• Басты
  • Президенттік жастар кадрлық резерві. Конкурстан өткен жас мамандар қайда қызмет етіп жүр
28 Шілде, 2020 13:37

Президенттік жастар кадрлық резерві. Конкурстан өткен жас мамандар қайда қызмет етіп жүр

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында Президенттік жастар кадрлық резервін құру жөнінде тапсырма бергені белгілі. Сөйтіп 2019 жылы байқау жарияланып, конкурсқа қатысуға 13 мың жас маман өтініш берген болатын. Байқау нәтижесінде еліміздегі талантты деген 300 жас таңдалып алынды. Олардың кейбірі байқаудан соң жаңа қызметке шақырылғанын, ал кейбірі жаңа лауызымға орналасқанын айтқан еді. Жалпы жуырда Президенттік жастар кадрлық резервіне өткен 150 жастың жаңа қызметке тағайындалғаны белгілі болды. Осы орайда, Strategy2050.kz тілшісі резервке өткен жастардың қайда қызметке орналасқанына шолу жасады.

Президенттік жастар кадрлық резерві. Конкурстан өткен жас мамандар қайда қызмет етіп жүр

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі дарынды әрі талантты жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты құру туралы идеяны алға тартқан болатын. Бұл жоба басынан-ақ тәжірибелі жастарды мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға мүмкіндік беру мақсатында қолға алынды. Жоспар бойынша, жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар пайда болған кезде Президенттік жастар кадр резервінде тұрған жас мамандардың кандидатурасы қаралмақ.

Десек те, байқау аяқталған соң көп ұзамай жас мамандардың ішінде жаңа қызметке шақырту алғандары бар. Олардың кейбірі жаңа лауызымға тағайындалуға келісім беріп, уақытып күтіп жүрсе, ал кейбірі қазіргі жұмыс орнында қалып, сол жерде еңбек етуді жалғастыруға шешім қабылдаған. Осындай жас маманның бірі - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанынан құрылған Биомедицина ғылыми-зерттеу орталығының директоры Әлібек Ыдырыс. Оның сөзінше, президенттік жастар кадрлық резерві – жас қазақстандық мамандар үшін үлкен мұмкіндік екенін айта келе, резервке өткеннен кейін де қазіргі жұмыс орнында қалған.

photo5276129004446919911.jpg

«Жалпы Президенттік жастар кадрлық резервіне өту – ойға алған алған жобаларымды жүзеге асыруға, мақсатымды айқындап, болашаққа басқа да жоспарлар құруға үлкен шабыт сыйлады. Мен іріктеуден өткеннен соң бірқатар жұмыс ұсынылды. Мәселен, Жамбыл облысынан, астанадан, Қостанай облысынан, сонымен қатар оңтүстік астанадан бірқатар ұсыныс түсті. Бірақ мен өзім жүрген салада, жұмыс орнында қалуды жөн санадым. Өйткені университет жанынан Биомедицина ғылыми зерттеу орталығы жаңадан ашылды. Міне, қазіргі мақсатым – аталмыш зерттеу орталығының жұмысын бір жүйеге келтіру», - деді Әлібек Ыдырыс.

Ал Ақтөбе қаласының тумасы, мұнай-газ саласының маманы Ләззат Әділова Президенттік жастар кадрлық резервіне өткеннен кейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Халықаралық ынтымақтастық және интеграция департаменті директорының орынбасары қызметіне тағайындалған. Бұған дейін ол Ақтөбе қаласы "Сағыз Петролиум Компани" компаниясының бас менеджері болып қызмет атқарады. Сонымен қатар ол Қытайда білім алғанын сөз етті.

photo5274107586678992866.jpg

«Қытайда оқып жүргенде үздік студенттердің бірі едім. Салыстырмалы түрде, Қытайда студенттерге өте қатаң талап қойылады. Біздің түскі ас пен кешкі асты есептемегенде таңғы сегізден кешкі онға дейін сабақ оқимыз. Таңғы 2 сағат пен кешкі 2 сағат студенттердің өздеріне жеке оқуы үшін бөлінеді. Десек те, тәртіп керемет. Сонымен бірге студенттерге түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Оларға арнайы карта беріліп, сол картаға ақша салып, асхана, коммуналды қызмет секілді қызметтерді атамыш карта арқылы төлей алады, сонда арзандау. Кейін оқуымды аяқтағаннан кейін бірқатар халықаралық компания мен ұйымдар жқмысқа шақырды, алайда мен Қазақстанға оралып, Ақтөбедегі мұнай-газ саласына қызметке орналастым. Өйткені Қазақстанның гүденуіне, көркейіп-дамуына өз үлесімді қосқым келеді», - деді Ләззат Әділова. 

Өзінің айтуынша, мұнай-газ саласында да біраз жетістігі бар.

«2017 жылы Бейжiң қаласында өткен мұнай-гaз саласы бойынша өткiзілген жарыста мен әлeм бойынша екінші орынды иелендiм. 2018 жылы Қытай төрағасының бастамасымен жүзеге асып жатқан "Бір жoл - бір бeлдеу" бағдарламасы негізінде Қытайға оқуға шақырылдым. Бір ай бойына Шaнхай қаласында бiлімiмді жетілдiрдім. Халықаралық ынтымақсаттықты дамыту, Қазaқстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты одан әрi дaмытуға, жaқсартуға өз үлесімдi қосып жүрмiн», - деді ол.

Бұдан бөлек айта кету керек, президент кеңесшісі Ерлан Қарин қазіргі таңда резервке өткен 150 жас маман лауазымды қызметтерге орналасқанын айтты. Ол өзінің телеграм парақшасында былай деп жазады:

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды бастамаларының бірі - Президенттік жастар кадрлық резервін қалыптастыру. Былтыр күзде конкурс жарияланды. Еліміздің барлық өңірінен 13 мың жас қазақстандық өтінім берген болатын. Іріктеу төрт айға созылды. Нәтижесінде 300 адам іріктелді. Ағымдағы жылдың 15 қаңтарында президенттің өзі жоба қатысушыларымен кездесті. Мемлекет басшысы резервке өткендермен кездесуде атап өткендей, «Елдегі өзгерістер ең алдымен белгілі бір саладағы, аймақтағы, қаладағы, ауылдағы кішігірім өзгерістерден басталады. Әркім өз орнында, қандай жағдайға қарамастан, жаңару процесіне өз үлесін қосуы керек», деп жазды Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, резервке өткендерді жоғары лауазымға тағайындау бағдарламаның басты мақсаты емес.

«Оның негізгі мақсаты - жас мамандарға өзін жаңа қырынан ашуға, өзін көрсетуге мүмкіндік беру. Сондықтан резервке тіркелу фактісі мемлекеттік қызметке тағайындалуға кепілдік бермейді. Жастар резерві жөніндегі ұлттық комиссия тиісті бос орын болған кезде және үміткердің кәсіби құзыреттілік деңгейін ескере отырып, бағдарламаға қатысушыға кеңес бере алады. Қазіргі уақытта 150 резервке өткен жас маман жаңа лауазымға ие болды. Мәселен, орталық мемлекеттік органдарда 83 адам жұмыс істейді, 38 резервист жергілікті атқарушы органдарда, 29 адам басқа құрылымдарда жұмыс істейді. Алдағы уақытта Президенттік кадрлар резервінің мүшелерімен жаңа оқу бағдарламалары іске қосылады», - деп толықтырды Қарин.

Сонымен бірге еске салайық, президент кеңесшісі Ерлан Қарин Президенттік жастар кадрлық резервіне өткен жас мамандармен онлайн кездесу өткізген болатын. Онлайн кездесуге қатысқан "Қазақстанның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы" АҚ бірінші вице-президенті Шынасыл Ерназар онлайн сұхбат кезінде қандай мәселелер көтерілгенін айтып берді.

d39c867125aadb2a25b72bfe86d3f29d.jpg

«Өткен аптада Ерлан Қаринмен онлайн сұхбат өтті. Сұхбат барысында ол әрқайсысымызды тыңдады. Айта кетейін, конкурстың алғашқы этапында біз елдің дамуына үлес қосатын жоба дайындау керек болғанбыз. Ерлан Қаринмен онлайн жүздесу әр резервист конкурс барысында қандай жобаны таныстырғанын, сонымен қатар қазір қандай жобамен айналысып жүргені жөнінде сөз қозғады. Ол сөз соңында бізбен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін, жұмыс тобын құрып, әрі қарай тығыз байланыста жұмысты жалғастыратынын айтты», - деді жас маман.

Бұдан бөлек ол Президенттік жастар кадрлық резервіне өткеннен кейін бірқатар ұсыныс түскенімен, өзінің жұмыс орнында қалғанын сөз етті. Оның сөзінше, жқмыс орнын ауыстырмағанымен, қызметі өскен.

«Қазіргі жұмыс орнында 2013 жылдан бастап қызмет етіп келемін. Жоғары оқу орнын тәмәмдаған соңы бірден осы мекемеге орналастым. Өзімнің салам. Алайда кадрлық резервтен өткеннен кейін қызметім өсті. Бұған дейін вице-президент болдым, қазіргі таңда бірінші вице-президентпін. Мемлекеттік сфераларға жеке секторлардан инвестиция тартумен айналысып жүрмін», - деді Шынасыл Ерназар өз сөзінде.

Бұдан басқа еске салайық, Президенттік жастар кадр резервін іріктеу жобасынын басқа елдердің де қызығушылығын туғызуда. Бұл жөнінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жаилғанова айтқан еді.

«Бүгінгі таңда Президенттік жастар кадр резервін іріктеу жобасы шет мемлекеттерде қызығушылық тудыруда. Мәселен, 2019 жылдың қазан айында агенттік жобаны Сингапурда ұсынған болады. Сонымен бірге жоба жоба Париждегi эконoмикaлық ынтымақтастық және дaму ұйымының штаб-пәтерінде, сондағы мемлекет басқару комитетінің 60-отырысында таныстырылды. Президенттің бастамасымен жүргізіліп жатқан жобa қолдaныстағы жoспарларға сәйкес әрi қарaй өз жалғaсын табады», - деді ол.

Жалпы айта өтейік, Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу жобасының жеңімпаздары мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурссыз қабылданады.

Барлық жаңалықтар