• Басты
  • Олимпиададағы қазақ спорты: кеше және бүгін

Олимпиададағы қазақ спорты: кеше және бүгін

21 Маусым, 2021 10:18

Қазақта «Бірінші байлық – денсаулық» деген жақсы тәмсіл бар. Ел азаматтарының денсаулығын жақсарту және сапалы адам капиталын қалыптастыру үшін салауатты өмір салтын, сондай-ақ бұқаралық спортты дамыту қажет. Бұқаралық спорттың дамуы, әсіресе жастардың спортқа келуі азаматтарға жақсы мотивация беретін кәсіби спорттың өркендеуімен тығыз байланысты. Сондықтан мемлекеттік құрылымдар кәсіби спорт түрлерін өркендетіп, жетістікке жеткен спортшыларды ел азаматтары арасында кең танымал етуге бар күш-жігерін салуы тиіс.

Жасыратыны жоқ, елімізде кәсіби спорттың дамуы өзге елдердегі жағдаймен салыстырғанда жаман емес. Қазақстан спортшылары бүгін ғана емес кешегі Кеңес Одағы дәуірінде де халықаралық спорт додаларына қатысып, көптеген спорт сайыстарында оза шауып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрді. 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасында жасындай жарқылдаған Серік Қонақбаев, Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, Виктор Мазин, Виктор Демьяненко сынды спортшылардың ерлігі күні бүгінге дейін қалың спортсүйер қауымның ыстық ықыласына ие.

Ел спортшыларының сүбелі жетістігі тәуелсіздік жылдары да артпаса кеміген жоқ. Олай болса, бүгінгі мақаламызда халықаралық спорт додасында бәсі биігі саналатын және төрт жылда бір рет өтетін жазғы олимпиада ойындарындағы Қазақстан спортшыларының жеткен жетістіктері мен орын алған кейбір кемшін тұстарға тоқталамыз.

Тәуелсіздік жылдары отандық спортшылар үлкен жетістікке жеткен спорт додасының бірі – 1996 жылғы Атланта олимпиадасы. Бұл ел спортшылары тәуелсіз мемлекеттің өкілі ретінде қатысқан алғашқы олимпиада еді. Қазақстан спортшылары арасында бокстан Василий Жиров олимпиаданың алтын медалін иеленсе, Болат Жұмаділов күміс, Болат Ниязымбетов, пен Ермахан Ибрайымов қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ, Василий Жировке олимпиадаға қатысқан боксшылар арасында техникасы ең үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогы бұйырды. Ал грек-рим күресінен отандасымыз Юрий Мельниченко қарсыластарының бәрін жеңіп, олимпиада чемпионы атанды. Одан кейін жеңістің ең биік тұғырына көтерілген споршымыз бессайысшы Алексендр Парыгин еді. Ол да ел қоржынына алтын медаль сыйлады. Еркін күрестен Мәулен Мамыров қола жүлдеге ие болды.

Осылайша спортшыларымыздың жанқиярлық жетістігінің арқасында Қазақстан Атланта олимпиадасында жалпы командалық есепте 196 мемлекеттің ішінде 22-орынға табан тіреді. Бұл тәуелсіздігін жаңа ғана алған ел үшін үлкен жетістік болғаны даусыз.

Одан кейін өткен 2000 жылғы Сидней олимпиадасы да Қазақстан спортшылары үшін жемісті нәтижесімен ерекшеленді. Бокстан 4 қазақ спортшысы ақтық сайысқа шығып, нәтижесінде жиырма жастағы Бекзат Саттарханов пен осыған дейін әбден ысылған Ермахан Ибрайымов олимпиада чемпиондары атанса, Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділдәбеков күмісті қанағат тұтты. Сонымен бірге жеңілатлет спортшы Ольга Шишигина да кедергімен жүгіруде алдына жан салмай, олипм шыңына көтеріліп, әнұранымызды асқақтатты. Ал велошабандоз Александр Винокуров күміс жүлдеге ие болды.

2004 жылғы Афины олимпиадасына келсек алдыңғы сайыстармен салыстырғанда жетістік аздау болғанын, алтын жүлдені тек бір спортшы ғана алғанын айта кеткен жөн. Бокстан алтынды Бақтияр Артаев еншілесе (Вэл Баркер кубогын да қоса алды), күмісті қазіргі таңда бүкіл әлемге танымал Геннадий Головкин иеленді. Ал Серік Елеуов қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ, еркін күрестен Геннадий Лалиев, грек-рим күресінен Георгий Цурцумиа, ауыр атлетикадан Сергей Филимонов күміс жүлдеге, жеңіл атлетикадан Дмитрий Карпов, грек-рим күресінен Мкхитар Манукян қола жүлдеге ие болды.

Афиныдан кейін өткен 2008 жылғы Пекин олимпиадасында да спортшыларымыз ел қоржынын бірнеше медальмен толықтырды. Атап айтқанда боксшы Бақыт Сәрсекбаев пен ауыр атлет Илья Ильин өз салмақтарында чемпион атанды. Сонымен бірге өзге де спортшылар осы олимпиадада 4 күміс, 7 қола медаль иегері атанып, жалпыкомандалық есепте Қазақстан 29-орынға табан тіреді.

2021 жылғы Лондон олимпиадасы Қазақстан спорты тарихындағы үлкен жетістіктерімен есте қалды. Бұл сайыста ел қоржыны 7 алтын, 1 күміс және 5 қола медальмен толықты. Әсіресе ауыр атлетика саласында Қазақстан спортшылары үздік нәтиже көрсетіп, Илья Ильин, Зульфия Чиншанло, Светлана Подобедова, Майя Манеза сынды зілтеміршілер алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ, боксшы Серік Сәпиев өз салмағында қарсылас шақ келтірмей жеңістің ең биік тұғырына көтерілсе (Вэл Баркер кубогын да қоса алды), велоспортта Александр Винокуров пен жеңіл атлетикада Ольга Рыпакова алтын медальға ие болды. Боксшылардан Әділбек Ниязымбетов күміс, Иван Дычко мен Марина Вольново қола медаль алса, балуандардан Даниял Гаджиев, Гүзел Манюрова, Ақжүрек Таңатаровтар үшінші орынды мінсе тұтты. Осы нәтижелердің арқасында Қазақстан кейбір спорт державаларын басып озып, жалпыкомандалық есепте 12-ші орынды иеленді (бұл әзірге Қазақстанның жеке рекорды).

Бразилия астанасы Рио-де-Жанейрода болған 2016 жылғы жазғы олимпиада ойындары да Қазақстан спортындағы жемісті сәттерімен есте қалды. Бұл әлемдік сайыста та боксшылар алтын жүлдесіз қайтпады. 69 келі салмақта сайысқа түскен Данияр Елеусінов алтын медальға ие болса, ауыр атлетші Ниджат Рахимов пен 200 метрге жүзуші Дмитрий Баландин де үздіктер қатарында көрініп, чемпион атанды. Сонымен қатар, бокстан Әділбек Ниязымбетов, Василий Левит, дзюдодан Елдос Сметов, ауыр атлетикадан Жазира Жаппарқұл, еркін күрестен Гүзел Манюрова олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Қола медальға ие болған отандастар арасында боксшы Иван Дычко мен Дариға Шәкімова, балуандар Екатерина Ларионова мен Эльмира Сыздықова, жеңіл атлетикадан Ольга Рыпакова, ауыр атлеттер Александр Зайчиков, Карина Горичева, Фархад Харки, дзюдодан Галбадрах Отгонцэцег сияқты спортшылар бар.

Токио олимпиадасы дәстүрге сай 2020 жылы өтуі тиіс болатын. Алайда әлемді жаулаған пандемия кесірінен оның өтетін уақыты ресми 2021 жылға ауыстырылды. Оның өзінде эпидемиялық жағдайға сәйкес барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып қана өткізілетін болады. Бұл додаға да барып, бақ сынауға ел спортшылары дайын. Оның нәтижесін сайыстың өзі көрсетеді.

Тәуелсіздік жылдары барлық олимпиада ойындарынан Қазақстан спортшылары жүлдесіз қайтқан емес. Бірақ барлық сайыстарды саралай отырып, келесі бірқатар мәселеге айрықша назар аудару қажет деп санаймыз.

Біріншіден жетістікке тек санаулы спорт түрлерінен ғана жетудеміз. Олардың ішінде бокс, күрес, ауыр және жеңіл атлетика, велоспорт сынды спорт түрлері бар. Жасыратыны жоқ, елімізде ең танымал спорт қатарына футбол және күрес, бокс сияқты жекпе-жек спорт түрлері жатады. Бұл аталған спорт түрлерінің теннис, суда жүзу сияқты өзге спорт түрлеріне қарағанда барынша қолжетімті және қалыптасқан тарихи мектебінің болуымен де тығыз байланысты. Дегенмен осы елімізде өзге де спорт түрлерін, әсіресе олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға көңіл аудару қажет екенін білдірсе керек.

Екінші – допинг дауы. Бұл ел спортындағы ең ауыр әрі отандық спорт абыройына сын болған тұс болғанын мойындауымыз керек. Тәуелсіздік жылдары көптеген олимпиада мен өзге де әлемдік спорт додаларында үздіктер қатарында болып, елдің әнұранын шырқатқан спортшыларымыз соңғы 5-6 жылда допинг дауына ілігіп, жарыстан шеттетілгенімен қатар, бұрын алған көп жүлдесінен айрылып жатыр. Оның ішінде, өкінішке орай олимпиада медальдары да бар. Күллі ел мақтан тұтқан Илья Ильиннің де осындай дауға қалуы спортсүйер қауымның еңсесін түсіріп, жалпы кәсіби спортшыларға үлкен күмән мен сенімсіз ой қалыптастырды. Бұл алдағы уақытта да спортшылар мен бапкерлерге, жалпы кәсіби спорт саласында жүрген мамандарға үлкен сабақ болуы тиіс.

Үшіншіден спортшылардың психологиялық дайындығы. Бұл да кез келген спортшының жетістікке жетуінде маңызды рөл ойнайтын фактор. Үлкен спорт додаларында жан алысып, жан беріскен шешуші сәттерде спортшының рухы мықты (кейде мұндайды көзі жанып тұр деп те атап жүр), психологиялық дайындығы мығым болып, сайыста айқастың соңына дейін 100 пайыз зейін қойып, күресе білсе жетістік те бір табан жақын болады. Ел спортшыларының осындай спорт додаларында жиі әлсіздік танытып жататыны сыналып келеді.

Төртіншіден, қазақта «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген жақсы тәмсіл бар. Қазақстан спортшылары жүйелі түрде жетістікке жетіп жүрген бокс, күрес, дзюдо, суда жүзу, жеңіл және ауыр атлетика сынды спорт түрлерін одан әрі де дамыта берген жөн.

Мысалы тәуелсіздік жылдары еліміздің үш боксшысы атақты Вэл Баркер кубогын иеленді. Бұл әлемдік бокс тарихындағы ең үздік көрсеткіштің бірі. Алайда соңғы жылдары біздің елдің алдына Өзбекстан, Куба, Ресей, Украина мен Үндістан сияқты мемлекеттердің боксшылары жиі шығып кетіп, мықты спортшыларымыз әлемдік ірі сайыстардан құр алақан қайтып жүр. Сондықтан әуесқой бокс саласына қайта сілкініс жасап, кемшілікті дер кезінде түзетуге көңіл бөлгеніміз жөн. Әйтпесе алдағы Токио олимпиадасында боксшыларымыз үздіктер қатарынан көрінбей қалуы да мүмкін. Бұл күмәніміз негізсіз де емес. Өйткені күні кеше Дубайда өткен Азия чемпионатында ел боксшылары өз қарсыластарына жол беріп, алтын медальға жете алмай, күміс пен қоланы місе тұтып қайтқанын спортсүйер қауым жақсы біледі. Ал олимпиаданың ауқымы да, деңгейі де Азия чемпионатынан әлдеқайда биік екенін ескеруіміз керек.

Қорыта келгенде, спорттың адамды жақсы мінезге тәрбиелеуде, ұлттың саулығында, тіпті ел азаматтарын патриотизмге баулып, дені сау ұрпақ қалыптастыруда маңызы зор. Әсіресе олимпиадалық спорт түрлері халық арасында зор беделге ие. Сондықтан елдегі кәсіби және бұқаралық спортты қатар дамыту мемлекеттің негізгі саясаты болып қала бермек. Спорт арқылы мемлекеттің әлемдік деңгейдегі беделі де артып, жеңімпаз спортшының арқасында елдің әнұраны шырқалады. Бұл ел азаматтары арасында патриоттық сезімді дамытуға да оң ықпал етеді. Сондықтан жеңіске толы сәттеріміз көп болсын деп тілейік.

Барлық жаңалықтар