• Басты
  • Жаңалықтар
  • Орта Азия елдеріндегі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша бірлескен іс-шаралар

Орта Азия елдеріндегі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша бірлескен іс-шаралар

1 Қазан, 2021 15:48

Бүгіннен бастап Түркістан қаласында Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының ұйымдастыруымен, Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамының (GIZ) қолдауымен «Өңірлік ынтымақтастық және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бағытындағы бірлескен іс-қимылдар» Бірінші Орталық Азия форумы өтіп жатыр. Екі күнге жалғасатын аталған іс-шарада жасыл энергия көздеріне көшу, көмірден бас тарту, климат өзгеруінің адам денсаулығына әсері, сонымен бірге Орта Азия елдерінің экология саласында қолға алған шаралары жөнінде айтылды. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Жиында алғашқы боп сөз алған Экологиялық ұйымдар қауымдастығы төралқасының төрайымы Әлия Назарбаева бүгінгі форумда планетамыздағы климаттың тез өзгеруі мен оның Орталық Азия елдері үшін қауіпті салдарының өзекті мәселелерін талқылау жоспарланғанын атап өтті. Оның айтуынша, шара барысында бүкіл аймаққа кері әсерін азайту үшін қолға алынатын шараларды да қабылданатын болады. 

«9 тамызда БҰҰ Климатты өзгеруімен күрес жүргізетін жұмыс тобы баяндама жасап, көмір мен қазбай байлықтарының болашағына байланысты болжам жасады. Менің ойымша, бұл құжат күзде болатын Дүниежүзілік климат конференциясында талқылауға негіз болмақ. Онда көмірсутегі энергиясын тоқтату туралы шешім қабылдануы мүмкін. Нәтижесінде, әлемде жасыл экономиканың ресурстарын бір мезгілде ұлғайта отырып, қазба отынды дамытуға қаржы құю азаятыны анық. Бұл логикалық тұрғыдан алғанда дәстүрлі қазба байлықтарынан бас тартуға және олардың жалпы тұтынылуын азайтуға мүмкіндік береді», - деді қауымдастық төрайымы.

Сонымен қоса, Әлия Назарбаева өз сөзінде Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың экология саласындағы түрлі кезеңдердегі бастамаларына тоқталып өтті.

Сонымен бірге, ол саладағы соңғы жылдарда болып жатқан өзгерістер мен қолға алынған шаралар туралы айтты. Қазақстан Үкіметінің қаулысымен 2018 жылы «Астана-Экспо-2017» инфрақұрылымы негізінде «Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылғанын атап өтті.

Бұл, ең алдымен, оның айтуынша, қолжетімді ең жақсы технологиялар принциптеріне көшу бағдарламасын іске асыру арқылы Қазақстанның ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарында жасыл технологиялардың енгізілуіне мүмкіндік береді.

WhatsApp Image 2021-10-01 at 11.41.34 AM.jpeg

«Екіншіден, шын мәнінде жұмыс істейтін тетіктерді дамыту және шағын және орта бизнес үшін халықаралық жасыл инвестициялар ағынын ұйымдастыру. Осыған байланысты Париж келісімі құрамындағы ірі Жасыл климаттық қормен тікелей серіктестік орнатылды», - деді экс-президенттің қызы.

Соынмен бірге, қауымдастық төрайымы көміртегі бірліктерінің қазақстандық айналымын халықаралық принциптерге сәйкестендіру үшін жүйелеу және оларды парниктік газдардың жаһандық нарығына белсенді интеграциялау жүріп жатқанын да тілге тиек етті.

«Халықаралық орталықтың мақсаттары мен міндеттері біздің елге ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағына жаһандық тұрғыда пайда әкелетін «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасын жүзеге асыруда драйвер болады деп сенемін. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі жолдауында Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптылығына қол жеткізуге ниетті екенін айтқан болатын», - деп толықтырды ол сөзін.

Осы орайда, ол форумға Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдерінің өкілдері, елдердің Парламенттерінің депутаттары, сондай-ақ ЕО делегациялары, Германия Елшілігі, халықаралық ұйымдар, оның ішінде қаржылық ұйымдар қатысып жатқанын ескере отырып, бірігіп жұмыс істеуге шақырды.

«Біріншіден, біздің елдер Париж келісімі бойынша қабылдаған міндеттемелер бойынша және бірлесіп көміртекті бейтараптық саясатына кіріседі. Естеріңізге сала кетейін, Орталық Азия оларды ратификациялады және парниктік газдар шығарындыларын азайтуға ерікті үлес қосты», - деді Әлия Нұрсұлтанқызы.

Әлия Назарбаеваның мәліметінше, Қазақстан 2030 жылға қарай шығарындыларды 1990 жылғы деңгейден 15-25%-ға дейін, Қырғызстан 11,5-13,8%-ға, Тәжікстан 10-20%-ға, Өзбекстан 10%-ға 2010 жылғы деңгейден төмендетуді жоспарлап отыр. Ал, Түркіменстан парниктік газдар шығарындыларын тұрақтандыруға немесе қысқартуға ниетті және дамыған елдердің белгілі бір халықаралық қаржылық және технологиялық қолдауымен ол шығарындылардың нөлдік өсуіне қол жеткізе алады, тіпті оларды 2030 жылға дейін төмендете алады.

«Қазақстан да, Орталық Азияның көршілес елдері де трансшекаралық салықты енгізудегі алдағы әлемдік тенденцияларды жақсы түсінетініне сенімдімін. Бұл, өз кезегінде, экономиканы қайта жүктеуді және оларды жасыл жолға қоюды талап етеді, бірақ бірқатар қиындықты жеңе отырып, біз бірге көміртегі шығарындыларынсыз әрі қарай экономикалық дамудың жолын таба аламыз», - деп түйіндеді Қауымдастық төрайымы.

Сонымен бірге, форумға қатысқан «ECOJER» қауымдастығының бас директоры Рүстем Қабжанов та Қазақстандағы экология саласында қолға алынған шаралармен бөлісті.

«Төмен көміртекті өндіріс жаһандық саяси, инвестициялық және сауда саласында к.н тәртібіндегі мәселеге айналып отыр. Декарбонизация үрдісі мен ұзақ мерзімді тұрақтылығы 2100 жылға дейін климат өзгеруінің өсуін 1,5 С-тан асырмау мақсатына айналған Париж климаттық келісімінде бекітілген. Сонымен қатар ЕО-ның 2030 жылға дейін парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 55%-ға төмендету бағытында көрсетілген ЕО климаттық саясатын қатаңдату», - деді Рүстем Қабжанов.

Оның сөзінше, бұл 2015 жылдан бастап әлемде салынып жатқан көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларының саны 84%-ға қысқаруына және жақын арада біз көмірден электр энергиясын өндіру көрсеткіші төмендеуіне мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, ол үлкен жетілік елдері (Ұлыбритания, Италия, Франция, Германия, АҚШ, Канада және Жапония) 2015 жылы Париж климаттық келісіміне өз саясатын сәйкестендіру үшін отын ретінде көмірден бас тартқанын атап өтті.

b2c13f17-16ce-4b78-9853-768714a1cf93.jpg

«Қазақстан 2016 жылы парниктік газдар шығарындыларын азайту туралы Париж келісімін ратификациялап, 1990 жылғы деңгейден 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15%-ға төмендетуді қолға алды», - деді ол.

Өткен жылдың қарашасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев климаттық амбицияларға арналған саммитте сөйлеп, онда Қазақстанның климаттың өзгеруіне қарсы күресуге және көміртекті бейтараптылыққа 2060 жылға дейін қол жеткізуге дайын екендігін мәлімдегенін де тілге тиек етті.

«Алайда, қазіргі уақытта парниктік газдар шығарындылары 1990 жылғы деңгейден 4,05% асады және 402 млн тонна СО2-экв құрайды, оның ішіндегі 110 млн тонна СО2-экв немесе 27%-ға электр және жылу энергиясын өндіруге жұмсалады», - деді қауымдастықтың бас директоры.

Осылайша, оның сөзінше, Қазақстанның алдында, Экология министрлігінің алдында еліміздің көміртегі аз ұлттық стратегиясын жасау міндеті тұрғанын еске салды.

Еске салайық, форумға Қауымдастық Президиумының Төрағасы Әлия Назарбаева, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан Парламентінің депутаттары, Германия Елшілігі, халықаралық ұйымдар, бизнес және экологиялық қауымдастық өкілдері қатысуда.

Форумның панельдік сессияларында Орталық Азия елдерінің қатысушылары климаттың өзгеруінің өзекті мәселелерін талқылап, «жасыл» жобаларды іске асырудағы табысты тәжірибелерімен бөлісті және көміртектің нөлдік шығарындылары саясаты бағытындағы ілгерілетулер туралы айтты.

Форум мен оның іс-шараларының қорытындылары бойынша Орталық Азиядағы көміртегі бейтараптығына бірлесіп қол жеткізу жөніндегі Декларацияға қол қойылады деп жаоспарланып отыр.

Барлық жаңалықтар