• Басты
  • О.Бекбас: Тариф құнын өсіру - электр станцияларын апаттан құтқару үшін қажет

О.Бекбас: Тариф құнын өсіру - электр станцияларын апаттан құтқару үшін қажет

10 Наурыз, 2021 16:59

«Электр энергиясына шекті тарифтерді бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 14 желтоқсандағы № 514 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы бұйрығына сәйкес алдағы уақытта электр энергиясына тариф құны қымбаттайды. Осыған орай, «Қазақстан энергетиктерінің салалық кәсіподағы» ҚБ-нің төрағасы Оразбек Бекбас Strategy2050.kz тілшісіне сұхбат берді.


2020 жылы қыркүйек айында 37 энергия өндіруші ұйым (оның 45-і нде шекті тарифтер белгіленген) Энергетика министрлігіне электр энергиясына шекті тарифтерді түзетуге өтінім берді. Энергия өндіруші субъектілердің бұл құқығы электр энергетикасы туралы заңнамада көрсетілген.

Оразбек Телбайұлы, электр энергиясы тарифтерінің қымбаттауына не себеп?

Біздің салада 98 өндіріс орны бар. Олар жылу мен электр энергиясын өндіреді. Жылуды калория (калор - «жылу», «қызу» деген латын сөзінен шыққан), электр қуатын киловат сағатпен өлшейміз. Біз табиғи монополия болғаннан кейін осы саланы қадағалайтын комитет тарифті бекітеді. Қазіргі уақытта тариф бағасының төмен болуына байланысты біздің саладағы жағдай қиындап кетті. Себебі біздегі негізгі құралдар бу трубинасы, бу қазандары, диірмен, тақтағыш сынды заттар тозған. Орташа есеппен 60 пайызға тозған. Соның салдарынан апаттар көбейіп кетті. 2020 жылы Қазақстандағы электр энергетика саласында 4 458 техникалық апат болды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, станцияларда апаттар саны 11 пайызға көп. Өйткені электр желілері тозған. Қуаты 24 мың мегаваттан артық шығаратын станциялардың қуаттылығының да күші сарқуға жақын. 24 мың мегаваттың тек 1,5 %-ын ғана жел және күн станцияларынан алады.

Тариф құнын өсіргеннен басқа амалдар жоқ па сонда?

Бізде тариф құнын өсіргеннен басқа жол жоқ. Бұл ең алдымен жылу электр станцияларын апаттан құтқару үшін қажет. Бұл салада жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбекақысы да бар. Елде 102 мыңнан аса энергетик 98 өндіріс орындарында жұмыс істейді.

Энергетиктер қанша жалақы алады?

Ұлттық статистика агенттігінің санауы бойынша 2020 жылы төртінші тоқсанда қазақстандықтардың орташа жалақысы 233 136 теңге болған. Біздің салада жұмыс істеп жатқан жұмыскерлердің орташа жалақысы 217 135 теңге. Салыстырмалы түрде айтсақ, 6,8 пайызға төмен. Басқа салаларды алып қарасақ, мысалы, мұнай саласындағы қызметкерлердің орташа жалақысы 427 000 теңгеден асады. Осындай өзге саламен салыстырғанда жұмыскерлер алатын жалақы аз. Энергетиктердің жалақысы төмен болмау керек. Жастар да бұл салаға қызықпайды. Энергетика мамандығы бойынша оқуға түсетін жастар азайып барады.

Электр энергиясының тариф құны қанша пайызға өсетіні туралы ресми ақпарат бар ма?

Әр аймақта, әр өндіріс орнында, станцияларда тариф әр түрлі болмақ. Оны уақыты келгенде ҚР Энергетика министрлігі айтады.

Қазіргі тариф бағалары станциялардың шығындарын өтей алмай отыр ма?

Жылу мен жарық таратушы станциялар шығындарын өтегенімен, алайда тек өтеумен ғана шектеліп жатыр. Бұл шығындардан басқа жөндеу жұмыстары, апаттың алдын алу шараларын ұйымдастыруға қаржы жетіспейді. Подстанция, трансформаторларды, электр сымдарын уақыты келген сайын ауыстырып отыру керек. Біз әділетті тарифті талап етіп отырмыз. Одан энергетиктер байып кетпейді, бәлкім еңбек әділ бағаланып қалар?! Бірақ электр станцияларына инвестиция керек. Станцияларда апатты жағдайдың алдын алса, жұмыскерлер үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай туады.

Оразбек Телбайұлы, өзіңіз туралы айта кетсеңіз? Бұл салаға қалай келдіңіз?

 1977 жылы Алматы энергетика институтын бітірдім. Алматы жылу электр станциясында слесарь, мастер қызметтерін атқардым. Кейін өзім білім алған инстиутта мұғалім болып қызметке қабылдандым. Энергетика институтында комсомол хатшысы болып сайландым. Сөйтіп, мемлекеттік қызметке келдім. Алматы атқару комитетінде қызмет еттім. Алматы аудандарында әкім, әкім орынбасары қызметтерінде болды. «Kegoc» акционерлік қоғамында істеп, «Самұрық-Энерго» АҚ-да қызмет еттім. 2015 жылы, «Қазақстан энергетиктерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып сайландым.

Әңгімелескеніңізге рақмет! Қызметіңізге сәттілік тілеймін!


Барлық жаңалықтар