• Басты
  • Тоқаев: Ұлттық сенім кеңесі бір жылда маңыздылығын көрсете алды
22 Қазан, 2020 13:03

Тоқаев: Ұлттық сенім кеңесі бір жылда маңыздылығын көрсете алды

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық сенім кеңесінің төртінші отырысына қатысып, кеңес мүшелерімен ашық әңгімелесті және олардың ұсынысы мен шағымдарын тыңдады, деп хабарлайды Strategy2050.kz тілшісі.


Тоқаев: Ұлттық сенім кеңесі бір жылда маңыздылығын көрсете алды

Мемлекет басшысы, әр саланың министрлері, әкімдер мен қоғам белсенділері қатысқан ауқымды отырыс жартылай онлайн форматта өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қоғам мен билік арасында диалог орнататын көпірге айналуы тиіс. Бүгін ротация бойынша Кеңес құрамындағы кейбір азаматтар мүшеліктен шығарылды. Кеңес құрамы ұдайы жаңартылып отырады.

Менің ойымша, бүгін айтылған ұсыныстардың әрқайсысы өзекті. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылғанына бір жыл толды. Бір жыл ішінде кеңес құрамы толық қалыптасты. Кеңестің қоғам үшін маңызды екеніне бәріміз көз жеткіздік. Ұлттық кеңес билік пен халық арасында сындарлы диалог орната алатын тиімді институционалды құрылымға айналды. Кеңес мүшелері еліміз үшін маңызды шешімдер әзірлеп, солардың жүзеге асырылуына күш салды. Осыған дейін өткізілген үш отырыстың бәрі мемлекет үшін пайдалы болғанын жоққа шығара алмаймыз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаев Ұлттық кеңестің қызметіне шетелдік сарапшылар қызығушылық білдіргенін айтты.

Пандемияға қарамастан кеңесте өзекті мәселелер тұрақты түрде талқыланып келеді. Оған министрлер де атсалысуда. Жалпы сіздердің арқаларыңызда бірнеше маңызды бастама жүзеге асырылды. Сондай-ақ, мемлекеттік саясаттың түрлі салаларын реформалауға қатысты жаңа ұсыныстар әзірленуде. Соған орай мен кеңестің барлық мүшесіне, соның ішінде ротация бойынша мүшеліктен шыққан кеңес мүшелеріне жемісті жұмыстары үшін алғыс айтамын, - деді ол.
Тоқаев кеңес үшін ротация несімен маңызды екенін айтты. Оның айтуынша, кеңес мүшелерінің жаңарып, ауысып отыруы кеңестің ашық екенін және қоғамдағы әр түрлі өзекті мәселелер қаралып жатқанын,  пікірлердің ашық айтылатынын көрсетеді.

Саяси реформалар жөніндегі топ жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту үшін бес жылға арналған тұжырымдама жасауды ұсынды. Максим Споткийдің айтуынша, саяси реформалар жөнінде әзірлеген бірнеше ұсыныстың бірі - жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту үшін бес жылға арналған тұжырымдама.

Бұл туралы арнайы заң жобасын дайындап, қабылдаған дұрыс. Жергілікті деңгейдегі жиындарды өткізудің жаңа тәртібін енгізетін уақыт жетті. Мәселен, қазір жергілікті деңгейдегі шараны өткізу үшін міндетті түрде аудан әкімінің келісімі қажет. Біз ауыл азаматтарының кемінде 10 % - ы жиын өткізу туралы мәселе көтерсе, оған сол ауыл әкімінің келісімі жектілікті деп есептейміз. Тағы бір артықшылығы – тұрғындар сондай жиындар арқылы әкімдердің жұмысына қоғамдық бақылау орнатуға мүмкіндік алады, - деді ол.
 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның одан ары қарқынды дамуы үшін тың серпін мен жаңа әдіс-тәсіл керек екенін айтты. Оның сөзінше, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қоғам белсенділері мен әр саланың сарапшыларының жабық клубы емес.

Сенім кеңесі – әрдайым жаңарып отыратын ашық диалог алаңы. Мұнда түрлі ұстаным мен көзқарас тұрғысынан сан алуан пікір айтылады. Ротацияның негізгі мақсаты да осы. Ұлттық кеңесте бәтуаға келу қағидатымен өткір мәселелерге деген сындарлы көзқарас орныққан. Бұл – біздің қоғамдағы өзара пікір алмасу мәдениетінің айқын көрсеткіші әрі еліміздің тұрақты дамуының маңызды факторы, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол сонымен қатар өзінің Жолдауындағы басты мәселе мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейту идеясы екенін атап өтті.

Мемлекеттік басқарудың жүйесін реформалау – бұл барлық реформалардың қайнар көзі. Мемлекетті жаңғыртудың басты арқауы десек артық емес. Біз бұл реформаны мемлекеттік жоспарлау жүйесін қайта құрудан бастауды жөн санадық. Осыған орай стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылды. Агенттік өз жұмысын бастап кетті. Бірақ мына нәрсені дұрыс түсіну керек. Жаңа агенттік алға қойылған міндеттерді шешуге арналған негізгі құрал, - деді ол.
Тоқаев Кеңес отырысында тағы бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтсақ, жастарға арналған бағдарламалар, балаларды қорғау, Ұлттық ЖОО сатылмайтыны туралы айтты.

Тоқаевтың айтуынша, Серпін» және «Дипломмен ауылға» жобаларының тиімділігін саралап, тиісті ұсыныс енгізу қажет.

Үкімет жас мамандарға жағдай жасау шараларын қарастырып, нақты жоспар құру керек. «Серпін» пен «Дипломмен ауылға» бағдарламаларын тиімді түрде жүзеге асыра білсек, солтүстік өңір жастар үшін жайлы аймаққа айналар еді., - деді Президент.
Айтпақшы, Тоқаев қоғамның қызу талқысына түскен Қазақстанның жоғарғы оқу орындары түбінде жеке меншіктің қолына өтеді деген пікір туралы айтты. Оның айтуынша, Ұлттық университеттер сатылмайды.

Менің тапсырмама сәйкес жоғарғы оқу орындарының құрылымын өзгерту жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Көптеген жоғарғы оқу орны коммерациялық емес акционерлік қоғамға айналды. Бұл ел ішінде әртүрлі әңгіме туғызды. Сондай-ақ, мемлекеттік жоғары оқу орындары кейіннен жекеменшікке сатылуы мүмкін деген күдік бар. Осыған орай, ұлттық және мемлекеттік жоғарғы оқу орындарының жеке меншік иелеріне сатылмайтынын мәлімдеймін. Бұл мәселе айрықша назарда, - деді Мемлекет басшысы.
Қ. Тоқаев компаниялардағы басқарушылық лауазымдарда әйелдердің үлесін 30 %-ға дейін арттыру керек деп санайды.

Қызметіне мемлекет араласа алатын компанияларда әйелдердің үлесі әлі де төмен. Осындай жағдай Қазақстан халқының жартысынан көбін құрайтын әйелдердің әлеуетін толықтай жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Осы мәселені жан-жақты қарастырдық. Ұлттық сенім кеңесі мемлекеттің қатысуы бар компаниялардың басшылық органдарында әйелдердің үлесін 30 % -ға арттыру туралы міндетті норманы енгізу туралы ұсынысты әзірледі. Осы бастаманы кезең-кезеңімен жүзеге асыру туралы ойластыруымыз керек. Бұл өз кезегінде бизнес саланы әйелдер үшін тартымды етіп, мамандандырылған халықаралық рейтингілерде Қазақстанның позицияларын жоғары көтереді, - деді Қ. Тоқаев.
 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың қауіпсіздігі туралы айтуды ұмытпады. Ол түрлі жәбірден, интернеттегі қудалау мен арандатудан қорғау үшін Ұлттық мониторинг механизмін енгізуді тапсырды.

Балаларды интернеттегі қудалаудан сақтау керек. Бұл мәселені толық ұғыну үшін Ұлттық мониторинг механизмін – балалардың амандығы индексін құрып, оны 2022 жылдан бастап енгізу қажет. Индексті енгізу жұмысы балалардың әртүрлі саладағы жағдайын жақсарту бойынша ұлттық саясаттың тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді, - деді Президент.
Бүгінгі отырыс барысында Мемлекет басшысы мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау жұмысының маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, мүгедек жандардың қажеттігін толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ.

Мемлекет инклюзивті білім беру саласына, кедергісіз орта қалыптастыруға, мүмкіндігі шектеулі жандарға инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру мәселелеріне көбірек назар аудара бастады. Осы шаралардың енгізілгеніне қарамастан, бұл аздық етеді. Мемлекет пен әкімдер жүйелірек жұмыс жүргізуі керек. Оларды мемлекеттік тұрғыда ынталандыру тетіктері қарастырылуы керек деп санаймын. 2022 жылы Қазақстан қабылдаған Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның факультативті хаттамасы ратификациялануы керек деп есептеймін, - деді ол. 
Президент дәстүрлі кітапханалардың ағартушылық рөлі маңыздылығын жоғалтпайтынын ескертті.

Қазір барлық салада электронды формат қарқынды дамып жатыр. Дүние жүзінде барлық кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, даналық ойлар мен маңызды пікірлер туындайтын орын. Еліміздегі кітапханалар цифрландыру форматына өтсе де, олар ағартущылық рөлін жоғалтпайды. Кітпаханалардың жұмыс істеу жүйесін ұйымдастыруға жаңаша көзқарас қажет. Осы кертте кітапхана жұмысын ұйымдастыру саласындағы заманауи үрдістерді ескергеніміз жөн. Мысалы, мен Алматы қаласындағы кітапханаларды жаңғыртуға арналған осындай ұтымды жобалар бар екенін білемін. Жақында кеңес мүшесі Рауан Кенжеханұлы да маған ауыл мектептерін және кітапханаларды жаңғырту жөніндегі жобасын көрсетті,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте Тоқаев оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесін көтерді. Ол мектеп кітапханаларының қорын жаңа кітаптармен толтыру керек деп есептейді.

Қазір мектеп кітапханаларының қоры ескірген. Әсіресе, мектептерде көркем туындылар мен тартымды әдебиеттер жоқ. Қазақ тіліндегі тиісті әдебиеттер өте аз немесе мүлдем жоқ. Қазақстан оқушыларының қолы әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларына жете бермейді. Оқу мәдениетін арттыру мәселесін кешенді түрде шешу үшін тілдік пәндер мен әдебиеттің оқу бағдарламаларын қайта қарау керек. Білім және ғылым министрлігіне осы мәселелермен мұқият айналысуды және нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
 Мемлекет басшысы бүгінгі отырыста Тәуелсіздіктің 30 жылдығында атқарылған жұмыстар туралы айтып, Қазақстан жаңа табыстарға азаттықтың арқасында қол жеткізгенін айтты.

Біз бүгінге дейін жеткен барлық табысқа азаттықтың арқасында қол жеткіздік. 30 жыл ішінде біз Елбасының сарабдал саясатының арқасында беделді, әлеуеті мол мемлекет құрдық. Жетістіктерімізді бүкіл әлем мойындап отыр. Десе де, алдымызда ауқымды міндеттер мен биік мақсаттар тұр. Оның барлығына жоспарлы түрде қол жеткізе береміз. 2021 жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Қазіргідей алмағайып заманда мемлекеттер мен ұлттар әлсіреп, тәуелсіздігінен айырылуда. Тәуелсіздіктің ұрпағы - Отанымыздың ертеңі, еліміздің одан әрі дамуының қозғаушы күші. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы - егенмендіктің бізге берген игілігін саралау және құндылығын бағалау мүмкіндігі.. Тәуелсіздік - ең асыл, ең қымбат, ең киелі қүндылығымыз! Отанымыздың өсіп-өркендеуі үшін қастерлі Тәуелсіздігімізді қорғау және нығайту - әрбір Қазақстан азаматының және барлық саяси күштердің абыройлы міндеті», - деді Президент.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында сөз алған кеңес мүшесі, ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин бір жыл ішінде кеңес ұсыныстарының біршамасы жүзеге асқанын хабарлады.

Көлік иелеріне жүргізуші куәлігін талап етпейтін, тек қана жеке куәлікті қолдану мүмкіндіктерін қарастыратын жол жүру нормалары бойынша заң жобасы Мәжіліс қарауына ұсынылды. Бұдан бөлек, Ұлттық кеңестің үшінші отырысында білім беру және денсаулық сақтау салаларын жетілдіру бойынша ұсынылған бастамалардың тең жартысы жүзеге асырылды. Соның ішінде педагогикалық бағыттар бойынша оқуға түсетін талапкерлерді іріктеу талаптары күшейтілді. Осы бағытта білім алатын бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 60 %, ал докторанттардың шәкіртақысы 46 % -ға өсті. Жоғары оқу орындарында профессорлық-оқытушылық құрамның орташа еңбекақысы 2019 жылмен салыстырғанда 27 % өсті. Бұдан бөлек, Бас мемлекеттік санитар дәрігердің мәртебесі мен құзыреттілігінің кеңеюін қамтитын «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс қабылданды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті құрылды, «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заң жобасы дайындалды. Осының барлығы Ұлттық кеңестің үшінші отырысында айтылған ұсыныстар еді, - деді Ерлан Қарин.
 Ерлан Қарин сонымен қатар мемлекеттік органдар мен Ұлттық кеңес мүшелері арасында серіктестік нығайғанын айтты.

Біз мемекеттік органдармен тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында онлайн форматта Ұлттық кеңес мүшелерімен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинмен, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевпен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовпен, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровпен, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цоймен кездесулер өткіздік. Жалпы алғанда мұндай сегіз талқылау мен кездесу ұйымдастырылды. Нәтижесінде жұмыс жоспарлары құрылып, нақты шаралар қабылданды. Осы жылдың соңына дейін өзге де ведомстволармен кездесулер ұйымдастырылады. Биыл пандемияға қарамастан 8 кездесі өтті. Ұлттық кеңес құрылғаннан бері 24 кездесу ұйымдастырылды. Мұндай кездесулерде Ұлттық кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстар ерекше назарға алынған. Аталған жұмыстардың барлығы Ұлттық кеңестің тиімді қызмет етуіне ықпал етеді. Бұл жұмыстар тоқтамайды, жалғасын табады, - деді Ерлан Қарин.
 Ұлттық сенім кеңесінің тағы бір мүшесі Айгүл Орынбек Түркістан облысының білім саласындағы былықтарын Мемлекет басшысына ашық айтты.

Өкінішке қарай, біздің оңтүстікте халықтың үнін тыңдайтын, жергілікті жұрттың проблемаларын жақсы білетін қоғам белсенділерінің пікірі ескерілмейді. Сенсеңіз, атқарушы орган сол айтылған проблемаларды жоюдың орнына, керісінше бұл мәселені көтерген, халыққа жанашырлық танытқандарға қысым көрсетеді. Иә, сол мәселені көтерген өзіңмен алысып, өзекті мәселе жайында қалады, - деді ол.
Айгүл Орынбектің мәлімдеуінше, Түркістан облысында кәсіптік білім беру саласы бизнестің бір түріне айналған.

Өзіңіздің қолдауыңыздың арқасында орта кәсіптік білім беретін ұйымдарда оқитын аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан жасөспірімдерге мемлекет қолдау көрсетеді. Биыл облысымыздың алдыңғы қатардағы, базасы мықты бірқатар оқу орындары сенімгерлік басқаруға жекеменшікке берілді. Қазіргі кезде ондағы ұстаздар қудалауға ұшырап, мәртебесі аяққа тапталып жатыр. Ұлағатты жолды таңдағандардың ар-намысы мен абыройы осылайша тапталып жатқанда, білім беру жүйесі оңалады деп кім айтты? Бұған көз жұмуға болмайды. Қазақстанның болашағы баянды болуы осы білімді ұрпақтың қолында екенін ескерсек, дәл қазіргі шешуші сәтте білім жүйесінің тамырына балта шабылып жатыр деп мен ашық айта аламын. Бұл мәселелер - ұстаздардың жанайқайы мен ондағы білім ошақтарының тағдыры назардан тыс қалмайды деп сенемін, - деді Айгүл Орынбек.
Сонымен қатар ол жергілікті басқару жүйесін сынға алды. Айтуынша, ауызсу, көгілдір отыны жоқ елді мекендер бойынша Түркістан облысы алдыңғы орында. 
Ауыз судың 1 литрін 2 теңгеге сатып алып отырған аудандар да бар. Әкімдердің есебін тыңдасаңыз, «Бәрі жақсы, бәрі керемет! Өмір ғажап!». Ал бұл көзбояушылықтың зиянын халық шегіп отыр. Түркістан облысындағы коммуналдық мәселелер мұнымен бітпейді. Облыстағы бірқатар аудандарда жылдар бұрын табиғи газ тарту үшін халықтың қалтасын қағып, теңге жиналған. Бірақ, ол ауылдарға көгілдір отын әлі күнге дейін жетпей келеді. Жергілікті жұртты жауыр еткен, мезі еткен мәселе осы, - деді Айгүл Орынбек.

Барлық жаңалықтар
3.94.21.209, 192.168.88.100