216 сайлауалды бағдарламасының жобасы талқыланды, - деді Арман Қырықбаев журналистерге берген есебінде.

Қатысушылардың басым бөлігі өз бағдарламасында тұрғын үй мәселесін көтерген. Одан кейін көлік пен инфрақұрылым, әлеуметтік проблемалар, білім беру мен денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты сайлауалды бағдарлама әзірлеген. Өңірлер мен шалғай аймақтардағы қатысушылар интернеттің қолжетімділігі мен экология мәселелерін көтерді. Праймериз қатысушылары ұсынған бағдарламалар партия бағдарламасын жасау кезінде ескеріледі.

«Nur Otan» партиясының Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Казанцев Павел айтуынша, праймериздің дауыс беру кезеңінде кемшіліктер болды. Бұл ұйымдастырушылық комитеттерде де, кандидаттардың қызметінде анықталды.

Шағымдар мен заң бұзушылықтар Нұр-Сұлтан қаласында көп тіркелген. Мәселен, Г.Алиханқызының шағымы бойынша партия атына кір келтіретін іс-әрекеттері үшін Ж.Зекейұлы кандидаттықтан алынды. Байқоңыр ауданынан қатысушы «Азия Центр Снаб ЖШС» Бастауыш партия ұйымының басшысы Ұлықбек Әлиев 5000 адамды партияға жалған түрде кіргізген. 5000 адам Әлиевке және оның туысы Д.Пернеевке дауыс береді деп ойлаған. Бұл заң бұзушылық анықталғаннан кейін олар кандидат ретінде додадан алынып тасталды. Нұр-Сұлтан қ. Алматы ауданының партия мүшелерінің мобильді телефон номерлерін ОДҚ мен «Праймериз» АЖ-не жалған енгізгені үшін М.Болысбек тіркеуден алынды. Онлайн дауыс беру кезінде Сарыарқа ауданынан қатысқан «Қазақстанның құрылысшылар одағы» Бастауыш партия ұйымының басшысы Талғат Ерғалиев жалған дауыс жинағаны үшін додадан шығарылды. Сонымен қатар, праймериз кезінде 20-дан астам партия мүшелеріне партиялық жаза шарасы қолданылды. Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында кандидаттарға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу алаңын ұсынбағаны үшін Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімі А. Рахымбетовке сөгіс жарияланды, Бостандық және Әуезов аудандық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары Б.Жамбыло пен Н. Ордабаеваға, Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М. Қасымовқа ескертулер жасалды, - деді Казанцев.

Сондай-ақ, коммуналды мекемелерде рұқсатсыз үгіт-насихат жүргізгені үшін, үгіт материалдарын жабыстырғандар, Тараз қаласының партиялық бақылау комиссиясымен есеп комиссиясы мүшелерінің СМС-кодты анықтау мақсатында партия мүшелеріне қоңырау шалу фактісі анықталып, тиісті шаралар қолданылды.

Павел Казанцетвтің хабарлауынша, партиялық бақылау комитетіне және өңірлердегі комиссияларына дауыс беру кезінде орын алған бұзушылық фактілері бойынша шағымдар келіп түсуде. Көп жағдайда шағымдарды растайтын материалдар болмаған. Дегенмен, шағымдар қаралып жатыр.

2019 жылдың 1 шілдесінен 2020 жылдың қыркүйегіне дейін Жарғыны бұзғаны үшін, партиямен байланыстың үзілуі себебімен 243 мыңнан астам адам «Nur Otan» партия қатарынан шығарылды.

Strategy 2050.kz аналитикалық-шолу порталының тілшісі "Праймеризде жеңіске жетпеген, бірақ өзін жан-жақты көрсете алған қатысушыларды не күтіп тұр, олар үшін арнайы резерв қарастырылған ба?" – деген сұрағына партия өкілі Арман Қырықбаев кандидаттардың бағдарламалары қаралғанын, оларды БАҚ-та берген сұхбаттары мен жариялымдары есепке алынып, партия тарапынан ұсыныстар болатынын айтты.

Сайыс болғаннан кейін жеңілетіндер де бар, жеңімпаздар да бар. О баста айттық, халықтың белгілі дәрежеде қолдауына ие болған, шынайы патриот азаматтар партияның назарынан тыс қалмайды. Партия ішінде комитеттер мен басқармалар бар. Қажет болса, мемлекеттік органдарда олардың қызмет етуіне мүмкіндік жасаймыз, - деді А. Қырықбаев.

Праймеризде алдын ала партияға мүшелікке өз қызметкерлерін тіркеп, солардың дауыстарымен жеңіске жеткен. Бұл қаншалықты әділетті деген сұраққа Арман Қырықбаев бастауыш партия ұйымдары әр жерде әр түрлі екенін, бірінде партияға мүше азаматтар көп, ал бірінде жоқ екенін алға тартты.

Праймериз болады дегеннен 41 000 жаңа партия мүшесі қатарға қосылды. Партия Төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек партияға жаңа мүшелерді қабылдауға мораторий жариялады. Бастауыш партия ұйымдарында азаматтары көп жетекшілердің алға шығуы заңды құбылыс, - деді ол.

Барлық жаңалықтар