• Басты
  • Парламенттік сайлау – 2021: 6 саяси партияның дайындығы қалай
20 Қараша, 2020 14:42

Парламенттік сайлау – 2021: 6 саяси партияның дайындығы қалай

2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау қарсаңында партиялық съездер өтіп жатыр. Съездерде әр партия сайлауалды бағдарламасын жариялап, депутаттыққа үміткер кандидаттардың тізімін ұсынады. Қазақстан партияларының съезд қорытындылары мен Мәжіліс пен Мәслихатқа жолдама алғандар туралы Strtategy2050.kz тілшісінің шолу материалынан біліңіз.


Парламенттік сайлау – 2021: 6 саяси партияның дайындығы қалай

Қазақстанның саяси картасында 6 саяси партия тіркелген. Олар: «Нұр Отан» партиясы, «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясы, «Адал» партиясы, «Ақжол» партиясы, «Халық» партиясы, Жалпыұлттық Социал Демократиялық партиясы. Сайлау күні жақындаған сайын партиялар съезд өткізіп, кандидаттар тізімі мен сайлауалды бағдарламаларын жариялауда. «Халық» партиясы бұған дейін «Қазақстан коммунистік халықтық партия» аталса, «Адал» партиясы «Бірлік» аталып келді. Сайлау қарсаңында екі партия ребрендинг жасады.

Алдымен кандидаттар тізімін кім бекітеді деген сауалға жауап іздеп көрейік. Қазақстан Республикасының Сайлау туралы Заңында сайлаудың өту тәртібі, онда жолдама алатын кандидаттардың бекітілетіні туралы жазылған. Мәжіліс депутаттығына сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғары органы – яғни съезд мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі. Ал облыс, аудан, қалалардағы мәслихат депутаттарын сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғары басшы органы – яғни конференция мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі.

Саяси партиялардың партиялық тізімдерге сол саяси партияның мүшесі болып табылмайтын адамдарды енгізуге құқығы жоқ.

Айтпақшы, жаңа нормаға сәйкес саяси партия Парламент Мәжілісінің, мәслихаттың депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін бекіту кезінде оларға кандидаттардың жалпы санының кемінде отыз пайыз мөлшері әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдарды қамтуы тиіс.

Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі Орталық сайлау комиссиясына ұсынылады. Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімге кірген кандидаттардың Конституцияда және конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді. Егер қандай да бір талапқа қарама-қайшылықтар болса, орталық сайлау комиссиясы кандидатты тізімнен алып тастауға құқылы. Кандидатардың азаматтығы, бас бостандығынан айыру орнында болуын, заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген және алынбаған соттылығының болуын; соттың заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәсін мойындауын; саяси партияның тіркелгенін тексереді. Бір саяси партиядан Парламент Мәжілісі депутаттығына

Партиялық тізімдерді тіркеу 2020 жылғы 10 қарашада басталып, 2020 жылғы 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18:00-де аяқталады. Мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі тиісті аумақтық сайлау комиссиясына ұсынылады.

 Орталық Сайлау комиссиясының Төрағасы Берік Имашев саяси партиялар саяси бәсекелестіктің негізгі субъектілері бола отырып, өңірлік деңгейде де депутаттық мандаттар үшін күреске сеніммен кірісу үшін жеткілікті тәжірибе жинақтағанын айтты.

Орталық сайлау комиссиясы «Ақ жол» Қазақстанның демокpатиялық паpтиясына, «Ауыл» халықтық-демокpатиялық патpиоттық паpтиясына, «Бipлiк» саяси паpтиясына, Жалпыұлттық социал-демокpатиялық паpтияға, Қазақстанның Коммунистiк халық паpтиясына және «Нұр Отан» паpтиясына Қазақстан Pеспубликасы Паpламентi Мәжiлiсiнiң депутаттаpын сайлауға қатысуға pұқсат беpу туpалы 6 Қаулы қабылдады. Енді партиялардың съездері қалай өткені, сарапшылардың пікірі мен кандидаттар тізіміне тоқталайық.


 «Нұр Отан» партиясы

Бұл партия 1999 жылы «Отан» партиясы болып құрылды. Қазіргі таңда партия лидері Нұрсұлтан Назарбаев, ал оның бірінші орынбасары Бауыржан Байбек. Қазан айында «Нұр-Отан» партиясы партияішілік Праймериз өткізгені белгілі. Бұл Қазақстанда бұрын-соңды болмаған Мәжіліс пен Мәлихатқа кандидаттарды халық арасынан таңдау мүмкіндігі еді. Праймериздің өзі бірнеше кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде праймеризге 10 мыңнан астам кандидат қатысты. Ал 1-4 қазан аралығындағы республикалық онлайн-дауыс беруге 662 мың адам немесе барша нұротандықтардың 84%-і қатысты. Праймериздің екінші кезеңі аясында аудандық және қалалық конференцияларда электронды дауыс беруге 4,5 мыңнан астам бастауыш партия ұйымдарының атынан 10 мыңнан аса делегат-сайлаушы қатысты.

Барлық конференция мен пікірсайыстар әлеуметтік желілерде онлайн режимде көрсетілді. Бұл сайлау барысының ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етті.

Сөйтіп, «Нұр Отанның» халықтық тізімі жасалды.

Талдау көрсеткендей, әйелдердің үлес саны 22-ден 34%-ке дейін, жастар – 3,5 есе, 7-ден 24%-ке дейін артты. Қазіргі қызмет етіп отырған мәслихаттардың құрамымен салыстырғанда орташа жасы 7 жасқа – 51-ден 44-ке дейін жасарды. Партиялық тізімдердің 24%-ін қызметтегі депутаттар құрайды, ал 76%-і – жаңа тұлғалар. Бұл қоғамның жаңаруға деген сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар партия қатарына 42 мыңнан астам жаңа мүше қосылды. Олардың 1000-нан астамы партияішілік сайлауға қатысып, әрбір 3-шісі «Nur Otan»-ның партиялық тізіміне енді.

Партиялық конференцияларда аудандық және қалалық сайлауалды бағдарламалар бекітілді.

 Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында бағдарламаның барлық жобалары праймериз кезінде тұрғындармен жан-жақты талқыланды. Азаматтардан түскен 17 мыңнан астам ұсыныстар мен ескертулердің 80%-тен астамы қабылданған өңірлік бағдарламаларда ескерілді.

Енді партияның Мәжіліске арналған қорытынды тізімі 25 қарашада «Nur Otan»-ның ХХ Съезінде бекітіледі.

Пікірсайыстардың қорытындысы бойынша 723 жеңімпаз анықталды, олар 14 облыстың партиялық тізімдеріне енеді. Олардың ішінен 236 адам келесі аптада «Nur Otan»-ның Мәжіліске арналған партиялық тізіміне қосылу үшін облыстық пікірсайыстарға қатысып жатыр.

Қазіргі кезде елорданың, Алматы мен Шымкенттің кандидаттары сайланды.

Сарапшылар қауымы атап өткендей, партия праймеризі ең бастысы – бәсекелі, ашық та айқын негізде жұрт сенім артқан беделді тұлғалардың арасынан іріктелген әлеуетті депутаттар корпусын жасақтауға мүмкіндік бермек.

Осылайша, «Nur Otan» Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың билеуші партияны «қайта жандандыру» аясында жариялаған «Мықты лидерлер – Мықты партия» қағидатын нақты іске асырды. Қазір Алматы мен Нұр-Сұлтанда және өңірлерде пікірсайыстар өтіп жатыр. Соның нәтижесінде өңірлерден кандидаттар тізімі бекітілуде.

 

«Ауыл» партиясы

«Ауыл» партиясы ресми түрде 2002 жылы тіркелген. Партияның кезектен тыс съезі 18 қарашада өтті. Жиында мәжіліс және мәслихат сайлауына қатысатын кандидаттар тізімі бекітілді. Үміткерлердің үштен бірі жастар мен әйелдерден құралған. "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан мәжіліс сайлауына 19 кандидат ұсынылды.Партия жетекшісі Әли Бектаев кандидаттар қатарында 12 ғылым докторы, 6 докторлыққа кандидат, академиктер, ҚР медальдарымен марапатталған мамандар бар екенін айтты. Атымен атасақ, «Хабар» арнасының тілшісі Зейін Әліпбек, "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, партия төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков, тіл маманы Қанат Тасыбеков, Қазақ агротехникалық университетінің басқарма төрағасы Қайрат Айтуғанов, айтыскер ақын, Нұр-Сұлтан қаласы журналистер одағының басшысы Дәулеткерей Кәпұлы бар. Ал мәслихат сайлауына 654 кандидат бекітілді. Партияның сайлауалды бағарламасы дайын. Алайда, ережеге сәйкес бағдарламаны 10 желтоқсаннан бастап жариялайды.

ҚР Парламент Сенатының депутаты, партия жетекшісі Әли Бектаевтың айтуынша, мемлекет тарапынан жасалған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауылдағы проблемаларды шеше алмай жатыр.

Ауыл - ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен бірлігіміздің бастауы. Ауылда өскен әрбір азамат туған жерін барынша қадірлеп, қастерлеуге міндетті. Ауыл – бүтін бір елдің асырушысы, қайнаған еңбектің қайнар көзі. Алайда, өкінішке орай, бүгін ауыл адамының жай-күйі жайлы деп айта алмаймыз. Қарқынды түрде өсіп келе жатқан урбанизация үдерісі осының айқын дәлелі. Мемлекет тарапынан «Ауыл – ел бесігі» атты жоба соңғы екі жыл көлемінде іске асып келеді. Дегенмен бұл мемлекеттік бағдарламаның ауыл инфрақұрылымын реттеуге қауқары жеткіліксіз. Мемлекеттік органдар арасында үйлесімді тірлік жоқ. Сонымен қоса, бөлінген қаражаттың тиімділігі төмен, - деді Әли Бектаев.

«Ауыл» ХДПП орталық аппаратының жетекшісі Сейтжанов Қуаныштың айтуынша, «Ауыл» партиясының әлеуеті шалғай ауылдарда жоғары.

Біз Парламенттік партия емеспіз. Бірақ өңірлерде, елді-мекендердегі біздің партияның әлеуеті жоғары. Егер Парламентке өтіп жатсақ, заң шеңберінде ауыл тіршілігін көтереміз. Қазір 38 депутатымыз облыстық, аудандық деңгейлерде мәслихатта, ал партия басшысы Әли Бектаев ҚР Парламенті Сенатында депутат. Біз осы тетіктерімізбен талай мәселені көтеріп отырмыз, - деді Қуаныш Сейтжанов.
 


«Халық» партиясы

«Халықтық коммунистер» партиясы 2004 жылы тіркелген. Партия құрамында 100 мыңнан астам адам бар. Фракция жетекшісі Айқын Қоңыров партия съезінде Парламенттен мүмкіндігінше көбірек орын алатынына үміттенетінін білдірді.

Өйткені бүкіл әлемде солшылдар саясаты өзекті болып барады. Менің ойымша, Қазақстан да осыдан тыс қалмайды. Экономикалық жағдай қазір күрт нашарлап бара жатқанын ескерсек, адамдар неге олай болып жатыр деп ойлана бастайды. Біз партия атауын «Халық» деп өзгерткенімізбен, коммунистік идеологиядан кеткен жоқпыз, - деді Айқын Қоңыров.
Партия хатшысы Жамбыл Ахметбеков те «Халық» деген атаудың партия көтеретін мәселелермен байланысты екенін айтты.

Партияның кезектен тыс XV съезінің басты жаңалығы, біздің партиямыздың атауының «Қазақстанның халық партиясы» болып өзгеруі. Бұл біздің еліміздегі әлеуметтік мәселелерге көп мән беруімізбен байланысты. Еліміздегі шешілуі тиіс мәселелердің көбі әлеуметтік саламен байланысты. Тағы бір партия мүшелерінің қатарын кеңейту, бағдарламамыздың аясын кеңейтуді көздейміз. Сондай-ақ, біз партиялардың қатарында жоқ, бірақ өзіндік идеялары бар азаматтарды өз партиямызға шақырамыз, - деді ҚКХП-ның хатшысы Жамбыл Ахметбеков.

Айтпақшы, Мәжілістегі жас жағынан ең үлкен депутат Владислав Косарев – осы партияның мүшесі. Соңғы 5 жылда фракцияның 101 отырысы өтіпті, 251 депутаттық сауал жолданған, Қазақстанның әр өңіріне 381 – ден астам іс-сапар жасаған.


 «Адал» партиясы

 «Адал» партиясы Қазақстанның саяси картасына 2013 жылы «Бірлік» партиясы болып келді. Жақында ренбрендинг жасап, атауды жаңалады. 19 қарашада VII съезін өткізіп, Парламент сайлауына қатысатын кандидаттар тізімін жариялады. Фракцияның саяси кеңесінің мүшесі Мұрат Қожамқұловтың айтуынша, тізімді құру кезінде олар өңірлік, гендерлік және басқа да тепе-теңдікті сақтауға тырысыпты. Сөйтіп, партия атынан Мәжіліс депутаттығына үміткер 20 азаматтың есімі анықталды. Олардың ішінде спортшы Ардақ Назаров, тележурналист, блоген Дәулет Мұқаев, тележүргізуші Мақсат Толықбайлар бар. Партия ұсынатын бағдарлама 5 негізгі бағыттан тұрады: халықтың өмір сапасын көтеру, кәсіпкерлік – дамыған мемлекеттің іргетасы, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық беру, өңірлердің өркендеуі – қуатты мемлекет діңгегі, өмірге қолайлы мемлекет. Фракция жетекшісі Серік Сұлтанғалидің айтуынша, күнкөріс деңгейін 60 мың теңгеге дейін ұлғайту және ең төменгі жалақыны ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейін арттыру керек. Ол сонымен қатар 2021 жылы ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуді қолдайтынын жеткізді.

Мемлекеттік аппараттың жұмысы халық пен бизнестің наразылығын тудырады. Атқарушы биліктің тиімділігінің әлсіздігіне байланысты көбінесе маңызды міндеттер орындалмайды. Көптеген шенеуніктер адамдар мен бизнес мемлекет үшін жұмыс істеуі керек деп санайды, керісінше емес. Бұл мемлекеттік реттеудің өсуіне және мемлекеттің экономикаға араласуына әкеледі, - дедіі Серік Сұлтанғали.
 


«Ақжол» демократиялық партиясы

Бұл партия 2003 жылы тіркелген. Партияға қабылданған азаматтардың саны 180 мыңға жуық адамды құрайды. Фракция жетекшісі Азат Перуашев Парламент Мәжілісінің депутаты. Партияның басты ұстанымы Қазақстанды одан сайын демократияландыру үшін жұмыс жасау. «Ақ жол» демократиялық партиясының XVI сайлауалды құрылтайында партияның сайлауалды бағдарлама жобасы ұсынылды. Азат Перуашевтің хабарлауынша, партияның басты басымдығы – Тәуелсіздік және Алаш ұлттық идеясы.

Елімізге әлеуметтік-экононмикалық салада, саяси жүйеге де түбегейлі өзгерістер қажет. Тәуелсіздіктің ең басты кепілі – қару емес, өз мемлекетін сыйлайтын, бағалайтын азаматтық қоғам болуы керек. Сондықтан, қазіргі билік моделіне бір ғана балама бар. Ол – терең әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды қабылдап, жүзеге асыру қажет. «Ақ жол» демократиялық партиясы жаңа және әділ Қазақстанға апаратын өзгерістер бағдарламасын ұсынады. Сол бағдарламадағы басты басымдығымыз – Тәуелсіздік және Алаш ұлттық идеясы, - деді ол.  

Сонымен қатар фракция жетекшісі президенттік басқару жүйесінен парламенттік республикаға көшуді қолдайтынын білдірді.

«Ақ жол» демократиялық партиясы парламентаризм институттарын күшейтуді және кезең-кезеңімен президенттік жүйеден парламенттік республикаға көшу бастамасын қолдайды. Қазіргі кезең билік монополиясынан мемлекеттік мәселелерді шешуде балама пікірлерді ескеретін тепе-теңдік жүйесіне жоспарлы түрде көшу мүмкіндіктерін туғызды, - деді А. Перуашев.

 

Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясы

 Бұл партия 2007 жылы тіркелді. Партияға 140 000 адам мүшелік еткен. Фракция жетекшісі бір кездері Жармахан Тұяқбай болған. Бүкіл қоғамның мақсатын - азаматқа лайықты өмір сүруді қамтамасыз ету, ол үшін талап етілетін жағдайларды жасауға қабілетті күшті мемлекетті қүруды заңнамалық жағынан бекіту арқылы тиімді мемлекеттіліктің қажетті негізі ретінде Қазақстан халқын біріктіруді партияның басты мақсаты етіп алған. Алдағы сайлауға қатысты мәлімдемені партия жетекшілері 25 қарашада өтетін съезде жариялайды. Бұған дейін партия төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай егер бұл сайлау онлайн өтетін болса, партияның сайлаудан бас тартатынын мәлімдеген болатын. ЖСДП былтыр 2019 жылы өткен президенттік сайлаудан тыс қалды. 2016 жылғы парламент сайлауында 1,18 % дауыс иеленді. Жармахан Тұяқбайдан кейін партия жетекшісі екі рет ауысты.

Қазір сайлауға қатысты төрағамыз Асхат РАХЫМЖАНОВТЫҢ мәлімдемесі әзірленіп жатыр. Біздің партия сайлауға қатысады деген сенімдемін. Бұған дейін де партия ішінде талай талқылағанбыз. Қатысуға дайынбыз. Алайда саясатта бәрі болу мүмкін. Байкот жариялауымыз да мүмкін, – дейді Тазабек Сәмбетбай.


 Карантин кезіндегі сайлау: сарапшылар пікірі

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім жетекшісі Алуа Жолдыбалинаның пікірінше, 2021 жылы өтетін Парламент сайлауы - біршама уақыт бойы сарапшылар болжаған оқиға.

Жалпы, сәл статистикаға назар аударайық. Елімізде осы күнге дейін 6 парламенттік сайлау өткен болатын, оның ішінде 3 парламенттік сайлау (2007 ж., 2012 ж., 2016 ж.) кезектен тыс өтті. Сонымен қатар, 3 парламенттік сайлау (1995 ж., 1999 ж., 2004 ж.) кезекті сипатқа ие болған болатын. Ендігі 7-ші парламенттік сайлау да кезекті сипатқа ие. 2021 жылы өтетін парламенттік сайлаудың ерекшелігі – сайлау процесіне де, саяси партиялар жұмысына да 2020 жыл бойы бірқатар жаңашылдықтар енгізілген болатын, яғни, бұл сайлауда бірінші рет партиялық тізімді қалыптастырудағы 30 пайыздық квота ережесі жүзеге асырылады. Осыған дейін өткен сайлауларда маслихат депутаттарын бір мандатты округтер бойынша сайлайтын еді. 2021 жылы 10 қаңтарда сайлау тұңғыш рет партиялық тізім бойынша өтеді, яғни облыстық, қалалық, аудандық маслихаттардың депутаттарының барлығы партиялық тізім бойынша сайланады, - деді Алуа Жолдыбалина.
Сарапшының пікірінше, Парламент және маслихат депуттаттары сайлауының бір мерзімде өтуі тиімді. Біріншіден, қаржылық шығындарды да үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар пандемияға сәйкес карантиндік шектеулерді ескеріп, сайлау кампаниясын оңтайлы жүргізуге, сайлауды ұйымдастырып, тиімді өткізуге септигін тигізеді, яғни көптеген партиялар сайлау кампаниясын жүргізуде карантин тәртібін ескере отырып, өзіндік жаңашыл саяси технологияларды қолдануы мүмкін.

Қазіргі таңда әлемнің бірқатар елдері карантинге қарамастан, парламенттік, президенттік сайлауды өткізіп жатыр. Жақында ғана АҚШ президентінің сайлауы өткені белгілі. Ал парламенттік сайлау 21 маусымда Сербияда, 4 қазанда Қырғызстанда, 11 қазанда Литвада, 31 қазанда Грузияда да парламенттік сайлау карантин тәртібінде өтті.

Орталық сайлау комиссиясының басшысы Берік Имашев сайлау процессі кезінде сақтық шаралары қатаң сақталатынын айтып өтті.

Сайлау процесіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Орталық сайлау комиссиясы ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезеңінде COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі ұсынымдар» әзірленді, - деді ол.

Барлық жаңалықтар
145.255.173.64, 192.168.88.100