Президент Жолдауы – жаңа міндеттер

3 Қыркүйек, 2021 16:31

Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаев Ел Президенті болып сайланғаннан кейін 2019 жылы 2 қыркүйекте ҚР Парламентінің палаталарының бірлескен отырысында «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын жариялады. 2020 жылы 1 қыркүйекте Парламент палаталарының кезекті сессиясының ашылуында ҚР Президентінің жаңа жолдауы халық назарына ұсынылды. Ал 2021 жылы Қ.Тоқаев үшінші жыл саяси дәстүрге сәйкес ел Президенті ретінде халыққа Жолдауын арнап, әлеуметтік-экономикалық дамудың проблемалары мен даму жолдарына тоқталды.

Жалпы елдің ұзақмерзімді дамуына жол нұсқаушы ретінде «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары, «Цифрлық Қазақстан» сияқты бағдарламалар бар. Қ.Тоқаев 2019 жылғы сайлауалды бағдарламасында Үшінші модернизацияны іске асыруға, алдағы жұмыста Бес институционалдық реформа мен Ұлт Жоспарын басты назарда ұстайтынын айтты. Соған сәйкес ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында негізінен әлеуметтік мәселелерге, мемлекеттік басқару саласындағы проблемаларға, саяси реформа жүргізу қажеттілігіне көңіл бөлген. Екі жыл көлемінде осы проблемаларды шешу үшін заңнамаларға өзгертулер енгізіліп, жаңа заңдар қабылданды, бағдарламалар іске асырылуда. Азаматтардың саяси белсенділігін ұйымдастыру, саяси-партиялық трансформация, оның ішінде «Сайлау туралы», «Саяси партиялар» туралы заңдардың өзгертілуі, ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру тәртібінің қайта қаралуы саяси реформаның бір дәлелі болып саналады. Ал биылғы Жолдау несімен ерекшеленеді? Ондағы басымдықтар қандай?

ҚР Президентінің көмекшісі Е.Карин телеграм аккаунтында Жолдауға қатысты ойын жариялады. «Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын арнады. Президент Жолдауын үшінші рет жаңа саяси дәстүрге айналған парламент сессиясының ашылуында жариялады. Бұл мемлекеттік органдарға қолайлы, өйткені бюджетті жоспарлау мен заң шығару жұмысында Жолдаудың басымдықтарын ескеріп отырады» деп жазды Е.Карин. Оның ойынша, құрылымы бойынша биылғы Жолдау да ел дамуының барлық басым бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, жерді тиімді пайдалану, оны жекешелендіру, АӨК-нің қордаланған проблемаларын шешу, экономика мен мемлекеттік секторды цифрландыру міндеттері қойылды. Осылайша, 2021 жылғы Жолдау – бұл ұзақмерзімді мақсаттар мен ағымдағы кезеңнің басымдықтарын көрсететін ауқымды бағдарламалық құжат. Жалпыұлттық бірлікті пен жүйелі реформа Президент үндеуінің өзекті тақырыбына айналды. Президент белгіленген бастамаларды іске асыру үшін мемлекеттік аппарат пен қоғамның күш-жігерін біріктіру қажет екенін айтты. Сондықтан қоғамдық диалог барлық деңгейде дамитын болады. 

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі Мемлекет басшысының Жолдауындағы әлеуметтік-экономикалық, саяси реформа және адам құқықтары жөніндегі мәселелерді талқылады. Заңгер М.Башимовтың айтуынша, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірқатар ұсыныстары аталған Жолдауда көрініс тапқан. Оның пікірінше, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауы ауқымды, жаңа және нақты міндеттерге толы болды. Президент өз сөзінде Ұлттық кеңес алаңында ұсынылған 17 заң, Президенттің 3 Жарлығы және Үкіметтің 30 нормативтік қаулысы туралы да атап өтті. Осы орайда, Кеңес мүшелері Мемлекет басшысының азаматтық қоғам, гендерлік теңдік, қоғамдық қатынастардағы демократия принциптері, үйлесімді этносаралық қатынас, келісім мен тұрақтылық, радикализмге қарсы күрес, 2024 жылғы аудан әкімдерінің сайлау, сондай-ақ жалпы мықты, әділ, және ашық мемлекет құру ұстанымына қолдау көрсетіп келеді. Заңгердің көзқарасы бойынша, Жолдауда айтылған полицияның сервистік моделі, есірткі тасымалына, балаларға қарсы зорлық-зомбылыққа, сыбайлас жемқорлыққа, алаяқтыққа, қаржы пирамидаларына қарсы күрес, қылмыстық процеске қатысушыларды қорғау проблемалары әлі де өзекті. Жергілікті атқарушы органды осы құқық қорғау іс-қимылына жұмылдыру, мемлекет бюджетінің тиімді жұмсалуы мен жоспарын қатаң бақылау қажет деп есептейді М.Башимов. Сонымен қатар, Жолдауда әлеуметтік мәселеге үлкен орын берілген, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, ғылымның даму жағдайы да күн тәртібінен түспейді. 

Жолдауда білім беру сапасын арттыру және кәсібилендіру міндеті басымдық етіп алынды. Ол туралы ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Н.Л. Сейтахметова өз пікірін білдірді. Білім сапасының төмендігі мемлекеттің рухани және ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретіні рас. Жолдауда қазіргі білім берудегі басты тренд инклюзивті білімге назар аударылды, өйткені ол білім берудің ұлттық тұжырымдамасын модельдеуге арналады. Қазақстанда білім құндылығы мен оған деген ұмтылыс әрқашан басқа салалардан қалмай келе жатыр. Соңғы жылдардағы кәсіби білім беру және ғылым салаларындағы проблемалар зияткерлік бағытты қайта қарау керектігін көрсетеді. Сондықтан тұлғалық даму мен қалыптасу, кәсіби деңгейді нығайту, алған білімді пайдалануға ғана емес, оларды таратуға да ықпал ететін білімге азаматтар бірдей қол жеткізу керек екені айтылды. Жолдауда айтылғандай, педагогтардың жоғарғы миссиясы – ағартушылық. Бұл миссия қазақстандық мәдени құндылықтар жүйесін қалыптастыратын білім беру және тәрбиемен байланысты, ал олардың иерархиясында білімнің құндылығы басым болмақ. Н.Л. Сейтахметованың ойынша, білім тек маманды ғана емес, адам мен жеке тұлғаны қалыптастыруы керек. Сапалы білім мектептен басталады. Әсіресе, ауылдық жерлерде мектептер санын ұлғайту, оларды салу – білім беру проблемаларын шешудің жолы. Өткен жылдар ішінде ғалымдар мен педагогтар айтарлықтай қолдауға ие болып, түрлі гранттар мен стипендиялар бөлінді. Бірақ гуманитарлық ғылымны бәсекелік қабілетін күшейту үшін мемлекеттің қолдауын арттыра беру қажет. Сапа, кәсібилік, ғылым мен білімнің интеграциясы, білім беру ресурстарына тең қолжетімділігі, педагогтер мен ғалымдардың кадр дайындаудағы жауапкершілігі – осының барлығы инклюзивті білімнің құрамдас бөлігі болып саналады. 

ҚР Президенті Жолдаудағы сөзінде: «Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025  жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін» деп нақты тапсырма берді. Елорда әкімі А.Көлгіновтің айтуынша, 2010 жылы астана мектептерінде 74 мың оқушы болса, қазір 194 мың бала оқиды. 2030 жылға қарай Нұр-Сұлтанда 400 мыңға дейін оқушы болады деп болжанып отыр. Әрине, бұл тамаша перспектива болғанымен, ол жаңа мектептердің құрылысын талап етеді. Алдағы бес жылда 80 880 оқушыға арналған 67 мектеп салу жоспарланған. Коронавирус инфекцияның пандемиясына қарамастан, өткен 2020 жылы қалада 11 жаңа мектеп салынып, биыл тағы 16 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр.Мектеп құрылысы бойынша мысал келтіретін болсақ, биылғы жаңа оқу жылында Түркістан облысы бойынша 50 мыңға жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған. Республика бойынша 1-сыныпқа барған ең көп оқушылар саны Түркістан облысына тиесілі. Жаңа оқу жылында Түркістан облысында 15 жаңа мектеп ашылды. Жыл соңына дейін өңірде жалпы 44 мектептің құрылысы аяқталмақ. Бұл еліміздегі ең үлкен көрсеткіш. Биыл Түркістан облысында 927 күндізгі орта білім беру ұйымында дәстүрлі форматта 500 мыңнан астам оқушы білім алады. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, барлық оқу орындарында санитарлық нормалардың сақталуы ерекше назарға алынып, қажетті дезинфекциялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бірақ елімізде бірнеше ауысымды мектептердің мәселесі мен материалдық-техникалық базасы әлі шешімін тапқан жоқ.

Президент Жолдауында ғылым туралы да айтылмай қалған жоқ. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев биылғы жылдың соңына дейін Ғылым туралы заңнамаға өзгерістер енгізуді тапсырды. Бұл өзгерістер мен түзетулер ғалымдарға тұрақты және лайықты жалақы беру мәселесіне бағытталуы керек. Осы мақсатта жетекші ғалымдардың жалақысы базалық қаржыландыруға енгізіліп, іргелі зерттеулермен айналысатын ғылыми институттарды тікелей қаржыландырылуы қажет. ҚР Білім және ғылым министрлігіне ҒЗИ-ды іріктеу мен қаржыландырудың нақты әрі ашық қағидаларын дайындау жұмысы тапсырылды. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын гранттық қаржыландыру осыған дейін үш жыл аралықта орындалатын болса, Жолдауға сәйкес оның мерзімі ендігі кезекте бес жылға ұзартылуы тиіс. Өйткені, ғылыми-зерттеу жұмысының нақты және толымды нәтижесін көрсету үшін, әртүрлі эпидемиологиялық, адами фактордың, есеп құжаттарының тапсырылуына байланысты ғылыми жұмыстың уақыты шектелуі мүмкін. Сондықтан ғылыми-зерттеудің жаңа өзгерістері оған серпін беруі ықтимал. Сондай-ақ ҚР Ғылым туралы заңында Ұлттық ғылыми кеңестің шешімдерін аппеляцияға беру мүмкіндігі де қарастырылуы қажет. Ғылыми жобалары өтпеген зерттеушілер тобы өз жұмысының лайықты ірітелуіне және бағалануына мүмкіндікті тең алуы тиіс. Президент атап өткендей, еліміздің білім мен ғылым саласының алдында ауқымды міндет тұр. Ол осы бағытта жаңа белестерді бағындырып қана қоймай, бір қадам алға жүріп, тың трендтерді қалыптастыру. Ғылым комитетінің төрайымы Ж.Құрманғалиеваның айтуынша, мемлекеттің қазіргі қолдауы алда үлкен жұмыс атқарып, ғалымдарды жаңа идеялар мен жаңалықтарға, уәкілетті органды ғылыми қоғамдастықпен іс-қимыл арқылы осы саланы жаңғыртуға мүмкіндіктер ашады. 

Жалпы, елімізде Жолдау 1997 жылдан бері халық назарына ұсынылып келеді. Осыған дейін Парламент Палаталарының жиынында, тікелей эфирде және республикалық басылымдарда барлық саны 23 Жолдау жарияланған екен. Еліміздің ішкі-сыртқы саясатының басымдықтары, институционалдық негізі жолдаулар, ұзақмерзімді стратегиялық бағдарламаларына сәйкес анықталады. Кейінгі жылдардағы жолдаулар 2012 жылы қабылданған «Қазақстан-2050» стратегиясының жекелей бағыттарына арналып келеді. Әлеуметтік, демографиялық тақырып, ана мен бала, білім мен денсаулық мәселелері әр Жолдауда міндетті түрде қамтылады. Бірақ әр жылдың ерекшелігіне қарай инфрақұрылымдық-экономикалық, өндірістік, мемлекеттік басқару саласы немесе рухани-мәдени даму бағыттарына басымдық беріліп отырады. Биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдау Президенттің алдыңғы реформаларды ары қарай жалғастыру, жетілдіру және проблемаларды шешу бағытына арналды.

Барлық жаңалықтар