• Басты
  • Полиция лейтенанты: Адамдарды қауіп-қатерден құтқару - біздің күнделікті жұмысымыз
6 Мамыр, 2020 13:23

Полиция лейтенанты: Адамдарды қауіп-қатерден құтқару - біздің күнделікті жұмысымыз

7 мамыр - Отан қорғаушылар күні. 1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен ҚР Қарулы күштері құрылған еді. Міне, 28 жыл бойы атаулы мерекені тойлап келеміз. Отан қорғаушылар күніне орай ел тыныштығын сақтауға үлес қосып, азаматтарды қауіп-қатерден құтқарып, Отанымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген бүгінгі күннің батыры - БҚО Орал қаласы полиция бөлімі патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы полиция лейтенанты Парасат Жолбаевпен сұхбатты ұсынамыз. 

Полиция лейтенанты: Адамдарды қауіп-қатерден құтқару - біздің күнделікті жұмысымыз

Орал қаласы полиция бөлімі патрульдік полиция батальонының полиция лейтенанты Парасат Жолбаевтың бұл қызметте жүргеніне 7 жылдан асқан. Ол адам өмірін құтқаруды өзінің қызметтегі басты парызы санайды.

"Мен бұл қызметке 2013 жылы келдім. Алғашқыда жұмысымды кіші сержант шенінен бастап, қызмет инспекторына дейін көтерілдім. Қазіргі шенім - лейтенант. Біздің басты міндетіміз әрі мақсатымыз - қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол ережесін сақтауды қадағалау, түрлі оқиғалар орын алғанда бірінші болып жетуге тырысу, барынша адамдардың өмірін құтқарып, ел тыныштығын сақтауға үлес қосу", - деді ол.

Парасат Жолбаевтың айтуынша, полиция қызметкерлері күнделікті қызмет барысында түрлі жағдайлармен бетпе-бет келеді. Сол сәттерде дереу шешім қабылдауға тырысатынын айтқан ол жақында ғана Орал қаласында болған оқиғамен бөлісті.

"Бізде жұмыс кезінде түрлі оқиғалар болып жатады. Жақында ғана көпірден секіріп кеткен бір әйел адамды құтқарып қалдық. 12 наурыз күні шамамен 20.30-да кешкі кезекшілігіме шығып бара жатқанда 102 нөміріне қоңырау келіп түсті. Онда Шаған өзенінен өтетін көпірден бір әйел адамның секіріп кеткені жөнінде хабарланды. Оқиға орнына дереу жеттім. Секіріп кеткен әйел адам көпірдің қақ ортасында судың бетінде қалқып тұрды. Айналама қарағанда қайық тоқтайтын орын бар екенін байқап қалдым. Жанымдағы басқа экипаждың қызметкері екеуміз екі жақтан жағы жерге жақындадық. Қайық іздедік. Жағадағы әйел адамнан қай жерде қайық барын сұрап алдым. Сөйтіп, ол қайық бар жерді нұсқап жіберді. Бірнеше адам отыр екен, болған жағдайды айтып, қайықты сұрап алдық", - деді ол.


Ол жағдайды естіген қайық иесінің бірден келіскенін атап өтті. Осылайша, полиция капитаны Кужасов Ерлан екеуі секіріп кеткен әйел адамды жағаға шығарған.

"Қайықты ала сала, әйелді құтқаруға асықтық. Қайықтың иесі де көмек қомек қолын созбақшы болды, алайда оның қауіпті екенін айтып, өзіміз ғана баратынымзды айттық. Судың шеті мұз, соны жарып судағы денеге жақындадық. Дене суда қалқып тұр, алайда ешқандай қозғалыс жоқ. Күн қараңғы, оның үстіне жаңбыр жауып тұрды. Көпірден басқа экипаждың қызметкерлері бізді денеге бағыттап, жарық түсіріп тұрды. Біз денені өзімізге тарттық, бірақ алғашқыда ол қозғалмады. Кейін өзімізге тартып, сүйреп жатқан кезде қозғалғанын байқап қалдық. Сөйтсек, тірі екен, су жұтып қойған. Бірден сырт киімін шешіп, алғашқы көмек көмек көрсеттік. Сол жерде рациямен көмек шақыртып, жедел жәрдем көлігі келіп үлгерген. Әйелді жағаға шығарып, дәрігерлерге тапсырдық", - деп еске алды полиция летенанты. 


Оның айтуынша, адам өмірін құтқару - олардың күнделікті жұмысы. Сол себепті қызметін адал атқарып, ел тыныштығын сақтауға үлес қосу - оның басты мақсаты.

Сұхбатыңызға рахмет!

Барлық жаңалықтар
3.238.147.211, 192.168.88.100