• Басты
  • Отандық құрылыс материалдары қанша пайызға қымбаттады

Отандық құрылыс материалдары қанша пайызға қымбаттады

7 Қыркүйек, 2021 09:49

Сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев бағаны төмендету және тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баян етті. Оның мәліметінше, ағымдағы жылғы қаңтар-тамыз аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары 9,9%-ға өскен болса, отандық құрылыс материалдары бағасының өсуі 25% - ды құраған. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағалары

Вице-министрдің мәлімдеуінше, ағымдағы жылғы қаңтар-тамыз аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағалар 9,9 %-ға өскен. Бұл 2020 жылғы өсу қарқынынан екі есе жоғары. Нәтижесінде, бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттер және үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша бағаларды төмендету туралы 60 хабарлама шығарылған.

«Оның ішінде 50 азық-түлік тауарларына бағаларды 5 %-дан 10 %-ға дейін төмендетті. Сондай-ақ, 8 тергеп-тексеру жұмыстары басталды»,- деді Ержан Қазанбаев.

Оның дерегінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсуінің апта сайынғы серпіні 0,6 %-дан 0,2 %-ға дейін төмендеген. Осы орайда, мемлекет басшысының көтерме сауда нарығына басты назар аудара отырып, азық - түлік тауарларының барлық бағалары бойынша делдалдық схемаларды тексеру туралы тапсырмасын орындау шеңберінде 13 тауарлық позиция бойынша жұмыс жүргізілуде.

Сауда желілер қызметі

Сонымен қатар, ол ритейл нарығын талдау шеңберінде сауда үстемеақысының негізділігін кешенді түрде тексерілуі басталғанын атап өтті. Мәселен, сауда желілерінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемеақысын 15 %-дан асырғандығы бойынша 25 факті анықталған. Осыған орай, жергілікті атқарушы органдарға жауапкершілікке тарту үшін материалдар жіберілген.

«Бағалық сөз байласу және үстем жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша 10 сауда желісіне қатысты шаралар қабылданды. Сауда желілеріне қатысты жұмыс жалғасуда»,- деді Ержан Қазанбаев.

Оның сөзінше, ең ірі республикалық желі «Магнум» өзіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15%-дан 10 %-ға дейін төмендету туралы міндеттеме алған.

Төмен бағада шикізат пен жемшөпке қаражат бөлу

Сондай-ақ, ол агенттік ай сайын қауымдастық өкілдерімен және азық-түлік тауарларының ірі өндірушілерімен кездесу өткізіп отырғанын айтып өтті.

«Кездесу барысында осы жылдың соңына дейін бағаларды өсіруге себептердің жоқ екендігі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, ал тауық жұмыртқасына бағалар маусымаралық кезеңнен кейін жыл басындағы деңгейде болады»,- деді ол.

Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен қайта өңдеушілер бірқатар мәселелерді шешуге көмек сұрауда. Осыған орай, бірінші кезекте бұл жаңа өнім үшін қолданыстағы төмен бағада шикізат пен жемшөпке қаражат бөлу, бұл жылдық шығындарын азайтады. Оның дерегінше, өндірушілер ұсынған деректер бойынша қажетті қаржыландырудың жалпы сомасы 212,3 млрд. теңгені құрайды .

Жанар-жағармай

Вице-министрдің мәлімдеуінше, АИ-92 маркалы бензинді сату нарығында тұрақтылық байқалады.

«Ірі желілердің сату бағасы 175 тг/л аспайды.Агенттік өңірлік бензин сатушыларға және "Petro retail", "Синоил" және "Гелиос" 3 ірі желілеріне 14 хабарлама жолдады. Барлық хабарламалар орындалды. Жалпы, республикада бензин бағасының төмендеуі орта есеппен 3% - ды құрады»,- деді ол.

Сондай-ақ, ол бүгінгі күні дизель отыны ірі желілердің сату бағасы 200 тг/л-ден аспайтынын атап өтті. Мәселен, агенттік өңірлік дизель отынын бөлшек саудада өткізушілерге 19 хабарлама және 4 ірі желіге: "Газпромнефть-Қазақстан" ЖШС, "Petro retail" ЖШС, "Синоил" ЖШС және "Гелиос"ЖШС шығарған.

«Барлық хабарламалар орындалды. Ағымдағы жылғы 1 шілдеден бастап дизель отынына акциз 540-тан 9 300 тг/т дейін өскенін атап өткен жөн, бұл бағаға орта есеппен литріне 8 теңгеге дейін әсерін тигізеді»,- деді Ержан Қазанбаев.

Тұрғын үй құрылысы

Оның айтуынша, бастапқы тұрғын үйге бағалар 3 %-дан - 0,4 %-ға дейін сондай-ақ қайталама тұрғын үйге 5 %- 1,1 %-ға дейін төмендегені байқалған. Хабарламаны орындау шеңберінде «РАМС-Казахстан» компаниялар тобы бағаларды Алматы қаласында бірқатар тұрғын үй кешенінен шаршы метр үшін 15%-ға немесе 90 мың теңгеге дейін, «BAZIS-A» компаниясы Алматы қаласында тұрғын үй кешендеріне шаршы метр үшін 20 мың теңгеге дейін, «BI Group» Нұр-Сұлтан қаласының 51 тұрғын үйінде бастапқы тұрғын үйге орта есеппен 8 %-ға, Алматы қ.- 11 %-ға, Шымкент қ. - 3 %-ға, Атырау қ. - 4 %-ға төмендеткенін атап өтті.

«Басқа құрылыс салушылар да хабарламаларды орындап, бағаларды орта есеппен 15-20%-ға төмендетті. Бағалардың төмендеу пайызы орта есеппен 9%-ды, төмендеу серпіні – шаршы метрге 10 000-ден 125 000 теңгеге дейін»,- деді Ержан Қазанбаев.

Сондай-ақ, ол құрылыс компанияларымен бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың нормаларын сақтау туралы 7 монополияға қарсы комплаенс актісі жасалғанын жеткізді.

Құрылыс материалдары

Оның мәліметінше, жыл басынан бері отандық құрылыс материалдары бағасының өсуі 25% - ды құраған. Осы орайда, құрылыс материалдары бағаларының өсу қарқыны сәуір - 10,9%-ға, мамыр - 3,4%%-ға, маусым - 4,2 %%-ға, шілде - 1,7 %-ға дейін өзгеру үрдісі байқалатынын атап өтті.

Оның сөзінше, құрылыс материалдары бағасының негізгі өсуі сыртқы нарықтардағы баға жағдайымен негізделген. Бұл өзгерістер арматура өсім 45%, кабель 20%, профлист 70%, шыны 35% құнына әсер еткен.

«Бағаның өсуінің негізінде электр энергиясына тарифтердің орташа - 12%-ға, жанар-жағармай - 15%-ға, энергетикалық көмірге-10%-ға, теміржол тасымалдарына - 18%-ға өсуі сияқты объективті факторлар бар, олар отандық өндірістің құрылыс материалдары бағасының өсуіне тікелей әсер етті»,- деді Ержан Қазанбаев.

Оның мәліметінше, құрылыс материалдарының өзіндік құнындағы осы шығындардың үлесі 15%-дан 30% - ға дейін құрайды. Сонымен қатар, құрылыс материалдары шығындарының құрылымында шаршы метрдің құнына әсер ететін негізгі топ кірпіш – 18%, темірбетон бұйымдары – 17%, металлургиялық конструкциялар мен бұйымдар – 10%, құрғақ қоспалар – 6%, бетон – 3%-ды құрайды. Оның айтуынша, бағаны көтерудің негізділігін қарау және сөз байласу белгілерін белгілеу мақсатында құрылыс материалдарының 25 түрі бойынша құрылыс материалдары нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізілуде. Мәселен, бұзушылық белгілерін жою және бағаны төмендету қажеттілігі туралы 75 хабарлама жолданған.

«Бүгінгі таңда 42 компания хабарламаны орындады, оның ішінде 35 компания бағаның төмендеуімен: арматураға – 25%, цементке – 10%, бетонға – 10%, полиэтиленді құбырларға – 6%, кабельге – 5-тен 14% - ға дейін, кірпішке - 3%. және 10 тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде»,- деді Ержан Қазанбаев.

Вице министрдің мәліметінше, монополияға қарсы бақылау шараларының нәтижесінде республика бойынша баға өсуінің ай сайынғы тренді маусым айындағы 4,2% - дан шілде айында 1,7% - ға дейін төмендетілген. Соның ішінде, цемент, кірпіш, қиыршық тас, бетон және темір бетон бұйымдарын өндірушілермен және жеткізушілермен 10 монополияға қарсы комплаенс жасалған.

Сондай-ақ, ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары жанар-жағармай және құрылыс материалдары нарықтарынан басқа, ұялы байланыс, интернет қызметтері, дәрілік заттар, медициналық бұйымдар, зертхана қызметтері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, домофондар, лифт, басқарушы компаниялар, биллингтік қызметтер нарықтары да екенін жеткізді. Оның сөзінше, төлем ұйымдары қызметтерінің бағаларын әсіресе коммуналдық қызметтерге, мемлекеттік монополиялар қызметтеріне, мемлекеттік және жекеше операторлардың қызметтеріне ақша аудару кезінде төмендету бойынша шаралар қабылданатын болады.

«Шағымдардың көптігіне байланысты барлық маңызды жұмыс істеп тұрған сауда алаңдары бағалық сөз байласу және сауда-саттыққа қол жеткізуді шектеу тұрғысынан тексеріледі.Осылайша, халық үшін барлық маңызды тауар нарықтарында бағаларды кешенді төмендету жұмыстары жалғастырылатын болады»,- деді Ержан Қазанбаев.

Барлық жаңалықтар