• Басты
  • «OTAUFEST» фестивалі: Жеңімпаз атанған жас отбасы әсерімен бөлісті

«OTAUFEST» фестивалі: Жеңімпаз атанған жас отбасы әсерімен бөлісті

16 Қыркүйек, 2020 19:55

«OTAUFEST» фестивалінің жеңімпаздары атанған алматылық жас отбасы Қазеновтер Strategy2050.kz тілшісіне берген сұхбатында өз әсерлерімен бөлісіп, «Бақытты отбасы» ұғымын қалай түсінетіндерін жеткізді.


 «OTAUFEST» отбасылық фестивалі аяқталды. Жоба толықтай онлайн форматта өтті және 5000-нан астам қазақстандықтар қатысты. Қатысушылар пайдалы онлайн шеберлік сабақтарда түрлі дәрістер алды, өз отбасыларын таныстыру бойынша бейнероликтерін көрсетті. Қазақстанда тұратын отбасылар бір-біріне ұқсамайтын, жан-жақты, талантты екеніне көз жеткізуге болады.

Ауқымды жобаны «Жастар арасында отбасылық құндылықтарды нығайту жөніндегі іс-шаралар кешені» жобасы аясында «Бопе» отбасы және неке институтын жаңғырту қоғамдық қоры» және «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» Қоғамдық қоры жүзеге асырды. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де қолдау білдіргенін де айта кеткен жөн.

«Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ Президенті Маргарита Ускембаеваның айтуынша,түрлі тақырыпты қамтыған психологиялық тренингтерді ҚР Президенті жанындағы Әйел істері және демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия өкілдері келіп өткізді.  Жастар "неке" ұғымының түсінігін, некеге тұру кезіне ескерілетін жайттар туралы құнды ақпараттар алды. 

14 өңірден және республикалық маңызы бар 3 қаладан 51 отбасы жалпы сомасы 5 миллион 100 мың теңгеге сыйлық сертификаттарымен марапатталды. Сыйлыққа барлық қатысушы лайық. Таңдау жасау оңай болмады. Мен жас отбасылардың харизмаларына, бір-біріне деген құрметі мен махаббатына, ойларын еркін жеткізгендерін зор ықыласпен тамашалап, ерекше ләззат алдым, - деді Маргарита Өскембаева.
Фестиваль жеңімпазы атанған Қазеновтер отбасы Strategy2050.kz тілшісіне берген сұхбатта фестивальден алған әсерлерімен бөлісті. Қазенов Тілек пен Нұрмахан Мөлдір – Алматыда өмір сүретін жас отбасы. Олардың Ерсін атты ұлды өсіріп отыр.

Құрметті, Тілек, Мөлдір. Сіздерді жеңімпаз атануларыңызбен құттықтаймын. Сіздер «OTAUфест» жобасына қалай келдіңіздер? Жалпы өздеріңізді таныстырып өтсеңіздер.

Мөлдір: Біз әлеуметтік желіде белсендіміз. Инстаграмнан фестиваль туралы көріп қалдық. Абысыным маған осы фестивальге қатысу туралы ұсыныс айтты. Мен әрине қабыл алып, дереу іске көштім. Алғашқы кезең бойынша, отбасымыз туралы шағын бейнекөрініс дайындауымыз керек болған. Бейнероликті жасап, фестиваль әкімшілігіне жібердік. Бірінші кезеңнен осылайша өттік. Біз дәрігерлер отбасымыз. Мен отбасылық дәрігермін, ал жолдасым – офтальмолог.

Қалай танысып едіңіздер?

Мөлдір: Біз 7 жыл бойы бір университетте оқыдық. Ол – С. Асфендияров атындағы Алматы медициналық университеті. Сол университет қабырғасында таныстық, таныстығымыз достыққа ұласты, кейін махаббатқа, сөйтіп отбасын құрдық. Қазір Ерсін атты бөпенің ата-анасымыз. Жолдасымның маған үйлену туралы ұсынысы да елдің алдында болған еді. 2017 жылы қысқы Азия ойындарына екеумізге билет алып, ойын көруге апарды. Бір кезде бір қолында микрофон, бір қолында гүл келіп, дүйім жұрттың алдында маған үйлену жайлы ұсыныс жасады. Мен әрине «иә» дедім. Отырған жұртшылық бізді қолдап, қол соғып, айғайлап құттықтады.

"Отауфест" сіздерге қандай әсер қалдырды?

Мөлдір: Шынымды айтсам, жобадан алғаным өте көп. Мұнда бала тәрбиесі, баланың тамақтануы, отбасылық бюджетті жоспарлау туралы құнды кеңестерден тұратын әр түрлі шеберлік сағаттар болды. Жас отбасылар көбіне осындай нәрселерді біле бермейді. Менің білетінімнен білмейтінім көп екен. Білім алудың ерте-кеші жоқ. Мен «Отауфесттен» осыншама құнды білім алам деп ойламадым. Осы орайда ұйымдастырушыларға ерекше алғыс білдіргім келеді.

Жеңіске қалай жеттіңіздер?

Тілек: Жобаның бағдарламасы бойынша барлық тапсырманы орындадық. Барымызды салдық. Әр аймақтан бірнеше отбасы жеңімпаз болып танылды. Жеңімпаздардың бәріне «Технодом» дүкеніне 100 000 теңгеллік сертификат берілді.

Сіздер үшін "бақытты отбасы" ұғымы нені білдіреді?

Мөлдір: Бақытты отбасы дегеніміз - күн сайынғы еңбек. Ерлі-зайыптылар күн сайын бүгін отбасымыз үшін не істей аламын, қалай бақытты етемін деп ойлану керек. Ата-анасы бақытты болса, балалар да бақытты. Жұбайлар бір-бірінің көңілін аулап, артық сөз айтпай, тату болса, бақытты отбасының іргетасы осылай күн сайынғы күйбең тіршіліктен қаланады деп білеміз.

Тілек: Жұбайыммен толық келісем. Сенім, түсіністік, татулық және махаббат – бұл бақытты отбасының формуласы. Осы формуламен жүрген отбасы бақытты деп ойлаймын.

Енді отау тіккен жас отбасыларға қандай кеңес айтасыздар?

Мөлдір: Біз де жас отбасымыз ғой. Бізді де алда не күтіп тұрғанын білмейміз. Өзімізге де кеңес керек. Осындай фестивальдер жас отбасылар үшін керемет мотивация. Ерлі-зайыптыларды жақындата түсетіндей.

Тілек: Отбасы болған соң, әр түрлі жағдай болады. Ең бастысы ашуға жол бермеу керек. Кез келген проблеманы ерлі-зайыптылар бірге шешуге тырысса, тату жандардың алмайтын қамалы жоқ. Отбасында түсіністік болса, балаға мейіріммен қарап, махаббат сезіліп тұрса, сонда ол отбасы берік болады. Әрбір үйленіп, үй болып жатқан отбасыларға тілейтініміз, осы – махаббат пен түсіністік.

Көп рақмет! Осындай бақытты әрі үлгілі отбасы болыңыздар!



Фото мен видео: қатысушының жеке архивінен
Барлық жаңалықтар