• Басты
  • Павлодар облысының дамуы: Инвестиция, ауыл шаруашылығы және жол мәселелері

Павлодар облысының дамуы: Инвестиция, ауыл шаруашылығы және жол мәселелері

17 Маусым, 2021 14:23

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов 2021 жылдың 5 айының қорытындысын баяндап, экономикалық даму, инвестиция, ауыл шаруашылығы, жол-құрылыс жұмыстары, жылумен қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау салалары бойынша бірқатар жоба жүзеге асқанын, сонымен бірге аймақтағы жол, тұрғын үй мәселелеріне тоқталып өтті. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Экономикалық дамуы

Павлодар облысының әкімінің мәліметінше, биыл бес айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 триллион теңгені құраған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде өсім 6,3%-ды құраған.

«Мысалы, химия өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі 1,9 есе; пластмасс өнімдерін өндіру 1,4 есе; машина өндеу және мұнай өндеу өнімдерін өндіру 1,3 есе артты. Облыс экономикасына 134,6 млрд теңге немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үштен бірге көп тартылды» , - дедi облыс басшысы.

Сондай-ақ, Әбілқайыр Сқақов бес айда сыртқы сауда айналымының көлемі – 1,4 млрд долларды құрағанын айтып өтті. Оның ішінде, экспорт – 1 088,4 млн, импорт 331,2 млн. Экспорттың үлесі жоғары болған.

Оның дерегінше, алдын ала деректер бойынша 2021 жылғы қаңтар-ақпанда өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт шамамен 319 млн долларды құраған, ол өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 1,4 есе жоғары.

Инвестиция тарту

Облыс басшысының айтуынша, инвестициялар тарту бойынша проблемаларды, мүмкіндіктерді талқылап, инвестициялық штаб құрылған. Оған барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының басшылары кірген. Қазіргі таңда Павлодар облысының инвестициялық портфелі алдағы 5 жылға 1,9 триллион теңгеге 174 жобаны құрайды, оның ішінде 2021 жылға – шамамен 72 млрд теңгеге 77 жоба, 1200 жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.

«Екібастұздың индустриялық аймағында жалпы құны 227,5 млрд теңге болатын инвестициялық жобалар жұмыс істеуге дайын. Қазір қалада жедел қарқынмен энергия блоктарын жаңғырту жүргізілуде, бұл облыс пен елдің қажетті қуатпен қамтамасыз етуге тиіс» , - дедi ол.

Ол өз сөзінде бұл жұмыстың бәрі еліміздің президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша яғни Екібастұзды дамыту кешенді жоспардың бір бөлігі екенін айтып өтті. Сондай-ақ, бұл құжатты құруға қала тұрғындары мен тәуелсіз мамандар белсенді қатысқан. Соның ішінде, бір жарым мыңнан астам ұсыныс қабылданып, 100-ден астам сараптамалық кеңес жүргізілген. Аталмыш жоспардың негізгі мақсаттарының бірі көмір өндірудің төмендеуі мен инновациялық технологияларға көшу аясында Екібастұз экономикасының отын-энергетикалық кешенге тәуелділігін төмендету. Ол үшін көмір өндірісін төмендетіп, инновациялық технологияларға көшу қажет.

Облыс әкімі биыл жоспар бойынша тұрғын үйге кезекте тұрған Павлодар облысының 1700-ден астам тұрғыны пәтер алады.

«Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,7 есе көп. Жалпы, 2021 жылы өңірдің аудандары мен үш қаласында 445 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. Екібастұзда 5 тұрғын үй салынуда, Өткен аптада ғана 5 тұрғын үй қолданысқа өтті. Бұл пәтерлердің бәрі баспана кезегінде тұрғандарға берілді»,- деді облыс әкімі.

Жол-құрылыс жұмыстары

«Жол-құрылыс жұмыстары бойынша биылғы жылға жоспар – 300 км жолды жөндеу, оның 70%-ы жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекендердің көшелері», - деді Әбілқайыр Сқақов

Оның айтуынша, жұмыс сапасын жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының мамандары тексереді. Сонымен қатар, ол қоғамның бақылауында да болады. Облыс бойынша «Nur Otan» партиясы жанында 12 қоғамдық кеңес жұмыс істейді, олардың құрамына сарапшылар, қоғам және медиа өкілдері кіреді. Олар жөндеу-құрылыс жұмыстары объектілерін жүйелі түрде араламақ.

Жылумен қамтамасыз ету

Облыс әкімінің айтуынша, жылу магистральдарының құрылысы да ерекше бақылауда тұр. Павлодарда өткен жылу беру маусымы төтенше жағдайларсыз өткен жоқ. Ол аяқталғаннан кейін екі жылу магистралінің сорғы станциясының құрылысына және жылу желісін қайта құруға кіріскен.

«Магистральдардың бірі (ТМ-42) – соңғы екі онжылдықтағы ең ірі жоба. Оны іске асыру және басқа да қабылданып жатқан шаралар 30 мыңға жуық павлодарлықтар үшін тұрақты жылумен жабдықтауды қамтамасыз етеді», - деді ол.

Ол облыс қалаларының билігі коммуналдық қызметтер мен пәтер иелері кооператив өкілдерімен бірлесіп, қыста жылу деңгейі толық болмаған 386 үй бойынша жұмыс жүргізіліп жатырғанын жеткізді. Сонымен қатар, инженерлік инфрақұрылымды жөндеу мен жаңғыртуды одан әрі ұтымды жоспарлау үшін Павлодарда жылумен жабдықтау жүйелерін кешенді тексеру жүргізілуде.

Оның айтуынша, Ақсу қаласында биыл қаланы орталық жылумен қамтамасыз ететін жылу қазандығы пайдалануға берілген. Сонымен қатар, мұз аренасының құрылысы мен «Заманауи мектеп» өңірлік бағдарламасы бойынша мектептерді жаңғырту жұмыстары басталған.

«Биыл өңірде 56 мектебі жөндеуден және жаңғыртудан өтеді. Жұмыс істеп тұрған екі мектепке қосымша корпус жалғанып, жаңадан екі мектеп салынады», - деді Әбілқайыр Сқақов.

Әкімнің дерегінше, жыл аяғына дейін облыс аумағында 150 құрылыс және абаттандыру жобасы іске асырылмақ. Олардың жартысына жуығы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады.

«Біз ауыл тұрғындарын сапалы ауыз суға қол жеткізумен қамтамасыз ету жөніндегі жоспарларды тездетіп, мәселені 2023 жылы толық шешуге тырысамыз. Осы жылдың қорытындысы бойынша 212 мың адам яғни өңірдегі ауыл тұрғындарының 95%-ы сапалы ауыз суға қол жеткізеді», - деді облыс әкімі.

Агроөнеркәсіп саласы

Оның айуынша, Павлодар облысының экономикасын агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті есебінен әртараптандыру бағыты жалғасады. Осы саладағы инвестициялық жобалар пулында 2025 жылға дейін 230 млрд теңгенің 46 жобасы тұр. Оның жартысынан көбі осы жылға тиесілі.

«Атап айтар болсам, 6 тауарлы-сүт фермасын іске қосу жоспарлануда. Бұл сүттің өнеркәсіптік өндірісін 19 мың мың тоннаға немесе 5%-ға арттыруы тиіс», - деді әкім.

Сондай-ақ, облыс басшысы биыл өңірде егіс алаңы 6%-ға өсіп, 1,5 млн гектардан асқанын атап өтті. Әсіресе күнбағыс және қарақұмық дақылдарының алқабы ұлғайтылған. Сондай-ақ, ол Павлодар облысында егілген 42 мың гектар қарақұмық алқабы Қазақстан бойынша жалпы қарақұмықтың егістігінің 44%-ын құрайтынын жеткізді.

Азық-түлiк қауiпсiздiгi

Облыс басшысының мәлiметiнше, азық-түлік тұрақтандыру қорында бүгінде 6,5 мың тонна өнім бар. Қор 173 дүкенмен бірлесе отырып, көтерме қойма режимінде жұмыс істейді.

Сонымен қатар, тұрақтандыру қоры арқылы:

- өндірушілерге және сауда желісіне жеңілдетілген пайыздық мөлшерлеме бойынша қарыздар беріледі;

- күнбағыс майы, тауық жұмыртқасына шекті рұқсат етілген сауда бағасы белгіленген;

- өнімдерді нарық бағасынан 10-15% төмен бағамен сату туралы фермерлермен 132 меморандум жасалған.

«Біздің келесі мақсатымыз – «егістіктен сөреге дейін» қағидаты бойынша фермерлік нарықты іске қосу. Бұл, біріншіден – өнім бағасын айтарлықтай азайтуға, екіншіден – шағын фермерлердің сауда орындарына тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді», - деді Әбілқайыр Сқақов.

Кәсіпкерлерді қолдау

Business Ertis өңірлік бағдарламасы аясында ауылға ерекше көңіл бөлінген. Оның жаңа бағытының міндеті – облыстың әр ауданында бір ауқымды жобаны іске қосу, сондай-ақ ауылда шағын, орта, жаңадан бастаған бизнеске күнделікті көмек көрсету.

Бағдарламаның бес бағыты

-        кәсіпкерлерге атаулы көмек көрсету,

-        экологиялық,

-        инновациялық

-        әлеуметтік бастамаларды дамыту,

-        инвестициялар тарту

«Жыл басынан бері Павлодар облысында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны шамамен 350-ге өскен, сауда көлемі 30 млрд теңгеден асты», - деді Әбілқайыр Сқақов.

Облыс басшысының дерегінше, Мемлекеттік шаралардың арқасында 1,5 мыңға жуық жоба 34 млрд теңгеден астам көмек алды. Жыл соңына дейін кем дегенде 700-ге қолдау көрсетіледі деп күтілуде.

Қоршаған ортаны қорғау

Жиында әкім қоршаған ортаны қорғау мәселесіне тоқталып өтті. Оның айтуынша, кәсіпорындармен, экологиялық белсенділермен және профильді министрлікпен бірқатар бағыттар бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Осылайша, алюминий зауытында гибридті электр фильтрлерін іске қосу шаң көлемін жылына 2,4 мың тоннаға дейін төмендеген.

«10 жылдық бағдарлама тағы 55 мың тоннаға қысқартуды көздейді. Осыған ұқсас технология Ақсу қаласында «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» акционерлік қоғамы электр станциясының энергия блоктарында да енгізілуде, сондай-ақ Қазақстандық электролиз зауытының цехтарында жеңдік сүзгілерді ауыстыру жүргізілуде», - деді ол.

Сондай-ақ, кәсіпорындардың санитарлық-қорғау аймақтарында көгалдандырудың үлесі өсуде. Осы жылы 28 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылады деп жоспарлануда. Экологиялық мониторинг саласында автоматтандыру жалғасуда.

Облыс басшысы өз сөзінде екі аптадан кейін күшіне енетін Экологиялық кодекске үлкен үміт артып отырғанын жеткізді. Бұл кәсіпорындардың ең озық қолжетімді технологияларға көшуіне байланысты екен.

«Облысымыздың экологиялық ведомстволары мен қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері жаңа өзгерістерді талқылауға тікелей қатысқанын атап өтемін. Мен өз жерлестеріме азаматтық белсенділігі үшін ризамын», - деп қорытындылады Әбілқайыр Сқақов.

Барлық жаңалықтар