• Басты
  • Отандық QazVac вакцинасы қаншалықты тиімді

Отандық QazVac вакцинасы қаншалықты тиімді

14 Сәуір, 2021 13:02

Қазақстандық QazVac (QazCovid-in) вакцинасы клиникалық зерттеулердiң соңғы үшiншi кезеңiнен өтiп жатыр. Оған 3 мың ерiктi қатысып, вакцинаны 21 күндiк аралықпен 2 рет алды. Вакцина салдырған ерiктiлердiң қанында қажеттi қорғаныс антидене пайда болды. Бүгiнгi таңда ерiктiлердiң жағдайлары жақсы. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде QazVac қазақстандық вакцинасын клиникалық зерттеуден өткiзу барысы жөнiнде өткен баспасөз мәжiлiсiнде ҚР Бiлiм және ғылым вице-министрi Мирас Дәуленов айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тiлшiсi.

Вице-министрдiң айтуынша, зерттеулер QazVac-тың коронавирус инфекциясына қарсы жоғары иммуностимуляторлық белсендiлiгiн көрсеткен.

«Вакцина сенiмдi қорғанысты қамтамасыз етiп, гуморальды және жасушалық иммунитет қалыптастырады. Қазақстандық вакцина салдырған ерiктiлерде антиденелер титрiнiң өсуi байқалады. Атап айтсақ, бiрiншi вакцинациядан кейiн 16-дан 128-ге дейiн (СГТ=32.0), екiншi вакцинациядан кейiн 128-ден 2048-ге дейiн (СГТ=618.5) өсiм байқалып отыр», - дедi Мирас Дәуленов.
Сондай-ақ, ол вакцина салдырған адамның ағзасында вирусты бейтараптандыратын антиденелердiң пайда болуы қазақстандық инактивтендiрiлген вакцинаның тиiмдiлiгiн көрсетiп отырғанын атап өттi. Оның сөзiнше, алғашқы вакцинациялаудан кейiн адамдардың ағзасында 2-ден 16-ға дейiнгi титрде вирусты бейтараптандыратын антидене пайда болған.
«Қайта вакцинациядан кейiн бұл көрсеткiш тұрақты өсiп, 28 тәулiкте 8-ден 128-ге дейiн (СГТ=19.3), ал 42 тәулiкте 32-ден 256-ға дейiн (СГТ=99.5) жеттi. Сонымен бiрге, плацебо егiлген ерiктiлердiң қан сарысуы үлгiлерiнде вирусты бейтараптандыратын антиденелер анықталмады», - дедi вице-министр.
БҒМ-нiң хабарлауынша, алынған мәлiметтер коронавирус инфекциясына қарсы белсендiлiгi жойылған QazVac вакцинасымен егiлгендердiң жасушалық иммундық реакциясы жақсы екендiгiн көрсетедi. Бұл – отандық вакцина вирустан сенiмдi қорғанысты қамтамасыз ете алатындығының айқын дәлелi.
«QazVac вирустың барлық мутацияланған штамына қарсы тұра алады. Инактивтендiрiлген вакцина толығымен вирионнан жасалған және онда ақуыздардың барлық спектрi сақталған», - дедi ол.
Оның сөзiнше, сондықтан қандай мутация кездессе де, QazVac вакцинациясынан кейiн пайда болған антиденелер вирусты танып, оны залалсыздандырады және инфекция туралы ақпаратты сақтайды.

Осылайша, ол қазақстандық инактивтендiрiлген QazVac вакцинасы жоғары сенiмдiлiгi мен тиiмдiлiгiн көрсетiп, жаппай қолдануға ұсыныла алатынын баса айтып өттi.

Сонымен қоса, ол кейбiр елдерде вакциналар бiрiншi және екiншi кезеңдерден кейiн қолданылады бастайдытынын еске салды. Ал, оның сөзiне сенсек, Қазақстанда вакцинаны тереңiрек және мұқият зерттеу үшiн клиникалық зерттеулер алғашқы екi кезеңмен шектелмей, үшiншi кезеңнiң жартысымен жалғасқан.

ІІІ кезеңнің 50% -ы 15 сәуірде аяқталмақ

Вице-министрдің дерегінше, қазіргі уақытта 244 еріктілерде 1-2 кезеңдегі клиникалық сынақтар аяқталып жатыр, ал 3000 ерікті қатысқан үшінші кезеңнің сынаұтары 15 сәуірде аяқталады.

«Біз клиникалық зерттеу хаттамасына және Денсаулық сақтау министрлігінің, ДДСҰ талабына сәйкес клиникалық зерттеулер жүргізудің белгілі бір мерзімдері бар екенін түсінуіміз керек. Клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңінде ол кем дегенде 70 күн болуы керек. Сондықтан, бәріміз шыдамды болып, соңғы нәтижені күтуіміз қажет», - деді ол.

Вакцина алғандар апта сайын дәрігерге көрінеді

Сондай-ақ, Мирас Дәуленовтың мәліметінше, бүгінде вакцина бойынша зерттеулер Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен хаттамаға сәйкес жүргізіліп жатыр. Барлық еріктілер әр апта сайын дәрігерлерге денсаулық жағдайлары туралы хабарлайды, олар дәрігерлерге көрінуі үшін үнемі клиникаларға келеді.

«Еріктілер вирусқа қарсы антиденелерге де, бейтараптандыратын антиденелерге де тексеріледі», - деп толықтырды вице-министр.

Жануарларға да вакцина дайындалмақ

Бұдан бөлек, вице-министр Биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институты жануарларға коронавирустық вакцина жасауды жоспарлап отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, аталмыш зерттеу орталығына  жануарларға арналған коронавирусқа қарсы вакцина жасау міндеті қойылған.

«Біз жануарлардың ауруды қоздыруы және тасымалдаушы болуы мүмкін екенін білеміз. Сондықтан, адамдарға жұқпас үшін, мұндай вакцина қажет. Сондықтан институтқа осындай тапсырма берілді», - деді Мирас Дәуленов.

Барлық жаңалықтар