• Басты
  • Қостанай облысының ХҚО-лары жұмысын қайта бастады

Қостанай облысының ХҚО-лары жұмысын қайта бастады

11 Мамыр, 2020 15:33

Қостанай облысы әкімдігінің жанындағы төтенше жағдай тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі штаб шешімімен бүгіннен бастап аймақта ХҚО-лар қайтадан жұмыс істей бастады. Алайда вирустың таралу қаупі және қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығына алаңдаушылықтың сақталуына байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс тәртібін өзгерту туралы шешім қабылданды. Өзгерістер ХҚО-да көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін, оларды ұсыну форматын да қамтиды, деп хабарлады Strategy2050.kz Азаматтарға арналған үкіметке сілтеме жасай отырып.

Енді азаматтар ХҚО-дан тек электронды форматта қолжетімсіз «қағаз жүзіндегі» қызметтер мен egov.kz порталында онлайн түрде рәсімделген қызметтердің нәтижелерін ала алады. 

ХҚО-ға бару үшін кезек уақытын 1414 байланыс орталығы немесе  немесе egov.kz порталындағы арнайы сервис арқылы алдына ала брондау қажет болады. 

Алдын ала жазылусыз ХҚО-ларда ешқандай қызмет көрсетілмейді.

Дегенмен 3 санаттағы азаматтар, яғни зейнеткерлер, көп балалы отбасылар және мүгедектер электрондық қызметтерді ХҚО-дан ала алады. Әр фронт-офисте олар үшін жеңілдік терезесі жұмыс істейді. Сондай-ақ олар да ХҚО-ға баратын уақытын алдын ала брондауы керек.  

Азаматтар электронды форматқа аударылған және egov.kz порталында қолжетімді барлық мемлекеттік қызметтің 80%-дан астамын тек өздігінен немесе бұрынғыдай ХҚО ғимараттарында емес, әкімдіктер жанындағы кеңселерде, оқу орындарында, медициналық ұйымдарда және т.б. жерде орналастырылатын өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында ала алады.

Қостанайда өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары Пушкин көшесі, 98 мекенжайы бойынша орналасқан iKomek жылдам әрекет ету орталығының ғимаратында, сондай-ақ Тәуелсіздік көшесі, 114 мекенжайы бойынша орналасқан Көші-қон қызметі орталығының ғимаратында ашылған. Дәл осындай секторларды көбейту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Мемлекеттік қызметтер және оларды өз бетінше қалай алуға болатыны туралы толық ақпаратты азаматтар 1414 нөміріне хабарласып ала алады, онда оларға ХҚО операторы кеңес береді. Бүгінде байланыс орталығының жұмысына мемлекеттік корпорацияның 2000-нан астам тәжірибелі қызметкерлері тартылған", – деп атап өтті Қостанай облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация филиалының директоры Қанат Төлепұлы.

Филиал директоры айтылған жаңашылдықтар тек қалалық халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына ғана қатысты екенін айтты. Ал аудандық маңызы бар қалаларда, сондай-ақ аудан орталықтарында орналасқан бөлімдер қалаға қарағанда келушілер санының айтарлықтай аз болуына байланысты өзгеріссіз жұмыс істейтін болады.

Айта кетейік, басқа аймақтардағы ХҚО-лар ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі облыстық штабтар тиісті шешім қабылдағаннан кейін ашылады.

Барлық жаңалықтар