• Басты
  • Опера сахнасының падишасы Бибігүл Төлегенова тыңдармандарын тәнті етті
4 Желтоқсан, 2019 15:32

Опера сахнасының падишасы Бибігүл Төлегенова тыңдармандарын тәнті етті

Әлемдік опера примадоннасы Бибігүл Төлегенова «Астана Опера» сахнасында өзінің 90 жылдық мерейтойына орай құттықтауларды қабыл алды. 
Опера сахнасының падишасы Бибігүл Төлегенова тыңдармандарын тәнті етті

Мерекелік кешке диваның шақыртуымен танымал қазақстандық опера әншілері, оның дәстүрін жалғастырушы ізбасарлары, Бибігүл Төлегенова байқауының лауреаттары қатысты. Аты аңызға айналған әншінің шығармашылығына бас иетін көптеген тыңдарманды басты тосынсый күтті – сахна төріне ән падишасының өзі шықты.

Бибігүл Төлегенова өзінің ауқымды репертуарынан жарқын нөмірлерді орындап, тыңдарманның үкілеген үмітін ақтады, атап айтқанда, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан Жібектің (Гәкку) ариясы, Г.Тукайдың сөзіне татардың «Тафтиляу» әні, Н.Лысенконың «Наталка-Полтавка» операсынан Наталканың ариясы КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенованың мінсіз интерпретациясында керемет шырқалды. Жиналған қауым әншінің тамаша дарыны үшін оның әрбір өнер көрсетуінен кейін тік тұрып қошемет көрсетті.

“ Бүгін Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен салынған «Астана Опера» театрында әйгілі әнші, аңыз адам Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың мерейтойына орай керемет кеш өтуде. Сізді шығармашылық кешіңізбен шын жүректен құттықтаймын. Жыл бойы, әлемнің әр бұрышынан Сіздің атыңызға мыңдаған хат келіп түсуде. Бибігүл Ахметқызы, Сізге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтауын оқып беруге рұқсат етіңіз”, - деді әншіге ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова. Ведомство басшысы ҚР Президентінің, сонымен қатар ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның құттықтау хаттарынан жылы лебіздерді жеткізді.

Халықтың сүйікті әншісінің өмірі мен шығармашылығы туралы кадрлардан бастау алған концерт Салтанат Мұратбекова мен Талғат Ғалеевтың орындауындағы «Абай» операсы және Бибігүл Төлегенованың қатысуымен «Қыз Жібек» операсы көріністермен керемет жалғасын тапты.

Ол кісімен бір сахнада өнер көрсету жас өнерпаздар үшін де, тәжірибелі өнер майталмандары үшін де зор құрмет. Осы кеште опера жанрының хас шеберлері – Дина Хамзина, Жаннат Бақтай, Медет Чотабаев, аталған концертке қатысуға Италиядан арнайы келген Козимо Оресте, сондай-ақ дарынды жас әртістер – Назым Сағынтай, Гүлжанат Сапақова, Мейір Байнеш, Гүлдана Алдадосова және т.б. өз өнерлерін ортаға салды.

«Астана Опера» Симфониялық оркестріне Абзал Мұхитдин мен Арман Оразғалиев жетекшілік етті. Театрдың балет труппасы да Бибігүл Төлегенованы жалын атқан нөмірлерімен құттықтады. Танымал әртістер Гаухар Усина, Тайыр Ғатауов, Олжас Тарланов, Әнел Рүстемова, Назира Заетова, Бостан Қожабеков, Данияр Жұматаев хореографиялық өнердің жауһарларын ұсынды. Балет труппасының көркемдік жетекшісі – Алтынай Асылмұратова. «Астана Опера» театрының хоры бас хормейстер Ержан Дәуітовтің жетекшілігімен керемет өнер көрсетті. Концерттің режиссері – Наталья Кагадий.

“Мен өз халқыма, Отаныма, «Астана Опера» театрының басшылығына, осы іс-шараның барлық ұйымдастырушыларына ризашылығымды білдіріп, мың да бір алғысымды айтамын. Бүгінгі кеш өте әдемі де әсерлі өтті, алайда, өкінішке қарай, менің әріптес достарым Роза Жаманова, Ермек Серкебаев ортамызда жоқ. Меніңше, бұл тек менің ғана кешім емес, олардың да рухына бағышталған кеш болды. Мен 90 жасқа аяқ басқалы отырмын, барлық алдыңғы толқын ағалардың атынан сіздерге өсиет сөздерімді жеткізгім келеді. Ардақтыларым, қызғаныш дегеннен аулақ болайықшы, біз-біріміздің жетістіктерімізге қуанып, көмек қажет болса, қол ұшымызды созудан аянып қалмайық. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, молшылық тілеймін, қуанышты күндеріміз көп болсын, Құдай тағала бізге қайғы көрсетпесін, елімізде бейбітшілік болсын, барлығымыз аман болайық. Мен көп қиыншылықтарды, соның ішінде Ұлы Отан соғысын да, аштық пен кедейлікті де көрдім, сондықтан біздің қазіргі өмір сүріп жатқан уақытымыз – жұмақ деуге болады. Бүгінгі менің кешіме көп адам жиналды, бұл үлкен бақыт, мұның бәрі біздің Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың арқасы, ол халық үшін көп жақсылық жасады, бұл туралы ұмытпауымыз қажет”, - деді Бибігүл Төлегенова. 

«Астана Опера» МОБТ басшылығы  қазақтың салт-дәстүрі бойынша әйгілі әншіге шапан жапты.

Бибігүл Төлегенова ХХ ғасырдағы ең атақты жиырма әйелдің бірі ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген. Ол жиырмадан астам марапатқа ие. Әншінің сан қырлы репертуары «Гayhap тас», «Жиырма бес» сияқты халық әндерінен, Л.Хамидидің «Бұлбұл», Е.Брусиловскийдің «Қос қарлығаш», М.Төлебаевтың «Еске алу», Е.Рахмадиевтың «Тарантелла», С.Мұхамеджановтың «Көктем вальсi» сынды қазақстандық композиторлардың туындыларынан, сондай-ақ П.И.Чайковский, С.В.Рахманиновтың романстарынан, Н.Римский-Корсаковтың операларындағы ариялардан, батыс композиторларының  (Г.Доницетти, Э.Григ, Ф.Шуберт) шығармаларынан және т.б. құралған.

“Бибігүл Төлегенованың өмірінің көп жылдары сахнамен үздіксіз байланысты, ол  көптеген қайталанбас бейнелер жасады. Ұлттық опералардағы басты партиялар мен вокалдық камералық музыкаға арналған бағдарламаларды орындау арқылы айрықша танымалдылыққа ие болды. Оның қолынан бәрі келетініне еш күмәнім жоқ, әнші әрдайым позитивке толы, ал көрермендер болса, оның өнерін тамашалау үшін басқа қаладан келуге дайын”, - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласындағы концертке келген Семей қаласының тұрғыны Айгүл Манарбекова.

Көрермен қауым сүйікті әншісіне шынайы қошеметін білдіріп, сахнадан ұзақ уақыт бойы жібермей, әр тұстан «Браво» деп үн қатты, қысқы суық мезгілге қарамастан, сахнада тірі гүлдер шоғыры көлдей төгілді – бұл әншінің дарыны мен шығармашылық ерлігі үшін халықтың шынайы ризашылығы.

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды