• Басты
  • Пандемия жағдайында Наурыз қалай атап өтіледі

Пандемия жағдайында Наурыз қалай атап өтіледі

19 Наурыз, 2021 15:59

Өткен жылы наурыз айының 13-і күні Қазақстанда алғаш рет коронавирус тіркелген болатын. 2020 жылдың 16 наурызынан бастап елде төтенше жағдай жарияланып, жаппай оқшауландық. Екінші жыл қатарынан Қазақстан мен түркі елдері Наурыз мерекесін коронавирустық пандемия жағдайында атап өтеді. Strategy2050.kz тілшісінің материалынан биылғы Наурыз мерекесінің ерекшеліктері туралы біліңіз.


Көктем келгенде күн мен түн теңесіп, жуан жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін кезінде көне түркі елдері Наурыз мерекесін тойлайды. Қыстан аман шыққан ағайын-туыс бір-бірімен көрісіп, қазан толы ас қайнатып, Наурыз тойын тойлайды.

Осы жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурыз тойлауға қатысты ойын білдірген болатын.  

«Халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады», - деп жазған еді.  

Коронавируспен күрес шараларының қолға алынғанынан бір жылдан аса уақыт болды. Жағдай бірде тұрақты, бірде аурудың таралу көрсеткіші ұлғайып отыр. Мереке қарсаңында, Қазақстанның бас қалалары «қызыл аймаққа» еніп, шектеу шаралары күшейді. Демек, Наурыз мерекесіне жоспарланған шаралар шегеріледі.

Өйткені, қазіргі таңда мереке тойлаудан маңыздырақ азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне баса назар аударылды. Өйткені, дәл қазіргі уақытта 20 237 адам короновирус инфекциясынан (16 696 КВИ+ және 3 541 КВИ-) емделуде, олардың ішінде 5 813 пациент стационарда, 14 424 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. 250 адамның жағдайы ауыр, 61 пациенттің жағдайы өте ауыр, 34 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр. Мемлекеттік бас санитар дәрігер осы көрсеткішке назар аудара отырып, шектеу шараларын жаппай жеңілдету науқастар санының өсуіне әкелгенін айтты.

«Науқастардың басым бөлігі Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында тіркелді, бұл қалаларда эпидемиологиялық жағдайға байланысты жоғары қауіп аймағы бойынша шектеу шаралары енгізілді. Алматыда 2021 жылғы 20-24 наурыз аралығында қалааралық/облысаралық тұрақты автобустардың қозғалысы өзгерді; гипермаркеттер мен супермаркеттердің, қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмыс режимі қысқартылды», - деді ол.

Ол қазақстандықтарға Наурыз мерекесінде коронавирустық инфекцияны алдын алу шараларын, әлеуметтік ара қашықтықты, маска режимін сақтау керектігін айтып, үндеу жариялады.

«Азаматтарымызды, бизнес өкілдерін жағдайға барынша жауапкершілікпен қарап, басқаларға және өздеріне жұқтырмау үшін карантин режимі мен қарапайым алдын алу шараларын қатаң сақтауға шақырамын», - деді Ерлан Қиясов.

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында және өзге де «қызыл» және «сары» аймақтағы өңірлерде жалпыұлттық тойлау болмайды. Әдеттегідей, киіз үйлер тігіліп, ет асылып, қазақтың ұлттық ойындары ойнатылмайды.

Биыл Наурыз мерекесі елордада игі істермен атап өтіледі. Қалада мұқтаж жандарға көмек көрсетуге бағытталған көптеген қайырымдылық акциялары өтеді. Дегенмен елорданың мәдениет мекемелері қала тұрғындары үшін көптеген қызықты іс-шаралар дайындап отыр. Шаралар онлайн форматта өтеді.

Нұр-Сұлтан қаласында 21, 22 және 23 наурыз күндері «Музыкалық жас көрермен театрында» «Абай – Тоғжан» драмасы қойылады. 23 және 24 наурыз күндері «Жастар театры» сахнасында «Іздеп тапым сені...» мелодрамасын қояды. 25 наурыз күні сағат 12.00-де және 14.00-де әртістер «Достық пен қулық» ертегісін, 26 наурыз күні кешке «Диляфруздың төрт күйеуі» комедиясын көрсетеді. Елордалық «Қуыршақ театры» 22, 23 және 24 наурызда «Наурыз туралы аңыз» ертегісін дайындайды. Ал 26-28 наурыз аралығында «Ғажайып түс» ертегісін тамашалауға болады. «Мемлекеттік академиялық филармониясы» Ғ.Жұбанова атындағы ішекті квартеттің «Под знаком Белы Бартока» концертін ұйымдастырады. Тәуелсіздік сарайында 23-28 наурыз аралығында «Нұр-Сұлтан қаласына сыйлықтар» көрмесін тамашалауға болады. Сондай-ақ, «Бәйтерек» монументінде елорда тұрғындары мен қонақтары үшін күнделікті экскурсиялар жоспарланған. Алайда эпидахуалға байланысты шаралар кейінге шегеріледі.

Бұл шараларға кіретін көрермен саны шектеулі. Міндетті түрде маскалы режим мен әлеуметтік ара-қашықтық қатаң сақталады.

Нұр-Сұлтан қаласы дәрігерлерінің айтуынша инфекция жұқтыратындар саны әсіресе мереке күндерінен кейін күрт артады. Адам көп жиналатын орындарда санитарлық нормалар сақталмауынан науқастар саны айтарлықтай көбейеді. Қала тұрғындары үшін бұл байқалмауы мүмкін, бірақ дәрігерлер жағдайдың күрт нашарлағанын көріп отыр.

Дәрігердің айтуынша өкпені жасанды желдету аппараттарда жатқан науқастар саны осы күндері артқан.

«Жансақтау бөліміне тәулігіне жаңадан 5 науқас жатқызылады. Әсіресе, артериялық гипертензиясы, қант диабеті, жүректің ишемиялық ауруы бар егде және кәрі жастағы адамдар үшін коронавирус өте ауыр өтеді», - деді С. Атығаева.

Қазіргі таңда Елорданың эпидахуалы күрделі боп тұр.

«Өткен жаздағы жағдай қайталанбас үшін, сондай-ақ өлімге әкелетін өте ауыр жағдайлардың алдын алу үшін тұрғындарға санитарлық шаралардың бәрін сақтауды ұсынамыз. Күн сайын сіздер мен біздің амандығымыз үшін жұмыс істейміз. Бірақ жағдайды дәрігерлердің көмегімен ғана реттеу мүмкін емес. Әркімнің жауапкершілігі маңызды рөл атқарады», - деді елорда дәрігері.

21 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында сауда орталықтары, жабық азық-түлік емес нысандары, жабық спорт нысандары, ХҚКО, «Қазпошта» АҚ жұмыс істемейді, қоғамдық көлік жұмысы тоқтатылады.

Сенбі және жексенбіде фитнес-орталықтар, фитнес-клубтар, спорттық-сауықтыру нысандары, сауна, СПА-орталықтарының жұмыс істеуіне тыйым салынадыҚоғамдық тамақтану орындары жұмыс және демалыс күндері 07:00 мен 22:00 аралығында жұмыс істейді. Кинотеатрлар мен кинорумдардың жұмысына тыйым салынады.

Қазіргі эпидемия жағдайында мерекелерді отбасымен бірге өткізген пайдалы. Үйде Наурыз көже қайнатып, бауырсақ пісіріп, мерекелік дастарқан басында жылы тілек пен бата айтып Наурыз тойын тойлаған қазіргі таңда ең дұрыс шешім!


Барлық жаңалықтар