• Басты
  • Президенттік жастар кадр резерві: Үміткерлерді іріктеу қалай өтеді

Президенттік жастар кадр резерві: Үміткерлерді іріктеу қалай өтеді

16 Тамыз, 2021 13:23

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Президенттік жастар кадр резервіне кандидаттарды іріктеудің екінші кезеңі басталғаны туралы айтылды. Осы орайда, арнайы интернет порталы іске қосылған. Толығырақ, үміткерлерді іріктеу ерекшелігі мен тапсырмалар кезеңін Strategy2050.kz тілшісінің мериалынан оқи аласыз.

Президенттік жастар кадр резервінің екінші кезеңі

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова айтуынша, резервке алдыңғы іріктеудің оң тәжірибесін ескере отырып, ел басшылығы резервке іріктеу жөніндегі жұмысты жүйелі негізде жалғастыру туралы шешім қабылдаған. Сондай-ақ, ол мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, президент жанындағы жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия резервке іріктеу тәртібін және оны өткізу жоспарын бекіткенін атап өтті.

«Резервтерді іріктеу алдағы 1 қыркүйекте басталады. Соның нәтижесінде мемлекеттік сектор үшін 50 жас резерв таңдап алынады»,- деді Анар Жайылғанова.

Сондай-ақ, ол кандиданттарға қойылатын негізгі талаптармен таныстырып өтті.

«Талаптар өзгермеді, Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс, жасы 35-тен аспауы керек, жоғары білімі бар және еңбек өтілі 5 жылдан кем болмауы міндетті»,- деді ол.

Оның айтуынша, алдыңғы іріктеуден айырмашылық рекрутинг процесі яғни, білімді дағдыларды анықтауға ғана емес, сондай-ақ кандидаттардың шынайы уәждері мен олардың құндылық бағдарларын бағалауға бағытталған. Сонымен қатар, арнайы тапсырмалар беріліп, кандидаттардың білім-білігі жаңаша бағаланатынын айтып өтті.

«Іріктеу кезеңіне Мемлекет басшысы бұған дейін саяси, мемлекеттік қызмет, әкімшілік корпус қызметіне тағайындаған қызметшілер қатыса алмайды. Президенттік жастар кадр резеврінде бұрын болған азаматтардың қатысуына болмайды»,- деді Анар Жайылғанова.

Сондай-ақ, іріктеуден өткендер Президенттік жастар кадр резервінде 3 жылға дейін бола алады. Іріктеуден өткен мамандар мемлекеттік қызметке заң аясында сайланып, тағайындалады. Егер кез келген мемлекеттік қызметке жастар кадр резервінде жоқ маманның кандитатурасы келіп тұрса, ол қызметке жастар кадр резервіндегі маманды тағайындау міндетті емеси екенін атап өтті.

Президенттік кадр резервіне іріктеу ерекшелігі

Құжаттарды қабылдау және әлеуетті резервшілерді іріктеу мамандандырылған онлайн платформасында жүргізіледі. 1-30 қыркүйек аралығында Президенттік кадр резервіне алуға ниет білдірген қазақстандықтардан құжаттар қабылдау жалғасады.

Іріктеу барысында үміткерлердің күрделі мәтіндік, сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті, ситуациялық есептер түрінде жасалған нақты мәселелерді шешуі бағаланады.

Бұдан бөлек, ассесмент-орталық арқылы стратегиялық ойлау, проактивтілік, қызметті басқару, командалық көшбасшылық, сенімділік сияқты жаңа формациядағы көшбасшыларға тән кандидаттардың құзыреттері анықталып, бағаланады.

Анар Жайылғанованың мәлімдеуінше, соңғы шешімді Ұлттық комиссия қабылдайды. Сондай-ақ, президенттік кадр резервіне іріктеу қағидалары мен тәртібі президенттің Жарлығымен егжей-тегжейлі регламенттелген. Президенттік резервке іріктеу бойынша толық ақпаратты агенттіктің сайтынан табуға болатынын жеткізді.

Үміткерлер мемлекеттік тілді білу деңгейін растайу қажет

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбілдің мәлімдеуінше, биыл Президенттік кадр резервіне үміткерлерден мемлекеттік тілді білу деңгейін растайтын құжат талап етіледі.

«Бұл іріктеуге енгізіліп отырған жаңашылдықтардың бірі. Үміткерлерде мемлекеттік тілді білу деңгейін растайтын «Qaztest» немесе «Qazaq Resmi Test» сертификаттары болуы шарт»,- деді Ерлан Әбіл.

Оның айтуынша, «Qaztest» офлайн формата өтуді қажет етсе, «Qazaq Resmi Test» –ті үміткерлер өздеріне ыңғайлы уақытта онлайн тапсыруға ыңғайлаған. Ол үшін веб-камерасы, микрофоны және интернеті бар космпьютер болуы керек. Сондай-ақ, үміткерлер мемлекеттік басқару академиясында «Qazaq Resmi Test»-ті тапсыруға бағытталған арнайы дайындық курсынан өте алады.

Үміткерлерді іріктеу 5 кезеңнен тұрады

Ерлан Әбілдің айтуынша, әр кезеңнен кейін үміткерлер іріктеліп, тиісінше олардың саны азайып отырады.

Бірінші кезең – мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау. Бұл кезеңнен барлық үміткерлер өтуі тиіс және келесі кезеңге ең көп балл жинаған үміткерлердің 50%-ы жіберіледі. Тестілеуден тапсыру тілін үміткер өз бетінше таңдайды, тест 25 сұрақтан тұрады және оларға жауап беруге 25 минут уақыт беріледі. Тестілеу аяқталған соң оның нәтижесі үміткердің жеке кабинетінде жарияланады.

«Тапсырманың нәтижесі автоматты түрде шығады яғни адамның қатысы жоқ. Егер бірнеше үміткердің тестілеу нәтижесі тең болған жағдайда мәселе Ұлттық комиссияың талқысына түседі», - деді Ерлан Әбіл.

Ал, екінші кезеңде үміткерлерге ситуациялық тапсырмалар беріледі. Онда үміткерлер ҚР 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына сәйкес тақырыптық бағытты таңдап, сол бойынша тапсырма орындайды. Тапсырманы орындауға 45 минут беріледі және оның жауабы 500 сөзден аспауы тиіс.

Оның мәлімдеуінше, үміткердің құзыреттілігін бағалау кезеңіне 250-ден артық адам шақырылмайды. Арнайы тіркеуден өткеннен кейін үміткерлер бағалаудың екі түрінен – ассесмент-орталықта офлайн форматтағы және онлайн форматтағы құзыреттер бойынша сұхбаттан өтеді. Құзыреттер бойынша онлайн сұхбатқа үздік нәтиже көрсеткен 125-тен аспайтын үміткер жіберіледі екен.

«Онлайн сұхбат үміткерлердің ішкі ынта-жігерін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтауға бағытталады», - деді ол.

Үшінші кезеңге сарапшылық комиссияға алдыңғы сындарда ең үздік нәтиже көрсеткен 100-ден аспайтын үміткер жіберіледі. Онда кандидаттармен әңгімелесу онлайн немесе офлайн түрде өтетін болады.

«Сарапшылық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 65 үміткерден аспайтын тізім жасалып, ол Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылады. Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 50-ден аспайтын үміткерді резервке алу туралы шешім қабылданады», - деді Ерлан Әбіл.

Pkrezerv.gov.kz арнайы интернет порталы іске қосылды

«Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ Бас директоры Кенжебек Санабаевтың сөзінше, аталған портал арқылы қатысушыларға қойылатын талаптар туралы ақпарат ұсынылған Жалпы ережемен кез келген адам таныса алады. Онда Президенттік кадр резервіне іріктеу кезеңдері мен мерзімдері көрсетілген. «Жоба туралы» бөлімінде іріктеу тәртібі мен әрбір кезеңде қатысушыларды іріктеу критерийлері бар. Сондай-ақ, бөлімдер қажеттілігіне қарай жаңартылып, толықтырылады.

«Ниет білдірушілерге іріктеу нәтижелерімен танысуға мүмкіндік беріледі. Нәтижелер үміткердің аты-жөнін іздеу мүмкіндігімен әр кезең бойынша қолжетімді болады. Бұл функционал барлық рәсімдердің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге бағытталған», - деді Кенжебек Санабаев.

Сондай-ақ, ол хабарламаны тек пошта арқылы ғана емес, порталда да қалдыруға болатынын еске салды. Ол хабарламалар арнайы белгіленген консультанттарға жіберілетінін жеткізді

«Жұмыс уақытында, тестілеу күндері хабарласуға болады - олар тәулік бойы қызмет етеді», - деді ол.

Айта кетейік, өтінімді, тіркеуді және басқа да функцияларды басқару үшін қолданыстағы электрондық цифрлық қолтаңба қажет. Ал тестілеудің өзі прокторинг жүйесі бойынша өтеді.

Барлық жаңалықтар