• Главная
  • Жолдау-2020: Ішкі экономика мен мемлекеттік қаржы міндеттемелері қалай жүзеге асады
4 сентября, 2020 12:27

Жолдау-2020: Ішкі экономика мен мемлекеттік қаржы міндеттемелері қалай жүзеге асады

Бүгін ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов және ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларының жүзеге асуы туралы брифингте квазимемлекеттік сектордың сатып алулары, жаңадан құрылған стратегиялық жоспарлау агенттігінің қызметі, дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысы туралы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Жолдау-2020: Ішкі экономика мен мемлекеттік қаржы міндеттемелері қалай жүзеге асады

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов жаңадан құрылатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік міндеттерді қайта бөлу, яғни Ұлттық экономика министрлігінің жекелеген қызметтерімен айналысатынын мәлімдеді.

Жаңа агенттік стратегиялық жоспарлау мәселелері бойынша қызметтер, мемлекеттік басқару бойынша жекелеген мәселелер мен мемлекеттік статистиканы дамыту мәселелерімен айналысады. Агенттіктің қызметін қаржыландыру жоғарыдағы қызметтерді орындауға арналған қолданыстағы шығыстарды қайта бөлу есебінен жүргізіледі, - деді вице-премьер.

Жолдаудан кейінгі көкейкесті мәселелердің бастысы ауыл әкімдерін тұрғындардың өзі сайлауы болып отыр. Әлихан Смайыловтың айтуынша, ауылдық округтер бюджетінің қаржылық мүмкіндіктері кеңейтіледі. 

Жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа тұжырымдамасы әзірленеді. Бұл туралы Елдің теңгерімді өңірлік дамуының жаңа әдістері жасалатын болады. Ол әрбір нақты өңірдің бәсекеге қабілеттілік басымдығын ашу шараларын да қамтиды. Бұл үшін 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамудың болжамды сызбасына тиісті өзгертулер енгізілетін болады, - деді ол.

Оның атап өтуінше, жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру және «халық қатысатын бюджеттерді» дамыту аясында ауылдық округтер бюджетінің қаржылық мүмкіндіктері кеңейтіледі.

Жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа тұжырымдамасы әзірленеді. Аталған тұжырымдама аясында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу, жергілікті мемлекеттік басқарудың мүліктің құқығын және мәслихаттардың өкілеттігін кеңейту бойынша ұсыныстар әзірленеді», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Әлихан Смайыловтың айтуынша Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған міндеттер толығымен және уақтылы жүзеге асырылады. Соның негізгісі – Экономикамыздың өрлеу қарқыны. Вице-премьер бұл көрсеткішті 5 пайызға жеткізуіміз керек екенін ерекше атап өтті. Келесі жылы жалпы ішкі өнім кем дегенде 2,8 пайызға өседі.

Үкімет экономикамыздың барлық саласын тұрақты кіріс көзіне айналдыруды көздеп отыр. Дегенмен соның ішінде ең алдымен өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруышылығы, көлік және туризм салаларының әлеуеті жоғары. Сондықтан бұл бағыттарға басымдық беріліп отыр.

Мұнай саласына келер болсақ, биылғы 8 айдың қортындысы бойынша былтырмен салыстырғанда мұнай саласынан келетін түсімдер 46 %-ға азайды немесе 1,6 трлн теңгеге. Соның ішінде былтырға қарағанда мұнайды экспорттауға кеден бажының көлемі 350 млрд теңгеге кем болды», - деді Премьер-министрдің орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, халыққа және бизнеске қосымша көмек беру бойынша тиісті қадамдар енгізілуде. Келесі жылы жалпы ішкі өнім кем дегенде 2,8 %-ға өседі деп жоспарлап отырмыз. Ал орта мерзімді перспективада Қазақстан экономикасының өрлеу қарқыны 5 %-ға жеткізуді міндеттеп отыр.

Осы брифингте ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов оңтайландыру шаралары нәтижесінде мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы қандай көлемде өсетінін айтты.

Штаттың санды оңтайландыру ықшамдау мен бизнес-процестерді автоматтандырумен қатар жүреді. Сонымен қатар, бірқатар басқарушы буынды қысқарту ұсынылады. Өткен жылы төменгі лауазымдардың еңбекақысы 25 пайызға артқан еді. Шататтық санды оңтайландыру арқасында орташа есеппен еңбекақыны тағы 15 пайызға арттыру мүмкіндігі болады, - деді министр.

Мемлекеттік қызметкерлер санын және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту бойынша олар осы жылдың соңына дейін - 10, келесі жылы тағы 15 пайызға қысқарады. Сонымен келесі жылдың соңына дейін олар 25 пайызға дейін қысқарады. Экономикада жеке сектордың көлемін кеңейту үшін жекешелендірудің 2025 жылға дейінгі жаңа жоспары қабылданады.

2021 жылдың бюджетінде Жолдаудағы Президент тапсырмаларын орындауға 1,6 трлн теңге қарастырылған. Бірінші кезекте медицина қызметкерлерінің, мұғалімдердің еңбекақысын көтеру, шағын және орта бизнестің несие бойынша пайыздық ставкасын субсидиялау, республикалық маңыздағы жолдардың құрылысы, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына, сондай-ақ басқа да бағыттарға арналған шығыстар ескерілген. Бұдан басқа тапсырмалар тұрғысында мемлекеттік органдармен шығыстар көлемі нақтыланып жатыр. Басты бюджеттік коэффициенттер мен ережелер, тиімділікті бағалау және бюджет саясатының тұрақтылығы жинағы әзірленетін болады. «Кеңейтілген бюджет» енгізу арқылы шоғырландырылған бюджетке бюджеттен тыс қорларды қосу жолымен мемлекеттік қаржыны кешенді бағалау енгізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде бюджеттік жоспарлаудың жаңа тәсілдері мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі ұлттық басымдықтарды барынша толық жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша ол басқарып отырған министрлік квазимемлекеттік сектордың сатып алулары жөніндегі заң жобасын әзірлепті.

Квазимемлекеттік кәсіпорындардың қаражаты мемлекетке тиесілі, яғни оны үнемді әрі тиімді пайдалану - барлығымыздың міндетіміз. Сондықтан олардың сатып алу жүйесін мемлекеттік сатып алулар жүйесіне біріздендіріп, жақындату керек. Осы тұрғыда Қаржы министрлігі тиісті квазимемлекеттік сектордың сатып алулары жөніндегі заң жобасын әзірледі. Қазір заң жобасы Үкіметте қаралып жатыр, - деді министр.

Министрдің нақтылауынша, заң жобасының мемлекеттік сатып алудан өзгешеліктері бар. Себебі квазимемлекеттік секторда кәсіпорындар жұмыс істейді, өнеркәсіптер бар, ол жерде қаржылық әрі банктік операциялар бар. 

Заң жобасы қазір Мәжілісте қаралаып жатыр. Мемлекеттік фукцияларға ұқсамайтын операциялар болғандықтан, заң жобасында ерекшеліктер ескерілген. Бұл заң жобасының негізгі жаңалықтарына тоқталсақ, біріншіден, квазимемлекеттік сектордың барлық субъектілеріне сатып алудың бірегей ережелерін орнату қамтылған. Екіншіден, квазимемлекеттік сектор субьектілерінің сатып алуларына қатысты мемлекеттік бақылауды күшейту және оларға қатысты әкімшілік жауапкершілікті орнату болады. Үшіншіден, сатып алудың барлық рәсімдерін 100 пайыз электронды тәсілге ауыстыру (электронды шарттар, жұмыстың орындалуы жөніндегі электронды актілер, электронды шағымдану, камералды бақылау және т.б). қарастырылған», - деді Е. Жамаубаев.

2021 жылы Президент тапсырмаларын орындауға 1,6 трлн теңге қарастырылып отырғаны да осы брифингте айтылды. Президенттің Жолдауда берген тапсырмаларын орындау тиісті қаржыны қажет ететіні белгілі.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, биылғы республикалық бюджетте тиісті қаржы қарастырылған.

Тез салынатын 13 жаңа инфекциялық ауруханаға 30 млрд теңге ескерілген. Үкімет резервінен табысы аз отбасылардың балалары үшін компьютерлік техниканы сатып алуға 70 млрд теңге бөлінді. Қазіргі кезде 2020 жылғы бюджетті нақтылау аясында қосымшы шығыстарды қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда медицина қызметкерлеріне қосымша үстемақы, дәрі-дәрмек сатып алу мен басқа да қажеттіліктер қамтылған. Алдын ала есептеулер бойынша биылға қосымша қажеттілік шамамен 300 млрд теңгені құрауы мүмкін, - деді ол.

1 қыркүйектегі Жолдаудан кейін Кәсіпкерлік және Салық кодекстеріне түзету енгізіледі. Инвесторлармен стратегиялық келісім жасауға мүмкіндік беретін инвестициялық жобалар пулы жасақталады.

Әлихан Смайыловтың нақтылауынша, инвестициялық жобалардың жүзеге асыру мерзімі бойы заңнамалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Стратегиялық инвестициялық келісім енгізіледі.

Кәсіпкерлік және Салық кодекстеріне, сонымен қатар «Арнаулы экономикалық аймақтар туралы» Заңға түзетулер енгізіледі. Инвесторлармен стратегиялық келісім жасауға мүмкіндік беретін инвестициялық жобалар пулы жасақталады. Әрбір ірі инвестор жеке тәсілмен қамтамасыз етіледі. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру процесінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуеті толық қолданылады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 30 пайызына дейін жеткізіледі», - деді ол.

Кәсіпкерлердің салық пен төлемін азайту үшін ұлттық заңнаманы толық тексеру басталғанын да Әлихан Смайылов айтты.

Зардап шеккен сектордағы шағын және орта бизнес үшін айналымнан жекелеген салық төлеу құқығы енгізіледі. Салық міндеттемелерінің орындалуын жеңілдету, салықтар мен төлемдер санын азайту мақсатында ұлттық заңнамаға толық тексеру жүргізіледі. Тексеру қазір жүріп жатыр.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында экономиканы тұрақтандыруға және жаңа жағдайда елдің орнықты дамуына бағытталған нақты іс-шаралар жоспарын белгілеп берді. Президент айтқандай, бүгінгі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу.Осы міндетті сапалы орындау үшін Үкіметтің қаржы-экономикалық секторының жұмысы келесі негізгі бағыттар бойынша жүргізілетін болады.

«Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағыты аясында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шағын және орта бизнеске қосымша көмек көрсету мақсатында соңғы заемші үшін жылдық 6 пайызға жеткізе отырып, ШОБ-тың қолданыстағы кредиттердің пайыздық ставкасын субсидиялау жүргізіледі. Судсидиялау төтенше жағдай режимі жарияланан сәттен бастап 12 айлық кезеңді жабады, - деді бірінші вице-премьер.

Қазіргі уақытта Кәсіпкерлік кодексіне бекіте отырып, реттеушілік апелляция институтын енгізу бойынша шаралар дайындалып жатыр. ШОБ субъектілері осы жылдың соңына дейін республикалық және коммуналдық меншік нысандары бойынша жалға алу төлемін төлеуден босатылады. Смайыловтың айтуынша, мұндай шара квазимемлекеттік нысандарға да қолданылады.

Зардап шеккен салалардағы ШОБ субъектілері Жалақы төлеу қорынан зейнетақы қорына, әлеуметтік сақтандыру қорына және медициналық сақтандыру қорына төлем аударудан жылдың соңына дейін босатылады. Орта шикізаттық емес кәсіпорындарға бағдарланған экспорттық акселлерация бағдарламасы іске қосылады. Кәсіпкерлікті қолдау үшін қосымша 200 млрд теңге бөлініп, жеңілдік ставкамен айналым капиталын кредиттеу көлемі 800 млрд теңгеге дейін жеткізіледі және бұл бағдарлама 2021 жылдың соңына дейін ұзартылады. Жоғарыда аталған шаралардың барлығы 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімдегі ШОБ үлесін 35 пайызға дейін арттыру және бұл салада жұмыспен қамтылғандар санының 4 млн адамға дейін жеткізу тапсырмасын орындауға септігін тигізеді, - деді Әлихан Смайылов.

Брифинг барысында қос министр мен бірінші вице-премьер журналистердің ел экономикасы мен қаржысына қатысты сұрақтарына жауап берді.

Фото: wfin.kz