• Басты
  • Қордайдағы жағдайға қатысты мемлекет қандай іс-шараларды жүзеге асырды
10 Ақпан, 2020 09:29

Қордайдағы жағдайға қатысты мемлекет қандай іс-шараларды жүзеге асырды

7 ақпанда Жамбыл облысының Қордай ауданында туындаған тұрмыстық кикілжің жаппай тәртіпсіздікке ұласқан. Масаншы ауылында шыққан қақтығыстың салдарынан 8 адамның қаза болып, 40-тан астамы жарақат алғаны белгілі болды. Үйлер мен дүкендер, көліктер қиратылған. Осыған орай, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей эфирге шығып, мәлімдеме жасады. Ол қаза болғандардың отбасына көңіл айтып, зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен үкімет комиссиясы құрылды.Бүгінде құрылған комиссия оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Атқарылған жұмыстар туралы Strategy2050.kz шолуынан оқи аласыздар.
Қордайдағы жағдайға қатысты мемлекет қандай іс-шараларды жүзеге асырды
«Жамбыл облысы Қордай ауданында жергілікті тұрғындар арасында жаппай төбелес, жанжал болды.Бұл ахуалды арандатушылар өз мақсатына пайдаланды. Өкінішке қарай, бұл оқиға кезінде адам шығыны болды.Мен қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін.Қазір полиция мен Ұлттық ұлан бұл жағдайды бақылауға алды.Осыған орай, мен Үкімет комиссиясын құруды тапсырдым.Оған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Машбекұлы Сапарбаев төрағалық етеді.Үкімет комиссиясы болған оқиғаның себебін анықтайды.Жамбыл облысы әкімімен бірлесіп, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастырады.Сондай-ақ, жағдайды тұрақтандырумен айналысады.Қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатын болады.Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті тапсырма бердім.Мемлекетіміздің мүддесіне зиян келтіретін, береке-бірлігімізді бұзатын және жалған ақпарат таратқан азаматтар заң алдында жауап береді», - деді Қ.Тоқаев.

кордай.jpg

   Сондай-ақ, Президент бейбітшілік пен қоғамдық келісім – біздің мемлекетіміздің берік негізі екенін айтты.

«Халқымыз қиын-қыстау замандарда өзінің біртұтастығын сақтап қалған.Сондықтан, біз кейбір азаматтарға, соның ішінде арандатушыларға еліміздің басты құндылығын – ынтымақ-бірлігімізді бұзуға жол бермейміз.Бұл еліміздегі барша азаматтарға ортақ тілек деп санаймын.Азаматтарды жалған қауесеттерге бой алдырмауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысында құқық қорғау органдарына көмек беруге шақырамын.Мемлекеттік органдар туындаған мәселелерді шешу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды», - деді Мемлекет басшысы.

Президент құрған комиссияға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Б. Сапарбаевтың төрағалығымен құрылған Комиссия құрамына Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ж. Түймебаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Ш. Хахазов және «Дүнген қазақстандық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А. Воинце мен қаржы, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрлері, ақпарат және қоғамдық даму, ұлттық экономика, денсаулық сақтау, білім және ғылым вице-министрлері, ішкі істер, қорғаныс министрлерінің орынбасарлары, Бас прокурор мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасарлары кірді.

Комиссия алдында кикілжің себептерін анықтау, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық сипаттағы мәселелерді шұғыл шешуді қамтамасыз ету, келтірілген залал көлемін бағалау міндеттері қойылды. 

Осылайша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Қордай ауданындағы оқиға салдарын жою жөніндегі Үкімет комиссиясы Жамбыл облысына барды. 

берди кордай.jpeg

Қордай ауылында вице-премьер аруханаға барды, топтасқан төбелес кезінде зардап шеккен тұрғындармен сөйлесті. Медициналық мекемелерге 12 адам жатқызылды, 20 адам бақылауда және емханадан шығаруға әзірленуде. 5 пациент санитариялық авиация желісі бойынша Алматы қаласына, 1 пациент Тараз қаласына ауыстырылды. Барлығына қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Медициналық көмекке барлығы 127 адам жүгінді, оның ішінде 84 адам тексеруден соң үйлеріне жіберілді. 

Вице-премьер ауданда тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет комиссиясы арнайы келгенін атап айтты. 

«Біз сіздерден, қоғамда беделі бар ақсақалдардан тұрғындарға біздің жағдайды объективті тұрғыда анықтау үшін келгенімізді түсіндірулеріңізді өтінеміз. Кінәлілер жазасын тартады. Барлық зардап шеккендерге қажетті медициналық және басқа да көмек көрсетіліп жатыр. Қазір басты мәселе - өңірдегі тұрақтылықты, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету», - деді Б. Сапарбаев. 

Сондай-ақ, Қордай ауданында Үкімет комиссиясы Қордай, Масанчи, Ауқатты, Сортөбе елді мекендеріндегі қазіргі жағдаймен танысып, жергілікті тұрғындармен, оқиға кезінде қаза тапқандардың отбасыларымен бірқатар кездесу өткізеді, зардап шеккендерге барады, тұрғын үйлерді, әлеуметтік және коммерциялық нысандарды аралап көреді. 

Оғаан қоса, Сортөбе ауылындағы Мәдениет үйінде өткен ақсақалдармен кездесу барысында вице-премьер жергілікті тұрғындарды сабырға және түрлі арандатуларға ілеспеуге шақырды. 

баур.jpeg

«Біздің міндетіміз – тұрғындардың қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету. Кешегі қайғылы жағдай қайталанбауы тиіс. Ол үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірге Үкімет комиссиясы мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері келді. Біз тәртіп орнатамыз, сіздерден сабыр сақтауды өтінеміз. Бізде барлық қажетті құралдар мен күштер жеткілікті», - деді ол.

Бердібек Сапарбаев оқиғаның тек тұрмыстық сипаттағы кикілжің екенін тағы бір атап өтті. 

«Біз бәріміз Қазақстан Республикасының азаматтарымыз. Бұл жерде ешқандай ұлттық мәселе жоқ. Тұрмыстық кикілжің болды, оны арандатушылар пайдаланып, басқа арнаға бұрып жіберді», - деді ол.

Сондай-ақ, Б.Сапарбаев қиратылған барлық ғимарат қалпына келтірілетінін айтты.

«Сіздерден арандатуларға ермеуді сұраймыз. Бұзылған барлық үйлерді біз қалпына келтіреміз, отбасыларға көмек көрсетеміз. Біздің мамандар жұмыс істеп жатыр, залалды бағалауда. Біздің барлығыңызға тағы айтарымыз, кетіп қалған, қазір Қырғызстанда өз туыстарын паналап жатқан жақын-жуықтарыңызға елге қайту керектігін жеткізсеңіздер», - деді Б. Сапарбаев өткізу пунктінде жиналған қауымға. 

Ал 9 ақпанда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қордай ауданында қаза тапқандардың отбасыларына барды. 

жерлеу қордай.jpeg

Құрамына орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Парламент депутаттары, ҚХА өкілдері кірген Үкімет комиссиясының басшысы Сортөбе және Масанчи ауылдарында болды, қаза тапқандардың отбасыларына  барып көңіл айтты. 

«ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев пен Үкіметтің атынан шын қайғырып көңіл айтамыз. Біз сіздерді бұл қиындықта қалдырмаймыз, сіздердің қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз етеміз. Сіздердің отбасыларыңызға көмектесеміз, мемлекет сіздерді қолдайтын болады», - деді Б. Сапарбаев.
маш.jpeg

Сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қордай ауданында Сортөбе, Масанчи, Ауқатты және Қаракемер ауылдарының тұрғындарымен кездесу өткізді.

Кездесулерге сонымен қатар Парламент Сенатының вице-спикері Бектас Бекназаров, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, ҚХА төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл қатысты. 

Ауылдық тұрғындарымен кездесуде Үкімет комиссиясының мүшелері құқықтық тәртіпті сақтау, келтірілген залалды қалпына келтіру, болған оқиғаның жай-жапсарын объективті анықтау, бірлік пен татулықты сақтау бойынша бұдан кейінгі шаралар, болашақта мұндай кикілжіңдерге жол бермеу шараларын қабылдау мәселелерін талқылады. 

жиналыс сапар.jpg

Сонымен қатар жергілікті тұрғындарды ұсталған азаматтардың тағдыры қызықтырды. 

«Құқыққа қайшы әрекет жасамағандар босатылатын болады. Тәртіпсіздікке қатысқандардың барлығы заң бойынша жауап береді. Қазір тергеу оперативтік тобы жұмыс істеп жатыр, ол барлық жағдайды анықтайтын болады», - деді вице-премьер.

Сортөбеліктер ауылдастарын сабыр мен тәртіпті сақтауға шақырды. 

«ҚР заңдары бар, құқық қорғау органдары бар - мұны басты назарға алу керек. Не болғанына объективті сараптау жасап, не болғанын, кім кінәлі екенін анықтау керек. Біз өз бетімен жазалауға жол бермеуіміз керек. Бастысы - қоғамда бейбітшілікті, бірлік пен келісімді сақтау», - деді ауыл тұрғындарының бірі.

Үкімет комиссиясы Қордай ауданында жұмысын жалғастыруда. 

Аягөз Құрмаш

Барлық жаңалықтар