• Басты
  • Пандемия ауыл шаруашылығының дамуына қалай әсер етті
6 Қазан, 2020 18:47

Пандемия ауыл шаруашылығының дамуына қалай әсер етті

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында елдегі аграрлық сектордағы бірқатар мәселелерді журналистермен талқылады. Тамақ өнеркәсібі, бидай бағасын тұрақтандыру шаралары, аграрлық ғылымды дамытуға арналған амалдар мен құс тұмауы жайлы министрдің мәлімдемелерін Strategy2050.kz тілшісінің материалында

Пандемия ауыл шаруашылығының дамуына қалай әсер етті

Еліміздегі бидай өндірушілер мен трейдерлерге ішкі нарықта бидайдың бағасын тұрақты ұстауға және қолжетімді ету тапсырылды. Сапархан Омаровтың мәліметінше, қазірге дейін еліміздегі бидай алқабының 99,5 %-ы жиналды.

Жиналған бидайдың көлемі 20 млн тоннаны құрап отыр. Таза салмақтағы бидай көлемі – 18,5 млн тонна болады деп жоспарлап отырмыз. Экспорттық әлеует – 7-8 млн тоннаны құрамақ. Биыл Қазақстанда да, Ресейде де бидай жақсы шықты. Бидайды шетелге шығаруда кедергілерге жол бермеуге тырысамыз, шектеулер де енгізілмейді. Сонымен қатар мен өзіміздің елдегі тауар өндірушілер мен трейдерлерден ішкі нарықта бидай бағасын көтермеуді сұрағым келеді. Себебі ішкі нарықтағы бағаның өсіп кетуі, біріншіден ел экономикасына кері әсер етеді. Бидай бағасының өсуі ұн бағасының шарықтауына әкеледі. Және тағы бір кемшілік, әлемдік нарықта біздің бидайымыздың бәсекеге қабілеттілігін төмендетуі мүмкін, - деді ол.

Бидайдан бөлек мал шаруашылығы да сөз болды. Қазақстандық фермерлер жыл басынан бері «Сыбаға» бағдарламасы аясында шетелден 11 639 бас ірі қараны сатып алып келгенін «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ербол Қарашөкеев айтты.

Өткен жылы тауар өндірушілер 63 мың ірі қараны шетелден әкелген еді. Биыл пандемияға сәйкес, шетелмен байланыс орнатуда бірқатар шектеу шаралары болып, шетелден ірі қара сатып әкелу ісі баяу жүрді, - деді «ҚазАгро» басшысы.

Сапархан Омаров ауыл шаруашылығы жерлерін игеру туралы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, жерді мақсатты түрде пайдалану мен қорғауды мемлекеттік тұрғыда бақылауға алынады. Осыған сәйкес Заң жобасы қаралып жатыр.

Дайындалып жатқан Заң бойынша, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін тексеру кезеңдері мен алып қою мерзімдерін қысқарту қарастырылмақ. Мерзімі бұрын екі жыл болса, енді бір жылға қысқартылмақ. Арнайы мониторинг нәтижесі көрсеткендей, байланыссыз бақылау процесін автоматтандыруды, тексерілетін объектіні мәтіндік хабарламалар арқылы ұялы байланыс арналарымен хабардар ету рәсімін автоматтандыру қолға алынады, - деді ауыл шаруашылығы министрі.

Ауыл шаруашылығы министрлігі цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірге халыққа қолжетімді болатын тиімді мемлекеттік электрондық жер кадастрын енгізу жұмыстарын бастап кетті. 2023 жылы қазақстандықтар жерді электронды түрде ашық бөлу арқылы жерге ие бола алады. Бұл жоба жер бөлуде сыбайлас жемқорлықты және қажетсіз бюрократияның болдырмауына жол бермейді. Демек, жер учаскелерін бөлу рәсімі әділ әрі ашық түрде өтетін болады.

Аграрлық ғылымды дамыту және маман даярлау бағыты бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы минстрлігі жоспар құрып, нақты шаралар жасап жатыр. Министрдің айтуынша, қазір дүние жүзінде фермерлердің көбісі жоғары білім алмаған. Соның салдарынан аграрлық сектордың ғылым ретінде дамуы кенжелеп барады.

Бұл ахуалды мәселе болып табылады. Бұл мәселені шешу үшін республикамызда агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін білім тарату бойынша қызмет көрсету тәсілдемелері қайта қаралды. Осы мақсатта Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы еншілес ұйымдарының құрылымы өзгерді. Қазір орталықты халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес келтіру, бизнестің қажеттілігіне бағдарлау жұмыстары жүргізілуде. Ғылыми-зерттеу институттарының, тәжірибелік станциялардың, тәжірибелік-өндірістік шаруашылықтардың базасында 22 білім тарату орталығы құрылды. Сондай-ақ тұрақты жұмыс істейтін консультациялық орталықтар ұйымдастырылады. Аграрлық ғылымға бөлінетін қаражаттың жеткілікті болуы қамтамасыз етіледі. Мысалы, биыл Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша алдағы 3 жылға 50,4 млрд теңге сомасындағы жалпы қаржыландыру көлемін мақұлдаған. Бұл алдыңғы үш жылдық кезеңмен (21,7 млрд. теңге) салыстырғанда 2,3 есе көп. Бұл қаражатқа зерттеудің 10 басым бағыты (өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, ветеринария, ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу және басқа) бойынша 36 ғылыми-техникалық бағдарлама әзірлеу жоспарланған. «Бизнестің отандық ғылыми зерттеулерге деген сұранысын қамтамасыз ету, кәсіби кадр тапшылығы проблемасын шешу үшін барлық қажетті нормативтік-құқықтық негіз жасалды. Мысалы, екі ірі аграрлық жоғарғы оқу орны – Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті зерттеу университеті мәртебесіне ие болды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, - деді ол.

Сапархан Омаров Қазақстанның ішкі нарығында тамақ өнеркәсібін дамытуға басты назар аударылу керектігін айтты. Азық-түлік тауарларының 6 түріне өндірісті ұлғайту жоспарланған.

Қазір 2021-2026 жылдарға арналған агроөнеркәсіпті дамыту туралы Ұлттық жоба әзірленіп жатыр. Жоба ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтуды көздейді. 2023 жылы ішкі нарықты негізгі тамақ өнімдерімен толықтай қамтуға мүмкіндік беретін әдіс-тәсілдер көрсетілген. Үкімет отырысында Жоба туралы айтылды. Премьер-Министрдің ішкі нарықта азық-түлік өнімдерін көбейту мен бағаны қымбаттатпауды тапсырған. Сол тапсырманың орындалуы үшін осы жоба әзірленді, - деді Сапархан Омаров.

Оның айтуынша, бұл жоба ауылдардағы 1 млн тұрғынның табысын, сондай-ақ еңбек өнімділігін 2,5 есе арттырып, өңделген агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын 2 есеге ұлғайтуға бағытталған. Жобаны жүзеге асыру үшін жер қатынастары, аграрлық ғылымды дамыту, қаржыландыру, цифрландыру, ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ шикізаттың ғана емес, оның өңделген өнімдерінің де экспорттық әлеуетін дамыту мәселелері пысықталады. Жоба бойынша жұмыс жүргізетін жұмысшы тобы құрылып, оның құрамына«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, салалық қауымдастықтар мен одақтардың, аграрлық ғылымның өкілдері, сондай-ақ облыстар әкімдерінің орынбасарлары жұмылдырылған.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров құс тұмауынан зардап шеккен шаруашылық иелеріне өтемақы төлеу мәселесі туралы журналист сұрағына жауап берді. Айтуынша, құс тұмауының таралуы тоқтаған.  Республика бойынша 593 бас құс қырылған.

Құс тұмауы еліміздің екі құс фабрикасында анықталды. Басқа фабрикаларда құстың жұқпалы дерті тіркелген жоқ. Жеке шаруа қожалықтарында құс тұмауы болмаған. Құс тұмауының ошағы болған Қостанай, Жамбыл, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында құс басының қырылуы тоқтады. Осы кеселден зардап шеккен фабрикалар мен шаруа қожалықтарының есебі шығарылып, өтемақы төлеу үшін құжаттар рәсімделіп жатыр. Мемлекет өтемақы төлеуге бюджеттен қаражат бөлді. Бұған әр өңірде арнайы жұмыс тобы құрылды, - деп жауап берді министр.

 

Барлық жаңалықтар