• Басты
  • Президенттік жастар кадрлық резервіне ену жолдары қандай

Президенттік жастар кадрлық резервіне ену жолдары қандай

18 Мамыр, 2021 15:57

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақтың білімді жастары үшін «Президенттік жастар кадрлық резерві» деген жаңа мүмкіндік берген болатын. Идеяның жүзеге асырылуы, әлеуметтік саты, ашықтық пен кандидаттар туралы толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің шолу материалынан біліңіз.


«Жас келсе – іске» деген жастарды жігерлендіретін қанатты сөз жиі айтылса да, басқарушы лауазымдардан жастарды көру сирек. Жұмыс өтілі жеткіліксіз болғандықтан білімді жастар уақыттың біраз бөлігін төменгі сатыдағы қызметтерге жұмсайды.        

Қазақстанның дарынды әрі білімді жастары үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты құру туралы идеяның авторы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Жобаның мақсаты - мұқият даярланған әрі тәжірибелі жастардың мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруларына мүмкіндік беру. Мәселен, қандай да бір жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар болса, Президенттік жастар кадр резервінде тұрған жастар осы лауазымға кандидат ретінде ұсыныла алады. Мұнда жедел шешім қабылдай алатын, жұмыстағы түрлі құбылмалы жағдайларға тез ілесіп, икемделе алатын “жаңа формация” басшылары бола алатын мемлекеттің жоғары басқарушылық қызметтеріне әлеуетті үміткерлер қабылданады.

Президент атап өткендей, кадрлық резервтің әлеуеті арқасында жастар мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жауапты қызметке жіберіледі.

«Әрине, араларыңыздан бизнес саласында зор жетістікке жеткендер шығып жатса құба-құп болар еді. Осы ретте ел дамуына пайдасы тиетін бастамаларды қолға алған жөн. Бірақ біздің мақсатымыз сіздерді тек лауазымды қызметке тағайындау деп ойламаңыздар. Бұл елді өркендетуге бел буған, сол үшін бар күш-жігерін жұмсайтын азаматтарға арналған жоба. Басты міндет – талантты жастардың Қазақстанды жаңа белестерге көтеруіне мүмкіндік беру», - деген болатын.

Резервтің алғашқы тізіміне 300 адам енген.

Президенттік жастар кадр резервінде тұрған адамның міндетті түрде жоғарыда айтқандай лауазымға тағайындалуы шарт емес. Резервте тұрған жастар ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында одан әрі кәсіби және тұлғалық даму үшін оқыту курстары мен тренингтерден өту мүмкіндігіне ие болады.

Кадр резервіндегі жастар келесі лауазымдарға кандидат болып, тағайындала алады:

Министрлер, олардың орынбасарлары;

Облыстық маңызы бар қалалар;

Орталық атқарушы органдар комитеттерінің төрағалары;

Квазимемлекеттік сектор компаниялары басқармаларының төрағалары және мүшелері;

Қызметтің бағыттары

экономикалық және қаржылық саясат;

әлеуметтік саясат;

инфрақұрылымды және қызмет көрсету салаларын, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын және қоршаған ортаны дамыту;

сыртқы және ішкі саясат;

құқықтық саясат.

Сонымен қатар олар орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары болып, мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктерде аппарат басшысы, өңір мен республикалық маңызы бар қалаларға әкім, аудан, ауыл әкімдеру лауазымдарына да тағайындала алады.

Президенттік жастар кадрлық резервіне қатысушының жасы 35-тен аспаған болуы тиіс. Ең бірінші талап осы. Міндетті түрде білімі жоғары, 5 жылдан кем емес еңбек өтілі бар болуы тиіс. Қатысушының кандидатурасын ұсынған хат болу да маңызды. Мұндай ұсыным хатты қатысушы жұмыс істеген ұйымның басшысынан, ұлттық компания немесе ұлттық холдинг басшылығынан, мемлекеттік саяси қызметшіден,ҚР Мәжіліс немесе Сенат депутатынан, жергілікті мәслихат хатшысынан келіп түсуі тиіс.

Президенттік жастар кадрлық резервіне өту оңай емес. Арнайы құрылған комиссия қатаң тексеруден өткізеді. Алдымен үміткер ЭССЕ жазып, өзінің көшбасшылық қасиеттерін көрсетеді.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметте өсемін деген жас маман төменгі сатыдағы лауазымдардан бастайды. Ол өзінің құзыреттері мен кәсіби даярлықтары негізінде көтеріледі. Елбасы Н.Назарбаевтың 2015 жылғы «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадам» деп аталатын бағдарламалық құжаты негізінде қызметкерлердің мемлекеттік органдар ішінде жастардың мансаптық сатымен көтерілуі үшін жағдайлар жасалды. Конкурстар, гранттар, тренингтер ұйымдастырылған. Сондай ішкі конкурстар өткізудің нәтижесінде жас мамандардың біліктілігі көрініп, олар қызметі бойынша көтерілді. 2015 жылдың өзінде мансап жолымен өз біліктілігі арқасында көтерілген мемлекеттік қызметкерлер 5 есеге өсіпті.

Кейін 2019 жылдан бастап Президент Тоқаевтың бастамасымен президенттік кадрлық резерв құрылды. Айтпақшы, резервке ену жоғарыда көрсетілген лауазымдарға тағайындалу кепідлігін бермейді. Бос орын болған жағдайда ғана арнайы ұлттық комиссия Резервте тұрған тұлғаны ұсына алады. Тағайындаулар Резервке енгізілген тұлғалар арасынан да, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен басқа да тұлғалар арасынан да болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта цифрландыру дәуірінде резервке қабылдау барынша ашық жүргізіледі. Өтініш қабылдау арнайы сайтта жүргізіледі.

Іріктеу кезеңдері:

Бірінші кезең – құжаттарды қабылдау кезеңі.

Екінші кезең – үміткерлердің арнайы тестілеуден өтуі. Арнайы тест қорытындысы бойынша тапсырушылардың қиын мәтін және күрделі сандармен жұмыс істей алу қабілеті көрінеді. Демек, үміткерлердің теориялық дайындығын, олардың сараптамалық ойлау деңгейі де осы кезеңде білінеді.

Үшінші кезең – үміткерлердің көшбасшылық қасиеттерін, стратегиялық көрегенділік деңгейін, ынталандырылуы мен құндылығын бағалау. Қатысушы арнайы берілген тақырыпта эссе жазып, өзінің әлеуметтік маңызы бар жобаларын таныстырады. Бұл кезеңнің қорытындысы бойынша үміткерлердің сауаттылығы, эрудициясы, білім деңгейі, ойының тереңдігі, қорытындыларының дәлелділігі мен негізділігі бағаланады. Үміткерлердің құзыреттерін бағалау арқылы олардың жеке қасиеттері, ынталандырылу деңгейі, сондай-ақ басқарушылық құзыреттерінің болуы анықталады.

Төртінші кезең – қатысушылармен сарапшылар комиссиясы мүшелерінің әңгімелесуі. Бұл кезеңге санаулы адам ғана жетуі мүмкін. Себебі алдыңғы кезеңнен сүріней өткен үміткерлер ғана өтеді. Олардың жинаған баллдарының жинытығы бойынша іріктеледі. Әңгімелесу біткен соң сарапшылық комиссия ашық дауыс беру арқылы Резервке алу ұсынылатын үміткерлер тізімін жасайды да, оны қарастыру үшін Ұлттық комиссияға жолдайды. Іріктеудің соңғы кезеңі – қатысушылардың кандидатурасы кадрлық резерв жөніндегі Ұлттық комиссияда қарастырылады. Бұл кезеңге Сарапшылық комиссия ұсынған жоғары балл жинаған қатысушылар жіберіледі. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша үміткерлерді Президенттік жастар резервіне қабылдау туралы шешім қабылданады.


Барлық жаңалықтар