• Басты
  • Қостанай облысының дамуы: экономиалық даму, ауыл шаруашылығы, жолдардың құрылысы, тұрғын үй мәселелері

Қостанай облысының дамуы: экономиалық даму, ауыл шаруашылығы, жолдардың құрылысы, тұрғын үй мәселелері

26 Қараша, 2020 17:41

Бүгін ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов өңірдегі экономикалық және әлеуметтік жағдай туралы баяндады, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Әкімнің дерегінше, облыста ауыл шаруашылығы – 21,3 пайыз; өнеркәсіптік өндірісі 6,9 пайыз, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 19,3 пайыз; құрылыс жұмыстары – 23,0 пайыз; инвестициялар мен негізгі капитал – 11,0 пайыз; тұрғын үйлерін пайдалануға беру – 9,5 пайыз, Инфляция көлемі – 5,4 пайызды құрады.

Пандемияға байланысты экономикалық құлдырауды болдырмау үшін облыста индустрияландыру бағдарламасы белсенді іске асырылуда, оның нәтижесінде өнеркәсіптік секторда дамудың оң серпіні мен құрылымдық өзгерістер тіркелді.

Индустрияландыру жылдарында 157,1 млрд теңгенің 92 инвестициялық жобасы іске асырылды, 6147 жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде, облыста өңдеу көлемінің 5,4 есе, ал еңбек өнімділігінің 3,1 есе өсімі қамтамасыз етілді. Өнеркәсіптік өндірістің жалпы көлеміндегі өңдеу секторының үлесі соңғы 4 жылда 52%-тен, ал 2020 жылғы 10 айдың ішінде – 58,0%-тен асып түсті, - деді Архимед Мұхамбетов.

Сондай-ақ өңір басшысы машина жасау өнеркәсібінің даму қарқынын атап өтті. Қостанайдағы машина жасау кәсіпорындарында комбайндар, тракторлар, басқа да ауыл шаруашылығы техникалары мен олардың қосалқы бөлшектері, автомобильдер шығарылады. 2020 жылдың 10 айында саланың өндіріс көлемінің 46,5%-ға өсуі автомобиль жасаудың арқасында мүмкін болды.

Осы жылдың басынан бері облыста 1,6 есе өсімімен 30,6 мың бірлік техника шығарылды. Жоспарда 40 мыңға дейін автомобиль шығару көзделген, оның 10 мыңға жуығы экспортқа жіберілетін болады. Айта кетейік, жыл басынан бері 6 039 автомобиль экспортталды. Әкімнің айтуынша, 2021 жылдан бастап кәсіпорын Renault және LADA маркалы автомобильдер шығаруға кіріседі.

«Агромашхолдинг KZ» акционерлік қоғамы базасында ауыл шаруашылығы техникасының автокомпоненттері өндірісі бойынша Жергіліктендіру орталығын ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Машина жасаудың өңдеудегі үлесі 43,4% құрайды, ал өндіріс жыл басынан бері 1,5 есе ұлғайды. Яғни, өңірде машина жасау экономикалық өсімнің драйвері болып табылады. Алдағы жылдары жүзеге асырылатын жобалардың ішінен жалпы құны 150 млрд теңгелік және 700-ге жуық жұмыс орнын құрумен ресейлік «КамАЗ» компаниясымен әріптестікте жоспарланып отырған өндірістерді атап өту қажет. Бұл шойын құю зауыттарын салу және КамАЗ арнайы техникасының жетекші көпірлерінің басты берілістерін өндіру бойынша жобалар, - деді әкім.

Бұл жобалар аясында өндірілген өнімнің 90% Ресейдегі «КамАЗ» зауыттарына экспортқа жіберіледі. Сонымен қатар, қолданыстағы екі жобаға Минск трактор зауытымен бірге жаңа зауыт қосылады. Өндірісті оқшаулау деңгейі 50% - ға жетеді.

Агроөнеркәсіптік кешен саласында «Қарапайым заттар экономикасы» шеңберінде биыл қуаты жылына 20 мың тонна өнім шығаратын ет өңдеу кешені іске қосылады. Әкім Арқалық қаласындағы «Торғай ЕТ» ет өңдеу зауытының негізгі шикізат жеткізушілері 5000 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы және 2500 басқа арналған асыл тұқымды репродуктор салынып жатқанын айтты. Мұнымен қоса Қарабалық ауданында «Poultry Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қуаты 12,5 мың тонна құс етін құрайтын бройлер құс фабрикасын ұйымдастыру бойынша жоба да өз жұмысын бастапты.

Ауыл шаруашылығының ЖӨӨ-дегі үлесі 11,2%-ды құрайды, салада 126 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Негізгі ауыл шаруашылығы дақылдары мен мал шаруашылығы өндірісінің барлық циклі мемлекеттік қолдаумен қамтылған. АӨК дамытуға 38,4 млрд. теңге бағытталды. Қаржыландыру өсімі 15,3%-ға өсті.

Бұл жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының үштен бір бөлігі. Биылғы жылы жалпы егіс алаңы 5,3 млн.га құрады, оның ішінде 4,1 млн. га дәнді және дәнді-бұршақты, оның ішінде бидай 3,4 млн. га. егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруды жалғастыру шеңберінде майлы дақылдар егістігі 640,5 мың га дейін ұлғайды, бұл 2019 жылдан 132,5 мың га артық. Астықтың жалпы түсімі 4 млн.тоннаны құрады, орташа өнімділік гектарынан 10,2 центнерді құрады, - деді өңір басшысы.

Қостанай облысының әкімі сонымен қатар елді-мекендер арасын жалғайтын жолдың құрылысы, тұрғын үйлердің пайдалануға берілуі және кәсіпкерліктің дамуы жайлы да айтты. Қостана облысында көрнекті ағартушы, ақын, ұстаз Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойы атап өтілетінін де айтты. Облыс орталығындағы Алтынсарин көшесіне күрделі жұмыстар жүргізу үшін 900 млн теңге жұмсалған. 

 Әкім берген статистикалық ақпараттар мынадай:

  • Жолдарды қлпына келтіруге 68 млрд теңге бөлінген;Облыстағы барлық автожолдардың 775 км жөнделеді;

  • Биыл тұрғын үйлерді пайдалануға беру өсімі - 13,1% ;

  • Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 308,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді;

  • Тұрғын үй құрылысына 22,1% өсімімен 31,2 млрд теңге инвестицияланды;

  • Облыстағы шағын және орта бизнес субъектісі - 51,8 мың;
  • Шағын және орта бизнесте жұмыс істейтін адам саны – 155,4 мың;
  • Биыл «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін 5,7 млрд.теңге бөлінді;
  • «Қарапайым заттар экономикасы» салаларын жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы шеңберінде 31 млрд.теңгеге 192 жоба мақұлданды.

Барлық жаңалықтар