• Басты
  • Павлодар облысындағы ШОБ-ты қолдау шаралары мен әлеуметтік-экономикалық ахуал

Павлодар облысындағы ШОБ-ты қолдау шаралары мен әлеуметтік-экономикалық ахуал

26 Қараша, 2020 13:23

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов жолдауда көрсетілген тапсырмалардың өңірде қаншалықты орындалып жатқандығы жөнінде баян етті. Сонымен қоса, аймақтағы эпиджағдай, инвестиция, жол, ауыз су мен тұрғын үй мәселелеріне қатысты жоспарымен бөлісті. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Өңірдегі эпиджағдай

Павлодар облысының әкімі аймақ COVID-19 бойынша қызыл аймақта тұрғандықтан, өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға тоқталды. Оның мәліметінше, айдың басында өңірдің қызыл аймаққа алғаш рет енуіне шетелден келген науқастардың да ықпалы болған.

«Облысымыз Ресейдің коронавирус жайлаған үш аймағымен шектеседі. Қазан айының басынан осы бағыттағы шекаралық бекеттер арқылы бізге 33 768 адам кірді. Қараша айында енгізілген қосымша шектеулер Ресейден келетін адамдар легін, сәйкесінше коронавирустың осы жақтан тасымалдану фактілерін едәуір азайтты», - деді облыс басшысы.

Ал қазір, оның сөзінше, коронавирусты жұқтыру фактілері өңірде көбейе түскен. Дегенмен, денсаулық сақтау жүйесінің материалдық-техникалық және кадрлық базасын әлдеқайда нығайтқанның арқасында жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік бар. Осы орайда, ауруханалардағы жалпы төсек қоры мен жансақтау бөлімдеріндегі орындар көбейтілген, стационарлар барынша жабдықталған.

«Оттегі нүктелерінің санын алты есе ұлғайттық. Дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті. Медициналық қызметкерлер резервінде 600 адам бар», - деді өңір басшысы.

Аймақ басшысының айтуынша, коронавирусты анықтау да, онымен күресу де оңай емес. Дегенмен, денсаулық саласын нығайту кезінде өзге науқастардың да жағдайы ескерілген.

«Осы жылы жедел жәрдем станциясының автопаркі жыл соңына дейін 100 пайыз жанартылады. Соның арқасында жедел жәрдемнің келу уақыты 7 минутқа дейін қысқарды. Айта кетейін, мұндай жағдай станция тарихында алғаш рет болып отыр. Мұндағы бұрынғы көліктердің әбден тозығы жеткен», - деді Әбілқайыр Сқақов.

Сонымен қоса, ол модульдік инфекциялық аурухана салынғанын, қазіргі таңда жұмысын бастағанын атап өтті. Сондай-ақ, облыстық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімі және Павлодар ауруханаларының бірінің қабылдау бөлімі салынып жатыр. Бұдан бөлек, инсульт орталығын құрылуда, қабылдау бөлімінде де, инсульт орталығында да өздерінің жан сақтау бөлімдері болмақ.

Инфрақұрылым: жол, ауыз су, тұрғын үй

«Биыл 1000 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті. Оның бестен бір бөлігі бұрын-соңды асфальт болмаған жолдар. Сонымен қатар, 205 мың ауыл тұрғыны таза ауыз сумен қамтылады. Жаңа салынып немесе күрделі жөндеуден өтіп жатқан әлеуметтік нысанның жалпы саны 200-ге жуық. Мектептер мен ауруханалардан өзге біз ауылдағы спорт алаңдарын да жаңарттық. Ал, жыл соңында жалпы көлемі 346 мың шаршы метр болатын баспана тапсыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде жалға берілетін пәтерлер саны былтырғыдан тоғыз есе көп», - деді облыс басшысы.

Әлеуметтік-экономикалық ахуал: өңдірістің дамуы

Бұдан бөлек облыс басшысы соңғы 10 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға тоқталды. Оның дерегінше, өндірістің даму қарқыны – 100,4 пайыз, ал өндірілген өнімнің жалпы құны 1,6 трлн теңгені құрайды.

«Тау-кен саласында мыс концентратының өндіріс қарқыны ерекше болды. Электр энергиясын өндіру 1,8 пайызға артты. Машина құрылысының даму қарқыны жаман емес. Мысалы, «Проммашкомплект» акционерлік қоғамы өткен жылмен салыстырғанда темір жол дөңгелектерін 4,4 есе көп шығарды. Сонымен қатар, ферросилиций және металл өндірісі де алдыңғы қатарда», - деді Әбілқайыр Сқақов.

Оның мәліметінше, жыл басынан бері Павлодар облысының экономикасына шамамен 368 миллиард теңге инвестиция тартылған.

ШОБ-ты қолдау шаралары

Сонымен қоса ол агроөнеркәсіп кешені, өндіріс сияқты басқа салаларда жағдай тұрақты болғанмен, карантин шаралары салдарынан өңірдің шағын және орта бизнесі зардап шеккенін атап өтті. Осы орайда, оның сөзінше, кәсіпкерлерді қолдау 3 бағытта жүзеге асуда.

-        жергілікті кәсірорындардың тапсырыс жүктемесін арттыру

-        мемлекеттік бағдарлама бойынша несие беру

-        жас кәсіпкерлерді қолдау

2021 жылға қойылған міндеттер

Бұдан басқа облыс басшысы өңірді, тұрғындардың жағдайын жақсарту үшін қолға алынатын шараларға тоқталды.

-        Облыс тұрғындарын жұмыспен қамту

«Бұл бағытта осы жылдың аяғына дейін 33 мыңнан астам адамды қамтысақ, алдағы жылы тағы 35 мың тұрғынды еңбекке тартамыз деген жоспарымыз бар», - деді ол.

-        Шағын және орта бизнесті қолдау және олардың өндірісін ұлғайту

«Осы жылы пандемия салдарынан тауарлардың импорты азайғаны белгілі, есесіне отандық өнімге сұраныс артты. Бұл шағын және орта бизнеске тапсырыс беруді арттырудың және импорттан тәуелді болмаудың мықты мүмкіндігі деп санаймын», - деді Әбілқайыр Сқақов.

-        Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға басымдық беру

«Бұлардың карантиннен кейін халықтың әл-ауқатын арттыру үшін ықпалы зор. «Жұмыспен қамтудың жол қартасы» аясында қолға алынатын жобалар тізімі дайын тұр. «Нұрлы жер» бойынша тұрғын үй саламыз, «Ауыл – ел бесігін» елдімекендерді абаттандыруға қолданамыз, ал «Бизнестің жол картасы» арқылы несие беру жалғасады. Бұдан бөлек, «Қарапайым заттар экономикасы» сияқты басқа бағдарламалардың мүмкіндіктерін барынша пайдаланамыз», - деді облыс басшысы.

Барлық жаңалықтар