• Басты
  • Пандемияға 1 жыл: Қазақстанның денсаулық сақтау саласы өзгерді - дәрігер

Пандемияға 1 жыл: Қазақстанның денсаулық сақтау саласы өзгерді - дәрігер

17 Наурыз, 2021 15:11

Коронавирус пандемиясының Қазақстанда басталғанына бір жыл толуына орай Strategy2050.kz тілшісі дәрігерлермен сұхбаттасты. Нұр-Сұлтан қаласының №3 көпбейінді қалалық ауруханасының дермотология блогінің тері-таз бөлімінің медбикесі Атамбаева Манзира Даниярбекқызы жұмыстағы қазіргі ахуал туралы айтып берді.


Манзура Даниярбекқызы, пандемияның басталғанына бір жыл толды. Қазақстанның медицина саласы осы жылда қалай өзгерді?

Иә, 2020 жылы 13 наурызда Қазақстанда алғаш рет коронавирус жұқтырған науқас тіркелген болатын. 16 наурыздан бастап елде төтенше жағдай жарияланды. Осы бір жылдың ішінде медицина саласында көптеген өзгерістер болды. Дамудың жаңа кезеңіне өттік деп айтсам да болады. Әрине, осындай эпидемия жағдайында дамуы өкінішті. Бірақ, тек Қазақстан емес, өзге мемлекеттер де мұндай ауқымды пандемияға дайын болмады. Біздің жұмыста көптеген өзгеріс болды. Медициналық киіміміз қорғаныш костюмдерге ауысты. Оған да үйрендік. Пациенттерді үш топқа бөліп емдейтін болдық, жаңа протоколдармен таныстық, жаңа вакцинаны меңгеріп жатырмыз. Науқастарға қашықтан косультация беру сияқты бұрын-соңды болмаған қызмет түрлерімен айналысып жатырмыз.

Дәрігерлер қандай қиындықтарды көрді?

Вирустың жаңа түрі болғандықтан, дәрігердер қандай ем-шара қолданатынын білмеді. Вирус зерттеліп үлгермей жатып, адамдар қатты ауырып, қайтыс болып жатты. Протоколдар өзгере берді. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін білмей де қиналды. Медицина кадрларының тапшылығынан дәрігерлердің демалыссыз жұмыс істеп, өз жақындарын, балаларын айлап көрмеген кездерін қиындық деп айтуға болады.

Ол қиындықтар артта қалды деп айтуға бола ма?

Жағдай әлі толық түзелген жоқ. Жаздағы жағдаймен салыстырғанда, әрине, қазір біз демалысқа шығып тұрамыз. Күніне 300 адамнан түсіп жатқан жоқ. Салыстырмалы түрде айтсақ, ең қиыны артта қалған сияқты.

Коронавируспен ауырған адамның терісінде өзгерістер болуы мүмкін бе? Дерматолог ретінде қандай кеңес бере аласыз?

Кез келген инфекция ағзаның бәрін зақымдайды. Вирус ағзаға енгеннен кейін жалпы иммунитетке әсер етіп, оны төмендетеді. Науқастардың басым бөлігінде тері өзгерістері байқалмауы мүмкін. Алайда, иммунитет қатты түскенде, тері құрғап, герпес шыққан жағдайлар орын алды.

Қалыпты өмірге толық оралуымыз туралы қандай болжам бар?

Қалыпты өмірге бірте-бірте келе жатырмыз. Бірақ маскалы режим әлі бірнеше жыл сақталатын сияқты. Жер бетінің халқы түгел коронаврусқа қарсы екпе салдырса, қалыпты өмір толығымен оралады.

Неге қазақстандықтар вакцинацияға әлі сенбей жатыр?

Қазіргі уақыт – ақпараттар шайқасы кезеңі. Ғаламторда вакцина жайлы түрлі ақпарат тараған. Тек ресми тараған, медицина мамандары айтқан ақпаратқа сену керек. Сонымен қатар вирус мутацияға ұшырап, түрін өзгертеді деген пікір қалыптасқан. Осындай себептерден халық вакцинаға қарсы. Десе де, біз күн сайын екпе кабинеттеріне келген ерікті түрде вакцина салушыларды көріп жүрміз. 

Пандемия кезінде Үкімет қабылдаған пандемияға қарсы шаралар қандай нәтиже берді деп ойлайсыз?

Үкімет тарапынан қабылданған шаралар карантин режимінің енгізілуі, вирус жайлы ақпараттардың көп таралуы, дезинфекция жұмыстары. Қазіргі таңда ауру таралу жағдайының тұрақтылық деңгейге өтуі осын шаралардың арқасында. Еуропада әлі эпидахуал күрделі. Короновируспен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне жаңа әлеуметтік пакет бекітіліп, үстемақылар берілді. Бұл біз үшін еңбектің еленуі әрі мотивация болды.

Манзура Даниярбекқызы, сұхбаттасқаныңызға рақмет! Денсаулық тілеймін.


Барлық жаңалықтар