• Басты
  • Primaries-2020: әділ дауыс беру талабын бұзғандарға шара қолданылып жатыр
2 Қазан, 2020 15:21

Primaries-2020: әділ дауыс беру талабын бұзғандарға шара қолданылып жатыр

1 қазаннан бері «Nur Otan» партиясы ішкі іріктеу – праймериздің дауыс беру кезеңі болып жатыр. Дауыс беру 3 қазан сағат 14.00-ге дейін жалғасады. Праймериздің өткізілу барысы туралы "Nur Otan" партиясының хатшысы мен Нұр-Сұлтан қаласынан қатысушылар Strategy2050.kz тілшісіне берген сұқбаттарында айтты.


Primaries-2020: әділ дауыс беру талабын бұзғандарға шара қолданылып жатыр

Саяси мазмұнға ие өзгеше форматтағы іріктеу алғаш рет қолға алынып отыр. Бұл бастама жаңашылдық әкелгенімен, көзге көрініп тұрған олқылықтары баршылық. Мәселен, дауыс беру қосымшасы мен сайт бір мезгілде мыңдаған қолданушының әрекетінен сервер көтермей қалып жатыр. Нұр-Отан Партиясының хатшысы Әлібек Алденейдің айтуынша, 2-қазан 15.00-дегі көрсеткіш бойынша республика көлемінде 390 мың партиялық дауыс берді. Бұл – «Праймериз» ақпараттық жүйесіне тіркелгендердің тең жартысы, яғни 49%-ы.

Ақпараттық жүйе қолданушылардың көптігінен процессті баяулатып жатыр. Орташа алғанда бір мезетте 100 мыңнан астам сұраныс түсіп жатыр, яғни осынша адам бір сәтте дауыс беру үшін не дауыс беру нәтижесін тексеру үшін жүйеге кіріп отыр деген сөз. Жүйенің жұмысы қалыпқа түсті, бірақ барлық процесстің баяулауы байқалады. Ертең 10 076 кандидаттың ішінен үздіктерді анықтаймыз, - деді ол.

7940775.jpg

Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданынан қатысушы, қала әкімдігіне қарасты «Nomad City Hall» концерт залының меңгерушісі, «Әзіл әлемі» жобасының жетекшісі Тұрсынбек Қабатовтың айтуынша, ақпараттық жүйенің дұрыс ашылмауына байланысты партия мүшелері толық дауыс бере алмай отыр.

Праймериз жаңадан енгізілген алғашқы тәжірибе болғандықтан, олықылықтар бар. Бұл тек Қазақстанда емес, жалпы Орталық Азияда ең алғаш рет өткізіліп отырған саяси жарыс. Бір тәуліктің ішінде мен 60 дауыс жинаппын. Белгілі өнер қайраткері Айман Мұсақожаеваның өзіне түсіп жатқан дауыс аз. Меніңше, ол – халық үшін таңдаулы тұлғалардың бірегейі. Дауыс берушілердің сөзіне сүйенсем, дауыстың есепке алынбай қалуы немесе басқа кандидатқа өтіп кетуі сияқты жағдайлар бар. Бұл адам қолымен әдейі жасалып жатқан әрекет емес, техникалық ақаулар болғандықтан, амал жоқ, - деді ол.

 Тұрсынбек Қабатовтың кандидатурасын Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет басқармасы ұсынған.

Шынымды айтсам, праймериз басталмас бұрын бұл додадан өтетініме 60-70%-ға сенімді болдым. Қазір нәтижені көріп, сенімім азайып жатыр. Тек партия мүшелері емес, жаппай халық дауыс беретін сайлау болғанда ма еді деп ойлаймын. Оның үстіне, естуім бойынша, жеке компания немесе өндіріс басшылары праймериз басталмас бұрын алдын-ала партияға өзінің қызметкерлерін кіргізген. Қазір көштің басында тұрған - сондай басшылар. Праймеризді Елбасы, Партия Төрағасы Н.Назарбаев барынша әділ өтуі тиіс деді. Ұйымдастырушылар қаншалықты әділ, ашық сайлау өткізуге ұмтылса да, адамдарда айла таусылған ба?! Мен басқарып отырған «Nomad City Hall» мекемесінде 90 адам жұмыс істейді. Олардың 12-сі - партия мүшелері. Осыдан бірнеше уақыт бұрын өзім партияға өттім. Бірақ жұмыстағы әріптестеріме «партияға кіріңдер» деген бұйрық та бермедім, ұсыныс та айтпадым. Партия – әркімнің өз таңдауы. Праймериз де дәл солай! Кандидаттарды әркім өзі жүрегінің қалауымен таңдау керек. «Мен партияға бастығыма дауыс беру үшін тіркелдім» деген қате, - деді Праймериз-2020 қатысушысы Тұрсынбек Қабатов.

image-02-10-20-01-59-1.jpeg

 Қазақстан Жастар Конгресінің қайырымдылық бағыттағы директоры, жас кәсіпкер, волонтер Перизат Қайраттың айтуынша, Праймериз-2020 әділ өтіп жатыр.

 Төтенше жағдай кезінде таныс меценаттармен бірігіп 79 млн теңге жинап 8000 отбасыға азық-түлік  тараттық, 18 млн теңгеге дәрі-дәрмек тараттық. Сол кезде елді-мекендерді аралап жүріп, халықтың әлеуметтік жағдайымен таныс болып, халыққа көлемдірек пайдамды тигізгім келді. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласының мәслихатына Алматы ауданынан түсіп жатырмын. Басында 88 кандидат едік, қазір 66 қатысушы қалды. Партия төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарға 20%, ал әйелдерге 30 % квота беріп жатыр. Сондықтан, алғашқы саяси додада менде жеңіске сенім бар. Праймериз орнатылған қосымшада техникалық ахаулар болып жатыр. Бір мезгілде 1 млн адам кіріп, ақпараттық жүйе көтере алмай қалып жатыр. Ұйымдастырушылар сабырлық танытыңдар, бәрін дұрыстаймыз деген болатын. Бүгін жүйе жақсы жұмыс істеп тұр. Алматы ауданы бойынша заң бұзушылықтар орын алып жатқан жоқ. Мен әділдікке және мені қолдаушыларға сенемін. Бір емес бірнеше кандидатты таңдауға мүмкіндік бар және дауыс берушілердің кімді таңдағаны жасырын қалады. Бұл праймериздің әділдігін қамтамасыз етеді деп ойлаймын, - деді қалалық мәслихатқа үмікер Перизат Қайрат.

200111125834258e.jpg

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры Ерлан Дәкеновтың айтуынша, дауыс беру жасырын түрде өтіп жатыр, сондықтан партия мүшелері шынайы таңдау жасаса, праймериз әділ өтеді.

Кандидаттардың бәрі халықты алаңдатқан, толғандырған, ойландырған мәселелерді тиімді жолмен шешуді көздейді. Барлығының мақсат, мүддесі бір. Ол – ел үшін еңбек ету. Праймериздің шынайы өтуі дауыс беруші партия мүшелеріне тікелей байланысты. Олар арнайы бұйрықты орындап немесе тек басшымызға дауыс береміз деген принципті ұстанса, бұл саяси доданың әділ өткені емес. Егер дауыс беруші қатысушылардың сайлауалды бағдарламалармен таныс болып, кандидаттың білімі мен тұлғалық қасиеттерін саралап, шынайы таңдау жасаса Праймериздің мақсаты орындалған болар еді. «Нұр Отан» партиясының басшылығы мен ұйымдастырушылар осындай сайыс өткізуге ұмтылды. Біткен іске сыншы көп. Праймериз қосымшасы дұрыс істемей жатқанына шағымдар болды. Бүгін бәрі істеп тұр. Партияластар дауыс беріп жатыр, - деді ол.

Ерлан Дәкеновтің айтуынша, Праймеризде үлкен бәсекелестік болып жатыр.

Жалпылама іріктеу жайында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бұл алғаш рет өтіп отыр. Бұл – партияішілік сайлау. Бұл - шынайы әлеуметтік лифті, бәсекелестік іріктеуі, жаңа идеялар мен жобалар іздеу» - деп нақты айтты. Расында да, бізге қазір жаңа реформалармен қатар, бәсекелестік керек. Бәсеке бар жерде өсу, өну, сапа болады. Сондықтан, үміткерлерге дауыс беріп, өз таңдауыңызды жасаңыз! Қазір ел келешегіне бей-жай қарайтын уақыт емес. Біз бірге болсақ, алынбайтын қамал болмайды. Елім деген ерлер жетерлік. Ерім дейтін елімізде бар, - деді ол.

Партияның хатшысы Әлібек Әлденейдің айтуынша, енді дауыс беру нәтижелерін primaries.kz сайтында ғана көруге болады. Сондай-ақ, дауыс беру нәтижелерін өңдеу мен аралық қорытындыларын шығару кестесі де жаңартылды.

Әділ дауыс беру талабын бұзудың қандай да бір жолына қатаң тосқауыл қойылды. Айыпты болғандарға тиісті шара қолданамыз. Партиялық бақылау комитеті күшейтілген режимде жұмыс жасауда. Ереже баршаға ортақ, ешкімге артықшылық берілмейді. Осы орайда, қадап айтатын нәрсе – жалаң айыптау болмауы тиіс. Барлық арыз-шағымды нақты фактілермен негіздеу қажет. Қазіргі кезде Партиялық бақылау комитеті дауыс беруді бұрмалау фактілеріне қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Егер олар расталса, онда тәртіп бұзушылыққа жол берген кандидат додадан шығарылатын болады., - деді ол.

Түркістан және Ақмола облыстарында партиялықтарды дауыс беруге мәжбүрлемекші болған азаматтар «Nur Otan»-нан шығарылып, жауапкершілікке тартылған. Нұр-Сұлтан қаласында праймеризге қатысушы 3 кандидат тіркеуден шығып қалды. Олардың қатарында Алматы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары да бар. «Праймериз» ақпараттық жүйесінде партия мүшелерін тіркеу кезінде тәртіп бұзушылыққа жол бергені үшін Балқаш қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасарына, «Ардагер» БПҰ, «Гүлдер» БПҰ, «Станция Балхаш» БПҰ мен «Шипагер» БПҰ төрағаларына тәртіптік жаза қолданылды.

Кез келген тәртіп бұзушылық бойынша (800) 080 4441 (қоңырау шалу тегін) жедел желісіне немесе komek@nurotan.kz электронды почтасына хабарласуға болады.

 

Барлық жаңалықтар