• Басты
  • Отандық агроөнеркәсіптің ахуалы қандай
21 Маусым, 2020 17:52

Отандық агроөнеркәсіптің ахуалы қандай

Қазақстан – аграрлық мемлекет және оның агроөнеркәсіптік секторы мемлекеттің ішкі ресурстарына ғана емес, сондай-ақ сыртқы нарықтағы орнына да тікелей ықпал етеді. Агроөнеркәсіптік сектор ауыл шаруашылығы өнімін өндіру, оны қайта өңдеу және тұтынушыға жеткізу сияқты салаларды қамтиды, сондай-ақ қайта өңдеу өнеркәсібін өндіріс құралдарымен қамтамасыз етеді. Агроөнеркәсіп кешенінің дамуында ауыл шаруашылығына маңызды орын беріледі.

Отандық агроөнеркәсіптің ахуалы қандай

Қазақстан Республикасының әртүрлі климаттық жағдайы және қалыпты жылу белдеуі түрлі дақылдарды өсіруге және мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді. Ауқымды территорияны алып жатқан, сулы-нулы, қыратты да құйқалы жерді мыңғырған мал, жайқалған егістік, сүт-майсыз елестету де мүмкін емес. Оның үстіне мал шаруашылығы – қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі шаруашылығы. Қазақстанның қазіргі ауыл шаруашылығы дәстүрлі түрде екі негізгі салаға басымдық береді: ол – мал шаруашылығы, яғни ірі қара мал (ет-сүт өндірісі), қой, жылқы, түйе, шошқа және ешкі өсіру, сондай-ақ шаруашылықтың едәуір бөлігі құс фабрикаларына да тиесілі; екіншісі – қазіргі Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға негіз болып отырған өсімдік шаруашылығы. Оның ішінде бидай өндірісі тек ішкі нарықта ғана емес, сондай-ақ сыртқы нарыққа да шығарылады. Ол қатарға күріш, қарақұмық, арпа, сұлы, тары және жүгері сияқты дақылдарды өсіру шаруашылығын жатқызамыз. Еліміздің егіс алқаптарында қазір қант қызылшасы мен күнбағыс, рапс сияқты майлы дақылдар да елеулі орын алады. Оған алыс-жақын мемлекеттерде де сұраныс бар. Тоқыма өнеркәсібі үшін мақта және зығыр өсіріледі. Бұдан басқа, картоп, алма, қауын-қарбыз және жүзім сияқты дақылдар да ішкі рынокта, бір облыстан екінші облысқа тасымалданып сатылады. Көптеген жылдар бойы мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешенін дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Оған тиісті заңнамалық-нормалық база қалыптасып, арнайы мекемелер ашылды, түрлі субсидиялар қарастырылуда және осы салаға қажетті мамандар да даярлануда. Биылғы жылы ауылшаруашылық өнімдерінің егістік алқабы 19 млн. га-дан асқан. 

Безымянный.png

ҚР Үкіметінің міндеттерінің бірі – ұлттық экономиканың негізгі драйверлерінің бірі ретінде агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін нығайту. Өйткені, халықаралық сауда-экономикалық ұйымдарға мүше болып кірген соң, азық-түлік қауіпсіздігі мен отандық тауарлардың бәсекелік қабілеті өзекті бола түседі. Осы бағытта бірқатар бағдарламалық құжаттар әзірленді, солардың негізінде ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясат сатылы түрде іске асып келеді. Бүгінгі күні Қазақстанда отандық агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бар. Бағдарламаның мақсаты – ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту; өңделген өнімнің экспортын 2,5 есеге, яғни 2,7 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу; салаға тартылатын несиелік қаржы көлемін 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 9 есе арттыру; сондай-ақ негізгі капиталға инвестициялар ағынын 3 есе арттыру болып отыр.

Осы бағдарламаны орындауға республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген қаражат көлемі 2 774,6 млрд теңгені құрайды, оның ішінде: 2017 жылы – 372,7 млрд теңге; 2018 жылы – 454,4 млрд теңге; 2019 жылы – 507,6 млрд теңге; 2020 жылы – 660,2 млрд теңге; 2021 жылы – 779,5 млрд теңге ауыл шаруашылығының ахуалын жөндеуге жұмсалады. ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің деректеріне сәйкес, 2019 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда ауыл шаруашылығы қызметімен айналысатын 17 971-ге жуық заңды тұлға тіркелген (Қазақстанда тіркелген барлық заңды тұлғалардың 4,0 пайызы). Ауыл шаруашылығы қызметімен айналысатын, жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың саны 13 194 екен. Соңғы үш жылда жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы ұйымдарының саны 3 202-ге (34,7 пайызға) артқан.

Ауылшаруашылығы министрінің жақында берген есебіне сәйкес, COVID-19 пандемиясының таралуына қарамастан, биылғы жылы агроөнеркәсіптек кешенде қалыпты жағдай сақталып отыр. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2,2 пайызға артқан, ал азық-түлік өнімдерінің өндірісі 2,4 пайызға өскен. Негізгі капиталға салынатын инвестицияя 10,1 пайызға көбейіп, 98,4 млрд теңгені құрады. Дегенмен, ғалымдардың болжамы бойынша, елімізде 2050 жылға қарай климаттық жағдайдың өзгеруіне байланысты егістік түсімі төмендеп, азық-түлік қауіпсіздігіне соққы әкелуі әбден ықтимал.

       2019 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығындағы тауар топтары бойынша экспорт көлемі 

Безымянный 2.png

Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенінің даму жағдайы аумақтық және өңірлік сипаттарымен тығыз байланысты. Олардың даму деңгейі тағы да өндіріс орындары мен ресурстардың жақындығы; арзан энергия көздерінің болуы; инфрақұрылымның жағдайы; еңбек, материалдық және өндірістік қызметке қажетті басқа да ресурстармен қамтамасыз етілуі сынды бірқатар факторларға байланысты. Өңірлердегі менеджмент деңгейі маңызды рөл атқарады. Елде экономикалық диспропорциялар бар, өйткені өнеркәсіптің өндіруші сегменті жекелеген облыстардың шаруашылығында басымдыққа ие. Бұл ретте ауыл шаруашылығы, көлік және инфрақұрылым қызметтері қиындықтарға тап болады, кейбір шаруашылыққа монополия сақталғанын да ескеру қажет. Өңірлердің экономикалық құрылымының негізі олардың аумақтық орналасуы, табиғи-климаттық жағдайлар, шаруашылық орталықтар мен қалалардан алшақтығы және т.б. болып табылады.

Ауыл шаруашылығын дамыту шараларынан бөлек, оны іске асыру бойынша қажетті ақпаратты фермерлер мен жалпы азаматтарға жеткізу де маңызды. Өйткені, ашықтық пен әділеттілік кез-келген салаға дақпырт емес, даму мүмкіндіктерін әкелетіні анық. Мәселен, жақында аграрлық саланы қолдау бойынша субсидиялар туралы қоғамда түсініспеушіліктер туындады. Ақпарат құралдарында шошқа өсіруге бөлінетін қаражат пен жылқы шаруашылығының ахуалы талқыланып жатты. Министрлік оған тиісті түсініктеме де берді. ҚР АШМ баспасөз қызметінің хабарлауынша 1991 жылы Қазақстандағы жылқы саны шамамен 1,7 млн бас болса, нарықтық экономикаға көшу кезінде мал саны азайып, 2000 жылдары жылқының басы миллионға да жетпей қалған. Ал, 2002 жылдары мемлекет осы салаға көңіл аудара бастағаннан кейін мал санының өсімі байқалған. Асыл тұқымды жылқыны сатып алу, қымыз бен жылқы етін өндіруге субсидия беру кеш те болса 2011 жылдан бастап іске қосылған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде елімізде қазіргі уақытта жылқының саны 2,9 млн басқа дейін өскен (жыл басындағы мәліметтер бойынша). Бұл 1991 жылғы жылқы санынан 1,7 есе, ал 2000 жылмен салыстырғанда 3 есе көп. Соған сәйкес жылқы шаруашылығы мен бие сүтінің өндірісі дамып, асыл тұқымды жылқылардың саны да артып келеді. 2011 жылдан жылқы сатып алуды субсидиялаудың арқасында оның үлесі 1,9 есе өсті.

screen.jpg

Қазіргі уақытта жылқы шаруашылығымен айналысатын фермаларға келесідей қолдау көрсетіліп келеді:

  • әрбір асыл тұқымды айғырдың басына 100 мың теңге субсидия;

  • бие сүтін өндірушілерге литріне 60 теңгеден;

  • асыл тұқымды жылқының аналық басын бағуға, жем-шөбіне жылына 20 мың теңгеден;

  • жылқы шаруашылығын дамытуға техникалық жабдықтар алу үшін 25 пайыздық инвестициялық субсидия;

  • несие мен лизингке 10 пайыздық мөлшерлемемен субсидия қарастырылған.

Осылайша 2019 жылы 4,7 мың жылқы фермасына мемлекеттік қолдау көрсетілген екен. Оған қосымша ретінде жылқы өсіріп отырған фермерлерге тағы жылқы сатып алуға 6 пайыздық несиені 10 жылға дейінгі мерзімге беру көзделген. Сонымен қатар, 2016 жылдан бері жылқы шаруашылығын қолдауға арналған «Құлан» бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Қазақстанда 2018 жылдан бастап шошқа етін өндіруді субсидиялау тоқтатылған, бұл шошқа өндірісіне мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемінің 2 есе азайғанын көрсетеді. 1991 жылы Қазақстанда 2,9 миллион бас шошқа болса, 2018 жылы 800 мыңға дейін азайып кеткен. Ал 2019 жылға қарай Қазақстандағы шошқа санының артуы нәтижесінде шошқа етінің экспорты да артқан екен. 2017 жылы Қазақстан шетелге 300 тоннаға жуық ет сатса, былтыр ол 800 тоннаға жетті. Осы кезең ішінде шошқа етінің ішкі тұтыну үлесі 8% төмендеген, ал оның экспорттық көлемі артқан.

Безымянный 4.png
                        ҚР Өңірлері бойынша жылқы санының өсімі

Сондықтан ауыл шаруашылығы саласында субсидиялар мен тиімді мүмкіндіктер жайлы халыққа кеңінен ақпарат беріліп отыруы тиіс. Облыстардың тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін ауылшаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігіне жағдай жасап, өнімді уақтылы өткізуді, қайта өңдеу және экспорттауды қолдау қажет екені анық. Бұл өз кезегінде кедендік тарифтер мен алымдарды оңтайландыруға, бизнесті ұзақмерзімді кредиттеу, салықтық әкімшілендіру үшін қолайлы іс-шаралар жиынтығын қамтиды. Сонымен қоса, инновациялық технологияларды қолданатын салалар мен шаруашылық жүргізуші субъектілерді қолдау, ынталандыру қажет. Агроөнеркәсіптік кешен және оның өнімдерінің экспортын қолдау олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұған несиелер бойынша пайыздарды төлеу, қызметті сақтандыру, инфрақұрылымды дамыту кезінде қосымша мемлекеттік субсидиялаудың арқасында қол жеткізуге болады. Жалпы ауылдың шаруасын дөңгелетуде ветеринария, мал ұрлығы, шалғай аудандардағы инфрақұрылым мен цифрландырудың жағдайы да алаңдатады. Қиырдағы ауыл-қыстақтарға баратын жол жөнделіп, су-жарық тартылмай, ғылым мен өндірістің арасы жақындамай, мал шаруашылығына жас мамандар мен фермерлердің келуі қиынға соғады.

Барлық жаңалықтар
178.91.16.72, 192.168.88.100