• Басты
  • Қоршаған ортаны қорғай аламыз ба

Қоршаған ортаны қорғай аламыз ба

23 Шілде, 2021 17:34
Жазғы уақытта мектептен демалысқа шыққан оқушылар, жұмыстан жылдағыдай еңбек демалысын алған ата-аналар, шет елден, еліміздің әр аймағынан келген туристер Қазақстанның көрікті жерлеріне, өзен-көлдеріне, тау-тастарына барып демалады. Биыл өткен жылмен салыстырғанда карантин шектеулері аз болғандықтан, алыс-жақын шет елге демалуға аттанған қазақстандықтардың қарасы көп. 

Сонымен қоса, Каспий теңізінің жағалауы, Балқаш пен Алакөл, Қапшағай мен Зайсан, Бурабай, Жасыбай жағаларында шілденің ыстығын отбасылық демалысқа арнағандар да аз емес. Бір ғана Елорданың айналасындағы Есіл-Нұраның суларында балық аулап, сейіл құрып, табиғат аясында демалушылардың саны пандемия кезеңінде өсіп кетті. Дегенмен, осы аталған орындар, жалпы елімізге, оның сыртына аты шыққан табиғаты көрікті, әсемдігі бұзылмаған талай жер-судың айналасында қалдықтар шашылып, пластикалық қоқыстары жиналмай жататынын жиі естиміз. Қоршаған ортаның пластикалық қалдықтардан тазалығы – тұтас елдердің тұрақты өсімі, жасыл экономика және халық денсаулығы, өмір сапасын қамтамасыз ететін фактор.

Табиғи орта мен биосфера, жалпы айтқанда қоршаған ортаның ластануы – сол айналамыздағы ортаға тән емес, сырттан келген физикалық, химиялық немесе биологиялық реагенттердің көбеюі және оның теріс салдарға әкелуі деп түсінеміз. Ғалымдар бірнеше онжылдықтар бойы экологиялық апаттың жақындағаны туралы дабыл қағып келеді. Әртүрлі салада жүргізілген зерттеулер адамзат баласының күнделікті тіршілік-қызметінің әсерінен климаттың және сыртқы ортаның жаһандық ауқымда өзгерістерге тап болғаны айтады. Мәселен, мұнай мен оның өнімдерінің, сондай-ақ өндірістік қалдық-қоқыстардың суға ағып қосылуынан мұхиттар ластанып, ол көптеген жануарлар мен балықтардың, құстардың популяциясының азаюына, тұтастай экожүйенің бұзылуына ықпал етеді. Саны көбейіп жатқан көліктер атмосфераға көмірқышқыл газын бөліп, Жердегі құрғақшылыққа, кейбір құрлықта мол жауын-шашынға, ауадағы оттегінің азаюына апаратыны белгілі. Өндірісті дамытып, экономиканы көтереміз, халықты жұмыспен қамтимыз деген дамушы мемлекеттердің көбінде қоршаған ортаның проблемасы туды. Адамдар бұндай қауіптің бар екенін түсінеді, біледі, табиғаттағы жүйенің бұзылып жатқанына сезімталдықпен қарайды, бірақ әлі де апат алыста және бізге қатысы жоқ деп қабылданады.

Ластанудың негізгі түрлері қоршаған ортаны ластау көздеріне байланысты жіктеледі:

-        биологиялық(қоршаған ортаны ластаушылар – тірі организмдердің белсенділігі немесе антропогендік факторлар);

-        химиялық(ластанған сфераның табиғи химиялық құрамы оған басқа химиялық заттарды қосу арқылы өзгереді);

-        жеке(қоршаған ортаның физикалық сипаттамалары өзгереді, ластанудың бұл түрлеріне жылу, радиациялық, шу және сәулеленудің басқа түрлері жатады);

-        механикалық(ластанудың соңғы түрі адамның іс-әрекетімен және биосфераға қалдықтардың шығарылуымен байланысты).

Ластанудың барлық түрлері өздігінен болуы мүмкін немесе бір-бірінен екіншісіне өтуі немесе қатар жүруі де мүмкін. Қалдықтар мен қоқыстар судың ластануына, жердің қыртысының бұзылуына, атмосфераның өзгеруіне тікелей әсер етеді. Осы қоқыстардың ішінде пластик өнімдер қоғамдық ортаны ластап, пластик пен қалдықтарды шығаратын жерге жақын тұрғындардың денсаулығына едәуір ықпал етеді. БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) мен "Азул" үкіметтік емес ұйымның жаңа баяндамасында бұл мәселе экологиялық әділетсіздік деп көрсетілген. Бұл баяндамада экологиялық әділеттілік қағидатын сақтамау жағдайлары егжей-тегжейлі сипатталған. Мәселен, орман ағаштарын кесуден бастап, жергілікті жерлерде мұнай өндіру үшін тұрғындарды басқа жаққа көшіру, Америка Құрама Штаттары мен Судандағы ауыз суды әртүрлі сұйықтықтармен ластау, Мексика шығанағындағы мұнай өңдеу зауыттарына жақын жерде тұратын адамдардың денсаулығы, Үндістандағы екі миллионға жуық қоқыс жинаушылардың денсаулығына төнген қауіп және басқа да көптеген мысалдар келтірілген.

Пластикалық қалдықтар теңіз ресурстарына тәуелді адамдардың өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, улы микро және нанопластикпен ластанған теңіз өнімдерін тұтынатын адамдардың денсаулығына кері ықпал етеді. Бір жағынан былтырғы жарты жылдағы қатаң карантин мен локдаун уақытында көптеген зауыт-фабрика тоқтап, қоғамдық орындарда адам азайған соң, қалалардың ауасы мен көшелері тазарды деген ақпарат тараған еді. Бірақ, бұрынғы пластикалық, тұрмыстық қалдықтармен қоса Covid-19 пандемиясының салдарынан түрлі медициналық құралдар, шприц, бетперде, қолғап т.б заттардан ластану деңгейі күрделене түскен. Жоғарыда аталған ұйымдардың мәліметінше, ол биоалуантүрліліктің жоғалуы мен климаттың өзгеруі, жер ресурстарын пайдаланудың жалпы адамзат моделіндегі ауқымды өзгерістері арқылы шешілуі қажет деп санайды. «Экологиялық әділеттілік – бұл пластиктің салдарынан зиян шегетін адамдар санатына қауіп туралы хабарлау, оларды пластикті өндіру, пайдалану және жою жөніндегі шешім қабылдау процесіне қосу», - дейді ЮНЕП өкілі Ингер Андерсен.

Сарапшылар үкіметтерге пластикалық қалдықтар мәселесін бақылауды кеңейтіп, оның адам денсаулығына әсерін зерттеуді және қалдықтарды өңдеуге қаражат салуды ұсынады. Сонымен қатар, үкіметтер бір реттік пластикалық өнімдерге тыйым салуды немесе тыйым салуды күшейтуге, сондай-ақ оны азайтуға, қайта өңдеуге және қайта пайдалануға ынталандыруы керек. Сондай-ақ бүгінгі ақпарат кең тараған уақытта пластикалық қалдықтардың зияны туралы мәлімет беріп отыру, содан зардап шеккен азаматтарға кеңес беру, экологиялық әділеттілікті орнатуға қадам жасау да маңызды. Баяндаманың бірлескен авторы Марсе Гутиеррес-Граудинштің айтуынша: "Пластикалық ластану-бұл әлеуметтік әділеттілік мәселесі. Пластикалық ластануды басқару және азайтуға бағытталған қазіргі әрекеттер оның барлық мәселелерін шешу үшін жеткіліксіз".

ЮНЕП-тің қоршаған ортаға, денсаулыққа және қоғамға пластикалық ластанудың әсерін одан әрі зерттеу мақсатында БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау Ассамблеясының 2/11 қарары да қабылдаған. Онда пластикалық қалдықтар орнықты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізуді, әсіресе 1 – кедейлікті жою, 2 – аштықты жою, 14 – теңіз экожүйелерін және 16 – сот төрелігін нығайтуды қамтамасыз ететіні қарастырылған. Ғылыми сарапшы Д.Калилдің пікірінше, пластикалық ластану мәселесі мұнай өндіру салаынан басталып, қоршаған орта мен парниктік газдар шығарындысына дейін жалғасады, тіпті бұл су ресурстарын бөлу саясатына да әсер етеді. 

Пластикалық қалдықтардың табиғи экожүйе мен адам денсаулығына келтіретін қаупі үлкен. Зерттеулерге назар аударсақ, 2030 жылға қарай пластикалық қоқыстардың (микро және нано өлшемді пластмассаларды қоса алғанда) олардың жер бетіндегі көлемі екі есе артуы ықтимал. Алайда, COVID-19 пандемиясы кезеңінде бір реттік қолданылатын пластмассаларды (оның ішінде медициналық бетперде мен қолғап сияқты жеке қорғаныс құралдары бар) шамадан тыс пайдалану мен тұтынудың нәтижесінде жоғарыдағы болжам әлдеқайда күрделене түсуі мүмкін. Сондықтан қазіргі уақытта ғалымдар қысқа мерзімдегі және ұзақмерзімді сценарийлерді ескере отырып, COVID-19-дың макропластикалық ластануға әсері, оның қоршаған орта мен адам денсаулығына тигізетін зияны туралы жан-жақты зерттеулер жасап, оның алдын алу мен салдарын жеңу стратегияларын қарастырады. Оны еңсеру кезеңінде әр мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына байланысты денсаулық сақтау мен экологиялық қауіпсіздік салаларындағы теңсіздік үлкен екені рас.


Табиғаттың аясын ластаудың көрінісі

Пластикалық құралдарды пайдалану біздің күнделікті өмірімізге қолайлы және көп жұмысты жеңілдеткенімен, оның қоршаған ортаға залал келтірмейтін биологиялық негіздегі баламаларына көшу өте маңызды. Пластикалық қалдықтар мәселесі әдетте конференциялар мен халықаралық жиындардың тақырыбы ретінде қалып қойып, күнделікті өмірде қала көшелері мен аулаларында, балалар алаңдарында, саябақтарда, қала сыртындағы демалыс орындарында қоқыс болып, экология мен тазалыққа зиянын тигізіп жатыр. Қоршаған ортаның пластикалық қалдықтардан тазалығы БҰҰ тұрақты даму мақсаттарында көрсетілген тұрақты өсім, жасыл экономиканы және халық денсаулығы мен өмір сапасын қамтамасыз етеді. Әрине, бүгінгі жедел дамыған қоғамда пластикалық құралдар мен ыдыстарды қолданбай тұра алмаймыз және оны түбегейлі тойтарып тастау да мүмкін емес. Тек оның шамадан тыс және ретсіз қолданылуы ғылыми қоғамдастық, пластик өнімдердіөндірушілердің және саясаткерлердің талқылауын қажет етеді.

Grand View Research консалтингтік компаниясының мәліметтері бойынша, әлемде бір рет қолданылатын бетперделердің сатылымы 2019 жылы 800 миллион доллардан 2020 жылы 166 миллиард долларға дейін өсті. «Бірақ бұл мәселенің бір бөлігі ғана. Әлеуметтік қашықтық сонымен қатар күнделікті онлайн-сатып алу мен азық-түліктің үйге түрлі пакеттермен орап жеткізілуіне байланысты пластикалық қалдықтардың көлемі үлкен болды» - деп атап өтті ЮНКТАД. БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасына сәйкес, пластикалық қалдықтардың балық аулауға, туризм мен теңіз көлігіне кері әсері жылына шамамен 40 миллиард долларды құрайды. 

Табиғаттың тазалығын қалай сақтауға болады? Әрине, ең алдымен халықаралық ауқымдағы және Қазақстан бойынша қабылданған қоршаған ортаны қорғау, сақтау және тазарту, заң бұзған жағдайдағы жауапкершілік шараларын күшейту қажет. Еліміз осы саладағы арнайы халықаралық нормаларды ратификациялаған және ұлттық заң-нормалар қабылданған, жауапты ведомство жұмыс істейді. Көптеген ғалымдар әлемдік экологиялық проблемалардың шешімін мықты заңнамадан көреді. Бұл тұрғыда табиғи ресурстарды орынды пайдалану маңызды. Егер біз табиғат берген сыйын дұрыс пайдалануды үйренсек, оның байлығын бірнеше ұрпаққа сақтап көбейтуге болады. Жаңа тазарту қондырғыларын орнату және оларды барлық зауыттарға енгізу ауаға, топыраққа және суға қоқыс пен химиялық заттардың шығарылуын азайтады. Табиғатты қорғау саласындағы нормалар мен олардың бұзылуын заңнамалық деңгейде бақылап, бизнес пен өндіріске табиғи ресурстарды пайдалану жауапкершілігін түсіндіру де өзекті. Тұрмыстық қоқысты бөлек шығару және оны дұрыс кәдеге жарату, зауыт кәсіпорындарының қалдықтарын тазарту үшін жаңа технологияларды енгізу, кейбір синтетикалық тыңайтқыштарды органикалық түріне ауыстыру қажет болмақ. Қазақстанда Волонтерлер жылында және былайғы уақытта тұрғындардың бірігіп, қаланың іші-сыртын, демалыс орындарына дейін тазартып, ағаш егумен айналысқаны қоршаған ортаға деген қамқорлық пен табиғи апаттың алдын-алу үлгісі ретінде көрінді. Сондықтан табиғатқа ұқыпты қарау және қорғау уақытша ғана емес, тұрақты міндет болып қала бермек. 

Барлық жаңалықтар