• Басты
  • Праймериз: Іріктеуге кімдер қатысады, өту тәртібі қандай/Үміткерлерге қандай талаптар қойылады
20 Тамыз, 2020 13:50

Праймериз: Іріктеуге кімдер қатысады, өту тәртібі қандай/Үміткерлерге қандай талаптар қойылады

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында биыл алғаш рет праймериз өтпекші. Оны өткізуді еліміздегі бас партия «Нұр Отан» партиясы қолға алып отыр. Жалпы праймериз дегеніміз не, кімдер қатыса алады, сонымен бірге іріктеудің өту барысы мен үміткерлердің праймеризге қатысты пікірі мен ұсынатын бағдарламасы туралы Strategy2050.kz тілшісі дайындаған материалдан оқи аласыздар.

Праймериз: Іріктеуге кімдер қатысады, өту тәртібі қандай/Үміткерлерге қандай талаптар қойылады

Праймериз деген не

«Праймериз» сөзін қазақ тіліне аударғанда «бірінші сайлау» немесе «алдын ала сайлау» деген мағынаны береді. Көбінесе мұндай саясатқа байланысты терминдерді демократиясы қалыптасқан АҚШ секілді мемлекеттердегі саяси оқиғаларға қатысты естиміз. Деректерге сүйенсек, алғашқыда осы АҚШ-та, содан соң Еуропа елдерінде қолға алына бастаған. Бірінші партиялық ішкі сайлау 1901 жылы АҚШ-тың Флорида штатында өтіп, сол жылы бұл термин заңды түрде енгізілген.

Жалпы бұндай сайлаудың басты мақсаты – партия қатарына қатарына мықты, білікті кандидаттарды іріктеу. Алдағы мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін бәсекелес күрес негізінде жаңа көшбасшыларды айқындау.

«Елімізде праймериз өткізу - бұл билікке жаңа адамдарды, яғни өз саласының мамандарын, беделді көшбасшыларды, ел тағдыры алаңдап, дұрыс шешім қабылдай алатын және өзінің пікірі ба, нақты ұсыныстар жасай алатын азаматтарды тарту. «Нұр Отан» «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» бағдарламасын қабылдады. Осы орайда бұл партияаралық сайлау, нағыз әлеуметтік лифт болмақ», - деді елбасы өз үндеуінде.

Еске салайық, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Қазақстанның барлық аймақтарында праймериз өткізу жөніндегі қаулыға қол қойылғанын хабарлаған еді. Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партия iшіндегі ең белсенді мамандарды iріктеудi биыл 17 тамыз бен 3 қазан аралығында өткiзу туралы құжатты бекіткен болатын.

Елбасы Назарбаев партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдау кезінде праймериздің сапалы өтуінің ерекше маңыздылығына тоқталып өткен болатын. Оның айтуынша, праймериздің сапалы өтуін қамтамасыз ету және халыққа оның мақсаттары туралы түсіндіру керек.

Ал Бауыржан Байбек 17 тамыздан бастап еліміздің барлық аймағында праймериз басталғанын, оған қатысу үшін жергілікті жерлерде 700-ден астам қоғам белсендісі партия қатарына қосылғанын атап өтті.

Сонымен қатар Бауыржан Байбек ФБ парақшасында «Еліміздің алдында пандемиядан кейін экономикалық өсімді қалпына келтіру, жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнестің жұмысын жандандыру міндеттері тұр. Сонымен бірге пандемиямен күрес мәселелерін талдап, оның екінші толқыны орын алуы мүмкін жағдайға дайындалу қажет. Мұның барлығы партияның сайлауалды бағдарламасына енгізіліп, нұротандықтардың алдағы 5 жылда атқаратын іс-әрекеттеріне бағыт-бағдар болады. Тағы да барлық партиялықтар мен «Nur Otan» жақтастарын елдегі аса маңызды саяси додаға белсенді қатысуға шақырамын!»,- деп жазды.

Бас партия төрағасы бірінші орынбасарының сөзіне сенсек, алғашқы күні 1000-нан астам адам өтініш берген.

«Олардың – 336-сы әйел, оның ішінде 20 көпбалалы ана, 35 жасқа дейінгі – 228 жас, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар – 8 азамат. Бастауыш партия ұйымдарынан 322 адам ұсынылса, 717 кандидат өзін-өзі ұсынды», - деп жазды Бауыржан Байбек Facebook желісінде.

Іріктеуді өткізу ережесі

Бас партияның ресми сайтында Саяси кеңесі бекіткен, партияішілік іріктеуді өткізу ережесі жарияланған боатын.

Партияның құндылықтaрын ұстанатын және сайлау құқығы бар кез келген Қазақстан азаматы үміткер бола алады. Егер үміткер партия мүшесі болмаған жағдайда, праймеризге қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін партия қатарына қосылуға мүмкінідігі бар. Үміткерлер бастауыш партия ұйымынан, сонымен бірге бір облыс, қала немесе ауданнан өзін-өзі ұсыну жолымен де қатыса алады.

Парламент мәжiлісінің қазіргi депутаттары да праймеризге үміткер ретiнде партиялардың облыстық филиалдарының, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының конференцияларында жарыссөздерге қатысуға мүмкіндігі бар.

Үгiт-насихат жұмыстарын үміткерлердің өздері жүргізеді. Оған партия мүшелерiмен кездесулер, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде мақалалар мен жазбалар жариялау кіреді. Жарыссөздерге қатысу барлық үміткер үшін міндетті болмақ. Кандидаттар белгілі бiр аймақтардың мәселелерін шешуге қатысты өз пікірін, көзқарастары мен қатар шешу жолдарын да ұсынатын болады.

Заңнамаға сәйкес, партиялық тiзімдерде кемiнде 30 пайызы – әйелдер, 20 пайызы 35 жасқа дейінгi жастар болуы тиіс.

Айта өтейік, праймеризге қатысу үшін өтінішті https://primaries.kz/ сайтында «Праймериз» ақпараттық жүйесi арқылы онлайн жолдауға немесе аумақтық ұйымдастыру комитеттеріне жеке өтiнiш беруге болады. Кандидаттарды ұсыну және тiркеу 28 тамызға (қоса есептегенде) дейiн жалғасады. Сонымен, кандидаттарды ұсыну және тiркеу 17 тамыздан басталып, 28 тамызға (қоса есептегенде) дейiн жалғасады. Үмiткерлерге үгіт-насихат жұмыстарына дайындалу үшін 7 күн (31 тамыз-6 қыркүйек) беріледі.

7 қыркүйектен 3 қазанға дейiн аралықта кандидаттардың үгiт-насихат жұмыстaрын, оның iшiнде 14-30 қыркүйек аралығында жария пікірсайыстар өтеді. Пiкірсайыстар «Праймериз» арнайы aқпараттық жүйесi aрқылы өтiп, партияның ресми аккаунттарында таратылатын болады.


Праймеризде кім байқаушы бола алады

«Nur Otan» партиясының ресми сайтында партияішілік праймеризде дауыс беруді байқаушылардың міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайтын ереже бекітілді.

«Кез келген сайлау процесінің айқындығы мен легитимділігінің ажырамас белгілерінің бірі тәуелсіз байқаушылардың қатысуы болып табылады. Сондықтан біз өңірлердегі партиялықтармен бірге жан-жақты талқылай отырып, байқаушылардың міндеттері мен өкілеттіктерін анықтайтын ережені бекіттік», - деді Бауыржан Байбек.

Үміткердің сенім білдірген тұлғасы байқаушы бола алады. Ақпаратқа сәйкес, сенім білдірген азамат та партия мүшесі болуы тиіс.

Дауыс беру күні ол дауыстарды санау рәсімі мен учаскелерде дауыс беру қорытындысын ресімдеуді бақылауға, тасымалданатын урналардың жанында жүруге, ұсыныс беруге және есеп комиссиясының шешімдері бойынша шағым түсіруге, сонымен қоса қолданылмаған бюллетеньдерді жою кезінде басы-қасында жүруге құқы бар. Сондай-ақ фотоға, видеоға түсіруге рұқсат етіледі.

Қандай да бір бұзушылық фактілері анықталған жағдайда ол есеп комиссиясының мүшелерін хабардар етеді. Олқылықтар жойылмаса, ол аймақтық және аумақтық партиялық бақылау комиссиясына шағым жасауға құқы бар.

Аталған орынның берген қарастыру нәтижелерімен келіспеген жағдайда, байқаушы шағымды komek@nurotan.kz электронды почтасы бойынша Орталық партиялық бақылау комитетіне жолдауға мүмкіндігі бар. Ол 2 күн ішінде түпкілікті шешім шығаруға міндетті.

 

Праймериз өткізу бойынша жедел желі іске қосылды

Бас партияның сайтындағы мәліметке сәйкес, осы мәселе бойынша арнайы жедел желі ұйымдастырылған.

Бұдан былай кандидаттар 8 800 080 44 41 нөміріне хабарласып, партияішілік іріктеуге қатысу үшін өтінімді қалай беретінін, онлайн-оқуға қатысу мүмкіндігі және праймеризге қатысты өздерін толғандырған басқа да сол секілді сұрақтарға жауап ала алады.

«Сонымен қатар онлайн-дауыс беру өткізу үшiн біз отандық ІТ-мамандармен бірлесіп «Праймериз» ақпараттық жүйесін әзірледік. Ол сайлау барысына қандай да бір заңсыз араласу немесе кенеттен «іркіліп» қалу ықтималдығына жол бермей, дауыстарды нақты уақыт режимінде санау мүмкіндігін көздейді», - деп жазды Бауыржан Байбек ФБ парақшасында.


Праймеризге қатысушы үміткерлер не дейді

Маңғыстау облысындағы «Мұнайлы өлке» қайырымдылық қорының директоры Ғани Әбдісадықтың сөзінше, елбасы жариялаған партияішілік іріктеу процедурасы елдің мүддесіне қызмет ететін азаматтардың билікке келуіне жағдай жасайды.

«Ұлтының мұратын жеке көзқарасынан бірінші орынға қойып, білімі мен білігін ел мүддесіне жұмсап жүрген азаматтарымыз жетерлік. Ендігі жерде мемлекеттік қызмет пен сайланбалы лауазымдарға сондай азаматтар көптеп баруы тиіс. Биыл Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған партияішілік іріктеу процедурасы соған тура жол ашып тұр. Бұл жаңашылдық, бір жағынан қарапайым қазақстандықтар мүддесін жетік қорғай алатын азаматты жаңылмай таңдауға ерік берсе, екінші жағынан болашағын елге деген қызметпен байланыстыратын белсенді азаматтарға өз потенциалын толық жүзеге асыруға мүмкіндік бермек», - деді мекеме басшысы.


Осы орайда, ол да праймериз әлеуетін ескеріп, елдің дамуына өз үлесін қосу мақсатында аталмыш додаға қатысуды қолға алған. 

«Биыл жаһанды жайлаған коронавирус инфекциясының таралуы біраз кемшілігіміздің бетін ашты. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, бюджеттік жоспарлау мен оны игеру салалары жіті бақылау мен жүйелі реформалар енгізуді қажет етеді. Жергілікті жерлерде де проблема аз емес. Жұмыспен қамту, жастар саясаты, қала құрылысы, инженерлік желілер, көгалдандыру мен тұрғын үй және т.б. мәселелерге қатысты сұрақтар әлі де өзекті. Менің Праймеризге қатысудағы мақсатым осы салалардағы олқылықтардың орнын толтыруға жұмыстану мен нақты істердің жүзеге асырылуына жағдай жасау», - деп түйіндеді ол.

Түркістан облысы «Созақ үні» аудандық газетінің меңгерушісі, журналист Нұржамал Майусова праймериздің мүмкіндігін қоғамдағы әйелдердің мәртебесін, рөлін арттырып, сонымен қатар кәсіпкерлікке баулуда, өз кәсібін ашуға көмектесуге пайдаланғысы келетінін айтты.

«Праймеризге қатысудағы менің басты мақсатым - әйелдердің қоғамдағы ролін арттыруға үлес қосу. Оның ішінде жұмыссыз үйде отырған, бала күтімімен, үй шаруасындағы аналардың, қыз-келіншектердің өз кәсібін ашып, жеке шаруасын жүргізуге ықпал ету. Шағын және орта бизнесте әйел-аналардың, қыз келіншектердің қатарын көбейту. Бала тәрбиесіне, отбасы мәдениетіне ерекше көңіл бөліп, бұл реттегі әйел аналардың үлесін арттырып, мүмкіндіктерін кеңейтіп, әлеуетін көтеру арқылы нәзік жандылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға септігімді тигізу. Сонымен қатар Бақытты отбасы, үлгілі отбасы, мерейлі отбасының қатарын көбейту. Әйел қоғамның да, отбасының да ұйытқысы екенін ұмытпауымыз керек», - деді ол.

Сонымен қатар Нұржамал Әбілжанқызы Созақ ауданында 2013 жылы іскер, өз кәсібін дөңгелетіп отырған әйелдерді жинап, «Бақ-Нұры» іскер әйелдер қоғамдық бірлестігін құрған. Өзінің сөзінше, кейін де осы мәселемен айналысуды жалғастыруды жоспарлап отыр.

«Заңды тұлға ретінде тіркелген бұл ұйымның қоғамдағы рөлі ауданымыздан бөлек, облыс, республикаға белгілі бүгінде. Ұйымның негізгі мақсаты - әйел аналардың қоғамдағы рөлін арттырып, мұқтаж жандарға көмек қолын созу. Сонымен қатар қоғамда, жанұяда әйел аналарға, жасөспірім балаларға жасалатын зорлық-зомбылықты болдырмауға, алдын алу бағытында жұмыстарды қолға алмақпыз. Жалпы бқл мәселерді бүгінге дейін көтеріп, жазып, айтып келдік. Болашақта да жалғасын табады», - деді Нұржамал Майусова.

Ал Ақтөбе облысындағы «Халық сауда» дүкені желісінің басшысы Оғылан Кенетаев та праймериздің өзектілігіне тоқталып өтті. Оның сөзінше, бізге осындай саяси өзгерістер керек.

«Бізде мұндай іріктеу алғаш рет жүріп жатқаны бәріне белгілі. Бұл елдің саяси, қоғамдық өміріне ерекше етеді деген ойдамын. Бұл дамыған мемлекеттер де бұрыннан бар тәжірибе. Мәселен, АҚШ-та 19 ғасырдан баері қолданылып келеді. Бұдан былай біз үшін де жаңалық емес екені қуантады. Елбасының жолодауында айтылған 30 дамыған мемлекеттің қатарына ену үшін де осындай өзгерістер қажет деп ойлаймын», - деді ол.

Сонымен қатар ол әңгіме барысында өзінің бағдарламасымен бөлісті. Айтуынша, жастардың жұмысқа орналасу мәселесі көбірек алаңдатады екен. Сондықтан ол жас мамандардың жұмысқа тұрып, өз кәсібін ашып, жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етуді көздейді.

«Мен азаматтардың, әсіресе, жастардың жұмысқа орналасуы, өздерінің кәсібін ашу туралы мәселені көтеремін. Жас мамандарға оқуын бітіріп, үлкен өмірге араласу кезінде жұмысқа тұру секілді дүниелер қиындық туғызатыны анық. Осы орайда жастардың кәсіпке араласып, тәжірибе жинақтауына, кейін жеке кәсібін ашуға жағдай жасау. Бағдарламаны дайындап жатырмыз. Айта кетейін, Ақтөбе қаласында «Халық сауда» деген дүкен желілері ашылып жатыр. Мен құрылтайшысымын. Онда төмен бағада, яғни халыққа тиімді, қолайлы бағада тауардың 70 негізгі түрі ұсынылатын болады. Міне, жаңадан оқу бітірген жастарды тек оқытып, бағдар беріп қана қоймай, осы ашылғалы жатқан сауда желілерінде тәжірибеден өтуге мүмкіндік береміз», - деді Оғылан Кенетаев.

Барлық жаңалықтар