• Басты
  • Отбасы күні: Ақпарат министрі мен қоғам белсенділері ұлттық тәрбие туралы сөйлесті
11 Қыркүйек, 2020 18:05

Отбасы күні: Ақпарат министрі мен қоғам белсенділері ұлттық тәрбие туралы сөйлесті

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасындағы Отбасы күні аясында ұлттық тәрбие беру мен отбасы құндылықтарын нығайту мәселелері бойынша онлайн режимде дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның мақсаты - бала тәрбиесіндегі ата-ананың, мектептің және қоғамның рөлін анықтау және балаларға білім беру мен тәрбиенің өзекті мәселелеріне назар аудару. Жиында көтерілген ұлт болашағы үшін маңызды мәселелердің бәрі Strategy2050.kz тілшісінің материалында.


Отбасы күні: Ақпарат министрі мен қоғам белсенділері ұлттық тәрбие туралы сөйлесті

Аида Балаева: отбасылық құндылықтың жаңа заманға сай үлгісін жасау – басты мақсатымыз

 ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева өзінің баяндамасын Президент Жолдауында аталған «Жауапты мемлекет, жауапты қоғам, жауапты адам» ұстанымдарын түсіндіруден бастады.

Мұның түбінде қоғамдық тәрбие ұғымы жатыр. Біз бұл үш бағыт бойынша жұмыс топтарын құрдық. Жұмыс топтары отбасы институтын нығайту, балаларды қолдау мен гендерлік теңдікті ілгерілету бағытында нақты ұстанымдарды дайындап жатыр. Министрліктің жанында отбасы институтын зерттеу орталығы құрылды. Орталық көпбалалы отбасыларды қолдау, демократиялық саясат мәселелері бойынша нақты зерттеулерді жүргізуді мақсат еткен. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да бірқатар шаруа жүзеге асырылып отыр. Солардың ішінде әсіресе, дәстүр мен ғұрып, ұлттық тәрбие бағытындағы жобаларды ерекше атап айтқым келеді. Бұл жобалардың барлығы отбасылық тәрбие, жалпыхалықтық рухани құндылықтарды, ұлттық салт-дәстүрді насихаттап, ұлтаралық қарым-қатынас пен толеранттықты нығайтуға бағытталған», - деді Аида Балаева.

Жиынға модераторлық еткен Оразгүл Асанғазы баланысқа шыққан мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, педагогтар, қоғам қайраткерлері, ғылыми қоғамдастықтың өкілдеріне рет-ретімен сөз берді.

 Советхан Ғаббасов: Халықтың бақыты – ұрпақта, адамның бақыты – балада

Жиынға қатысқан профессор, жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы Советхан Ғаббасов отбасы институтын дамытуға қатысты құнды пікір айтты, нақты ұсыныс тастады.

Адамзат ұрпаққа тәлім-тәрбиеден басқа ештеңе бере алмайды. Ұлттық идеология жасалмай, мемлекет болмаймыз. Ұлттық идеологиясы жоқ мемлекет мұхитта жүзіп жүрген ескегі жоқ қайық сияқты. Оның соғылар жері – жағадағы жартас. Міне қазір ұрпағымызбен осы жартасқа соғылып жатқан халықтың біріміз. Мен мұны Назарбаевқа да талай айттым. Қазақ білім беру мекемелерінде педагогикадан методология жоқ, тәрбе беру жүйесі жоқ. Мен екі сатылы методология атты әдістемелік жинағымды ұсындым. Қоғамды жөндеп, адамды түзеу үшін ұлттың идеологиясына мән беру керек. Үш жүз жылдық бодандық пен 70 жылдық атеистік қоғамнан өткендіктен, біздің ұлттық идеологиямыз ақсап тұр. Жөндейтін уақыт келді. Ұлттық идеология жасалмай ұлттық мәселелерді шешу мүмкін емес, - деді ол.

Профессор жүрек тәрбиесі мен ақыл тәрбиесі деген ұғымдарға тоқталды. 

Ұрпақты тәрбиелеу ананың құрсағынан басталады. Біз тәрбие, педагогика туралы білімді шеттен іздейміз. Балаларымызға қазақтың тәрбиесі ғана сіңімді. Әрі қарай туғаннан кейін 10 күн, 40 күн, үш айлық, 6 айлық, 1 жас кезеңде ерекшеліктерге қарай сананы қалай жетілдіру керек. Балбөбек, сәби, балиғат, кәмелет кездегі тәрбиенің ерекшеліктерін ескеріп тәрбие беру маңызды. Халықтың байлығы да, тілегі де – ұрпағы. Ұрпақ тәрбиесіне қазір қазақ қана емес, бүкіл әлем халқы баса назар аударып отыр. Адамзатты тән-тәрбиесінен басқа ұрпаққа ештеңе бере алмай тұр. Адамның мәні жанында, - деп түйіндеді.

 Аягүл Миразова: Қазақ мектебі бар, орыс мектебі бар, бірақ "ұлттық мектеп" жоқ

Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Аягүл Миразова мектептердегі тіл мәселесін көтерді.

 Мемлекет басшысы Қасым-жомарт Тоқаев Білім күні халыққа ерекше ой салып, Қазақстан халқына Жолдау жариялады. Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға арналған тарауында адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отырғанын жеткізді.

Сондай-ақ, академик қазақ балаларын қазақша тәрбиелеу туралы айтты.

Қазақ балаларын тәрбиелеуде ұлттың ойшылдарының тағылымын басшылыққа алуымыз керек. Батыстың бізге жақсысымен бірге жаманы да еніп кетті. Сондықтан да, білімнен бұрын - тәрбие тұруы керек. Тәрбиесіз берген білімнің пайдасы жоқ, Жаңа Жолдауда «ұлттың сапасын анықтайтын құндылықтар ретінде білім, еңбек, кәсіп, темірдей тәртіп, жауапкершілік, әділдік, тиянақтылық, ұқыптылық делінді. Осының бәрі отбасыдан басталып, балабақша мен мектепте шыңдалатын қасиеттер. Өзім 25 жыл директор болдым. Қазір бізде қазақ және орыс мектептері бар. Бұрын ұлттық мектеп дегенді көп айта алмадық. Енді қазір айтатын кез келді. Сонда да ұлттық мектеп әлі жоқ. Сонымен қатар балалардың көрмейтіні жоқ. Қазір мемлекеттік емес телеарналар не болса, соны көрсетіп жатыр. Балалардың санасының улануына телеарналардың әсері зор. Балалар арасында құқық бұзушылық көп. Балаларды тәрбиелейтін тек отбасы емес, сонымен қатар мектеп, теледидар, қоғам. Балалар ағылшын мәнерінде сөйлеуді әдетке айналдырған. Президент Жолдауда айтқандай, шет тілін мектепте оқытуды сәлі ілгерілету керек. Ағылшын тілі пәні 5-сыныптан басталу керек», - деді ол.

 Екі спикердің сөзінен кейін модератор Оразгүл Асанғазы аралас мектептерді қазақ мектебіне ауыстыру туралы ұсыныс тастады.

Советхан ағаның педагогика жайлы еңбегін оқыдым. Бізге сырттан келген білім қонбайды. Советхан ағадай кісіні қайдан табамыз? Барымызды барында бағалай білуіміз қажет, - деп О.Асанғазы министрліктен Ғаббасовтың кітабының кең таралуына атсалысуды сұрады.

Сонымен қатар Қазақстанда қазақ мектептерінің көбеюін ашық сынға алды.

Кеңес Одағының саясаты, елдің әр бұрышынан орысша мектептер ашып тастады. Әр кеңестік азаматқа орысша сөйлеу міндетті болды. Соның әсері әлі тарқамады. 30 жылдық тәуелсіздігі бар Қазақстанда әлі өзге тілде сөйлейтін қазақтар көп. Министрлік осы мәселені ескеріп, орыс мектептерін аралас мектепке, аралас мектептерді таза қазақ тілінде білім беретін мектепке теза арада ауыстыру қажет, - деді Оразгүл Асанғазы.

 Қапалбек Бижомарт: Тіл мәдениеттен де, ақпараттан да, тарихтан да үлкен

 Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры Қапалбек Бижомарттың айтуынша, балалардың тәрбиесіне назар аудармасақ, олар шығыс пен батысқа қарай домалайды.

Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болады?! Бұл Ахмет Байтұрсыновтың сөзі. Ұлттық тарих, мәдениет , әдебиет, бәрі – тілдің ішінде. Тіл мәдениеттен де, ақпараттан да, тарихтан да үлкен. Тіл – осылардың ыдысы. Баяғыда әкелер институты, әжелер институты болған. Қазір жоқ! Дәстүрлі тәрбие көзі бар, бірақ әлсіз. Бала тәрбиесінде мектептің орны ерекше. 6 жастан 17 жасқа дейін адам өмірінің көп бөлініе мектепте өткізеді. Бастауыш мектеп суық қолдан, сұмдық пікірден тыныш болу керек. Байтұрсыновтың педагогикалық ілімінде бастауыш сыныпқа мына пәндер енген: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрапия, шаруа-кәсіп, жаратылыс жайлы. Осы пәндер негізінде тек ана тілінде білім берсек, бала тереңдейді. Ұлттық тәрбие мен білім беру осы кезде басталады, - деді спикер.

  Майра Құрманбаева: Карантин баланың тәрбиесі мен білімін ата-ананың мойнына жүктеді

Педагогика ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері Майра Құрманбаева балалар фальклоры, қазақтың отбасылық фальклоры туралы айтты.

Әлем халықтарының халықтық педагогикасын зерттеп жүрмін. Қазақ халқы отбасындағы тәрбиеге ерекше көңіл бөлген халық. Сол отбасының тамырын құртқан капитализм. Баланың тәрбиесін бала бақша мен мектепке артып қойдық. Карантин келіп, бәрін өз орнына қойып берді. Баланың денсаулығы, тәрбиесі, оқуы бәрі ата ананың мойнында, - деді.

Құрманбаеваның айтуынша, баланың ақылды парасатты болып өсуі ата-ананың мейіріміне байланысты.

Тәрбие дегеніміз араб тілінен аударғанда «өсіру», «жетлдіру» деген ұғымды білдіреді. Әке-шеше баланы өмірге әкелумен шектелмеу керек, баланы дамыту, оған тәрбие беру маңызды. Тәрбие – мінез-құлықтың іргетасы. Кез келген дарынды тұлғаның тәрбиесіналып қарайықшы. Ұлы ойшыл Абайды бесікте жатқан кезінен бастап анасы Ұлжан халық ауыз әдебиетімен сусындатып өсірді. Есейген шағында «алдымен әкеңе сәлем бер» деп тәрбие берді. Ұлы ғұлама Шоқан әжесі Айғанымның тәрбиесін көрді. Ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовты анасы Естайдың Қорланға айтқан әнімен ғана ұйқтатқан. Сол әнді Шәмші өмір бойы жақсы көрген. Оның музыкаға қабілетін ашқан да анасының әні болса керек. Сондықтан ата-ананың мейіріміне қанық болып өскен бала жақсы мінез-құлықпен өседі. Ұлтқа қызмет ететін білімді адам емес, мінез-құлқы жақсы, ұлттық тәрбие көрген азаматтар, - деді ол.

 «Балалар көркем әдебиет оқымайды, өйткені мектеп кітапханасында кітап жоқ»

Оқулық - оқушыны уыздандыратын құрал. Оқулықтарда ұлттық құндылықтарға мән берілу керек. Тәрбиенің ошағы – мектеп кітапханалары. Өткен жылы мектептерде 88 дана көркем әдебиет сатып алыныпты. 200 млн экземпляр кітап болса, оның басым бөлігі пән оқулықтары. Мектеп кітапханаларын трансформациялау керек. Балалар оқымайды дейміз. Қайдан оқиды? Мектепте кітап жоқ. Үкімет тапсырмасы бойынша 2500 балалар кітаптарының алтын қоры жасалды. Әдебиет және өнер институтында жоба дайындалып жатыр. Абай айтқандай, артық білім – кітапта. Сингапурда 5 қабатты кітап дүкен бар. Біздің елде кітапханаларды жаңарту керек, оларға тиісті мән берілу керек деді, - Білім және ғылым министрлігінің өкілі.

 Белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев та аралас мектептердің орнын таза қазақ мектептерімен ауыстыруды айтты. Мұның бәрі мемлекеттік деңгейде Заң аясында әрекет арқылы жүзеге асуы тиіс деп есептейді. Бала тәрбиесі баба тілін білумен байланысты.

Жиын қатысушысы «Балапан» арнасының басшысы Мақпал Жұматай балаларға арналған қазақ тіліндегі анимацияның рөлі туралы айтты.

Біз қазақтың ұлттық қаһармандарын жасадық. Қазір «Балапан» көретін әр бүлдіршін Әли мен Аяны біледі. Қазір біз батырлар жырын да анимациялап жатырмыз. Енді кішкентай көрермендеріміз Алпамыс батыр, Қобыланды батырды мультфильм арқылы көреді. Қазіргі таңда елімізде балаларға арналған контент өндіретін телеарна жоқ. Біз 0 жастан 8 жасқа дейінгі балалар үшін таза қазақ тілінде жобалар жасап жатырмыз деді, - арна басшысы.

Шараға қатысқан ұлт белсенділерінің пікірін министр Аида Балаева ескеріп, өзіне жазып алды. Енді нақты жұмыс басталады. «Балдырған» журналының әлеуетін көтеру, Білім министрлігімен аралас мектептерді ауыстыруды талқылау , неке қию орталықтарында отбасы мен тәрбие жайлы тренингтер өткізу сияқты ұсыныстарды министр ханым назарына алды.

   Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар