• Басты
  • Президент тапсырмасы: «Жас ғалым» жобасы аясында 1000 грант бөлінді

Президент тапсырмасы: «Жас ғалым» жобасы аясында 1000 грант бөлінді

14 Шілде, 2021 12:49

Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» жолдауында үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сонымен бірге «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырған еді. Осы орайда, президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Фэйсбук парақшасында президент тапсырмасының орындалғанын хабарлады.

«Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сонымен бірге «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын», - деді президент.

Орындалды:

-        Әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту үшін ғалымдарға бөлінген 500 грантты, сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалымдарға арналған 1000 грантты қаржыландыру механизмдері анықталды.

-        Ғалымдарға тағылымдамадан өтуге бөлінген 500 грантты қаржыландыру үшін 1,35 миллиард теңге көлемінде бюджеттік өтінім мақұлданды.

-        Тағылымдамадан өту ережелері пысықталып, үміткерлерді іріктеудің талаптары әзірленді.

-        Тағылымдамадан өткісі келетін 1000 жас ғалымның мәліметтер қоры жасақталды.

-        «Жас ғалым» жобасы аясында байқауды қаржыландыруға 3 млрд теңге бөлу мақұлданды.


Барлық жаңалықтар