• Басты
  • Президент тапсырмасы: Халыққа берілетін несие ставкасы мен тұрғын үй бағасы төмендетілмек

Президент тапсырмасы: Халыққа берілетін несие ставкасы мен тұрғын үй бағасы төмендетілмек

26 Қаңтар, 2021 17:24

Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше сала бойынша мәлімдеме жасап, ведомство басшылары мен әкімдерге нақты тапсырмалар берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.



Қасым-Жомарт Тоқаев отырыс барысында коронавирусқа қарсы вакцина туралы бірнеше рет айтты.

«Дәл қазіргі уақытта адамдар үшін ауыр жағдайдан шығудың жолы – вакцинациялану. Вакцина салдыру науқанын сапалы өткізу үшін барлық жағдайды жасау керек. Вакциналау бойынша науқан ұйымдастырылған тәртіпте өтуі керек. Үкіметке әкімдермен бірлесе толыққанды дайындықты қамтамасыз етіп, 1 ақпаннан жаппай вакциналауға кірісуді тапсырамын», - деді.

Сонымен қатар Президент отандық вакцинаны тестілеудің оңтайлы нәтижесіне сенетінін және өзі қазақстандық вакцинаны салдыратынын айта кетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке биыл қараша айына дейін Жер кодексіне түзету енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

«Жер қатынастары ауыл шаруашылығын дамытуда маңызды рөл атқарады. Биыл Жер кодексінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторийдің мерзімі аяқталады. Осыған орай жер жөніндегі комиссияның жұмысын жандандыру қажет. Ұсыныстар қабылданып, талқыланып, оңтайлы шешімдер қабылдануы тиіс. Үкіметке биыл қараша айына дейін Жер кодексіне түзетулер енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді Президент.
Ауыл тұрғындарына мал жаятын жер қолжетімді болмақ

Ол ауыл тұрғындарына жайылым жерлер қолжетімді болу керектігін алға тартты.

«Жайылымдар мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерлер, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан, ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда, оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын», - деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, Ауыл халқы экономика, өңірлік даму және тең мүмкіндік беру тұрғысынан жаңа әрі серпінді шешімдер күтіп отыр.

«Менің тапсырмаммен Агроөнеркәсіп кешені туралы ұлттық жоба әзірленіп жатыр. Алдағы бес жылда бұл мәселені шешуге тиіспіз», - деді ол.
Ол сонымен қатар су ресурстарын сақтау мен дұрыс пайдалану туралы айтты.

«Су ресурстарын сақтау және тиімді пайдалану – аса маңызды міндет. Бұл – ұлттық қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету мәселесі. Менің тапсырмам бойынша Су ресурстарын басқарудың ұлттық жобасы дайындалды. Қазір Жайық өзені қатты суалып, экологиялық ахуалы күрт нашарлап барады. Былтырғы желтоқсанда Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының 2024 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды. Бұл құжаттың негізгі мақсаты – Жайық өзені аңғарының экожүйесін сақтау», - деді.
Президент экология мәселесі, жаңа Экологилық Кодекс, қоршаған ортаны қорғау мен ағаш отырғызу туралы да айтты.

«Үкіметке 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырамын. Әсіресе, қоршаған ортаны қорғау ісіне қажетті барлық көрсеткіштерді цифрландыру – маңызды міндеттердің бірі», - деді ол.

Мемлекет басшысы білім беру саласына тоқтала келе, Ұлттық тестілеу форматының ауысуы, мектеп оқулықтарының сапасы мен сапасыз білім беріп жатқан ЖОО санын қысқарту мәселесіне тоқталды.

«Менің тапсырмама сәйкес Үкімет сапасыз білім беріп жатқан жоғары оқу орындарын қысқарту жұмысын жалғастырып жатыр. Алайда кейбір ЖОО-лар түрлі процессуалдық әрекеттермен оқу орнын жабу процесін 1,5 жылға дейін созып келеді. Білім және ғылым министрлігіне қарсы ақпараттық науқан жүріп жатқанынан хабардармын. Үкіметке тиісті шараларды қабылдауды тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.
Сапасыз білім беретін университеттер саны қысқартылмақ

Ол «Қазақстан тарихы» мен «Дүние жүзі» тарихы пәндерінің оқулықтары оқушыларға бұрмалаусыз берілу керектігін айтты. Үкіметке осы жылы 200 мектеп салу тапсырылды.

Университеттер тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін 15 базалық өңірлік жоғары оқу орындарын жаңғырту керектігі айтылды. Олар таланттарды тартудың өңірлік орталықтары ретінде қызмет етеді. Осы орайда Үкіметке әкімдіктермен бірлесе 1 шілдеге дейін тиісті қадамдармен, кезеңдермен әрі қаржыландыру көлемімен тыңғылықты жол картасын енгізу жүктелді.

Ұлттық Бірыңғай тестілеудің онлайн форматқа ауысуы туралы өз баяндамасында Премьер-министр Асқар Мамин айтқан болатын.

«Мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында 180 мектеп салу жоспарланған. Ұлттық бірыңғай тестілеу толығымен электронды форматқа көшіріледі», - деді Үкімет басшысы.
Халықты жұмыспен қамту бағдарламалары қайта қаралады

Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс орнымен қамтамасыз ету және зейнетақы төлемдеріне қатысты айтты. Оның айтуынша, жаңадан ашылған жұмыс орнының саны салық түсімі мен зейнетақы аударылымдарының есебіне сәйкес келмей жатады.

«Біз Жұмыспен қамтудың жол картасын қабылдап, оған 1 триллион теңге бөлдік. Бұл қаржының 98,2 пайызы игерілді. Бағдарлама халықты еңбекпен қамтып, іскерлік белсенділікті қолдау үшін маңызды рөл атқарды. Алайда ондаған және жүздеген мың жұмыс орны ашылғаны туралы ақпаратты тексергенде, ол зейнетақы және салық төлемдерімен сәйкес келе бермейді. Азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отыр. Дәл осындай 15 мың жағдай тіркелген. Жұмысқа орналасты деген адамдардың үштен бірі зейнетақы қорына қаржы аудармаған болып шықты. Мұндай жағдай Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында анықталып отыр. Жалпы, еңбекпен қамтылғандардың 40 пайызға жуығы «көлеңкеде» қалып қойған. Мен бұған дейін осындай есептерді автоматты түрде қайта тексеру тәсілдерін енгізу туралы тапсырма бердім», - деді ол.
Президент салық мекемелеріне түсетін шағымның көбейгенін де айтты. Сонымен қатар пандемия кезінде бюджетке түсетін салық мөлшерінің азайғаны туралы айтты.

«Дағдарысқа қарсы шаралардың тағы бір кемшілігі – бюджетке түсетін салықтың аздығы. Жұмыспен қамтудың жол картасына бөлінген 1 триллионнан небәрі 5,5 миллиард теңге салық төленген. Бұл – жарты-ақ пайыз деген сөз!», - деді ол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президенті жанынан Экономикалық қылмыстармен күрес жөніндегі агенттік құруды тапсырды.

«Өткен жылы көлеңкелі экономика аясында ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты қозғалған істер рекордтық деңгейге жеткен. 73 қылмыстық топтың жолы кесілді, қолма-қол ақшаға айналдыру деңгейі төмендетілді. Бұл істің басы ғана. Жалған кәсіпорындармен және қасақана төлемеушілермен жұмысты жүйелі түрде күшейту қажет. Оң динамиканы сақтау үшін аталған бөлімшенің мәртебесін көтеру керек. Және ең қысқа мерзім ішінде Президент жанынан Экономикалық қылмыстармен күрес жөніндегі агенттік құру қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тұрғын үй нарығындағы алаяқтықпен күресу тапсырылды

Мемлекет басшысы халыққа берілетін тұрғын үйдің қолжетімділігі мен несие ставкасына қатысты тапсырма берді.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы халықты жұмыспен қамтудың негізгі құралы. Оның «Бастау – бизнес» бағыты бойынша 150 мың адам оқып шықты. Бірақ, тек 10 пайызы несиеге, 19 пайызы грантқа ие болды. 100 мыңнан астам адам мемлекет қолдауынан тыс қалды. Халыққа берілетін несиенің ставкасы 6 пайыздан аспау керек. Ауылда банктар мен даму институттарының бөлімшелері жоқ. Оларға қаржы жетпей жатыр. Сондықтан бағдарламаның қаржы көлемін ғана емес оны жүзеге асыру ұстанымдары мен тетіктерін қайта қарауымыз керек. Оған білікті микроқаржы ұйымдарының белсенді қатысуын қамтамасыз ету - Үкіметтің міндеті»,- деді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтың айтуынша, тұрғын үй нарығындағы алаяқтық операцияларды шектеу қажет. 

«Қазір бұл жайында барлық жерде жазып, жылжымайтын мүлік бағасының көтерілу тенденциясы байқалғанын айтуда. Мемлекеттік органдар халықпен және құрылысшылармен түсіндіру жұмысын жүргізгені маңызды. Нарықтағы алаяқтық операцияларды шектеу қажет», - деді ҚР Президенті.
Президент әкімдерге арнайы экономикалық аймақтарда жұмысты күшейту керектігін тапсырды.

«Арнайы экономикалық аймақты дамытуға назар аудармайтын әкімдер тәуекелге барып отыр. Біз мұндай аймақтарды жауып тастаймыз да мемлекет бюджетінен қаржы жұмсамаймыз», - деді ол.
Тәуелсіздік мерекесін тойлауда дарақылыққа жол берілмейді

Президент тәуелсіздік мерекесін тойлауға қатысты ойын айтты.

«Биыл қасиетті Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Осыған орай, қолға алынған реформаларды қарқынды түрде жүзеге асыруымыз керек. Мерейтой кезінде артық даңғаза мен ысырапшылдыққа жол берілмейді. Біз осы шаралар арқылы бірлік пен келісімді нығайтып, өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм рухын дамытуға тиіспіз. Оларды егемендігіміздің және мемлекеттілігіміздің құндылықтарын бағалай білуге үйретуіміз қажет. Біздің басты мақсатымыз – азаматтарымыздың тұрмыс сапасын жақсартып, табысын арттыру. Мемлекеттік органдардың әрбір шешімі, әрбір әрекеті экономиканы дамытуға және халықтың игілігіне арналуға тиіс», - деп қорытындылап, Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын аяқтады.

Барлық жаңалықтар