• Басты
  • Онлайн бағытқа ден қою қажеттігі туындады – Л.Алдунгар
21 Мамыр, 2020 11:45

Онлайн бағытқа ден қою қажеттігі туындады – Л.Алдунгар

18 мамырдан бастап ашылған нысандардың қатарына спорт залдары да кіреді. Алайда, олар барлық карантиндік шараларды қатаң сақтанулары тиіс. Елордадағы ірі бизнес орталықтың бірінде орналасқан би залының жұмысқа қалай кіріскенін және онда қызмет ететін жаттықтырушылар төтенше жағдайды қалай еңсергенін Strategy2050.kz әзірлеген материалдан оқи аласыздар.

Онлайн бағытқа ден қою қажеттігі туындады – Л.Алдунгар

Бизнес орталығында ашылған би залына келушлерді есік алдында тұрған антисептик қарсы алады. Жаттығу өту кезінде де келушілер әлеуметтік арақашықтықты сақтаулары тиіс.

йог.jpg

Төтенше жағдай кезін қалай еңсергені туралы ашылған залдың йога жаттықтырушысы Лаура Алдунгар айтып берді.

«Мен 5-6 жылдан бері йогамен айналысамын. Оның ішінде 3 жылдан бері кәсіби түрде жеке сабақ беремін. Ал, екі жыл қатарынан осы би студиясында жұмыс істеп келемін. Карантин кезінде мен йоганы үйден тәжірибелеп, біліктілігімді арттыра түстім. Онлайн оқуларға қатыстым. Әркез келуші адамдармен қарым-қатынастың жолын арттыруды көздеп, жетілдіруді қарастырамын. Мен де осыған дейін өз ұстазымнан үйренген йоганың барлық түрін келушілерге меңгертуге үйретемін. Карантин кезінде онлайн оқуларды өткізуге тырыстық. Алайда, онлайн жаттығу жасауға адамдардың көбісі дайын емес екен. Бізде өзіміздің қауымдастығымыз бар. Еріктілер ретінде тегін онлайн сабақтарды өткіздік. Көп тұрғындар ол сабақтардың нәтижесінде медитация жасап, карантин кезінде ішкі дүниелерін ретке келтірді», - деді Лаура Алдунгар.

йога.jpg

Оның айтуынша, карантин көп адамдарға белсенді, күйкі тірліктен бір сәтке болсын демалуға мүмкіндік берді.

«Менің өзім бірнеше жұмыста қатар істеп, бір сабақтан екіншіге жүгіріп, қарқынды өмір ырғағымен жүретінмін. Өзге де мектептерде сабақ беремін. 18 мамырдан бастап осы жердегі жұмысым ашылды. Ал, келесі жердегі сабағым ендігі аптадан басталады. Карантиннен кейін барлық орындар біртіндеп жұмысқа кірісіп жатыр. Алайда, келушілер барлық санитарлық талаптарды сақтануға тырысып жатыр», - деді Лаура Алдунгар.

Ол атап өткендей, өздерін жұмыспен қамтып жүрген адамдарға ТЖ мен карантин кезеңі жаңа жобаларды бастауға серпін беруі тиіс.

«Мысалы, мен біліктілігімді арттырдым. Алға қойған жоспарларымды бекіттім. Карантин кезінде Үкіметтің 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемін алдым. Әрине, ол азық-түлікке жұмсалды. Меніңше, бұл кезеңнің тағы бір артықшылығы тек қана материалдық құндылыққа ден қойған адамдардың түсінігін өзгертті. Себебі, адамдар өміріндегі ең қымбат дүниелер, отбасы, мейірім, құшақ, далада серуендеу барлығы тегін келетінін ұқты», - деді Лаура Алдунгар.

Лаура атап өткендей, карантин кезінде ол мүлдем табыссыз қалған.

«Онлайн сабақтар өткізсем де, ол үшін қаражат алмадым. Себебі, адамдардың көп бөлігі табыссыз қалды. Қазір онлайн бағытқа ден қою қажеттігін түсіндім. Себебі, карантин талаптары әлі де сақталады. Алайда, барлығы оңтайланып, жағдай бара-бара жақсарады деген үміттеміз», - деді ол.

Барлық жаңалықтар
100.24.125.162, 192.168.88.100