• Басты
  • Пандемия отандық туризм саласына қалай әсер етті

Пандемия отандық туризм саласына қалай әсер етті

25 Маусым, 2021 11:32

23-24 маусым аралығында Өзбекстанның Қоқан қаласында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің ұйымдастыруымен туризм министрлерінің VI отырысы өтті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Жүздесу Өзбекстан мемлекетінің Қоқан қаласында өтті. Оған Түркия, Қырғызстан, Қазақстан, Әзірбайжан және Өзбекстанның туризм министрлері қатысты.                

Тараптар жұмыс тобының отырысы кезінде коронавирус пандемиясы кезінде шығынға ұшыраған туризм саласын жандандыру, қайта қалпына келтіру жайын, Түркі кеңесі ұйымы құрамындағы елдер арасындағы әуе рейстерінің жұмысын жалғастыруды талқылады.

Жиында мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Түркі кеңесінің туризм министрлерінің алдында Қазақстанның пандемия кезеңінде жаңа жағдайларға бейімделе отырып, туризм саласын дамыту бойынша атқарылған жұмыстармен таныстырды.

Пандемеия кезіндегі туризм саласы

Министр туризм индустриясы пандемия салдарынан ең көп зардап шеккен сала екенін жеткізді. Алайда, ел ішіндегі барлық авиамаршруттар, темір жол көлігі және өңірлер арасындағы тұрақты автобус тасымалдары біртіндеп қалпына келтірілген. Сондай-ақ, халықаралық авиарейстер де ішінара жаңартылған. Оның айтуынша, бұл белгілі бір дәрежеде туристік қызметті жүзеге асыруға мүмкіндік берген.

"Үкімет алдын ала енгізген шығу туризмі саласындағы азаматтардың құқықтарына кепілдік беру жүйесінің тетігінің арқасында біз бір апта ішінде 5 913 қазақстандық азаматты отанына қайтаруды жедел ұйымдастырдық. Сонымен қатар, Қазақстан ТМД кеңістігінде бұл жұмысты жылдам жүргізіп, басқа мемлекеттерге көмек көрсетті»,- деді Ақтоты Райымқұлова.

Бұдан бөлек, пандемия кезінде саланы қолдау мақсатында жыл соңына дейін бірқатар салықтарды төлеуден босату, банктік қарыз шарттары бойынша төлемдерді кейінге қалдыру сияқты шұғыл шаралар әзірленіп, енгізілгенін атап өтті.

Оның айтуынша, кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде пайыздық мөлшерлемені жылдық 6%-ға дейін біріздендіру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, салалық шектеулер алынып, оған берілетін мемлекеттік кепілдендірумен кредит сомасы ұлғайтылған.

Сондай-ақ, туристік компаниялардың қызметкерлерін қолдау мақсатында мемлекет 2 ай ішінде ең төменгі жалақы мөлшерінде әлеуметтік төлемдер төлегенін атап өтті.

Министр пандемияға кезеңінде шетелдік туристердің өсуін ұйымдастыру үшін визалық және көші-қон процестері мен елдің көліктік қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілгенін жеткізді.

- визасыз елдердің тізімі 74-ке дейін жетті;

- 105 елдің азаматтары үшін электрондық виза енгізілді;

-пилоттық режимде Қытай мен Үндістан азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз транзит пайда болды;

- 30 күнге дейінгі мерзімге келген кезде шетелдіктерді тіркеу тоқтатылды;

- шекарадағы бекеттерін модернизациялау;

- еліміздің ірі қалаларында" Open Sky " режимі енгізілді;

Әуе байланысы

Министрдің сөзінше, шамамен 20 елмен (Катар, БАӘ, Оман, Кувейт, Бахрейн, Иордания, Малайзия, Австрия және т.б.) келіссөздер жүргізілді, оның қорытындысы бойынша Qatar Airways, Israir, Air Asia, Salam Air, Jazeera Airways, Blue Air, Turkish Airlines және басқа да шетелдік авиакомпаниялардың жаңа халықаралық маршруттарын ашуы жоспарланған. Алайда, пандемияға байланысты визасыз режим ішінара тоқтатылған. Жаңа рейстердің ашылуы әлемдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін кейінге қалдырылған.

Ол өз сөзінде, қазіргі таңда Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақтанын айтып өтті.

«Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының аумағына келетін шетелдіктер үшін біртіндеп жеңілдету бойынша жұмыс жүргізуде»,- деді министр.

Қазіргі уақытта 12 елге: Түркия, БАӘ, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Украина, Германия, Грузия, Тәжікстан, Оңтүстік Корея, Египетке халықаралық маршруттар жаңартылып жұмыс атқаруда.

Министрдің айтуынша, 2021 жылғы 8 маусымнан бастап Тәжікстанмен (әр тараптан аптасына 2 - ден 4 рейске дейін), Украинамен (Қазақстан үшін аптасына 3 – тен 5 рейске дейін және Украина үшін аптасына 2-ден 4 рейске дейін), Түркиямен-туристік бағыттар бойынша, оның ішінде Анталья мен Бодруммен (әр тараптан аптасына 9 рейстен 17 рейске дейін) рейстерді ұлғайтуға рұқсат етілген. Сондай-ақ, аптасына 2 рейс жиілігімен Түркиямен Ақтау-Ыстамбұл бағыты бойынша тұрақты рейстерді қайта жаңартуға рұқсат етілген. Міндетті ПТР-тестілеуден өту коронавирустық инфекциялардың шетелден жеткізу жағдайларының төмендеуіне айтарлықтай әсер еткен.

Сондай-ақ оның сөзінше, халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстанға келген шетелдік азаматтар теріс ПТР сертификаттарының орнына ұсынылған басқа елдердің паспорттарын/вакциналау сертификаттарын тану мәселесі қарастырылуда.

Министр ағымдағы жылдың 27-28 мамырында Түркістан қаласында "Ұлы Жібек жолы – ұлы мұра" туристік форумы өткенін айтып өтті. Форумға қатысушылар шекаралық маршруттар саласында бірыңғай даму стандарттарын талқылаған. Соның ішінде, Қазақстан және өзбек туроператорлары арасында жаңа туристік өнімдерді қалыптастыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған.

«Oның нәтижесінде, студенттер мен профессорлық-оқытушылық құраммен алмасу бойынша екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға, сондай-ақ бірлескен оқу бағдарламаларын дамытуға болады»,- деді ол.

Цифрландыру

Оның сөзінше, пандемия саланы цифрландырудың маңыздылығын көрсеткен. 2020 жылы қолданыстағы цифрлық платформаларды жетілдіру және жаңаларын құру бойынша белсенді жұмыс жүргізілген.

Соның ішінде көші-қон режимін одан әрі жеңілдету мақсатында келетін туристер үшін «E-Qonaq» жүйесі әзірленген. Ол платформа арқылы шетелдік азаматтар қонақ үйге орналасу кезінде көші-қон органдарында автоматты түрде тіркеуден өтеді.

«Қазіргі таңда пилоттық режимде еліміздің 350-ден астам қонақ үйінде (4,5 жұлдыз) орнатылды. Осы жылдың соңына дейін Қазақстан бойынша 600 қонақүйге енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл ретте аталған жүйе "ASHYQ" қосымшасымен интеграцияланады. Ол бизнес объектілеріне шектеу шараларына қарамастан жұмыс істеуге мүмкіндік береді және азаматтардың объектілерге тәуекелі жоғары ену жағдайларын болдырмайды»,- деді министр.

Саланы қолдау шаралары, жеңілдіктер

Министрдің дерегінше, туроператорлардың туризм бойынша жұмысын ынталандыру үшін халықаралық тәжірибе негізінде әрбір шетелдік турист үшін туроператорларды 15 000 теңге мөлшерінде субсидия төленеді. Ұсынылып отырған субсидиялау жүйесі туроператорларда шетелдік туристердің кемінде 5 күн болу мерзімімен пакеттік сатуды (тұратын жері, экскурсиялары, транспорт, тамақтануы) дамытуға ынталандыратын болады.

Оның айтуынша туристік инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде преференциялар беріледі. Бұл жобаларға кедендік баждардан, құнға салынатын салықтан және мүлік салығынан босату, сондай-ақ инвестициялық субсидиялар беру мүмкін болады.

Мынадай шаралар көзделген:

- ұлттық стандарттарға сәйкес жол бойындағы сервис объектілерін салу бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің шығындарын өтеу (10 %) ;

- санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстау шығындарын субсидиялау (83 300 тг);

- тау шаңғысы жабдықтарын сатып алу бойынша шығындарды өтеу (25%);

- туристік кластағы Көлік құралдарын сатып алу бойынша туроператорлар мен турагенттіктердің шығындарын өтеу (25%).

Сондай-ақ, ТОП-10 бағыт бойынша туристік бағыттардың бірыңғай каталогы әзірленген. Министрдің дерегінше, 173 санаториялық-курорттық объектілердің, оның ішінде постковид оңалту бағдарламалары бар 10 санаторийдің тізімі жасақталған. Халықаралық тәжірибе негізінде туристік қызметтерді бағалау стандарттарын бейімдеу жалғасуда (Қытай, Испания, Швейцария). Осы елдердің тәжірибесінде қонақ үйлерді, жолдарды, мұражайларды, экскурсоводтарды стандарттау тетігі жасалған.

Сондай-ақ, Ұлы Жібек жолы бағыты бойынша "қазіргі заманғы көшпенділердің Керуен – туризмі" экспедициясы ұйымдастырылған.

«Youtube-те Travel Kazakhstan арнасы іске қосылды. "KazakhTourism" ресми аккаунттарында және YouTube, Facebook, Instagram, Telegram-дағы өңірлік туристік ақпараттық орталықтарда орналастырылған ТОП-10 дестинация туралы 10 бейнеролик шығарылды, сондай-ақ ҚР шетелдегі елшіліктеріне және облыстық әкімдіктерге тарату жүргізілді»,- деп қорытындылады министр.

Барлық жаңалықтар