Отандық өнеркәсіп салаларының дамуы және мемлекеттік қолдау шаралары

29 Қыркүйек, 2021 13:34

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасы Берік Бекенов 2021 жылдың 8 айында 56 өтінім бойынша жалпы сомасы 250 млн теңгеден астам сомаға кәсіпорындардың шығындары өтелгенін жеткізді. Жобалардың ең көп саны Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының кәсіпорындарына өтелген.Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Отандық өнеркәсіпті қолдау

«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасы Берік Бекенов «Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Дүниежүзілік банкпен бірлесіп іске асыратын жеткізушілерді дамыту қызметінің жобасы отандық өнеркәсіпті қолдаудағы тиімді құрал ретінде көрсеткенін айтып өтті. Оның мәлімдеуінше, жоба ірі тапсырыс берушілерде аккредиттеуге жәрдемдесу және сертификаттау жөніндегі шығыстарды 70% - ға дейін өтеу арқылы шағын және орта кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

«Бірінші кезеңде 200 кәсіпорын іріктеліп, әр компания үшін жеке даму жоспарлары әзірленді. Жұмыс қорытындысы бойынша кәсіпорындардың 82%-ы өздерінің бизнес-процестерін жақсартты», - деді Берік Бекенов.

Оның айтуынша, әрбір кәсіпорын ірі тапсырыс берушілерде аккредиттеу процестері шеңберінде жеке сүйемелденген. Сондай-ақ, олар үшін маркетинг, сертификаттау, аккредиттеу және сапаны арттыру бойынша тренингтер өткізілген. Оның дерегінше, қазіргі таңда 43 кәсіпорын шетелдік кәсіпорындармен қатар КПО, ТШО, НКОК, АрселорМиттал Теміртау, Қазмырыш, Қазақмыс, Қазминералс және т. б. тапсырыс берушілердің дерекқорларында аккредиттелген өнім берушілер мәртебесін алған. Сонымен қатар, 28 кәсіпорынға 123 млн теңгеге сертификаттауға жұмсалған шығындарды өтеу бойынша қаржылық қолдау көрсетіген. Мәселен, жеткізушілерді дамыту қызметі жобасы аясында полиэтилен және полипропилен құбырларының өндірушісі «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясына» америкалық мұнай және газ институтының халықаралық қайта сертификаттауын алу бойынша шығындар өтелгенін атап өтті.Сондай-ақ, ол жұмысымыздың тағы бір басты бағыты – өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын тікелей қолдау екендігін айтты.

«QazIndustry өнеркәсіп кәсіпорындарының еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыруға бағытталған қолдау шараларын ұсыну бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің операторы болып табылады», - деді ол.

Осы орайда, жоғарыда аталған шығындардың бір бөлігін өтеу түріндегі мемлекеттік ынталандыру шаралары отандық бизнеске шетелдік мамандарды тартуға, өз қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға, шеф-монтаж жүргізуге, жабдықты іске қосуға, басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізуге, аудит жүргізуге, өнімді сертификаттауға мүмкіндік беретінін жеткізді.Сондай-ақ, ол кәсіпорындарға жұмсалған шығындардың 40% - на дейін өтелетінін атап өтті.

Машина жасау және жеңіл өнеркәсіп жобалары

Өтінімдер www.qazindustry.gov.kz сайтында жыл бойы қабылданады. Жыл басынан бері жалпы сомасы 250 млн теңгеден асатын 56 өтінім бойынша шығындар өтелген. Сондай-ақ, жобалардың басым бөлігі Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында орналасқан. Салалар бойынша машина жасау және жеңіл өнеркәсіп жобалары көш бастап тұр.

Басқарма төрағасының айтуынша, QazIndustry сондай-ақ отандық өнеркәсіпті цифрлық трансформациялауға жәрдемдеседі. Бұл жұмыс шеңберінде процестер, технологиялар мен жабдықтарды қоса алғанда, кәсіпорындардың негізгі проблемалары талданады, цифрлық стратегиялар әзірленеді.

«Бүгінде төрт кәсіпорын бойынша өндірістік бизнес-процестердің карталары дайындалды, бұл кәсіпорындардың уақыт және еңбек ресурстарын оңтайландыруға және қысқартуға мүмкіндік береді. Кәсіпорындарды цифрлық шешімдерді қолданыстағы шаралар арқылы, оның ішінде өнеркәсіптік саясат туралы заң жобасы шеңберінде көзделген жаңаларын енгізу жолымен енгізуді ынталандыратын боламыз», - деді Берік Бекенов.

Сондай-ақ, ол QazIndustry отандық кәсіпорындардың тиімділігін арттыруға бағытталған өз бағдарламаларын жүзеге асыруды одан әрі жалғастыруға ниетті екендігін жеткізді.

Жиында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева былтыр қыркүйек айында мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өнеркәсіпті дамыту қоры құрылғанын және оның басты мақсаты - өңдеуші кәсіпорындарды қолжетімді қаржыландыруды кеңейту және экономиканың нақты секторын қолдау екендігін айтып өтті.. Оның мәліметінше, қор активтері 2021 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 737 млрд теңгені, лизинг портфелі 512 млрд теңгені құраған.

«Жыл басынан бері қор 81 млрд теңгеден астам сомаға 235 жобаны қаржыландырды. 152 млрд теңге сомаға қаражат оның ішінде мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде 100 млрд теңгеден астам сомаға бюджет қаражатын тартты», - деді Жанар Ибрашев.

Өнеркәсіпті дамыту қоры

Оның сөзінше, ағымдағы жылы «КамАЗ» ЖАҚ және «Татнефть» ЖАҚ стратегиялық инвесторларымен бірлесіп экспортқа бағдарланған жобаларды Қостанай қаласында шойын құю өндірісін, Қостанай қаласында жетекші көпірлердің бас берілістерін өндіруді, Саран моноқаласында шиналар өндірісін ұйымдастыруды 3% мөлшерлеме бойынша қаржыландыру жоспарлануда. Аталған 3 жоба бойынша инвестицияның жалпы көлемі 191 млрд теңгені құрайтынын жеткізді.

«Іске асыру кезеңінде 1 700-ден астам жұмыс орны құрылады. Жалпы, соңғы 5 жылда өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы экономикаға 800 млрд теңгеден астам инвестиция тартылғанын атап өткім келеді», - деді Жанар Ибрашева

Оның мәлімдеуінше, салынған инвестициялардың арқасында өңдеу өнеркәсібінің 29 кәсіпорны жаңғыртылған. Сонын ішінде, өңірлерде 2 014 автобус жаңартылған. Сондай-ақ, 979 бірлік трактор мен комбайны, 325 бірлік шұғыл қызмет техникасы, 369 бірлік коммуналдық техника және1 261 арнайы көлік құралы сатып алынған.

«1 167 жедел медициналық көмек машинасын сатып алу қаржыландырылды және COVID-19 тестілеу үшін 8 бірлік ұтқыр зертханалық кешен сатып алу қаржыландырылды. Сондай-ақ 5 жылжымалы медициналық кешен сатып алу мақұлданды, оның 3-еуі Қызылорда және Қостанай, 314 жолаушы және 3 858 жүк вагоны жаңартылды», - деді ол.

Сонымен қатар, үкімет қаулысымен өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін (ӨКМ) оператордың қаржыландыру қағидалары бекітілген. Оның шеңберінде қор арқылы 3% мөлшерлеме бойынша экологиялық талаптарға сәйкес келетін өңдеуші өнеркәсіп жобаларын қаржыландыру үшін қолжетімді қаражат қамтамасыз етілетінін айтып өтті.

«Әлеуетті жобалардың тізімі бар. Қордың қызмет түрлерін несиелеу құралымен кеңейту жоспарда бар. Бұл қорға жабдықтарды лизингтік қаржыландыру және ҚМЖ мен айналым қаражатын кредиттеу жолымен өтініш берушілерге толыққанды қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Қордың қызметі әзірленіп жатқан «Өнеркәсіптік саясат туралы»заң жобасында бекітілетін болады», - деді Жанар Ибрашева.

Өңдеу өнеркәсібінің көлемін ұлғайту

Жиынға қатысқан ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев мемлекет басшысы өз жолдауында 2025 жылға дейін өңдеу өнеркәсібінің көлемін 1,5 есеге ұлғайту туралы нақты тапсырма бергенін атап өтті. Осы орайда, оны орындау мақсатында нақты іс-шаралар бекітілгенін жеткізді.

«2020 жылы өңдеу өнеркәсібінің көлемі 13 трлн теңгені құраса, 2025 жылы 19,5 трл теңгені құрауы қажет. Бұл көрсеткішке қолжеткізу үшін нақты көлем индексі жыл сайын 4-5 % аралығында өсуі керек», - деді Марат Қарабаев.

Оның дерегінше,биыл 8 айдың қорытындысы бойынша нақты көлем индексінің өсімі өңдеу өнеркәсібінде 5,8 %-ды құраған. Бұл ретте ең үлкен өсім көрсеткен салалар фармацевтика, құрылыс материалдарын өңдеу саласы - 10 %-ға асқанын атап өтті. Сондай-ақ, ол өңдеу өнеркәсібі секторларының ішінде ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі – фармацевтика және машина жасау салалары екенін тілге тиек етті.

«Мұнда былтыр өсім 16 % болса, биыл 8 айдың қорытындысы бойынша 24 %-ды құрап отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша машина жасау саласында өңдеу өнеркәсібінің көлемі тарихта алғаш рет қара металлургия өңдеу өнеркәсібінен 10 %-ға асты. Яғни, 1,8 трлн теңгені құрады», - деді Марат Қарабаев.

Вице-министрдің айтуынша, өңдеу өнеркәсібін 1,5 есе көтеру үшін екі бағытта жұмыс атқарылуда. Біріншісі, қазіргі өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету. Бұл салада қазір 17 мыңнан астам кәсіпорын қызмет етеді. Екінші мақсат – жыл сайын жаңа жобаларды іске қосу.

«Бұл ретте биыл 128 жаңа жоба пайдалануға берілмек. Нәтижесінде ел экономикасына 1,2 трлн теңге инвестиция тартылады. Жалпы, 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады», - деп түйіндеді Марат Қарабаев.

Барлық жаңалықтар