• Басты
  • Қоршаған ортаны қорғау: Заңдағы өзгерістер, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының іске асырылуы

Қоршаған ортаны қорғау: Заңдағы өзгерістер, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының іске асырылуы

7 Маусым, 2021 10:46

5 маусым - Бүкiләлемдiк қоршаған ортаны қорғау күнi. Бұл күн 1972 жылдың маусымында қоршаған орта проблемалары жөнiндегi Стокгольм конференциясының қарарына сәйкес бекiтiлдi. Бiрiккен Ұлттар Ұйымының тарапынан үлкен қолдау көрсетiлетiн мерекенiң мақсаты - қоршаған ортаның өзектi проблемаларына әлемдiк қауымдастықтың назарын аудару және адамзат баласының қоршаған ортаға деген жанашырлық ояту. Осы орайда, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы iс-шаралар, экологиялық кодекстегi ерекшелiктермен қатар, «Fandobox ecoplatform» автоматы, ECOJER қауымдастығы, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының iске асырылуы туралы шолу материал дайындадық. Толығырақ Strategy2050.kz тiлшiсiнiң материалында.

Экологиялық кодексте не өзгердi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодексiне экология мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" заңға қол қойған болатын. Кодекс экологтармен, сарапшылармен, қоғамшылдармен және бизнес-қоғамдастықпен бiрлесiп әзiрлендi.

Қабылданған құжатқа сәйкес, ендi экологиялық зиян келтiрiлген жағдайда табиғи ресурстарды пайдаланушы қоршаған ортаны бастапқы қалпына келтiруге мiндеттi. Маңызды ба­ғыт­тардың бiрi – «Ластаушы тө­лейдi» қағидаты. Соған сәйкес ластану фактiлерiн болдырмау және бақылауды күшейту шаралары қарастырылады. Сонымен қатар, қоршаған ортаға тиген залалды қалпына келтiруге қатыс­ты жа­уапкершiлiктi қатаңдату көзделiп отыр.

Оның iшiнде көп өзгерiстер экология сaлaсындaғы жұмыстaрды реттеу, оның тиiмдiлiгiн aрттыру, кейбiр мемлекеттiк оргaндaрдың жұмысын спецификaлық тұрғыдaн өзгертуге бaғыттaлғaн. Aзaмaттaрдың өмiрiне қaтысты және қоғaмдық ең көп толғaндырғaн өзгерiстер әсiресе әкiмшiлiк құқық бұзушылық турaлы кодекске қaтысты болып отыр.

Кодекстiң жобасында бiрiншi санаттағы iрi кәсiпорындарға қатысты қоршаған ортаға әсердi бағалауды жүргiзу туралы талап енгiзiледi. Олардың тiзбесi қайта қаралып, негiзiнен экологиялық қауiптi нысандарға баса назар аударылады.

Министрлiктiң мәлiметiнше, қоғам өкiлдерi қоршаған ортаға әсердi бағалаудың барлық кезеңдерiне қатыса алады. Бiрiншi санаттағы нысандардың қоршаған ортаға әсерi мiндеттi түрде бағаланады. Екiншi санаттағы кәсiп­орындар скринингтiк тексерiстен өтедi. Демек экологияға әсердi бағалауды жүргiзу қажеттiгi анықталады.

Соңғы жылдары жергiлiктi атқарушы органдар келiп түсетiн қаражаттың тек 45%-ын қоршаған ортаны қорғауға бөлiп келдi. Осы орайда жаңа Кодексте жергiлiктi атқарушы органдар түсетiн экологиялық төлем­дер­дiң 100%-ын табиғатты қорғау жұмыстарына бөлуге мiндеттi.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлiгiнiң деректерi бойынша, 2021 жылы министрлiк жаңа экологиялық кодекстi iске асыру шеңберiнде заңға тәуелдi актiлердi әзiрлеу бойынша жұмыс iстейтiн болады. Сондай-ақ "жасыл" өсу және экономиканы терең декарбонизациялау жөнiндегi шараларды қоса отырып, 2050 жылға дейiнгi төмен көмiртектi даму тұжырымдамасын бекiту, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөнiндегi жобаларға аукциондық iрiктеу жүргiзу жоспарланып отыр.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкiметке 2021-2025 жылдарға арналған "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасын әзiрлеудi тапсырған болатын. Жоба аясында ауаның ластану деңгейi жоғары 10 қаладағы жағдайды жақсартуға мүмкiндiк бередi деп күтiлуде.

Бұл жоба 7 негiзгi бөлiмнен тұрады:

-        су нысандарын сауықтыру

-        ауаның ластану деңгейiн төмендету

-        қалдықтарды басқару

-        биоалуантүрлiлiктi сақтау

-        елдi көгалдандыру

-        энергия тиiмдiлiгi

-        экоқұрылым және экологиялық мәдениеттi арттыру

Бұл жоба негiзнен Темiртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған және Шымкент қалаларында экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етедi.

Сонымен қатар, 2025 жылға дейiн ағын суларды төгу көлемiн төмендетуге қол жеткiзу, қалдықтарды өңдеу үлесiн ағымдағы 18% -дан 35%-ға дейiн арттыру, сондай-ақ елдiң ЖIӨ энергия сыйымдылығын төмендету жоспарлануда.

Министрлiктiң мәлiметiнше, орман қорында 2 млрд ағаш отырғызу бойынша жүргiзiлiп жатқан жұмыстардың тиiмдiлiгiне қоғамдық мониторинг жүргiзу үшiн Экология министрлiгiнiң қолданыстағы геопорталының базасында интерактивтi картаны құру ұсынылуда. Қазiр осы геопорталда орман өрттерi мен заңсыз ағаш кесу мониторингi онлайн режимде жүргiзiлiп жатыр.

Сондай-ақ, ұлттық жобаны әзiрлеу бойынша жұмысты биылғы жылдың 1 шiлдесiнде аяқтау жоспарланған.

Мемлекет басшысының айтуынша, қоршаған ортаны қорғау үшiн қажеттi маңызды мiндеттердiң бiрi - барлық көрсеткiштердi цифрландыру.

Президенттiң сайлауалды тұғырнамасын iске асырудың iс-қимыл жоспарына сот жүйесiн жаңғырту, полиция қызметiне қоғамдық бақылауды күшейту, мемлекеттiк қызметтi жетiлдiру, бәсекелестiк үшiн кедергiлердi жою және монополистер тарапынан терiс пайдаланушылыққа жол бермеу, азаматтарды әлеуметтiк қолдаудың кепiлдiк берiлген көлемiнiң бiрыңғай стандарттарын белгiлеу, олардың қаржылық мүдделерiн қорғау жөнiндегi шаралар, сондай-ақ басқа да бiрқатар iс-шара енгiзiлген.

ECOJER қауымдастығы немен айналысады

Бүкiл әлемде өсiп келе жатқан экологиялық мәселелерге байланысты қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыратын компаниялар тарапынан экологиялық ақпараттың қолжетiмдiлiгi маңызды мәнге ие болды.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлiгi өнеркәсiптiк кәсiпорындардың экологиялық қызметi, ластану деңгейi және iрi бизнес тарапынан қабылданатын "жасыл" бастамалар туралы үнемi хабардар болуы керек. Деректер кәсiпорындардың өздерi ұсынатын есептерден қалыптасады. Сонымен бiрге, кәсiпорындар мұндай ақпаратты бiрден бiрнеше мемлекеттiк органдарға әртүрлi көрсеткiштер бойынша беруге мәжбүр. Бұл, бiрiншiден, компаниялар үшiн ыңғайсыз, екiншiден, түпкiлiктi деректердiң дұрыстығына әсер етуi мүмкiн.

Мәселенi шешу үшiн ECOJER қауымдастығы кәсiпорындар үшiн экологиялық есептердi оңтайландыру процестерiн әзiрлеп ұсынды. Бұл уәкiлеттi органның интернет-ресурсынан кәсiпорындардың есептерi бойынша дұрыс деректердi алуға мүмкiндiк бередi. Сондай-ақ, қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму мәселелерiн қозғайтын шешiмдердi қабылдауға қоғамның қатысу қағидатын орындау мақсатында ECOJER уәкiлеттi мемлекеттiк органның сайтында оларды орталықтандыру шеңберiнде "қоғамдық тыңдау" айдары бойынша ұсыныстарды ұсынды. Ол кез-келген экологиялық жобаға ашық қолжетiмдiлiктi қамтамасыз етедi, Демек, тұрғындар әр аймақтағы өндiрiстiң қоршаған ортаға ықтимал әсерi туралы, тiптi онлайн режимде жобалау кезеңiнде де өз ұстанымдарын бiлдiруге мүмкiндiк алады.

"ECOJER" отандық компаниялар тарапынан "жасыл" iс-шаралардың ашықтығын қолдайды. Тек ашықтық пен әдiлдiк кәсiпорындарға халықпен сындарлы диалог құруға көмектеседi. Мысалы, әлеуметтiк шиеленiске жол бермей, мәселелердi жедел шешу және беделдi тәуекелдердi болдырмай, нарықтағы экономикалық тартымдылықты арттыруға ықпал етедi.

«Fandobox ecoplatform» автоматы

Бұдан бөлек, жақында қолға алынған шаралардың бiрi - «Fandobox ecoplatform» автоматы. Елордадағы «Керуен» сауда ойын-сауық орталығы «galmart» супермаркетiнде «Fandobox ecoplatform» автоматы пайда болды. Тұрғындар мен келушiлер автоматқа бос бөтелкенi салып, оларға «екiншi өмiр» сыйлай алады. Жиналған пластик және қаңылтыр бөтелкелер қайта өңделедi.

Министр Мағзұм Мырзағалиевтiң айтуынша, фандоматтың пайда болуы экология, қоғам үшiн үлкен маңызға ие. Бұл елордадағы алғашқы фандомат болғанымен, алдағы уақытта саны еселеп артатын болады. Тек үлкен дүкендерде ғана емес, сыртқы алаңдарда да пайда болатынын атап өткен.

Барлық жаңалықтар