- Басты
- Жаңалықтар
- Президент жолдауынан басталған игі істер
Президент жолдауынан басталған игі істер
Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа жолдауы дәстүрлі түрде әрі әр жыл сайын жарияланып отырады. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың кезінде дәл осы дәстүр басталған болатын. Ал біз бүгінгі мақаламызда 2019 жылдан бастап Қазақстанның Президенті лауазымын иеленіп отырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тізгінін ұстағаннан бері халыққа жасаған жолдаулары мен жолдауда айтылған басымдықтардың іс жүзінде асырылуы туралы сөз қозғайтын боламыз.

2019 жылдан бері бүгінгі күнге дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына үш рет жолдауы жасалды. Үшеуі де Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары қатысқан бірлескен сессияда қыркүйек айының басына тұспа-тұс келді. Аталған жолдауларға сәйкес бірқатар маңызды өзгерістер орын алды.
Мемлекет басшысының 2019 жылы тапсырмасынан кейін студенттердің стипениясы 30 пайызға өсіп, 15 250 теңгеден 21 787 теңге болып өзгерді. Бұл білім жолында жүрген жастар үшін маңызды өзгеріс болғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, сол жылы жасалған жолдауға сәйкес педагогтардың жалақысы әр жыл сайын 25 пайызға өсу арқылы төрт жыл ішінде, яғни 2025 жлға дейін екі есеге дейін артатын болып шешілді. Бұл ұстаздар қауымының көңілінен шыққан, оларды әлеуметтік қолдау бағытындағы маңызды қадам болды. Бұдан бөлек бес пайыздық қосымша зейнетақы төлемін енгізу мерзімі 2023 жылға дейінгі уақытқа созылды.
2019 жылғы жолдауда қолданыстағы бірнеше заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі айтылды. Президент аталған жолдауда «Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады.
Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажет. Бұдан былай дауларды шешу барысында сот қосымша айғақтар жинау бастамасын көтеруге құқылы» деген болатын.
Осы тапсырмаға байланысты 2020 жылғы 29 маусымда «Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі» қабылданды. Кодекс 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап өз күшіне мінді. Бұл кодекстің қабылдануы Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен астасып жатқанын айта кеткен жөн. Ендігі уақытта сот азаматтардың арыз-шағымдары бойынша қосымша ақпарат талап етуге, объективті қарастыруға құқылы. Тіпті, мемлекеттік органның өзі жеке тұлғадан түскен өтінішті қарастырған кезде, олармен өтініш түскеннен кейін хабарласуға және өтінішті мүмкіндігінше заң шеңберінде шешуге тиісті. Сондай-ақ, шағымға жауап жазылғаннан кейін дәл сол жағдай бойынша қайта өтініштің түспеуі маңызды.
Сондай-ақ, 2019 жылы 28 қарашада Президент сыбайлас жемқорлық пен мемлекеттік қызметке қатысты бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Осы өзгеріс нәтижесінде сыбайлас жемқорлық фактісімен ұсталған лауазымды тұлғаның тікелей жетекшілік ететін басшысы жұмыс орнын босататын болып бекітілді. Сонымен бірге азаматтардың шеруге шығуы мен наразылық білдіруіне қатысты кейбір заңнамалық өзгерістер енгізілді. Бұрын шеруге шығар кезде алдын ала келісілуі, жергілікті атқарушы органнан рұқсат алуы қажет болса, ендігі уақытта хабарлама жіберу арқылы шеруге шығуға рұқсат берілді. Бірақ бекітілген нормаларға қайшы келмейтіндей, яғни қоғамдық тәртіпке зиянын келтірмейтін болуы шарт.
Аталған жолдауда Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату және олардың қызметін тексеруге және барып профилактикалық жұмыстары жүргізуге мараторий жариялау туралы тапсырма берілген болатын. Бұл тапсырмаға сәйкес 2020 жылдан бастап кәсіпкерлер тиісті қолдауды сезіне бастады. Бұл пандемиядан қиындыққа тап болған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жасалған елеулі қолдау десек те болады.
2019 жылғы жолдаудан кейін қолға алынған маңызды жаңалықтың бірі зейнетақы қорындағы белгілі бір сомадан асқан қаражатты зейнет жасына толмай-ақ пайдалану мәселесі. Мұның игілігін қазіргі таңда көп қазақстандық көріп жатыр. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ресми мәліметінше 2021 жылдың 9 қыркүйегіндегі жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалануға берген 421 567 өтініші орындалды. Уәкілетті оператор – банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ шамамен 1,8 трлн теңге қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 4,3 млн теңге.
Қазіргі таңда зейнетақы қорындағы жеткілікті сомадан асқан қаражатты тұрғын үйден бөлек медициналық қажеттіліктерге, үйді жөндеуге, жер алуға т.б. маңызды салаларға жұмсауға болады. Бұл біріншіден ел азаматтарына өз қажеттіліктері бойынша қосымша қаржы көзін сыйласа, екінші жағынан мемлекетке табыс салығын төлеу арқылы ашық еңбек етуге мотивация сыйлады.
Ел президентінің 2020 жылғы 1 қыркүйекте халыққа жасаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты кезекті жолдауы да өзекті мәселелерге арналды. Жолдауда айтылған маңызды мәселенің бірі «Жер кодексіне» өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты 2016 жылы жарияланған бес жылдық мараторийдің мерзімі аяқталуына қатысты елдің сұранысын ескере отырып, тиісті кодекске өзгерістер енгізу болатын. Президент өз сөзінде «Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет.
Кәсіби мамандардың тапшылығы, сондай-ақ аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы – бұл саладағы қордаланған мәселелер. Осы бағытта атқарушы билік тарапынан нақты шаралар қабылдануы керек» деп мәлімдеді. Осыған байланысты 2021 жылғы 13 мамырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Аталған өзгерістер мәтінінде «Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары, халықаралық ұйымдар, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтар, сондай-ақ қандастар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік немесе жер пайдалану құқығымен иелене алмайды» деген нақты талап енгізілді. Бұл өзгеріс арқылы халықтың көкейінде жүрген маңызды сұраққа жауап берілді.
Жолдауда айтылған өзекті мәселенің бірі салық заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы тапсырма болатын. Аталған кодексіке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға Президент 2021 жылғы 24 маусымда қол қойды. Бұл өзгеріс аясында кәсіпкерлерді тексеруді барынша автоматтандыру, «Е-SalyqBusiness» мобильдік қосымшасы арқылы арнайы салық режимін енгізу, 6 АЕК (17 502 теңге) көлемінен асатын салық берешегі бар тұлғалардың шоттарын бұғаттап, банк операцияларын тоқтату, пандемиядан зардап шеккен 114 қызмет түрі үшін екі жыл мерзімге арнайы бөлшек салық режимін енгізу сияқтылар бар.
Сондай-ақ, аталған жолдауда берілген тапсырмаға сәйкес биылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы іске қосылды. Бұл сәби сүйе алмай жүрген көптеген отбасыға үміт сыйлады. Президент осындай жеті мың отбасыға жасанды ұрықтандыру арқылы бала көтеру мүмкіндігін беретін арнайы мемлекеттік квота бөлуді тапсырды. Бұл көрсеткіш бұған дейін бір мың ғана болғанын және жаңа тапсырмаға сәйкес квота көлемі жеті есеге артқанын айта кеткен жөн.
Экологиялық кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу, әсіресе қоршаған ортаға зиян келтірген жеке және заңды тұлғаларға салынатын айыппұл көлемін айтарлықтай арттыру немесе кінәлі тұлғаны белгілі бір мерзімге қамаққа алу сынды шарттардың пайда болуы да осы жолдауда айтылған тапсырманың негізінде іске асып отыр. Президент аталған жолдауда жануарларды қорғау бағытында заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Бұл да қоғамда жиі көтерілетін өзекті мәселе қатарынан. Ел азаматтарының жан-жануарларға зәбір көрсету немесе қинап өлтіруі ара-тұра кездесетін және азаматтардың наразылығын туғызатын жағдайға айналды. Сондықтан бұл өзгерісті де гуманистік қоғам қалыптастыру жолындағы оңды қадам деп бағалауға болады.
Биыл да 1 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа жолдауы жасалды. Бұл жолдау да пандемия қиындығынан кейінгі ел экономикасын нығайту, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту, аграрлық секторды дамыту, еліміздегі дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтың 50 пайызын отандық өнімге жеткізу, 2025 жылға дейін ел көлемінде 1000 мектеп салу, әскер қатарында жүріп мамандық алу мүмкіндігін қалыпастыру, Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасын салу, ең төменгі жалақы мөлшерін көбейту, мәдениет қызметкерлері, мұрағатшы, кітапханашы және техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқалардың жалақысын алдағы төрт жылда жиырма пайыздан өсіріп отыру, зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшер шегінен асатын бөлігін тұрғын-үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіндегі» есепшотқа аударуға рұқсат беру сияқты жаңашылдықтарға негізделген.
Бүгінгі мақаламызда соңғы үш жолдау төңірегінде көтерілген және іске асқан маңызды өзгерістер жайлы баяндадық. Бұл жолдаулардың тысында да түрлі диалог алаңдарында көтеріліп, орындалған жобалар аз емес. Қарапайым аазматтардың әл-ауқатын көтеретін, елде шикізаттық емес өндіруші саланы дамыту, Қазақстанды халықтың үніне құлақ асатын және онымен санасатын мемлекетке айналдыру жолындағы бастамалар сәтті болғай.

-
Тұңғыш президент күні: Елбасының 10 басты шешімі
-
Президент тапсырмасы: Жаңа жылдан бастап кімдердің жалақысы өседі
-
Оқушыларға арналған президенттік олимпиада: Жеңімпаздар қандай сыйлыққа ие болады
-
Көлеңкелі экономикамен күрес: Президент тапсырмалары қалай орындалып жатыр
-
«Startup Bolashaq» бизнес-жобалар байқауы: Жобаға қандай өзгерістер енгізілді
-
Жануарларды қорғау: Заң жобасындағы өзгерістер мен жануарларды ұстау кезіндегі қойылатын талаптар
-
Шетелдік сарапшы: “Елбасы мен ел президентінің съезді өткізудегі еңбегін жоғары бағалаймын”
-
Қоғамдық кеңестердің қызметі, заңға енгізілген өзгерістер мен Kazkenes.kz порталының жұмысы
-
Зейнетақы жүйесіне қандай өзгерістер енгізілмек
-
Азаматтарды әлеуметтік қорғау: Заң жобасына енгізілген өзгерістер мен оның мүмкіндіктері
-
Роза Мұқанова: Президент әр жолдауында саяси жүйенің жаңа формуласын ұсынып жүр
-
Жолдау-2021: Ғылым саласындағы негізгі өзгерістер
-
Президент Жолдауы – жаңа міндеттер
-
Президенттік жастар кадр резерві: Үміткерлерді іріктеу қалай өтеді
-
Антикор: Қылмыстық істер бойынша 110 лауазымды тұлға ұсталды

