• Басты
  • Президенттік кадрлық резервіндегі жастар мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурссыз қабылданады
21 Қаңтар, 2020 13:44

Президенттік кадрлық резервіндегі жастар мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурссыз қабылданады

Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу жобасының жеңімпаздары мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурссыз қабылданбақ. Бұл туралы өткен жылы қабылданған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысы, мемлекеттік басқару жүйесін және бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, кредиттеу және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңдағы түзетулерге арналған баспасөз мәжілісінде Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Президенттік кадрлық резервіндегі жастар мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурссыз қабылданады

"2019 жылғы 27 желтоқсанда мемлекет басшысы бірқатар заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойғаны белгілі. Соған сәйкес заң жобасы әзірленді.  Атап айтқанда, елорданың атауы өзгеруі бойынша ҚР президентінің Жарлығы, шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын жергілікті бюджеттерге беру, республикалық маңызы бар қалалар мен елорданың құзыретін кеңейту бөлігінде, сондай-ақ білім беруді басқару жүйесі және оны қаржыландыру мәселелері бөлігінде, ҚР Мемлекеттік күзет қызметін қайта құру бойынша, Қазақстан Республикасының "Сырбар" Сыртқы барлау қызметін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне біріктіру жолымен қайта құру бойынша заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді", - деді ол.

Сонымен бірге оның сөзіне сүйенсек, жалпы Жер, Бюджет, Қылмыстық-процестік, Азаматтық процестік кодексіне, Салық секілді 5 кодекске, сондай-ақ 25 заңға 46 түзету енгізілген. 

"Орта бизнестің ырысын молайтып, өңірдегі шағын кәсіптің дамуына серпін беретін біраз оң өзгерістер жүзеге асырылады. Шағын кәсіпкерліктен түсетін корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджеттерге беріле бастайды. Осылайша, биыл жергілікті бюджетке 386,4 млрд теңге, келесі жылы 428,8 млрд теңге, 2022 жылы 471,4 млрд теңге түспек", - деп атап өтті Ермек Алпысов.

Сонымен қатар оның айтуынша, өткен жылы мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан Президенттік жастар кадр резервін жасақтау туралы бөлгінде өзгерістер енгізілген. "2019 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы", заңға өзгерстер жасалып, соған сәйкес жастар кадрлық резервіне қабылданған адамдар әкімшілік мемлекеттік лауазымдарды конкурссыз қабылданады", - деді вице-министр.

Сондай-ақ оның сөзіне сүйенсек, Қазақстандағы бірқатар ірі қала, атап айтсақ елорда, Алматы, Шымкент қалаларының құрылысқа, көлік инфрақұрылымына, қала сәулетін қалыптастыруға қатысты құзыреті кеңейтілмек.

"Бұрын әкімдіктердің сауда қызметін реттеу құзыреті жоқ болса, жаңа заң бойынша жазғы алаңдарды, уақытша сауда орындарын, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету нысандарын орнату қағидаларын әзірлеп, бекітеді. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің IKOMEK Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйесінің қалалық операторы болып белгіленді", - деді Ермек Алпысов.

Назерке Сүйіндік

Барлық жаңалықтар