• Басты
  • Президент Шорнақ пен Сәтбаевтағы жағдайға байланысты кеңес өткізді
24 Шілде, 2020 13:00

Президент Шорнақ пен Сәтбаевтағы жағдайға байланысты кеңес өткізді

Мемлекет басшысы Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы оқиғаларға байланысты Президент Әкімшілігінің басшылығымен, Түркістан және Қарағанды облыстарының әкімдерімен, құқық қорғау органдарының басшылығымен кеңес өткізді, деп хабарлады Strategy.kz тілшісі.

Президент Шорнақ пен Сәтбаевтағы жағдайға байланысты кеңес өткізді

Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің facebook желісіндегі парақшасына жазды.

Дер кезінде қабылданған шешімдердің арқасында Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы жағдай тұрақталды. Тәртіпсіздіктің қайталануына ешқандай себеп жоқ. Президент жағдайды бақылауда ұстап, жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, ел ішіндегі тұрақтылықты бұзуға талпынған арандатушылардың алдын алуды, құқық бұзушыларды заң аясында жауапкершілікке тартуды тапсырды. Сонымен қатар ол аталған аймақтардағы халықтың ең басты әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктеріне назар аудару керек екенін айтты. Ал құқық қорғау органдарына кәмелет жасына толмаған қызды зорламақ болды деген күдікпен ұсталған Сәтбаев қаласының тұрғынына қатысты тергеу жұмыстарын жан-жақты жүргізіп, оның қорытындысы туралы жұртшылыққа нақты ақпарат беру туралы тапсырма берді, - делінген жазбада.

 ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша екі қаладағы жағдай қазңр басты назарда.

23 шілде күні сағат 21.00-де Сәтбаев қаласының полициясына Жезқазған қаласының тұрғыны хабарласып, өзінің 5 жасар қызының жоғалғаны туралы хабарлады. Сәтбаев қаласының полиция бөлімінің жеке құрамы мен еріктілер қатысқан іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бала көп қабатты үйдің біріндегі пәтерден табылды. Күдікті ұсталды.

Ал Түркістан облысының Шорнақ ауылында жастар арасында тұрмыстық жанжал болған. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, нәтижесінде бір учаскелік инспектор мен 3 тұрғын жарақат алды. Оқиға орнына дереу жеткен полиция инспекторы жарақат алғанына қарамастан, заң бұзушылықтың жолын кесті. Жедел іздестіру шаралары барысында жанжалға қатысқан 4 азамат анықталып, ұсталды.


Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар