• Басты
  • Қоршаған ортаны қорғаудың жаһандық проблемасы

Қоршаған ортаны қорғаудың жаһандық проблемасы

4 Маусым, 2021 15:47

Халықаралық күндерге арналған веб-сайттар халықаралық ұйымдардың порталында ең көп кіретін ресурстардың бірі болып саналады. Халықаралық күндер белгілі бір мәселелер бойынша қызығушылықтың қаншалықты деңгейде екенін көрсетеді. БҰҰ осы веб-сайттардың қаншалықты танымал екендігін анықтау үшін біз аналитикалық құралдарды пайдаланып көрген. Соның ішінде 10 желтоқсанда атап өтілетін адам құқықтары күні, халықаралық әйелдер күні (8 наурыз), Дүниежүзілік су күні (22 наурыз) және халықаралық бейбітшілік күні (21 қыркүйек) ең танымал күндер болып шыққан. Халықаралық күндер белгілі бір өзекті мәселені әлемдік қауымдастықтың назарына ұсынып, оған көңіл бөлуге, қандайда бір проблемалары болса оның шешу жолдарын бірлесіп ойластыруға шақырады. 5 маусымда бүкіл әлемде Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні атап өтіледі, бұл БҰҰ адамдарды табиғатты қорғауға біріктіру үшін атап өтетін ең маңызды күндердің бірі.

1972 жылы 5 маусымда қоршаған орта мәселелері бойынша Стокгольм конференциясы өз жұмысын бастады. Бұл күн БҰҰ-да жыл сайынғы Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні ретінде таңдалды. Осы конференцияда БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасын (ЮНЕП) құру туралы шешім қабылданды. Содан бері 5 маусым – Дүниежүзіндегі негізгі экологиялық мереке. Қоршаған ортаны сақтау – жабайы табиғатты қорғау және қалпына келтіру ғана емес. Техногендік ландшафттар, қалалар мен ауылшаруашылық жерлер де қорғауға және тиімді басқаруды қажет етеді. Жер бетіндегі өмірдің игілігіне қызмет ететін теңдестірілген, тұрақты өркениетті тек жаһандық жоспарлау, ынтымақтастық және нақты әрекеттер арқылы құруға болады.

2001 жылы БҰҰ-ға мүше елдер осы мыңжылдықтың 8 мақсатын қойды. Оларды көп жағдайда орындалды деп мойындай отырып, 2015 жылы ұйым тұрақты дамудың 17 мақсатының жаңа бағдарламасын жариялады. Әр жылы қоршаған орта күніне арналған түрлі форматтағы іс-шаралар: ғылыми конференциялар, семинарлар, акциялар мен әлеуметтік желілердегі онлайн челлендждер өткізіліп жатады.

Дүниежүзілік қоршаған орта күніне орай адамдарға табиғатты қорғау туралы тағы да еске салу үшін әлемнің көптеген елдерінің үлкен ғимараттары мен табиғи нысандары жасыл түске боялады. Әдетте 5 маусым күні кешкі уақытта Дубайдағы әлемге танымал Бурдж Халифа ғимараты және Туриндегі Моле-Антонеллиана ғимараты сияқты көрікті жерлер жасыл түспен ерекше көрініске ие болады. Нью-Йорк Манхэттендегі Эмпайр-Стейт-Билдинг те осы күні жасыл түсті жарықтармен көмкеріледі. Сонымен қатар, Қытайдағы Гуанчжоу телемұнарасы және Пекин ұлттық жүзу кешені, Торонтодағы Си-Эн мұнарасы, Рабаттағы Марокко парламентінің ғимараты, Венеция мен Бангкоктағы мэрия ғимараттары — барлығы 5 маусым Дүниежүзілік қоршаған орта күні табиғаттың түсіне боялады. Мұндай экологиялық жарық шамдар танымал ғимараттарда ғана емес, сонымен қатар Ниагара сарқырамасы мен Панама каналында да жанады екен. Әлемнің әр түкпірінен туристер, саяхатшылар ағылып келетін демалыс орындары мен сауда, ойын-сауық, спорт және демалыс ғимараттарының жасыл түске боялуы адамдарды табиғатты қорғауға, қоршаған ортаны ластамауға, тазалық мәдениетін қалыптастыруға, әлемнің қай жері болмасын туған үйі ретінде қарауға шақырады.  

Жыл сайын көптеген мемлекеттер, ірі компаниялар мен жеке азаматтар бүкіл әлем бойынша осы күнге арнап мыңдаған іс-шара ұйымдастырады. Олардың көпшілігі әр жылдың тақырыбына сай ұйымдастырылады, оның ішінде адам мен табиғаттың байланысы тақырыбы да өте маңызды. Адам өзінің физикалық тіршілігін қамтамасыз ететін және оған зияткерлік, адамгершілік, әлеуметтік және рухани дамуға мүмкіндік беретін қоршаған ортаны жасайды және сонымен бірге қалыптасады. Адам мен табиғатты бір-бірінен ажыратып қарастыру қиынға соғады. Планетамыздағы адамзаттың ұзақ және ауыр эволюциясы барысында ғылым мен техниканың жедел дамуы нәтижесінде адам өзінің қоршаған ортасын бұрын-соңды болмаған дәрежеде өзгерте алатындай уақытқа келді. Табиғи жаратылыс пен адамның қолымен жасалған қоршаған орта да адамның әл-ауқатын және оның құқықтарын қоса алғанда шешуші мәнге ие. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні планетаның табиғи тіршілігіне көбейіп келе жатқан қысымның шектен шығуына жол бермеу үшін мүмкіндігінше көп адамды іс-қимылға шақырады. Мәселен, 2017 жылы Дүниежүзілік қоршаған орта күнінің тақырыбы адамның табиғатпен бірлігіне арналды және табиғатқа сүйіспеншілікті арттыруға, оның маңыздылығын бағалауға және ортақ жер планетамызды қорғауға шақырады.

Соңғы онжылдықтардағы ғылыми жетістіктер және жаһандық климаттың өзгеруі, ормандардың жойылуы, шөлейттену және т.б. экологиялық қауіптердің артуы табиғи жүйелердің біздің өркендеуіміз бен әл-ауқатымызды қолдайтын сансыз тәсілдерін түсінуге көмектеседі. Табиғаттың сыйын ақшалай эквивалентте бағалауға келмейді. Таза ауа, су немесе орман өздігінен тұрған, адамның күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысы жоқ дүние сияқты қараймыз. Алайда, қазіргі уақытта экономистер «Экожүйе қызметтері» деп оның миллиардтаған долларлық құнын бағалау әдіс-тәсілдерін дайындап жатыр.

Ұзақ уақыт бойы адамзат өзі тұратын жер планетасының экожүйесін өз тіршілігіне пайдаланып, оның жойылуына тікелей ықпал етіп келеді. БҰҰ мәліметі бойынша, әр үш секунд сайын әлем футбол алаңының көлеміндей орманды жоғалтып отырады екен. Ал өткен ғасырда жер шарының сулы-батпақты жерлердің жартысын жойылып кеткен. Планетаның маржан рифтерінің 50 пайызы жойылып кеткен, маржан рифтерінің 90 пайызы 2050 жылға қарай жаһан климатының жылынуы 1,5°C-тан аспаса да мүлдем жойылып кету қаупі бар.


Жер бетіндегі орманның көлемі (пайызбен) 

Табиғат уақыт өте келе өзінің бастапқыдағы қалпын жоғалтып, экожүйелердің бұзылуына байланысты әлемде ормандар мен шымтезек батпақтар сияқты «көміртегі сіңіргіштерінің» де көлемі азайып бара жатыр. Парник газдарының шығарындылары үш жыл қатарынан көбейіп, планета климаттың апатына тағы да жақындап келе жатыр дейді мамандар. Сонымен қатар, COVID-19-ның пайда болуы экожүйенің бұзылу салдары қаншалықты зиян болатынын көрсетіп отыр. Жануарлардың табиғи мекендейтін жерін қысқарту, биологиялық қауіпсіздікті сақтамау арқылы адамзат түрлі ауру қоздырғыштарының, соның ішінде коронавирустың таралуына тікелей себепші болып отыр. Экожүйелерді қалпына келтіру дегеніміз – зиянды әрекеттердің алдын алу, оны тоқтату және жою, бұл табиғатты пайдаланудан оны қайта сауықтыруға дейінгі шараларды қамтиды. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні биыл БҰҰ-ның экожүйелерді қалпына келтіру онжылдығының басталып, ол дүниежүзіндегі миллиардтаған гектар ормандар мен ауылшаруашылық жерлері, тау-қыраттар мен теңіз түбіне дейінгі тіршілікті қамтиды. Тек сау экожүйе арқылы ғана адамзат өзінің өмір сүру деңгейін жоғарылатып, климаттың өзгеруіне қарсы тұра алады және биоәртүрлілікті сақтай алады. 

2021 жылы Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау жылының ресми астанасы Пәкістан экожүйені қалпына келтірудің бірлескен іс-қимылдарын үйлестіреді. 2021 жылдың тақырыбы – Қайта мән беру. Жаңадан жасау. Қалпына келтіру. Өткен жыл адамдар үшін де, табиғат үшін де қиын болды. COVID-19 пандемиясы адамзаттың ғылыми ізденіске мұқтаж екенін көрсетті. Вакцинаны жасауда халықаралық ынтымақтастық пен инновациялық дамудың жаңа деңгейін көрсетті. Қоршаған ортаны сақтаудың алдағы онжылдығы 2030 жылы аяқталады, бұл тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің соңғы мерзімі және ғалымдар климаттың қайтымсыз өзгеруінің алдын алудың соңғы мүмкіндігі деп те атайды.

Ормандар, шымтезек батпақтар және жасыл-желек жағалаулардың сақталуы сау экожүйеге байланысты. Экожүйелер барлық тірі организмдердің — өсімдіктердің, жануарлардың, адамдардың қоршаған ортамен өзара әрекеттесуімен сипатталады. Олар табиғатты, сондай-ақ қалалар мен ауылшаруашылығы сияқты адамның қолымен жасаған жүйелерді де қамтиды. 

Қазақстан экожүйені сақтау және дамыту бойынша бірқатар проблемалар мен жетістіктер де бар. Экология министрі М. Мырзағалиев ECOJER халықаралық экологиялық конгресінде «Жаһандық температураның көтерілуіне қарсы шешуші іс-қимыл жасайтын уақыт келді. Өткен жылы біз ұлттық заңнамамызды қайта қарадық және шешім қабылдау үшін климаттың өзгеруіне бейімделу процесін біріктіру үшін жаңа экологиялық кодекс қабылдадық» - деді. Оның пікірінше, бұл жергілікті деңгейде, сондай-ақ климаттың өзгеруіне неғұрлым осал секторларда климаттың өзгеруіне төзімділікті арттырудың тиімді жүйесін құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасы аясында алдағы бес жыл ішінде парниктік газдардың сіңірілуін арттыру үшін елімізде екі миллиард ағаш егіледі. Нәтижесінде бұл шаралар республика аумағының орманды жерлерін 5%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Экология министрінің айтуынша, табиғатқа бағдарланған шешім климаттың өзгеруі нәтижесінде шөлейттену проблемаларын тежеуге мүмкіндік береді. Экология министрінің айтуынша, Каспий теңізінің мәселесі де ерекше назар аударуды қажет етеді. 2006 жылдан бастап теңіз деңгейі төмендеп келеді. 2020 жылға қарай теңіз деңгейі 1 метрден астам төмендеп, Балтық координаттар жүйесі бойынша 28,23 метрге жеткен. Оның айтуынша, теңіз деңгейінің төмендеуі минус 28,5 метрге жетті, бұл Каспий теңізінің тарихына қарағанда оның экожүйесі үшін өте маңызды. Бұл жағдай Каспий теңізінің жағалау сызығы жағдайының, әсіресе қазақстандық секторда өзгеруіне ықпал етті. Бұл мәселе Үкіметтің жіті қадағалауын қажет етеді.

Экожүйені сақтау мақсатында Түркістан облысының «Жасыл белдеуі» аумағында 4 мың га қосымша сексеуіл тұқымы мен ағаш көшеттері егілді. Осылайша, облыста жыл сайын 35-40 млн. түрлі көшеттер өсірілетін орман питомниктерінің алаңы екі есе ұлғайды. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында ұйымдастырылған «Сексеуілді сақтайық» республикалық акциясы аясында Түркістанда арт-инсталляция ашылды. Бұл өсімдік топырақты эрозиядан және құмды дауылдан қорғайды. Түркістан облысының орман қорының жалпы ауданы 3 млн. 131 мың га жерді құрайды, оның жартысынан астамын орман алып жатыр. Өткен жылы орман өсіру шаралары аясында 11 610 гектар жерге жас ағаштар отырғызылды. ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында республика аумағындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін 2 млрд.ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылды. Осыған байланысты биыл Түркістан облысында 30 млн ағаш отырғызу жоспарланған. 

Экожүйені қалпына келтіру дегеніміз кең ауқымды іс-шара және ол миллиардтаған гектар жерді, аумағы Қытай немесе АҚШ-тан да үлкен аумақты қалпына келтіруді білдіреді. Сол арқылы ғана адамдар тамақ, таза су және күнделікті жұмысқа қол жеткізе алады. Таулардың шыңындағы табиғат пен теңіздің түбіндегі түңғиық тіршілік түгел адамзаттың өмірімен байланысты болып отыр. Экожүйені қалпына келтіру: есіктің алдына ағаш егу, қаланы көгалдандыру, саябақтарды қалпына келтіру немесе өзен жағалары мен демалып кеткен жерлерді қоқыстардан тазарту сияқты кішігірім қадамдардан тұрады. Экожүйені қалпына келтіру адамдарға айтарлықтай пайда әкеледі. Қалпына келтіруге салынған әрбір тиыннан қоғам кем дегенде ондаған есе пайда көруі мүмкін екен. Сонымен қатар, қалпына келтіру процесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық мәселесін шешуге де септігін тигізеді. Көптеген елдер COVID-19 пандемиясынан кейін қалпына келтіру стратегияларын жасап, қоршаған ортаға көңіл бөле бастады.

Барлық жаңалықтар