• Басты
  • Педиатр дәрігер: Кавасаки синдромы аса қауіпті емес

Педиатр дәрігер: Кавасаки синдромы аса қауіпті емес

27 Қараша, 2020 09:08

Нұр-Сұлтан қаласы №5 қалалық емханасының педиатр, реабилитолог дәрігері Нұрмолдина Динара Балтабайқызы Strategy2050.kz тілшісіне сұхбат берді.


Динара Балтабайқызы, коронавирус кезінде балаларды қалай сақтауға болады?

Пандемия кезінде балаларды сақтаудың негізгі жолы – көпшілік жиналған жерге апармау. Барлық жерде айтылып жатқан сақтық шараларын орындау. Ол әлеуметтік ара қашықтық, аса қажеттілік туындамаса, супермаркет, той, қонақ, ойын орталықтарына бала ертіп бармау. Үлкендеу балаларға маскалы режимді түсіндіру және оны сақтауға үйрету. Балалардың бәрі қолды дұрыс жууды және даладан үйге кірген сайын қолды жуу керектігін білу керек. Дұрыс тамақтану, балалардың рационында тиісті мөлшерде ақуыз, көмірсу және майлар болу қажет. Сондай-ақ балаларға Д-3 және С витаминдерін беру керек. Біз Д-3 қабылдау мөлшері балалар үшін 1000 мг, ал С дәруменінің дозасы 200-300мг болу керек деп есептейміз.

Қазір оқушылар арасында ковид жұқтыру көбейіп барады. Қандай ағза инфекцияны тез қабылдайды?

Оқушыларда коронавирус жеңіл түрде, симптомсыз өтіп жатыр. Алайда олар вирусты таратушы ретінде қауіпті. Олар үйіндегі жасы үлкен жақындарына ауруды оңай жұқтырады. Олар коронавирусты пневмонияға дейін аурудың асқынған түріне шалдығуы мүмкін. Сондықтан, мейлінше балаларды сақтауымыз қажет. Ковидке шалдыққан балалардың көбінде созылмалы аурулар бар. Инфекция қабылдаудың да басты себептері – сол созылмалы аурулары. Ол қант диабеті, ангина, танзилит, ларингит, бронхит, астма сияқты аурулар.

Кавасаки синдромы деген не?

Кавасаки синдромымен көбінесе 5 жасқа дейінгі балалар ауырады. Бұл - қан тамырлары қабырғаларының қабынуы. Кавасаки синдромы кезінде баланың дене қызуы көтеріліп, қызу түсіретін дәрілерге көнбей, жөтел мен ентігу пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ, алақанда бөртпе немесе ісіну пайда болып, тілдің, еріннің қызаруы, конъюнктивит, лимфа түйіндері ұлғаяды. Балалар кеудесі қысылып, жүрек тұсы, іші ауырып, құсу, жүрек айну, диарея сияқты жайсыздыққа тап болады. Бұл синдром коронавирус инфекциясымен ауырғаннан кейін 2-3 аптадан кейін білінеді. Бірақ ол емделетін, аса қауіпті емес ауру болып табылады. Кавасаки – өлімге апаратын ауру емес.

Пандемия кезінде сіздің жұмысыңыз қалай өзгерді?

Иә, карантиндік шектеу шаралары енгізілгеннен бастап, біз үйден жұмыс істедік. Онлайн форматқа ауыстық. Әрине, дәрігерлер үшін науқаспен видео арқылы сөйлесу көпке дейін үйреншікті болмады. Пациенттерді тек видеоқоңырау арқылы қабылдадық. Ал емханада кезекші бригада жұмыс істеді. Олар қажеттілікке қарай пациенттердің үйлеріне барып, сақтық шараларын орындай отырып, қабылдау жүргізді. Қазір штаттық режимде жұмысты жалғастырып жатырмыз.

Балалар арасында дцп, даун синдромы сияқты аурудың болуына не себеп?

ДЦП-ның пайда болу себептері көп. Көбінесе жүктілік кезіндегі түрлі қауіптер, жыныстық инфекциялар, герпес, қызамық, эмбрионның гипоксияға ұшырауы, зиянды әдеттер, ананың созылмалы аурулары, қант диабеті, қалқанша безінің аурулары, босану кезіндегі баланың жарақат алуы, асфиксия – осының бәрі дені сау баланы дүниеге әкелуге кедергі болатын себептер. Даун синдромы – хромосомалық ауытқу. Бұдан ешбір әйел сақтандырылмаған. Даун сидромы кездейсоқ генетикалық аномалия болып табылады. Жүктілік кезінде 21-жұп хромосомалардың қалыпты екі көшірменің орнына 3 көшірмесімен көрінетін геномдық патология. Ол 700 әйелдің біреуінде болады. Даун синдромының белгілері бар баланың беті жалпақ, аузы ашық, тілі үлкейген, мұрны кішкентай, көздері бір-бірінен алшақ орналасады және психикалық дамуында тежелу болады.

Дені сау бала туылу үшін ата-ана не істеу керек?

Біз болашақ папалар мен мамаларға жүктілікті жоспарлау керектігін айтамыз. Жоспарлау дегеніміз – ерлі-зайыптылардың толық тексеруден өтіп, қандай да бір ауытқу болса, уақытында тиісті емін қабылдау. Дені сау ата-анадан дені сау ұрпақ тарайды. Ал егер болашақ ана жүкті болса, онда жүктіліктің 8-аптасынан бастап гинекологтың есебіне тұрып, дәрігер айтқан барлық кеңестерді орындау керек. Таза ауада серуендеп, дұрыс тамақтанып, психологиялық тыныштықты сақтап, дені сау ұрпақты дүниеге әкелуге талпыну керек.

Динара Балтабайқызы, пайдалы сұқбатыңыз үшін алғыс білдіремін.

 

Барлық жаңалықтар