• Басты
  • Олимпиада ойындарын өткізу: шығын ба әлде табыс па

Олимпиада ойындарын өткізу: шығын ба әлде табыс па

6 Тамыз, 2021 18:12

1896 жылы алғашқы заманауи ойындар өткізілгеннен бері олимпиада түбегейлі өзгерді. ХХ ғасырдың екінші жартысында өткізу шығындары да, одан келетін кірістер де тез өсті, бұл қабылдаушы елдерге деген ауыртпалық пен артықшылық туралы пікірталас тудырды. 

Олимпиада ойындарын өткізуші елдің спорт саласына көңіл бөлініп, жергілікті халыққа қажет инфрақұрылым жасалады, туристердің саны көбейіп, сауда-экономикалық байланыс нығаяды. Елге жаңадан инвестиция тартып, мемлекеттің тарихи-мәдени құндылықтарын әлемге танытуға мүмкіндіктер ашылады. Дегенмен, көптеген экономистердің пікірінше, ойындарды өткізудің қысқа мерзімдегі және ұзақ аралықтағы пайдасы әсіреленіп айтылады, шынтуайтына келгенде көптеген елдер олимпиададан соң қаржылай берешек пен техникалық қызмет міндеттемелерін мойнына алып жатады. Сондықтан олимпиада комитеттерінің бюджетін оңтайландырып, ашықтығын қамтамасыз ету, қажетті инвестиция тарту жағына басымдық керек деп санайды.

Зерттеушілердің айтуынша, олимпиада ойындарын өткізудің экономикалық кірісі әдетте күткендей болмай жатады. Көптеген қалалардың ойын өткізгеннен қарызға батқан мысалдары көп болғандықтан, тиісті инфрақұрылымы жоқ қалалардың олимпиадаға өтініш бермейтін себебі де сол. Халықаралық Олимпиада комитетіне (ХОК) ойындарды өткізуге өтініш берудің өзі миллиондаған доллар қаражатты талап етеді. Олимпиаданы өткізуге үміткер қалалар әдетте кеңес берушілер, іс-шараны ұйымдастырушылар және хостинг міндетіне байланысты 50-100 миллион АҚШ доллар көлемінде қаражат жұмсайды. Мысалы, Токио 2016 жылғы Олимпиада ойындарын өткізу туралы өтінім бергенде шамамен 150 миллион АҚШ долларын жоғалтса, 2020 жылғы сәтті шешім шыққанда да шамамен 75 миллион АҚШ долларын жұмсаған. Салыстыратын болсақ, Лондон 2012 жылы Олимпиада мен Паралимпиада ойындарын өткізу үшін 14,6 миллиард АҚШ долларын жұмсаған. Осы соманың 4,4 миллиард доллары салық төлеушілерден келіп түскен екен. 2008 жылы Пекин олимпиаданы өткізуге 42 миллиард АҚШ долларын, Афина 2004 жылғы Олимпиада ойындарын өткізуге 15 миллиард доллар жұмсады. Сидней 2000 жылы Олимпиада ойындарын өткізу үшін 4,6 миллиард доллар төлеген. Олимпиада ойындарын өткізуге өтініш білдіргеннен кейін, қалалар әдетте жолдарды жөндеп, әуежайлар салады немесе жөндейді, туристерді орналастыру үшін тиісті инфрақұрылымды дайындайды. Сондай-ақ, олимпиада ауылында спортшылардың тұрғын үйін стандарттарға сай қылып, кем дегенде 40 000 адам орналаса алатын қонақ үй бөлмелері мен іс-шара өткізетін жер болуы тиіс. Жалпы мұндай жағдайда инфрақұрылымның шығындары 5-тен 50 миллиард АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін.

Олимпиада ойындарын өткізуде жұмыс орындарының көбеюі әрқашан бастапқыда ойлағандай тиімді бола бермейді. Мысалы, Солт-Лейк-Ситиде барлығы 7000 жұмыс орны құрылса, бұл 2002 жылғы Олимпиадада жоспарланған жұмыс орындарының 10%-на жеткен екен. Сонымен қатар, құрылыс компаниялары, қонақүйлер мен мейрамханалар тапқан пайданың көп бөлігі қабылдаушы қаланың экономикасына емес, халықаралық компанияларға жіберілуі де ықтимал. Олимпиада ойындарына арналған көптеген ареналар мөлшері мен ерекшелігіне байланысты оның қызметі де қымбат болып қала береді. Мысалы, Сиднейдегі стадионды ұстау жыл сайын 30 миллион АҚШ доллары тұрады. Сол сияқты, Бейжіңдегі "Құстың ұясы» аренасына жыл сайынғы техникалық қызмет көрсету құны 10 миллион АҚШ долларын құрайды екен. 2004 жылы Афина Олимпиадасына арналған көптеген нысандар Грецияның қарыз дағдарысына кіруіне ықпал еткен екен. 

ХОК – Олимпиада ойындарынан алынған кірістерді спортшыларға көмек көрсету және бүкіл әлемде спортты дамыту үшін пайдаланатын коммерциялық емес ұйым. ХОК әлем бойынша спортшылар мен спорттық ұйымдарға көмек көрсету үшін күн сайын шамамен 3,4 миллион АҚШ долларын бөледі екен. Олимпиада ойындары теңдесі жоқ табыс әкеледі. Жалпы алғанда, хабар тарату және маркетинг құқықтарын, сондай-ақ басқа да табыс көздерін сату арқылы 2013 жылдан 2016 жылға дейін Сочидегі 2014 жылғы қысқы олимпиада ойындары мен Рио-2016 олимпиадаларын қосып қарайтын болсақ, ХОК түскен табыс 5,7 миллиард АҚШ долларын құрайды екен.

2016 жылғы Олимпиада ойындарының қарсаңында Олимпиада комитеті халықаралық ынтымақтастық аясында 20000-нан астам спортшыға түрлі көмек бағдарламалары аясында қолдау көрсетті, оған Рио-2016-да 22 спорт түрінен 815 олимпиада стипендиаты қатысты. Олар барлығы 101 медаль жеңіп алған(33 алтын, 26 күміс және 42 қола). Яғни, осындай қолдаудың арқасында жас спортшылар өз саласында бақ сынап, жеңіске жетіп келеді. Олимпиадалық ынтымақтастық әлемнің көптеген бұрыштарынан келген спортшыларға ойынға қатысуға мүмкіндік береді. Мысалы, 2018 жылғы Пхенчхандағы қысқы Олимпиада ойындарының алдында Олимпиадалық ынтымақтастық 89 елден 523 спортшыға стипендия бөліпті. 

Токио Олимпиадасының ашылу салтанатына кабуки, отшашу және стадионда алғаш рет әлемнің түпкір-түпкірінен жиналған мыңдаған жанкүйер болған жоқ. COVID-19 пандемиясы мен қатаң карантин шектеулері спорт саңлақтарын көгілдір экраннан тамашалап, жаңа жағдайда өткізуге мүмкіндік берді. Жанкүйерлердің жарыста көрермен ретінде болмауы әдеттегі салтанат пен мақтаныш сезімін ортайтып, денсаулық шараларын қатаң сақтауға басымдық берілді. Кейбір экономистер Жапонияның биылғы, бірақ барлық жерде жазылып жүрген «Токио-2020» олимпиада ойындарын өткізуге кететін шығындарын өтей алмайды деп санайды. Ойындарға жұмсалатын жалпы қаражаттың сомасы әр жерде әртүрлі болғанымен, кейбір сарапшылар оны шамамен 35 миллиард АҚШ долларына барады деп топшылайды. Кәсіби спорттың экономикасын зерттеп жүрген Роберт Бааде көптеген қалалар мен елдердегі сияқты Токио үшін олимпиада қыруар ақшаның шығыны болуы ықтимал дейді. Карантин шектеулері болмаған уақытта олимпиада ойындарын өткізуші мемлекеттер жүз мыңдаған туристердің және жанкүйерлердің келуінен, билеттердің сатылуынан бюджетке қаржылай табыс табатын еді. COVID-19 пандемиясы осы мүмкіндікке де айтарлықтай соққы жасады. Елдің кейбір аудандары пандемияға жауап ретінде төтенше жағдай жариялады, елде вакциналарды енгізу баяу жүріп жатыр және олимпиаданың қарсаңында ондаған COVID-19 жұқтырушылардың бар екені анықталды. оқиғалары Токиодағы ойындарға байланысты болды. Ал Жапонияда өткен бір сауалнамада респонденттердің 83%-ы осы жазда Олимпиада ойындарын өткізуге қарсы екендіктерін білдірген.

Токио 2020 Олимпиада және Паралимпиада ойындары бюджетінің бесінші нұсқасын Токио қаласының басшылығы және Жапония Үкіметімен бірлесіп жариялаған еді. Себебі, былтыр өтуі керек болған олимпиаданың осы жылға ауыстырылуы оның қаражатын қайта есептеуге мәжбүрледі. Бұған Токио 2020 жауап беретін ООҰК (Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитеті) бюджеті және Токио Үкіметі мен Жапония үкіметінің бюджеті кіреді. Соңғысына қала мен мемлекет үшін ондаған жылдар бойы пайда әкелетін және неғұрлым инклюзивті қоғам құруға септесетін ұзақмерзімді инвестицияларда кіреді.

COVID-19 пандемиясына байланысты ойындарды кейінге қалдыру туралы тарихи шешім қабылданғаннан бері ХОК(Халықаралық олимпиада комитеті) және ХПК(Халықаралық параолимпиада комитеті) бірлесе отырып, ойындарды жеңілдету және оңтайландыру, рационализациялауға бағытталған барлық шаралар талқыланып, мүмкіндігіне қарай іске асырылған. Жоғарыда аталған бюджеттің бесінші нұсқасы осы жеңілдету шараларынан кейін шығындардың азайғанын көрсеткен. Бұл бюджеттің нұсқасы 2019 жылдың желтоқсанындағы ООҰК жариялаған бюджетінің төртінші нұсқасын жаңартып, толықтырып, Covid-19 пандемиясына байланысты қосымша шығындары есептелген соң 2020 жылдың 4 желтоқсанында жарияланды.

Токио-2020 олимпиадасына төртінші нұсқадағы ООҰК бюджетімен салыстырғанда жалпы шығын саны 0,9 миллиард АҚШ долларына өскен, оның ішінде паралимпиаданың шығындары 0,3 миллиард долларға артып, жалпы сомасы 6,7 миллиард долларды құрады. Осы орайда ООҰК бюджетінің кірісі 0,7 миллиард долларға көбейетін болса, ол ойындарды өткізуге байланысты қосымша шығындарды жабуға көмектеседі. ООҰК бюджеті 1,2 миллиард АҚШ долларын құрайды, бұл төртінші нұсқадағы бюджеттен 0,3 миллиард долларға көп, оның ішінде операциялық шығындар 1,6 миллиард АҚШ долларын құрайды, 0,4 миллиард АҚШ долларын құрайды, сонымен қатар жалпы мәселелер мен байланыстың шығындары 0,8 миллиард АҚШ долларына жетеді. ООҰК Халықаралық олимпиада комитеті және халықаралық параолимпиада комитеті, сондай-ақ Токио басшылығы, Жапон Үкіметі және басқа да тиісті ұйымдармен бірлесіп олимпиада ойындарын барынша қауіпсіз және тиімді өткізуге күш салатынын мәлімдеген. Сонымен қатар олимпиада комитеті қазан айында көрсетілген 280 миллион АҚШ доллар қаражатты қосымша үнемдейтінін айтқан. Қалай болғанда оның нәтижесін олимпиада ойындары аяқталған соң көруге болады. 

Бірақ олимпиада ойындарын ұйымдастырудың артықшылықтары да бар екенін ұмытпау қажет. Олимпиада ойындарын қабылдайтын қалалар ұзақ мерзімде пайда әкелетін өз инфрақұрылымын жетілдіреді, соның арқасында уақытша жұмыс орындарын ашады. Мысалы, Рио-де-Жанейро қаласы туристерді орналастыру үшін жаңадан 15000 қонақ үй салған. Сочи 2014 жылғы Олимпиада ойындарына арналған спорттық емес инфрақұрылымды салуға шамамен 42,5 миллиард АҚШ долларын инвестициялаған. Бейжің олимпиаданың қарсаңында жолдар, әуежайлар, метро және теміржол желілерін салуға 22,5 миллиард доллардан астам қаражат жұмсап, қоршаған ортаны тазартуға шамамен 11,25 миллиард АҚШ долларын салған. Сонымен қатар, мыңдаған демеуші компаниялар, кәсіпкерлер, БАҚ, спортшылар мен көрермендер олимпиада ойындарынан алты ай бұрын және алты айдан кейін де ойын өтетін қалаға барады. Ол туристердің ағымын көбейтуге, спорт саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, жергілікті мәдениет, тарихпен танысуға айтарлықтай септігін тигізеді. Ең бастысы ойындар алдында жасалған инфрақұрылым отандық спортшылар мен жергілікті халықтың игілігіне жұмсалады.

Қалай болғанда олимпиада ойындары – әлем халқы асыға күтетін спорттың додасы, халықаралық айшықты оқиға екенін жоққа шығаруға болмайды. Олимпиада ойындарын өткізу, оған барып тартысты бәсекеге қатысу ел үшін үлкен мәртебе болып саналады. Олимпиаданы өткізетін қаланығ немесе мемлекеттің ішкі экономикалық-инфрақұрылымдық және спорттық әлеуеті дайын болған жағдайда олимпиада ойындарын өткізу тиімді болмақ.

Барлық жаңалықтар