• Басты
  • Б.Сапарбаев: Қырғызстанға өтіп кеткен 8 мыңға жуық азамат қайтарылды
11 Ақпан, 2020 11:35

Б.Сапарбаев: Қырғызстанға өтіп кеткен 8 мыңға жуық азамат қайтарылды

Қырғызстанға өтіп кеткен 8 мыңға жуық азамат қайтарылды. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев үкімет отырысында айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі. 

Б.Сапарбаев: Қырғызстанға өтіп кеткен 8 мыңға жуық азамат қайтарылды

Облыс әкімінің айтуынша, бүгінгі күні барлық жағдай қалпына келді, балабақша, мектеп және сауда орындары жұмыстарын жалғастыруда. 

"Қақтығыс салдарынан көптеген азаматтың көрші мемлекет Қырғызстанға өтіп кеткенін бәріңіз білесіздер. Осы екі күннің ішінде Қырғызстанға өтіп кеткен 8 мыңға жуық азамат қайтарылды. Кешеден бастап балабақшалар, мектептер бұрынғыдай өз жұмыстарын істеп жатыр. Сонымен қатар сауда орындары да өз жұмыстарын жалғастыруда", - деді Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қатар оның сөзінше, аймақтағы өртенген үйлер мен сауда үйлерін жөндеу үшін жергілікті құрылыс компаниялары тартылмақ.

"Өртенген үйлер мен қираған сауда орындарын қайта тұрғызу кезінде жергілікті құрылыс компаниялары тартылатын болады. Сонымен қатар жергілікті халық та жұмысқа тартылады. Сол елден шыққан кәсіпкерлермен жұмыс істеп жатырмыз қазіргі таңда. Олар халықты қолдайтындықтарын, көмектесетіндіктерін жеткізуде. Шығындарды өтеуге олардың да жәрдемін пайдалануға ниеттіміз. Барлық мәселе бақылауда, барлығы қалпына келеді", - деді облыс әкімі. 

Сондай-ақ облыс басшысының айтуы бойынша, қақтығыс кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларына материалдық көмек көрсетілген.

"Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жағдай тұрақты. Құқық қорғау органдарымен, жергілікті әкімдікпен жқмыстар істелініп жатыр. Жалпы өткен бес күннің ішінде 141 адам дәрігерлік көмекке жүгінді. Оның әшінде 19- ы полиция қызметкері. Өкінішке орай, 10 адам қайтыс болды. Барлық қайтыс болған жандардың отбасыларына жергілікті демеушілердің, жергілікті әкімшіліктің қатысуымен көмек көрсетілді. Комиссия мүшелері барлық қайтыс болған адамдардың отбасыларына Тоқаевтың атынан көңіл айтылды. Өзіміз де барлық шараларына қатыстық", - деді облыс басшысы. 

Қазіргі таңда Бердібек Сапарбаевтың сөзінше, болашақта мұндай жағдайлардың қайталабасы үшін бірқатар шара қолға алынған.

"Қордай аудандық ауруханасында 13 адам, Алматы қаласында 25 адам жатыр. Алматыдан Қордайға 10 білікті дәрігерді шақырдық. Біз үш күн ішінде бес елдімекеннің халқымен кездестік. Оларға қандай көмек, қандай болатындығы жөнінде түсіндіріп айттық. Келешекте мұндай жағдайлардың қайталанбасы үшін сол елдегі беделді, белсенді деген ақсақалдарымен кездесіп, тағы да мәселені талқыладық", - деді облыс әкімі. 

Бұдан басқа оның айтуынша, бүгінгі таңда комиссия өртенген үйлерді, сауда орындарын жерілікті халықтың көмегімен тексеріп жатыр. Бір-екі күнде олардың нақты саны мен қандай көмек қажет екендігі анықталады. 

Айта кетейік, 7 ақпан күні Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болды. Оқиға салдарынан 10 адам қаза тауып, бірнеше адам жараланды.

Назерке Сүйіндік

Барлық жаңалықтар
3.238.184.78, 192.168.88.100